Кәсіпкерлер: Досаевтың сөзі заңнан жоғары ма?
Алматы. 2018-2019 жылбан бері жалғасып келе жатқан жер дауы әлі нүктеленген жоқ. Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің тұсында басталған әпербақандық әрекеттердің жалғасы күні бүгінге дейін жалғасып отырғанын айтып, жанайқайларын жеткізген Рахат базарының кәсіпкерлері бүгін Алматыдағы кезекті соттың табалдырығын тоздырды.
Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ТКМ ЖСШ мен Алматы әкімдігі, жер қатынастар басқармасы және Жетісу ауданы әкімі аппараты арасындағы даулы істі қарады. Сот шешім шығарған жоқ. Тараптардың сөзжарысын келер отырысқа қалдырды. Ал біз соттан шыққан кәсіпкерлерді аз-кем әңгімеге тартқан едік.
Әкімдіктің алдында аштық жариялаймыз, жолды жабамыз, митинг жасаймыз...
Тамара Жұмандықова, кәсіпкер:
- Бүгінгі сотқа көңіліміз толмады. Судья бізге сөз де бермеді, сұрақ та қойдырмады. Біздің талабымызды қанағаттандырмады. Сондықтан сотты кейінге қалдырды. Сот кісі «кәсіпкерлердің өздері келіп айтсын» дегендей қылды. Керек болса, кәсіпкерлердің бәрі келеді. Біз қазір екі-үш адамбыз. Рахат базарындағы саудагер халықтың атынан келіп тұрмыз. Егер сот түгел келгенімізді қаласа, келеміз.
Біздің базардағы мыңға жуық адамды жұмыссыз қалдырып, базарды заңсыз сүріп тастап, орнына «сквер» салу туралы шешім шығарған, әкімдік. Сот әлі жүріп жатыр. Соңғы шешім шыққан жоқ. Сонда да әкімдік сот пен заңды белден басып, осындай шешім шығарған. Бұл ақылға қонбайтын жағдай.
Әкімдік: «Сендерге орын бердік», - дейді. Берген орыны Адем базарының арты. Ол күні кеше ғана жанып кетті. Сонда әкімдік бізді бір оттан алып, екінші бір отқа салмақ па? Біз Үкіметке алақан жайып отырған жоқпыз. Өз күнімізді өзіміз көріп, базарымызды гүлдендіріп, мемлекетке ай сайын салық төлеп отырған адамдармыз. Біздің бір ғана талабымыз бар. Ол – базарымызды өзімізге берсін! Біз базардың модернизациясын, тағы басқасын өзіміз істейміз. Үкіметтен ақша сұрамаймыз!
Ал әкімдік аллеяға деп бюджеттен қыруар ақша бөліп жатыр. Айнала базардың ортасында қайдағы аллея? Оданша сол ақшаны басқа қажеттілікке жұмсамай ма?! Біз де салық төлеушіміз. Әр ай сайын, әр жарты жыл сайын салық төлеп отырмыз. Біз, кәсіпкерлер базарды олардан артық етіп жасай аламыз. Біздің қазіргі базарымыз да жаман емес. Егер біздің базар жаман болса, адамдар келмейтін еді.
Менің үш сатушым бар. Олардың отбасы бар, әрқайсысында 5-6 адам тұрады. Менің қарауымда бірнеше адам бар. Жұмыссыз қалайын деп тұрмыз. Әкімдік бізге жәрдем берудің орнына бізді жеп отырған нанымыздан айырмақшы. Көкебаеваның қол астындағылар жүрді. Біз оларды қуып жібердік. Керек болса мың адам келеміз осы жерге. Бізге базарды қайтарсын. Өзіміз-ақ, салып аламыз.
Керек болса, әкімдіктің алдында отырып аштық жариялаймыз. Жолды жабамыз, митинг жасаймыз. Біз осыған дейін уламай-шуламай, заң аясында күресіп келген едік. Енді шарамыз таусылуға жақын. Керек болса, адвокаттарымызбен ойласып, президент Тоқаевқа хат жазамыз. Қазір біздің жерді аллея үшін деп сылтауратып алады, кейін ақшалы біреуге сатып жібереді. Біз бұған жол бермейміз.
Ешқандай зауыт та, сквер де салынбайды. Бұл бизнесті тартып алу әрекеті...
Иминжан Марванов, кәсіпкер:
- Сот бізден сөз сұраған жоқ. Біздің пікіріміз ешкімге қажет болмады. Менің ойымша, сот әлі де жалғасады. Бұрынғы басталған сот «сату» туралы болған, енді «сквер» саламыз деп отыр. Бұл бизнес. Біздің Рахат базары мыңнан аса адам табыс тауып жүрген орын. Сонда сол мың адам жұмыссыз қалмақ па?.. Үкімет неге ойламайды? Біз де салық төлеушіміз. Әкімдік бюджеттен, сол салықтың ақшасынан Рахат базарының орнына саябақ салмақ. Былай қарасаңыз, біздің ақшаға сквер салады, ал біз жұмыссыз қаламыз.
Алматыда тұрғаныма 63 жыл болды. Сол жерде мазар болған дегенді білмеймін. Мүмкін кеңес үкіметінің алдында болған шығар. Ал біздің бала кезімізден бері ол жерде ештеңе болмаған. Кейін автокомбинат салынды. Сосын базар салынды.
Алматыда Досаевтың сөзі Конституциядан жоғары тұрған секілді...
Жәмила Төленова, заңгер:
- Бүгін Алматы қалалық арнайы мамандандырылған әкімшілік сот отырысы өтті. Төрағалық еткен судья Черныш. Бүгінгі сот отырысында ТКМ-нің қала әкімдігі мен жер қатынастар басқармасы және Жетісу ауданы әкімі аппаратына қойған талап-арыздары қаралды. Әдеттегідей мемлекет орган өкілдері сотқа дайындықсыз келген. Нақты жазбаша түрде берілген ТКМ-нің сұрақтарына нақты жауаптары жоқ. Ең сорақысы бүгін, осы сотта қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы 2013 жылдан бері ТКМ даулап келе жатқан Рахат базары орналасқан жердің ешқандай зираттың санитарлық қорғау аймағына кірмейтінін мәлімдеді. 2013 жылдан бері ол жердің орналасқан аумағы қоғамдық орталықтың, Қарасу өзенінің су қорғау аумағы.
Біз үшін бұл тың мәлімдеме. Өйткені біз нақты сұрақ қойдық. «Зираттың санитарлық аумағын қайда жібердіңіздер?» деп. Қаланың бас жоспары осы жылдың 3 мамырына бекітілгенімен, ресми жарияланған күні 22 мамыр. Бас жоспар тек 22 мамырдан бастап күшіне енді. Бұған дейінгі біздің берген сұрауларымызға: «зираттың қорғау аумағы» деді, одан кейін «Қарасу өзенінің су қорғау аймағы» деді, қазір енді бас жоспардың нақты дайын емес екенін естіп отырмыз.
Тағы да анықталып отырған мәлімет, біз 2023 жылға кірдік деп отырсақ, сот процесіндегі мемлекеттік атқару органдарының белсенді әкімшілік тосқауыл әрекеттерінің салдарынан 2019 жылғы оқиғаның желісіне қайта оралып отырмыз.
2019 жылы «Алматы СПС-ке» жиһаз фабрикасын салуға беріп, соны бізге негіз етіп, соттың шешімін орындаудан бас тартқан еді. Қазір өткен жылдың 12 желтоқсанында қайта қозғалған орындау өндірісі бар екеніне қарамай, мемлекеттік сот орындаушының талаптарын орындамастан, 16 ақпанда жерді Жетісу ауданы әкімінің аппаратына сквер салуға деп беріп қойған.
Бүгін «Базардың орнына салатын скверге ақша қайдан бөлініп жатыр, қаланың бюджетінен бе, әлде ауданның бюджетінен бе?» деп сұрадық. Оған аудан әкімдігі қаражат бөліп отыр екен.
Бұл өте сорақы жайт деп есептеймін. Өйткені, мың адамның мүддесін, олардың тұрмыс-жағдайын қамтамасыз етіп отырған Рахат базарының орнына сквер саламыз деуі күлкілі нәрсе. Күлкіліден бұрын, біздің қаланың әкімдігі ТКМ фирмасына қарсы өздерінің құйтырқы әрекеттерін жалғастырып жатыр. Бұрын зауыт салуға деп жеке кәсіпкерлерге беріп еді, бұл жолды ойлап тапқандары - мемлекеттік органға беріп отыр. Бұны сот тарапынан керемет қолдау табады деген оймен жасап отырған болар. Ал соттың бағытына қарасақ, бәрі мемлекеттің мүддесіндеміз деген кейіп танытып отыр. Сот процесін жүргізу тәртібіне келсек, суьяға айтатын ескертпелер көп. Оның бәрін жазбаша түрде тиісті инстаннцияға шағым ретінде көрсетеміз.
Алматы қаласында ТКМ мен Рахат базарының кәсіпкерлері жетімнің күйін кешіп отыр. Өйткені қала тұрғыны ретінде, кәсіпкер ретінде бағалап отырған басқару жүйесін көріп отырған жоқпын. Әкімнің жеке амбициясын, оның кездесу кезінде айтқан сөздерін орындаушылар қазір оны еліміздің Конституциясынан биік қойып отырғанының куәсі болдық. Қаланың әкімі Досаевтың сөзі Конституциядан жоғары болып тұр...
Даудың басында Байбек тұрды. Байбектің кезінде жүйе басқа болатын. Жасыратыны жоқ, Байбек Елбасының жақын тартқан, өсірем, өндірем деген мақтаулы кадрларының бірі болды. Ол кезде де осындай дөрекілікті көріп, содан бері жауапкершілікті арқалап келеміз. Ал енді Байбектің бастап берген дауын бітірудің орнына, жалғастырып отырған – қала әкімі Досаев. Осы жылдың қаңтар айында, Досаевтың Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесуі кезінде Рахат базары мен ТКМ-нің мәселесін мен сол жерде көтерген едім. Менің: «Осы тосқауыл бойынша қашан қабылдайсыз», - деген сұрағыма: «Мен бұлардың жағдайын айтып берейін. 2015 жылы бұлар модернизация жасаған жоқ. Мен сіздердің жобаларыңызды қолдамаймын», - деп ашық жариялады. Досаевтың сол сөзінен кейін, мен қай жерге барсам да, 450 күн біздің базар жарықсыз отырды ғой, сол жарықты қайта қосу мәселесімен қай табалдырықты тоздырсам да, алдымнан шығып айтатындары: «Әкім сізге бас тартты ғой». Әкім тек айтты. Ал оның сөзін бекітетін нормативтік құжат қабылдаған жоқ қой?!
Осыдан соң түсінгенім: Алматыда әкім Досаев не айтады, қалғанының бәрі заңды қиып, кесіп, соның сөзіне икемдеп, құрақ жасап жатыр.
Қазіргі біздің үлкен қауіп: Біз үміт артып отырған мынау әкімшілік сот та сол құрақтың ішіне кіріп кете ме деген қауіп. Өйткені, соттарды қарау барысында, дәлелдеу міндеті заң бойынша, мемлекеттік орган – жауапкерлерге жүктелген. Ал бұл жерде азаматтық соттағыдай, әрбір сөзімізді өзіміз дәлелдеуге мәжбүр болып отырмыз. Соның өзінде көп өтініштеріміз ашық қалдырылып отыр. Ақылға қонбайтыны: Базар тұрған жердегі, мемлекеттік органмен екіортадағы басқарушы ұйым болып келген ТКМ-ді осы тізбекте артық элемент ретінде сот ашық айтып отыр. Сол сөзімен сот жауапкерлердің жауабын түзетіп отыр.
Сот енді өз шешімін шығара жатар. Бұл жердің шешімі көңілімізден шықпаса, аппеляциялық сот бар. Бірақ, мен Алматы қаласы соттарынан әділдік күтпеймін. Жоғарғы сот бар, Конституциялық сот бар... Керек десеңіз, бұл Президенттің алдында көтерілуі тиіс мәселе. Өйткені, 5 жылдан бері мың адамның жанайқайын естімей отырған саңырау әкімдіктің халыққа қызмет ететін билік басында болуға құқы бар ма, жоқ па деген сұрақ туады. Тағы бір көзіміздің жеткені: Осы қаланың әкімі өзін осы аумақта Президент секілді ұстайды. Ал заң олар үшін ойдан шығарылған қағаздағы сөз тізбектері секілді. Заңды басшылыққа алып, талдау жасап, соның аясында шешім қабылдайық деп отырған мемлекеттік қызметкерді көріп отырған жоқпын.
Қазір біз 2019 жылы қандай күйде болсақ, сол жағдайға қайтып келдік. Ол кезде Байбек өзінің таныс-туыстарына беріп кетсе, қазір құйтырқылықпен, кішкене ақыл қосқан болар, мемлекеттік органға беріп, бірнеше қабат бетон жатқан бұрынғы автокомбинаттың орнына сквер салу туралы шешім қабылдап отыр.
Бюджетті толтырып отырған кәсіпкерлердің ақшасын місе тұтпай, ағаш өсіруге деп ақша жұмсау - ең оңай жол болып отырғанын қазір қарапайым халық та түсініп отыр. Ал сол тәсілді қолданудан бұлар тартынып отырған жоқ. Бұл көзі ашық қоғамды басынғандық. Қандай шешім болса да біз дайынбыз. Не заңды өзгертсе, не біздің заңдағы статусымызды өзгертсе ғана, бір әділдікке қол жеткіземіз деген үмітіміз бар.
Ескерту: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұндай ой жарыстырып, пікір таластыруға Қазақстанның кез келген азаматы құқылы. Қарсы тарап жауап пікір ұсынатын болса, редакция жариялауға әзір.
Abai.kz