Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4119 0 пікір 25 Маусым, 2013 сағат 07:30

Ербол Тілешов. Әлихан Бөкейхан – қазақ ұлтшылдығының саяси көсемі

Ғасырлар бойы жинақталған қазақтың ел мен жер турасындағы аңсары, күресі ХХ ғасырдың алғашқы жылдары-ақ елшілдік сананың ұлтшылдықтың идеологияға ұласқанын кеңінен байқатты. Қазақ ұлтшылдығының дәл осы кезеңде қалыптасуында бірнеше себептер бар. Біріншіден, аталған кезеңде қазақ зиялыларының үлкен шоғыры қалыптасты. Оның басында Ресейдегі саяси-қоғамдық жағдайлармен жақсы таныс, қазақтың теңдігі мен бостандығын саяси жолмен ғана шешуге болатындығын терең түсінген,халқына қамқор боларлық Әлихан Нұрмұхаммедұлы Бөкейхан және рухани мәдениетіміздің ең белсенді тұлғасына айналған, жаңа ағартушылық дәуірді бастаған Ахмет Байтұрсынұлы тұрды. Екіншіден, Ресейдің ішіндегі саяси-қоғамдық ахуал бодан халықтардың өздерінің бостандығы пен теңдігі үшін саяси күреске шығуына кезеңдік мүмкіндіктер тудырды. Үшіншіден, қазақ тарихының даму логикасы,елдік сананың деңгейі саяси қозғалыстың осы кезеңге келуін қалады.  Дәл осы кезеңде «ұлт» сөзінің белсенді лексикамызға енуі де, «Алаш» сөзінің халықтың шығу тегіне, төркініне қарай ғана емес, халықты біріктірерлік қуатты ұғымға,ұлттық ұранға  айналуы да осы кезеңнің жемісі екендігі кездейсоқтық болмаса керек. Ендеше, қазақ ұлтшылдығы жөнінде айтқанымызда, біз оның осы ұғымға сай кең мағына берерлік сипатын, мазмұнын ХХ ғасырдың бас кезеңімен тікелей байланыстырамыз.

Ғасырлар бойы жинақталған қазақтың ел мен жер турасындағы аңсары, күресі ХХ ғасырдың алғашқы жылдары-ақ елшілдік сананың ұлтшылдықтың идеологияға ұласқанын кеңінен байқатты. Қазақ ұлтшылдығының дәл осы кезеңде қалыптасуында бірнеше себептер бар. Біріншіден, аталған кезеңде қазақ зиялыларының үлкен шоғыры қалыптасты. Оның басында Ресейдегі саяси-қоғамдық жағдайлармен жақсы таныс, қазақтың теңдігі мен бостандығын саяси жолмен ғана шешуге болатындығын терең түсінген,халқына қамқор боларлық Әлихан Нұрмұхаммедұлы Бөкейхан және рухани мәдениетіміздің ең белсенді тұлғасына айналған, жаңа ағартушылық дәуірді бастаған Ахмет Байтұрсынұлы тұрды. Екіншіден, Ресейдің ішіндегі саяси-қоғамдық ахуал бодан халықтардың өздерінің бостандығы пен теңдігі үшін саяси күреске шығуына кезеңдік мүмкіндіктер тудырды. Үшіншіден, қазақ тарихының даму логикасы,елдік сананың деңгейі саяси қозғалыстың осы кезеңге келуін қалады.  Дәл осы кезеңде «ұлт» сөзінің белсенді лексикамызға енуі де, «Алаш» сөзінің халықтың шығу тегіне, төркініне қарай ғана емес, халықты біріктірерлік қуатты ұғымға,ұлттық ұранға  айналуы да осы кезеңнің жемісі екендігі кездейсоқтық болмаса керек. Ендеше, қазақ ұлтшылдығы жөнінде айтқанымызда, біз оның осы ұғымға сай кең мағына берерлік сипатын, мазмұнын ХХ ғасырдың бас кезеңімен тікелей байланыстырамыз. Осы аталған үш негізгі себептің дәуірлік идеологияға айналуында, әлбетте, отаршылдық саясаттың қысымы жатыр. Оны Алаш қайраткерлерінің өздері де жазған болатын. Яғни, әлемдегі отаршылдық тәжірибесі көрсеткендей, қазақтың да ұлтшылдығын өршіткен отаршылдық саясат, отаршыл үкімет. Сондықтан, Әлекеңдер тұтас қоғамдық ойға, рухани пікірге, кейінірек идеологияға айналдырған қазақ ұлтшылдығы – басқа халықтардан үстемдікке, артықшылыққа құрылған ұлтшылдық емес, туған халқының нақты жағдайынан, атап айтқанда, отаршылдық езгісінен теңдік пен бостандыққа ұмтылуға, еңсесі түскен, есесі кеткен қазақты жұрт қатарлы ел етуге бағытталған саяси һәм рухани күрес болатын. Осы күресті бүгінгі тарихнамамызда «Алаш қозғалысы» деп атап жүрміз. Осы тарихымыздағы ең ірі, ең мақсатты қозғалыс қазіргі кезде зерттелініп, қоғамдық санадан берік орын алып ең жарқын, ең айбынды, ең жемісті кезең ретінде бағалана бастады. Әлбетте, қазақтың белсенді саяси күреске түсуінің алғашқы үлгісі, тұңғыш  толымды тәжірибесі болған, үш жүздің баласын басты мұрат жолына ұйыстырған, ұлттың рухани өрлеуінің белесті кезеңіне айналған бұл Алаш қозғалысы тәуелсіздігіне «тәубе» деп жатқан бүгінгі қай қазақ үшін де, осы егемендіктің жемісін татар, табысына тамсанар болашақ қазақ баласы үшін де тағылым мектебі, өнегелі өріс болмақ. Сондықтан, Алаш қозғалысын зерттеу, зерделеу, санада қорыту қазақтың бақыты мен баяндылығының үлкен кепілі. Осыны ұғынған сайын біз ұлттық абырой мен намыстың не екенін, азаттықтың тым қымбат болғандығын,егемен ел болып қалудың, ұлт болып сақталудың әрі аманат,әрі ұлы мақсат екенін жақсы түсінбекпіз.

Алаш қозғалысында, қазақ ұлтшылдығының тарихында Әлихан Нұрмұхаммедұлы Бөкейханның үлесі зор деп айтсақ, бұл айрықша тұлғаға аздық етер еді, дұрысы – Әлекең сол қозғалысты бастаушы әрі оның жетекшісі һәм ұлтшылдықтың, ұлтшылдық болғанда жыр боп қайралған, өлең болып насихатталған рухани ұлтшылдықтың емес, тұтас дәуірдің идеологиясына айналған саяси ұлтшылдықтың басты тұлғасы. Өйткені, Әлихан Бөкейхан 1905 жылғы «Қарқаралы құзырхатынан» бастап Алашорда үкіметі тарағанша азаттық қозғалысының басында тұрды. Қозғалысты  ұйымдастырушыдан бастап Алашорда үкіметінің төрағасына дейін жеткен оның қайраткерлік күресі көшбасшылық, жетекшілік тұлғада ғана айрықша сипатталады. Онымен иықтас, мұраттас Ахмет Байтұрсынұлымен салыстырсақ, Әлекеңді Алаштың саяси көсемі ретінде, Ахаңды рухани көсемі ретінде бағалағанымыз жөн. Әрине, бұл біздің жаңалығымыз емес, бізге дейін де осындай пікірлер сан мәрте айтылған. Біздікі орайлы тұста нақтылау, тұжырымдау.

«Бүкіл Ресей империясын құшағына алған 1905 жылғы революциялық жағдай қазақ қоғамында ұлтшылдық идеологиясының тұтас бір консептуалдық сипат алғандығын және пәрменді қалыптасу жолында тұрғандығын анық байқатты» деп жазады танымал алаштанушы М. Қойгелдиев /1, 211/. Міне, осындай қазақ қоғамы үшін ең өзекті, ең ірі саяси идеологияның басында Әлихан Нұрмұхаммедұлы Бөкейхан тұрды. Ғаламдық қақтығыстар мен мүдделер бірде бітіскен, бірде қарсыласқан, саяси қайшылықтары мол, әлемнің саяси картасына сан рет өзгерістер енгізген ХХ ғасырды Алаш баласы да саяси күреспен бастады. Алдымен отаршылдықтың қазақ даласына таңылған тәртібін өзгерту үшін ұлықтарға өтініш жазудан бастаған қазақ зиялылары одан түк өнбесін білген соң саяси һәм рухани күреске көшті. Ресей империясының саяси тәртіптерінен туындаған қысымға саяси күреспен ғана қарсы тұруды ұғынған олар халықтың санасын оятуды, қазаққа өзінің күйін білдіруді мақсат етті. Саяси, рухани ұлтшылдық ұранын көтерген қазақ қайраткерлері, Ахаң сөзімен айтқанда: «Талауда малы, Қамауда жаны» қалған халықтың басқалардан қайдағы бір астамшылығын, өзгелерден еректігін емес, жұртының мінезіне сын, күйі мен халіне аяушылық, талапсыздығы мен сауатсыздығына кейіс, жалқаулығы мен көнбістігіне ашу, жікшілдігі мен рушылдығына ыза білдірді. Әлекең бастаған зиялы топ, әсіресе, қазақтың өзімен іргелес халықтардан кәсіп, білім, шаруашылық жағынан кейін қалып жатқанын, сөйтіп өз жерінде тұрып, өз үлесінен құр қалатынын айтумен, үндеумен болды. Әлихан Бөкейханның: «Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды. Дүниядағы жер билігі күннен-күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады. Европада ұлығ патша атанған жұрт, халықтың ақылды ұсталығына сүйеніп ұлығ патша болып отыр. Біздің қазақ жерін мұжық алғанда мұжық табан ет, маңдай теріне сүйеніп алып отыр. Бұрын қазақ «Аху, уху» деп неше мың жылқы босқа өзінен өзі өсіп өнетін мал айдап, көшіп жүрген жерден, мұжық келе сала қазына суырып алып, байып отыр» деп дәуір тынысын танып, халқына заманына қарай амал жасауға шақыруы, «Бұл тіршілік үлкен талас, бір бәйге: жүйрік алады, шабан қалады. Жүйріктік – ақыл, ұсталық, жәһитшілікте» деп қазақты қайрауы ешқандай ұлттық астамшылыққа бастамайтын ойлар. Ұлтшылдық – ұлттық астамшылық емес, ұлттық астамшылықтың «шовинизм» деген өз атауы бар. Әлекеңдердің ұлтшылдығы қазақ қоғамының жағдайымен байланысты алсақ, гуманистік ұлтшылдық, ал сол кездегі Ресейдің саяси ахуалымен байланысты айтсақ, демократиялық ұлтшылдық. Қазақтың табиғи гуманизмі, өзге ұлттарға деген тарихи, әлеуметтік, қоғамдық қарым-қатынастары мен көзқарасы, халқымыздың басқаға босағаға ысырылып төрден орын беретін ақкөңілдігі мен аңқаулығы, артын ойламай алдыға түсіп кететін далалықтарға тән, кейде өзіне зиян болып жататын ақжарма мінезі мен дағдысы – өзін-өзі билеген кең заманнан Ресейдің отаршылдығына түскен, оның қитұрқы саясаты үстемдік еткен заманда халықтың дағдаруына, рухани деградацияға түсуіне әкелді. Жыраулар болжаған, Дулаттар ашынған, Абай налыған заманның халіне бұдан былай қазақ оқығандары көнбек емес еді. Енді бұл саясат майданына айналған дәуірде саяси күрес қана барлығына дәру болмақ. Қазақтың Еуропа елдері сияқты саяси институттары, Ресей сияқты саяси партиялары болмаған себепті оның саяси идеологиясы ұлтшылдық ғана болмақ еді. Жұртты бостандыққа ұмтылуға үндейтін, халықты рухани жаңғыруға шақыратын ұлтшылдық ұрандары ғана дәуірдің ең өзекті, ең қажетті таңдауы болмақ. Сондықтан қазақ ұлтшылдығының саяси идеология ретінде ХХ ғасырдың елең-алаңында тууы табиғи да, тарихи да қажеттілік болатын. Осы саяси идеологияның басында тұру, серіктері мен ниеттестеріне жетекші болу, жалпы халыққа саяси көсем болу Жаратқанның пәрменімен Әлихан Нұрмұхаммедұлы Бөкейханға бұйырды деп сеніммен айтуға болады.

Ұлтшылдық идеология Алаш қозғалысының өзегі мен бағыты болды. Әрине, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының саяси көзқарастары, қоғамдық ойлары, өзіндік позициялары абсолютті түрде бірдей болды деп те айтуға болмас. Десек те, Әлекеңмен мүдделес көптеген қайраткерлеріміз ғасыр басынан бастап Алашорда тұсына дейін онымен бірге  ұлтшылдық платформасында болғаны ақиқат.

Өздеріңіз білетіндей, Санкт-Петербургтан жоғары білім алумен бірге, орыс қоғамындағы әртүрлі саяси, қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірлермен жақсы таныс болып келген жігерлі жас 1894 жылдан бастап 1905 жылға дейін ел ішінде болып, халықтың жағдайын терең түсініп, оның азаматтық көзқарасы қалыптаса бастады. 1896-1903 жылы Щербина экспедициясына қатысуы да Әлихан Нұрмұхамедұлының қазақ даласының жағдайын барынша жан-жақты білуіне жәрдемдесті. Әрине, ол халқының отаршылдық езгідегі халіне тек бақылаушы, танушы ретінде ғана қараған жоқ. Қазақтың мұңына, тұрмысына жанашырлықпен қарап, сол кездің өзінде осы бір тар кезеңнен қалай шығуды ойластырғаны күмәнсіз. Яғни, Әлекең осы жылдары өзінің азаматтық бағытын айқындап, саяси күрес жолына дайындықтан өтті деп ойлаймыз. Егер олай болмаса, оның білімі, ел ішінен жинаған этнографиялық, тарихи, әдеби материалдары оны Шоқан Уәлиханов немесе Мұхаммед-Салық Бабажанов үлгісіндегі оқымысты ғалым, халықтық үлгілерді жинаушы этнограф, фольклоршы деңгейінде қалдырар еді. Әлиханның дәуірі аталған ағартушылар дәуірінен мүлде талабы да, мақсаты да басқа дәуір еді. Бұл ғасырлар бойы өзге халықтарды ғана емес, өз халқын да қанауға түсірген, самодержавие үстемдігі әбден күшейтілген, сонау Иван Грозный, одан беріде І Петр патшалар заманынан бері көршілеріне көз алартқан, өз іштерінен еркін ойлы азаматтар шықса, оларды жер аударған, құрамындағы халықтарға қанаушылық пен тонаушылық саясатын берік ұстанған, жартылай феодалдық, шығыстық игі дәстүрлерден де, еуропалық мәдениеттен де алыс, күші мен қаруына сенген Ресейдің өзінде ішкі толқулар жиілеген, төңкерісшіл ахуал орнаған дәуір болатын. Міне, дәуірдің осындай сипатын аңғарған Әлекең саяси күреске түсуге дайын болды. «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса – тарих жолында тезек теріп қалады» деп жазғанындай, Әлихан Бөкейхан ендігі уақытта қазақтың «саясат ісін» ұғынуына бар күш-жігерін жұмсады.

1905 жылы «Қарқаралы құзырхатын» ұйымдастырған, осы жылы қарашада Мәскеуде өткен земство және қала қайраткерлерінің сиезіне қатысып, халқының дін еркіндігін, сайлау құқын, тілдік мүддесін көтерген, желтоқсанда Оралда Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының сиезін өткізген, 1906 жылы Семей облысы қазақтары атынан Ресейдің І Мемлекеттік думасына депутат болып сайланған, төңірегіне өзі сияқты елшіл, ұлтшыл азаматтарды топтастыра білген Әлекең өзінің саяси ой-пікірлері арқылы да, күресі арқылы да серіктеріне де, мүдделес інілеріне де, бұқараға да ұлтшылдық идеологияны дарытты. Бұл турасында кейінірек Қошке Кемеңгерұлы: «Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат болды. Бұл топты баулыған – Әлихан» деп жазды /2, 67/.

Қандай да бір қоғамдық, саяси, рухани құбылыстың ортақ атауға ие болуы үшін, әлбетте, оны сипаттайтын ортақ ерекшеліктер де болмақ. Осындай ерекшеліктер сол құбылыстың тұтастай үдеріс болғандығын айғақтайды. Біз бұл арада Алаш қозғалысының 1905 жылдан бастап 1920 жылдың көктеміне дейін созылған үздіксіз   үдеріс екендігін айтпақпыз. Егер бұл ұлт-азаттық қозғалысты осындай үдеріс десек, оны тұтастыратын, бір жүйелі құбылыс ететін критерийлер де болмақ. Біздің ойымызша, Алаш қозғалысын тұтас саяси, қоғамдық, рухани үдеріс ететін әлгіндей критерийлер мыналар: 1) Қозғалыстың басында тұрған және оны өрістеткен тұлғалардың бірлігі мен тұрақтылығы;2) Қозғалыстың басталған уақыты және аяқталу кезеңі; 3)Қозғалыстың басты идеясының жалғаспалылығы мен үздіксіздігі. 4) Қозғалыс мұратын жүзеге асырудағы амалдар мен тәсілдердің сабақтастығы; 5)Қозғалыстың жалпыхалықтық сипат алуы;6) Қозғалыстың мәдени-рухани сипаты; 7) Қозғалыстың атауы. Біз бұл арада мақаламыздың тақырыбына орай, осылардың барлығына тоқталып жатпаймыз. Оны тағы бір еңбегімізде жазбақ ниеттеміз. Бізге қажеттісі «Қозғалыстың басында тұрған және оны өрістеткен тұлғалардың бірлігі мен тұрақтылығы» деген алғашқы критерий. Яғни, Алаш қозғалысын ілгеріде айтқанымыздай, он бес тұтас үдеріс дейтін болсақ, оны ұйымдастырған, идеяларын жүзеге асырған тұлғалардың мақсат бірлігі мен баянды жұмыстарына тоқталғанымыз жөн. Әлбетте, біз мақаламыздың тақырыбына орай, бұл арада Әлихан Нұрмұхаммедұлы Бөкейханның Алаш қозғалысындағы рөліне ғана тоқталып, осы қозғалыстың басты тұлғасы болғандығын дәйектесек, онда Әлекеңнің 1905 жылдан бастап Алашорда таратылғанға дейін осы саяси қозғалыстың тұрақты жетекшісі болғанын көреміз. Яғни, Бөкейхан тұлғасы, оның саяси қызметі – Алаш қозғалысының мақсатты, үзіліссіз үдеріс екендігін айғақтайтын басты факторлардың бірі.

Саяси билігі өзге діні, тілі жат елдің қолына көшкен қазақ сияқты халықты ояту, намысын қайрау, саяси күреске жұмылдыру Әлекеңдер үшін оңай болмағаны бүгін кімге де болса аян. Әлекең бастаған қазақ зиялылары бір жағынан патша үкіметінің қазақты қанауға, езгіге салуға негізделген қатал да қытымыр саясатына қарсы шығып, екінші жағынан «Жұрттың берекесі кетуге түптеп себеп болған нәрсе, қазақта бірліктің жоқтығы» деп өзі айтқандай, кең сахараға бірде сыйып, бірдей сыймай жүрген қазақтың бірлігі жолында да аянбай қайрат қылуға тиіс болды. Бұған қоса, халыққа өзінің абыройы мен беделін, сондай-ақ білімі мен мәдениеттің артықшылығын, нағыз еңбектің мұратқа жеткізетіндігін ұғындыру қажет болды десек, бұл салада да Бөкейхан қаламымен қазаққа талай сөзін арнады. Оның мақалаларында қазақ қоғамының әлгі айтылған мәселелері көтеріліп, Әлекең ұлттың рухани ұраншысы да болды. Оның осы мазмұндағы еңбектері, сөздері Әлихан Бөкейханның қайраткерлігінен, көсемдігінен өрістеп жатты. Бұл еңбектерінде ол саяси күрестің көкейкесті арналарын, бағыттарын айқындады.

«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп жазыпты Әлекең. Оның осы пікірінің дәлдігін бүгінгі қазақ қоғамы толық дәлелдеуде. Неге десеңіз, өзге тілде жұмыс істейтіндер, әлі күнге дейін балаларын басқа тілде оқытатындар, жиналыстарда, баспасөзде мемлекеттік тілге қарсылық білдіретіндер, ата дәстүрін құрметтемейтіндер, ауыл қазағын, оралманды кемсітетіндер – бүгінгінің оқығандары, білімділері. Яғни, ұлттық мүддеге келгенде ұлтқа ең алдымен ұлттық мінез, намыс, рух қажет екен. Осындай мінезді Әлекең 1905 жылдан өзі мүше болған, өзінің саяси тәжірибе жинауына айтарлықтай әсер еткен кадет партиясынан өз еркімен шыққан кезде көрсетті. Осы мінезі арқылы ол ұлтшылдық көзқарастағы тұлға екендігін тағы да бір паш етті. «Кадет партиясы ұлт автономиясына қарсы. Біз Алаш ұранды жұрт жиылып, ұлт автономиясын тікпек болдық» деп жазғаны бүгінгі көзіқарақты азаматтарға белгілі болар.

Ұлт-азаттық қозғалыс ретінде Алаш қозғалысының саяси күресі мен рухани жаңғыру дәуірін қалыптастыруының негізінде ұлтшылдық жатыр десек, мұндай жағдайдың Еуропа мемлекеттерінде де болғанын білеміз. Бірақ орыс, ағылшын, француз ұлтшылдығы болғанымен, біз бұл арада олардың империалистік саясатпен тікелей байланыстылығы жөнінде басымырақ айтуға тиіспіз. Өйткені олардың ұлтшылдығы сол мемлекеттердің империалистік,басқыншылық, үстемдік саясатын қалыптастырды. Олардың империалистік саясаты Ресейде, Англияда, Францияда тұратын негізгі ұлттан өзге халықтардың ұлтшылдықтарын қабылдай алмады. Сол себепті де империалистік, шовинистік пиғылдағы олар өзгелердің табиғи ұлтшылдығына тек біржақты үстемдік тұрғыдан баға берді. Сондықтан Батыс саясатшылары, ғалымдары ұлтшылдықты теріс бағалап, үнемі қажетсіз, әлдебір жат құбылыс ретінде көрсетіп, өздерінің өзге халықтарға жасаған қысымын ұмытып, гуманистік идеяларды насихаттағысы келеді. Яғни, отаршылдық саясаттың арқасында әбден күшейген, қаншама ұлттарды сіңіріп, олардың дінін, дәстүрін, тілін ұмыттырған Батыс мемлекеттері өздерінің ұлттық мүддесі жолында күрескен халықтардың болуға тиісті ұлтшылдығын тұрпайы құбылыс ретінде бағалаудан әлі күнге дейін тайынбауда.

Империалистік мемлекеттерге, әлбетте, ұлтшылдық саяси идеология, қоғамдағы көңіл-күй ретінде аса қажет емес. Оларда мемлекетшілдік, мемлекетшілдік болғанда үстемдікке құрылған мемлекетшілдік идеология жасалынған. Сол себепті де олар адам ұлтшыл болмауы қажет, мемлекетшіл болуы міндетті деп санайды да, «патриот» деген терминді қолданады. Отаршылдықтан енді шыққан халықтар алдымен өзінің ұлттық ерекшеліктерін жинақтап, ұлттық санасын қалыптастырып, сосын мемлекетшіл бола алатындығын олар түсінгісі келмейді, бәлкім, түсіне де алмайды. ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамы өз мемлекетінсіз қалай мемлекетшіл болмақ, сондықтан ол алдымен ұлтшыл болуы тиіс еді. «Патриот» терминіне келсек, қазіргі кезде оның шығу тегі екі тілмен байланыстырылып жүр. Алғашқысы грек тіліндегі «πατριώτης» деген сөз «отандас» дегенді, «πατρίς» деген «отан» дегенді, екіншісі – латын тіліндегі «pater» деген ұғым «әке» дегенді білдіреді екен. Яғни, бүгінде жиі қолданылатын патриотизмнің түпкі мағынасы отаншылдықпен байланысты. Ал Отанын, байырғы атамекенін отаршылдар басып немесе тартып алған халықтар қалай отаншыл болмақ, өйткені олардың ұлттық санасында болмаса, нақты территориясы басқыншылардың билігіне көшкен, сонда олар ұлтшыл болмай қайтпек?! Патриот болған жөн, ол үшін ең алдымен өз ұлтыңның қадірін білуің шарт.

Қазақ ғасырлар бойы өз азаттығына ұмтылған бостандық сүйгіш халық десек, бүгінгі тәуелсіздігіміздің бойында бабалар күресі, аталар аманаты бар десек, онда Алаш қозғалысы сол ымырасыз күрестердің, қасиетті аманаттың ең ірісі. Бұл қазақ зиялыларының қаруды кітапқа, қамшыны қаламға айырбастаған, яғни біліммен, білікпен өз халқының құқын, өз жерінің азаттығын талап еткен шынайы, жаңа демократиялық күресі. Бұл күрес – халықтық қарапайым санадан ұлттық ұйысу деңгейіне жетуден, бір халық ретінде сезінуден, ұлттық намыс жолына көтерілуден бастау алған жалпыұлттық күрес. Қозғалыстың географиясы бүкіл қазақ даласының азаттық күресіне мүдделі екендігін облыстық, уездік, болыстық сиездер аңғартса, ұлттық сананың өрлеуін жалпықазақ сиездері, Алаш автономиясының жариялануы, Алашорда үкіметінің құрылуы толық паш етті. Қазақтың көсемдігін, шешендігін, бітімгерлігін, ерлігін, намысқойлығын, ағайынгерлігін, өзге де игі қасиеттерін бойларына тоғыстырған Алаштың алдыңғы қатарлы азаматтары дәуір биігінен де, өздерінің білімі мен білігі мұнарасынан да туған халқының ахуалын анық аңғарып, оның бақыт пен игілікке жетуінің ең басты кепілі де, шарты да бостандыққа жету екендігін терең түйсінді. Міне, қазақтың осындай тағдырлы талайын таныған және сол үшін үлкен күрес жолына түскен азаматтардың  көшбасшысы Әлихан Бөкейхан болды десек, Әлекеңнің туған халқы үшін, оның бүгіні мен болашағы үшін қаншалықты ұлы тарихи іс атқарғанын жақсырақ сезінбекпіз. Әрбір қазақ баласы өз бойында қазақтың қаны бар екенін, оның өзгермейтіндігін, қазақ болып қана мұратқа жететіндігін түсініп, барын бағалап, бүгінге тәубе деп, болашақта қазақ елінің тілеуін тілесе, баршамыз еркін сиятын жеріміз, көштен қалдырмайтын байлығымыз, ең бастысы айналайын азаттығымыз дүниедегі ешқандай мемлекеттен де,ұлттан да кем етпес!

 

Ербол Тілешов

Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы,

филология ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. Алматы: Мектеп, 2008.
  2. Кемеңгерұлы Қ. Таңдамалы. Құрастырған Д. Қамзабекұлы. Алматы: Қазақстан, 1996.
0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5317