Алаяқтың арбауына түстік...
Киберқылмыстың, интернет алаяқтықтың өршіп тұрғанын басыңа түспей білмейді екенсің. Менің ұлым шілденің 13-інде алаяқтың торына шырмалды.
Өзін Банк Хоумкредит қауіпсіздік қызметінің өкілімін деп таныстырған белгісіз жан баламның сеніміне кіріп алып, қызметтік куәлігінің көшірмесін көрсетіп, «сыртыңнан біреулер несие алып жатыр» деп үрейлендіріп, Раст Деск қосымшасын аштырған. Келесі күні орын алған оқиғадан кейін алды-артын бағамдаған баламыз банктің аудандық бөлімшесіне хабарласса, олар облыс орталығы Талдықорғандағы банкпен мәселені шешуге кеңес береді.
Сөйтсе аталған банкте қауіпсіздік қызметі жоқ, ұлым барғанша 8 млн.теңгеге несие рәсімдеп, оның 6 миллионын 2 адресатқа аударып үлгеріпті. Бұған қосымша осы банктегі депозитте сақтаулы 1 млн. 200 мың теңгені жымқырып үлгерген. Болған оқиға жөнінде алдымен Талдықорған қалалық ішкі істер басқармасына, солардың нұсқауымен Сарқан аудандық ішкі істер бөліміне жүгінген соң іс қозғалды. Ақша аударылған 2 адамның дерегі Ақтөбе облысынан шығыпты. Сарқандық тергеуші А. Жұмабаев ҚР Ішкі істер министрлігі Ақтөбе облысының полиция департаментіне материалды жолдады. Шілденің 27-сінде Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Н. Сұлтанов заңды шешім қабылдау үшін Т.С. Кульдиевке, Д.И. Сидороваға қатысты алаяқтық фактісі бойынша іс тіркелгендігін хабарлады.
Дегенмен істің ілгерілемеуі көңілге кірбің туғызады. Прокурордың рұқсатымен камера арқылы сол күнгі банкоматты пайдаланушылар әлі күнге тексерілмеген. Бұл жерде сондай-ақ клиенттің құпиясын басқа біреулерге ашып берген банк қызметкерлеріне күдік туындайды. Себебі банктегі тексеру жүйелері қайда қараған? Кез келген адамның есепшоты немесе жеке адамның деректері туралы мәліметті кез келген қызметкер көре алмайды емес пе? Кірген адам болса электронды түрде кірген уақыты, не үшін кіргені көрсетіліп журналға жазылмай ма? Несие рәсімдеушінің биометриялық бейнесі егжей-тегжейлі жан-жақты тексерілмей ме? Биометриялық тексерістен бөлек СМС код сұралмай ма? Тексеру жүйесі арқылы бейнефотолар түсірілмей ме?
Осындай сансыз сауалдар көкейімізден кетпейді. Алаяқтар қашанғы алшаңдай береді?
Жомарт Игіман,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Abai.kz