Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Әдебиет 3240 22 пікір 21 Тамыз, 2023 сағат 11:58

Абай ескірді ме?!

«Әдебиет, өлең өмірді, қоғамды өзгерте ала ма?!» деген сұрақ батыс пен шығыс әдебиетшілеріне үнемі қойылып келеді. Оған жауап әр түрлі болғанымен, ешкім де әдебиеттің адам санасына айрықша әсерін жоққа шығара алмайды.

Соңғы ғасырларда еркін базар экономикасына көшкен батыста жалпы өнер атаулы нарықтың тезіне түссе, Социялистік түзім орнаған елдерде идеологиялық бұғауға тап болды. Қызыл идеологтар Көркемөнердің күшін айрандай ұйыған ұлттың, халықтың арасына жік салуға, саяси тілмен айтқанда өздері ойлап тапқан таптық күреске пайдаланды. Әдебиеттің адам санасына қозғау салатын ерекше рөлін жетік біліп, жымсыма мақсатқа пайдаланды. Коммунистік идеологияның қызыл шоқпарының жуан басы бірінші кезекте ұлт көсемдеріне, рухани ұстаздарына тиді. Шығыс Еуропа мен орыс зиялылары, Қытайдың әйгілі Коңфузысы сондай талауға түсті. Қазақтың Абайы да одан шет қалған жоқ.

Қызыл идеологиямен қаруланған тұлғатанушылар «Адамзат тіршілкті дәулет білмек, ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек» деп ұлтына бірегей Өмір сүру филосопияын (Жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайрат) ұсынған Абайды идеологиялық көкпарға салды.

«Құранды молда теріс оқыр,
Дағарадай болып сәлдесі.
Малқұмар көңілі бек соқыр,
Бүркіттен кем бе жем жесі?!» деген өлең жолдарын бөліп алып, Алланың хақтығын дәріптеп өткен Абайды ислам дінін мансұқ етуші, аттейс етіп көрсетуге тырысты. «Көк тұман алдыңдағы келер заман» деп күңірінген Абай жазбаларынан Асан қайғының «Жер ұйығы» сияқты өздері ойлаған коммунизмнің белгілерін таппаған соң «Абай сыншыл реалист, қоғам қайшылығын дұрыс танығанымен, оны шешу жолын көрсете алмады» деп айыптады.

Заман өзгерді, өткен өтті десек те Қазақтың сол Кеңес заманында қызыл идеологияның пәрменімен қалыптасқан тұлғатану методикасының әлі күнге жалғасып келе жатқаны өкініш тудырады. Оның себебі Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлаған қазақ елінің мемлекеттік билігі мен нарығын кешегі коммунистер мен комсомолдардың уысынан шығармай келе жатқанынан болса керек. Әсіре діншілдердің Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас!» деген өлең жолдарын «Аллаһтың өзі де рас, сөзі де рас!» деп өзгертіп алғанына өкпелеп жүргенімізде Абайдың шығармашылығына ғана емес, жеке тұлғасына да күман келтірушілер, «өмірде ондай адам болмаған» деп мансұқ етушілер пайда болыпты. Қостаушылардың қатары молайыпты.

Шындығында Абайдың Алаш арыстарының идеологиялық жобасы емес, керісінше Алаш арыстарының «Мақсатым тіл ұстартып, өлең шашпақ, наданның көзін қойып, көңілін ашпақ» деген Абайдың ағартушылық идеасының өнімі, айнымас мүрагері екені саналы адамға айдай анық. «1905-жылы Россия бір рет Еуропа болды» деген Әлихан Бөкейхан да, Қазан төңкерісі қарсаңында «Қазір Шығыстағы Батыстың ғылымын үйренген ең күшті мемлекет Жапония, біз солардың жолымен жүруіміз керек» деп қыбыланама мақала жазған Ахмет Байтұрсын да түлкі заманды тазы болып шалып, Абай сияқты «Қазағым қалың елім, қайран жұртым» деп күңіреніп өлең жазатын дәуреннің өткенін, Ұлттық мемлекет құру жолында ағартушылық жолдан гөрі саяси күрес жолының реті келгенін жете  түсініп ұлт ісіне басқа бағытта келгенін түсінуміз керек. Іс жүзінде ол заманда Алаш арыстары идеал тұлғаға, ақынға мұқтаж емес еді. Қастарында өткенді аңсап, Түркішілдікті дәріптеген Мағжан Жұмабаев болды. Комунистік режимнің ел мен жерге нәубет әкелерін бастан біліп, мойындамай, шетел асқан Мұстапа Шоқайдың Еуропада Мағжан шығармашылығын саяси күрес жолына пайдалануы соның айғағы.

Асқар Сүлейменов айтты делінетін «Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді» деген сөз бар. Соңғы кездедегі ұлттың ұлы тұлғасы Абайға байланысты айтылған әңгімелер Абайдың ескіргенінің емес, біздің тұлғатану методымыздың әбден ескіргенінің, көзімізді байлап отырғанының көрінісі деп санаймыз. Түбін қуғанда батырлық өршіл рухпен суғарылған отты жырлар иесі Маханбетті дәріптемей, ұлтын сынаған Абайды дәріптеу тұлғатану ғылымының, мемлекеттік идеологияның мәселесі. Оны біле тұра ұлы тұлғаны қайта-қайта көкпарға салуды – зиялылықтың емес, тар өрістіліктің (рушылдық, жүзшілдіктің) көрінісі деместен басқа айтарымыз жоқ.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1239
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2950
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3320