Президент Тоқаев БРИКСте не деді?
Кеше Оңтүстік Африка Республикасында өткен БРИКС елдерінің 15-ші саммиті аяқталды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «БРИКС Плюс» диалогы отырысына бейнебайланыс арқылы қатысып, Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы ретінде сөз сөйледі.
Сонымен мемлекет басшысы қандай мәселелерді көтеріп, әлем елдеріне қандай үндеу жолдады?
«Біз бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің БҰҰ Жарғысына негізделген лайықты формуласын іздеуіміз керек. Осы мақсатта мен биылғы ШЫҰ саммитінде «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастама көтердім. Бұл бастама жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау ісін ілгерілетуге, сондай-ақ анағұрлым рационалды әлемдік саяси және экономикалық тәртіпті қалыптастыруға бағытталған»,-деді президент.
Тоқаев «БРИКС Плюс» аясындағы мемлекеттерді келесі жылы Қазақстанда өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының Цифрлық форумына шақырды.
«БРИКС және «БРИКС Плюс» құрамындағы серіктестер ортақ игілік үшін осы бастаманы жүзеге асыру ісінде бірлесе әрекет ете алар еді. Сонымен қатар ШЫҰ, БРИКС және БРИКС Плюс құрамындағы елдер өте маңызды саналатын цифрлық орта, электрондық коммерция, киберқауіпсіздік салаларындағы әлеуеттерін біріктіріп, ақпарат алмасуды кеңейткені жөн. Келесі жылы Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Цифрлық форумы өтеді. «БРИКС Плюс» аясындағы серіктестерімізді осы маңызды шараға қатысуға шақырамын»,-деді Мемлекет басшысы.
Президент Транскаспий халықаралық көлік дәлізі әлеуетінің халықаралық сауда саласындағы зор әлеуетін атап өтті.
«Қазақстан барша серіктестерді «Солтүстік-Шығыс» пен «Шығыс-Батыс» көлік дәліздеріне қатысты экономикалық, сауда, көлік және инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырады. Аса маңызды «Бір белдеу – бір жол» бастамасын толықтыратын Транскаспий халықаралық көлік дәлізі сауда саласындағы ынтымақтастыққа кең мүмкіндік ашады. Мұндай ықпалдастық өңіраралық сауда-саттықтың дамуына және біздің аймақтардың көлік-транзит әлеуетін толық танытуға септігін тигізеді»,-деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың өзгеруіне байланысты пайда болған қиындықтарға жаһан елдерінің назарын аударды.
«Климаттың өзгеруі жаһандық ауқымдағы теріс салдарға әкеліп соғатыны баршамызға мәлім. Соңғы бірнеше жылда Жаһандық Оңтүстік және Орталық Азия елдерінде өте қатты қуаншылық белең алып, басқа да табиғат апаттар жиілеп кетті. Осыған орай Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымында 2024 жылды «Экология жылы» деп жариялауды ұсынып, осы өзекті проблеманы шешу жолындағы ортақ күш-жігерді ұйымдастыруға дайын екенін білдірді. ШЫҰ-ның Экология жылын өткізу жөніндегі іс-қимыл жоспары – уақтылы көтерілген бастама. Бұл бастама БРИКС-ке мүше мемлекеттер тарапынан да қолдау табады деп үміттенемін»,-деді президент.
Тоқаев тағы бір маңызды мәселе – азық-түлік жетіспеушілігін шешу мақсатында шаралар қабылдауды ұсынды.
«Осы жағдайға байланысты азық-түлік қауіпсіздігі де жаһандық күн тәртібінде айрықша маңызға ие бола бастады. Бүгінде әлемдегі азық-түлік өндіруші төрт ірі елдің үшеуі – БРИКС мүшелері. Ал БРИКС елдерінің ауыл шаруашылығы саласындағы ЖІӨ-нің жиынтық мөлшері әлемдік көрсеткіштің жартысынан асады. Елдеріміз арасындағы азық-түлік теңгерімсіздігін азайту үшін тиісті шаралар қабылдауымыз қажет. Біз әлемдегі азық-түлік пен тыңайтқыш жеткізу ісіне саясатты араластырмай, оларды кез келген санкциялар мен шектеулер ықпалынан босатуымыз керек»,-деді Тоқаев.
Abai.kz