Өлең еді жанымның тұңғыш әні
(Айдын Байыс туралы оқшау ой)
Балқашта қалып қойған бала бейнесімен поэзия әлеміне өзіндік қолтаңбасын әкелген Айдын Байыс туралы жазудың сәті бүгін түсті. Әсілі кейде біз аға буын қазіргі әдебиетке келіп, қазақ сөз өнерінің көсегесін көгертіп, бағын асырып жатқан жаңа толқынның шығармашылық қадір-қасиетіне жетпей жатқандай көрінеміз. Сол себепті де, ағалағыш, жағалағыш шатпақшылар бірден ел аузына ілігіп, дүрдей қаламгер атана алады. Осы бір доптай үрленген дүрлер әдеби орта қалыптастырып, шығармашылық даңғаза топ құрып, өздерінен басқаны көзге ілмей, айтқандарына қазіргі әдеби процестегілерді имандай ұйытып, жазған-сызғандары әдеби-теориялық заңдылық саналып, қазақ тілді аудио-бейне контенттің жарық жұлдыздарына айналып шыға келеді. Олардың шығармашылық әрекетінен оқырманға жол тартқан құр сүлдер сұлу сөздер тізбегі ой киімсіз жалаңаш арудың күйін кешеді.
Сол дүрлердің тағы бір ерекшелігі әлемдік поэзияның жауһарларынан тәржіма арқылы ой ұрлайтындығы қазір сөз қадірін білетін жанды таңқалдырмайтында болды. Тіпті бұл құбылыс керек десеңіз «болары болып, бояуы сіңген» әбден ет үйренген әдеби тірлікке айналды.
Ешбір топтың шашбауын көтермейтін, тек өз қаламының құдіретіне сенген жастарды автобус тоқтамайтын аялдамада тұрған жол тосушы жолаушыға балауға болады. Біздің айтпағымыз – қалам тағдырын өзгенің еркіне беріп, орынсыз ағалаушылар мен өз автобусын күтуші таланттардың жарқ етіп көрінуіндегі табиғи заңдылық.
Бұрынғы жас қаламгерлер, оның ішінде ақындар алдыңғы толқынның ел таныған ірі әдеби тұлғаларының алдынан өтіп, сын тезіне түсіп, орталық, аймақтық БАҚ жарық көріп қана танылатын. Енді зырыран заманның ұялысы қаламының желі, қолының ебі бар жасты әп-сәтте әлемжеліге шығарып, айды аспанға шығаруға мүмкіндік беріп отырған жайы бар. Әлем желіге көзді ашып-жұмғанша шығып, бірден таным-талғамы түрлі деңгейдегі өлең сүйер, жыр сүйер жандардан ақ бата ала беруге болады. Жазғаныңды құшақтап газет-журнал редакцияларының табылдырғын тоздырмайсың да... Әрине, бұның жақсы жағы – жұрт ықыласына бөлену, жаман жағы – бөдене талантыңмен арландардың орынтағын орынсыз иеленіп шыға келушілікте.
Бізде жас болғанбыз. Ол дәурен бөлек еді. ІТ заманы шығармашылық өмірдің дөңгелегін кейде кері айналдырады. Бұл – енді даусыз шындық. Солай болса да, өле-өлгенше жас таланттарды іздеп, соларға пана бола бола білген санаулы Әзағаларымыздың бірі – Аманхан Әлімұлы еді. Ол кісі жасыңа қарамайды. Өзінен кішісің бе, ендеше інісің, сенің жазғаның ұнады ма, нөміріңді тауып алып, сөйлесіп, көмек қолын ұсынады.
Сондай Әзағаның жылығын көру бақыты бұйырған жанның бірі – өзіммін. Ол кісінің бұйымтайы жазатын салаңа қарай әр түрлі. Әуелі не жазып жатырсың, соларыңды жариялаймын дейді. Одан кейін сен әдебиетшісің ғой дей келе, өзіне ұнаған жас толқынның талайының есім сойын түстеп айтып, солар туралы жазуыңды өтінеді. Ой, Аман аға уақыт жоқ қой деп ақталған боласың, «бәрін жазбасаң да Айдын Байысты жаз!» деді. «Жақсы» дедім. Бұл 2018 жыл болатын. Содан бері Әзаға өмірден озды бірақ аманаты көкейді тырнап жүрді. Осыдан бір жыл бұрын Айдын Байыстың жекесіне шығып, «Аманхан ағам, қоңыр дауысымен әр сөйлескен сайын әдебиетке келген әр дара дарынға жеке тоқталып, олардың ішіндегі нағыз дүрлеріне өз бағасын беріп, осылар туралы жазсаңшы» деп отыратын еді, жарықтық! Солардың ішінде сені бөле-жара айтатын. Шыққан кітабың болса элнұсқасын бер» дегенім бартын. Айдын ақын сөзге келмей, бір аптаның ар жақ бер жағында поштамен қолтаңбасы жазылған «Құланиек» кітабын салып жіберді. Мен қайбір қагілез жанмын, әні жазам, міне жазам деп бір жылдан астам уақытты өткізіп алдым. Оның себебі «Құнанбай атындағы Алаш аудармашылар Одағын» құру үшін жасаған тірлігім, бейнебаяны бары, оқулығы бар бүкіл тірлігім соның жолына кетті. Ақыры Әзағаның аманатын орындайтын қолайлы сәтте туды.
Иә, Аман ағаның айтқан жас ақындарының бәрін жаза алмасақ та, өзінің ерекше әдеби үміт күткен ақыны – Айдын Байыс туралы жазбасқа амалымыз кәне?! Бұл тақырып – шын мәнісінде, Аманхан ағаның көзі тірісінде маған арқалатқан әдеби жүгі еді. Бүгін енді сол әдеби жүктің бумасын ақтаруға қол тиетін уақыт таптым.
Ги де Мопассан кезінде: «Шын мәнісінде көптеген топтан тұратын оқырман қауым Бізге:
— Мені жұбат.
— Мені алдандыр.
— Кәні мені қайғы құшағына енгіз.
— Жан дүниеме қозғау сал.
— Армандап қиялға берілуіме қозғау бол.
— Шек сілемді қатыр.
— Мені селт еткіз.
— Мені жылат.
— Ой құшағына шомуыма ыңғай жаса,- деп айқалайды дегенді жазған болатын.
Өз оқырманын жұбататын, алдандыратын, қайғы құшағына енгізеті, жан-дүниесіне қозғау салатын, арзулата армандатын, шек сілесін қатырып, мәз-мейерам ететін, селт еткізіп, сезіміне қозғау салатын, көз жасын бұлауға ерік беретін қаламгер қашанда құрметке ие.
Тек біз оқырман ретінде олардың кейбірінің бағасын мүлдем білмей жүргеніміз қандай өкінішті.... Біздің буын бағасын білмей жүрген Айдын Байыс орда бұзар отызға келіп қалды. Жылы лепес білдіре алмаудамыз. Айдын жалғыз емес, оның тұстастары да бізден әдеби әділ баға күтеді. Біз соны бере алып жүрміз бе!?
Арты айхай 25-тегі, алды 30-дағы буынның ішіндегі іліп ауызға аларын істіліне қарай, өлең өріміне қарай үш топқа бөлеміз. Сөз ойнату мен ой ойнатуы тепе-тең түсетіндер, тек сөз ойнатудың жетегінде кеткендер және ой ойнатудың төңірегіндегілер. Сөз ойнатушылары – ойға, ой ойнатушылары – сөзге құрық салары анық. Бірақ ол бірден болмайды. Бірақ бәрі де өлең өлкесінен өз орнын тапқандар. Тек шығармашылық тер төгіп, өлең өрімін қамшының таспасындай өруі үшін талай ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндерді бастан кешулері керек.
Сөз бен ой ойнатуды қатар меңгеру, әрі оны орнымен, жөнімен қолдана білуге екінің бірі оңайшылықпен қол жеткізе алмайды. Қазіргі қазақ поэзиясындағы тамаша өлеңдерді оқу барысында тіпті тамымал деген ақындардың өзі де бұған сиректеу егелік ететіні жасырын емес.
Қолымыздағы жинақтағы өлеңдердің басым көпшілігі сыршыл сөз бен терең ойға құрылған. Автор өзінің осы жинақтың беташар туындысы болып табылатын «Хат» атты өлеңінде:
Балқашта қалып қойған бала бейнем,
Кеудеңде құндақталып жатыр ма әлі...
Немесе
Кімге обалы жазбаған өлеңдердің?
Жазып қойған өлеңнің кімге обалы?
Ақын өзіне де, оқырманына да өте жоғары эстетикалық талап қояды. Біз мысалаға алған «Түн құшағын жайғанда» өлеңінде балконда Ақын мен Ай сырласып, нәтижесінде табиғат тылсымы ақ қағаз бетіне түсетін сәттегі шығармашлық тұлғаның басынан небір ерек хал кешуіне ойша куә боламыз.
Автордың өмірбаяндық аңыстағы «Адреналин» жырында:
Жырға айналып кете берді табиғат,
Мұңға айналып кете берді махаббат,- деп төгіле өлеңін өрімдейді. Біз сөз етіп отырған осы өлеңде автор жеті шумақ бойына өзінің поэзия көгіне қалай қол сермегінін автобиографиялық нақышта көркемдей айшықтайды. Тағдырдың салуымен бұл жалғанда еш қамсыз жүрген «ұрыншақ құлыншаққа» Алланың жазуымен бір күнде таңдайына қасиетті ақындық мөрі басылып, жыраулық ғұмыр маңдайына жазылады.
Сол күннен соң, алда күтіп ауыр сын,
Қауырсыннан қолға қалам ұстадым...
Кеуде кернеп сан алуан сүгірет,
Көкше көлге тұңғыш өлең туды кеп.
Өзеуреген өрім ұлдың өзегін,
Осы ма екен жарып шыққан құдірет?!
Бұл қазақ ұғымындағы дәстүрлі ерекше жағдайда «ақындық қону» қастерлі түсінігімен ғана ұғындырылады. Тоқ соққан бала, бір сәтте ақындық ой соққан дарын иесіне айналып шыға келеді. Осылайша өз оқырманына ой салатын аталған жыр:
Тоққа түсу түк емес-ау, көз жетті,
Отқа түсу қиын екен өлең деп, - аяқталады.
Жалпы қай ақын болмасын, адам, қоғам және табиғат атты мәңгілік үш тақырыпты түрлі қырынан жырлайды. Айдында табиғат тақырыбы ерекше орынға ие. Әсіресе, ол өз шығармашылығында «Қыс» пен «Түнге» айырықша мән беріп, өзіндік символдық әлемін айшықтай алғандығы бізді оқырман ретінде өте қатты қуантады. Тап біз айтқан тақырыптағы «Түн» атты өлеңінде білектей қара бұрымын тарқатқан паранжалы сұлу бикеш кейпіндегі «қараңғылық аруына»:
Қара түннің көзінде тұнған мұңдай,
Сүт сәулелі кеудемді нұрландырды Ай.
Паранжалы, әй, бикеш!
Қылығыңнан
өретеніп кетсем бе әлде күлім қалмай!.. деп жыр арнайды.
Ақынның «Қысқа» арналған тағы бір өлеңі «Ақпан жыры» Борис Пастернактың «Февраль. Дастать чернил и плакать» деген эпиграфымен басталады. Айдынның қыс туралы өлеңдері жаныңды жарлаудан, жүрегіңді жалаңаштаудан аулақ. Оның қауырсын қаламы қыс суреттерін түрлі қырынан суреттеп, түрлінше құбылта айшықтап, кәрлі қыстың болмыс-бітімін көз алдыңа ерек бір тылсымдықпен елестетеді. Таң қала оқисың, тамсана оқисың.
...Титтей ұлпа арқалайды ауыр мұң,
Жадымызға, жарықтық-ай, жатталып...
Осылайша адамзатқа өзіндік айтары бар ақпан ақынның кеудесіндегі күй сандықтан ән болып төгіледі. Ақын сол кеудесіндегі күй сандығынан төгілген әнді былайша көркемдікпен кестелейді:
Келсе көктен құдіретті күш – көндік,
Ұйқысыз-ақ талай ғажап түс көрдік.
Керемет қой ақпаны бар сиқырлы,
«Қыс» дейтұғын Құдай жазған үш томдық!
Біз Айдын Байыс шығармашылығы жайында тек осы бір мақаламен шектеліп қалмақ емеспіз. «Қыс» дейтұғын Құдай жазған үш томдық» деген тамаша шумақтық пәлсапалық ерек пайымдауды өмірге әкелген ақынды бұданда өткен тамаша әдеби бақ күтіп тұрғанына сеніміміз мол.
Сөз соңында айтарымыз Айдынның осы жинаққа кірген әр өлеңі өзін жеке талдауға сұранып тұрады. Бұндай өз шығармашылығына сын көзбен қарап, басылып шыққан кітабына тек таңдаулы өлеңдерін ғана кіргізу жас ақындар тарапынан онша көп кездесе бермейтін құбылысқа айналды. Қазір соларды оқып отырған кезде тақтайдай жолмен келе жатып, жол ортасындағы іркілген шалшық сулы батпаққа қалай батқандың білмей қалатын жағдайға жеттік. Айдын кітаптарының бір қуаныштысы бізді тек тақтайдай жолмен жүргізіп, батпаққа батырмай кінәмшіл оқырман көңілін көл дарияға айналдырады.
Айдынды Айдын еткен оның жырларындағы «ұлттық нақыш» біз оған жеке мақала арнайтындықтан тек ақынның сезімдік лирикасы төңірігінде ғана сөз қозғаумен тоқталып қалдық. Балқаштан шыққан әдеби «ұрыншақ құлыншақтың» поэзия көгіндегі бағындырар биігі әлі алда дегенге кәміл сенімдіміз.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz