Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 2486 2 пікір 28 Тамыз, 2023 сағат 13:12

Жастардың балқаймақ жырлары

Әдеби прроцеске келіп қана қоймай, оған өз үлесін еселеп қосып жатқан іні буын туралы, олардың сәтті де, әтеген-айлы ізденістері туралы жазу әрі оңай, әрі қиынның қиыны. Оңай болатыны жанр табиғатын айырып, көркемдігін екшеп сыдыртып, дәстүрлі стандартпен көңіл жықпастық жасап дігідік қасқалап жаза салу. Енді қиын болу себебіне тоқтала кетейік.

Жалпы, біздің әдеби процеске «Мәтін әлемі» және «Автор өлімі» деген екі концепция католиктік-атеистік Батыстан қаңғып келіп, гуманитралық кеңістігімізге мықтап ірге тепті. Тепкені құрысын поэзияның тұнығын лайлап бітті. Іргесі берік проза бұған қасқайып қарсы тұра алды. Тұратын себебі де бар.

Бізде бір қате түсінік бар. Прозаны тек көркем туынды деп тану. Ал, поэзия таза көркем туынды. Оған шәк келтіре алмайсыз. Прозаны тек көркем туынды ғана деп танушылыққа қазақ еш кінәлі емес. Кеңестік-отаршыл жүйе кінәлі. Олар гуманитарлық ғылым саласындағы оқығандарымыздың санасына мысалды һәм үлгіні тек Еуропадан алуды мысқылдап сіңіргені сондай. Ғұлама Мағжанның «Біз үйренетін Еуропа бір молда емес, мың молда» дегенін тарс рухани-мәдени жадымыздан шығарып алдық. Санасы құлданбаған елдер өзгелермен өзін салыстырмайды, тек сын көзбен қарап құптайды, не терістейді. Біз сияқты сондай болуымыз керек деп, Мысал алмайды. Әм алған мысалын өз ұлттының әдебиетіне таңбайды.

Енді басында сөз еткен проза неге тек қана көркем туындыдан тұрмауы  керек деген пікірімізге тоқталайық. Прозада екі шындық бар: реалды және бейреалды. Бейреалды шындықты жазатындар бар, реалды шындықты жазатындар бар. Мысалы, тек шындық фактілер мен авторының батыл болжамдарына құрылған тарихи-ғылыми проза бар да,  тарихи тақырыпқа жызылған көркем туынды бар. Әдебиет тарихында өшпес із қалдырған немесе әдеби процеске ат салысқан танымалдығы онша емес қаламгер жайлы жазылған еңбекті прозаға жатқызамыз. Неге Батыс бізге зорлықпен таңып отырған мәтін әлемін қазақша, мұсылманша ұғыну үшін. Батыс бәрін бөлшектеп тастайды. Әрі шыбынның бір аяғын жұлып алып, оның бүкіл денесі бойынша зерттеу жүргізеді.

Біздің шыбын жанымыз – әдебиет. Ол өлген күні қазақ өледі. Біз неге өз шыбын жанымыз болған әдебиеттегі прозаны тек қана көркем туынды деп тануымыз керек. Қазақ прозасы: реалды – Тарихи-ғылыми, деректі, техникалық-іліми, философиялық-эстетикалық  деп тарамдалып болған соң ғана, тек қиялға ерік беретін көркем проза деп жеке дараланады. Ал, өмірде болмаған оқиғаға жұртты иландыру қаламгерлерімізге берген Алланың сыйы.

Мәтін әлемі ұлттық прозада шындық пен қиялдың орын алуына қарай осылайша бөліне бастады. Енді бұған інтернет шығармашылық қосылды. Онда дарын иесі техникалық жетістік пен көркем қиялды қатар өрбітіп жаңа тұрпаттағы өнер түрін ұлтына сыйлады. Өз қаламының құдіретін оқырманына көзбе-көз таныта алатын болды. Бұл тамаша мүмкіндік. ФБ парақшалары, үитүб арналары оқырманды өзіне тарта бастады.

Проза ғылымға бейім, поэзия сезімге бейім. Еш ақын қанша жерден дарынды болсын өлеңмен фэнтези жаза алмайды. Жұрт сезімге емес, ғылымға (кәсіпке) ден қояды. Осы жоғын әннен емес, реалды прозадан табады. Пір тұтқан марксизм идеологиясы тас-талқан болған болған соң, қазақ әдебиеттануы адасты, ешқайда бастамайтын соқпақтың жолына түсті. Бәріміз де Батыс көкке көтеретін модернизм мен постмодернизммен ауырдық оны атақтысы бар, атақсызы бар қаламгерлерден іздеп әйдә бір жініктік. Ақыры оның бар болғаны түркілік Құтты Біліктен бастау алатын эстетикалық-философиялық «Дәстүр мен жаңашылдық» санаты екенін ұғына бастадық. Батыстың ілім дегені түркі мұсылман ғалымдары үшін «ақылды ақымақтың» Батыстық қозы қойыртпағы екен, нәзирагөйліктегі «шығармашылық әлемдегі белгілі авторлар тарапынан ескіні жаңаша түлетуін» католиктік аңыста ұғыну екен, өзгенің шоқпарын беліне қыстырған Батыстың ғылыми әңгүдіктігі екен.

Әрі бұл қазіргі әдеби процесс барысында әдебиеттанушылар мен әдебиет тарихшыларлары әм әдеби сыншылары жылап көрісетін музейлік экспонат құбылысқа айналды. Қазақ поэзиясының мәтін әлемі жастардың «дәстүр мен жаңашылдықтың» байбына бармаушылықтың ақыры кейбір өлең өлкесіндегі пысықайлардың  Былыққан Батыстың быламық жырларын интеллектуалдықпен барымталап, өз өлеңдерін жыр сүйер қауымға көже-қатық етіп ұсынуынан аяқ алып жүргісіз шығармашылық кептеліске әкеп соқтырды.

Осындай Қодарлар кептелісінен бойын аулақ салған Айдын Байыс сияқты дарындар өздерінің жаңашылдығымен әдеби ортаны жастар талантына тәнті етті. Шымқалалық дарабоз Ерлан Жәдігерұлы Айтбайдың бір өлеңнің қауызына сыйдырылатын утты сатирасы мен ойлы жырлары жастардың арасында тасжарғандар бар екен-ау дегізеді.

Әдебиеттану айыққанымен, жастар поэзиясы айықпай отыр. Постмодернизм деп айдары тағып алып, шығармашылық инкубаторларынан быламық жырларды «поэзиялық прозаның» ада қара дүрсін бұрқасынын шілдедегі қарлы жауынға айналдырды. Ұлттық төлтума жыр жолдарымен жылап көрісуге айналдық.

Кейбір техножырлы пысықайлар Тіпті өздерін дәріптейтін орта да, әдеби жора-жолдас та жасақтап үлгерді. Бірақ оларға «әй дер әже, қой дер қожа» әдеби сыннан табылмай тұр. Енді бұл техно жыр жампоздығы қазақ поэзиясын тамыр тегінен айыра ма деп қорқа да бастадық. Бірақ әйтеуір құдайдың көзі түзу екен. Ұлттық мәнерде жаңаша ізденіп, жаңаша қазақ өлеңін түрлендіруші екі есімді осы орайда айта кеткің келеді. Ақынды қазір кітабы емес, әлемжелідегі жырлары танытатын заман болған соң, Айдын Байыстың қара қайыстай өлеңінің шаңына қосылатын Мұңылық-Зарлық табылды. Оның бірі – Жұлдызай  Ысқақтың:

Қалғанмын қалыс қай жұрттан,
Қаламға жүрмін жүк артып.
Құнығып жеткен байлықтан,
Құйылып түскен жыр артық.
Шақса да мұңын өмірге,
Шөкпеді бойда көңіл-нар.
Шіренгендерге менің де,
Шалқая қарар жөнім бар.
Тартса да не күй бұл бес күн,
Түнекті бастым шуақпен.
Төрт құбылам теңдей күн кештім,
Төрт жолы түгел шумақпен.
Алыстамадым ардан мен,
Алаштың білдім құнын бек.
Аспаннан атым болғанмен,
Аспандап кеткен түгім жоқ.
Өзімді баптап бесіктен,
Өзгенің жыртпай жағасын.
Өмірді келем кешіп мен,
Өлеңмен өлшеп бағасын!

Болса, екіншісі – Манарбек Қыдырбайұлының композицияға құрылған төртемдік-рубаяттық (қара өлеңдік) композицияға құрылған «БӨРОЙНАҚ» өлеңі.

Қазақ поэзиясына әкелген жаңалықтарға:

1. Қытайлық нақылшылдық. Шындық өмірде бір-біріне сорпасы қосылмайтын дүниелерден өмірлік-пәлсәпалық нақыл тудыру істілі.

2. АНАЦИКЛ мен РЕВЕРС-тік тармақ-шумақтылық оқылым. Еуропалық оңды-солды сөз рәсуәлау емес. Біз жинағына алғысөз жазып отырған Манарбек Қыдырбайұлы бауырымыздың «Бөріойнақ» өлеңі осы тармақтық-шумақтылық аумалы-төкпелікті тамаша танытады. Біз тұтас өлеңнің әр шумақтарының тек бірінші тармақтарын ғана төменде тізіп отырмыз. Мыс:

Күнгейдегі күміс қарды Күн жалап...
Әппақ түтек.
Ару бөрте Айға жолдап арлы әнін,
Қорқыт дауыл қарашығын қалқалап,
Көкшуландар үнін көкке созады,

және әр шумақтың соңғы шумақтарын тізбектеп беріп отырмыз. Мыс:

Теріскейдің тері ішігін жұлмалап.
Кемпір қыстың ұнтақталған далабын.
Асығады көру үшін ардағын!
Серігі үшін – БӨРІЛЕРГЕ ЖАН талақ!

Осы аталған соңғы мысалды төменнен жоғары қарай оқысақ та автордың айтар ойына селкеу түспейді.

Осылайша, Манар бауырымыздың өлеңін оқып, ондағы ұлттық АНАЦИКЛ мен РЕВЕРС-тік қолданыстарға тәнті болдық.

Батыста бұл ойыншыққа айналған дүние. Әрі ТМД әдебиеттануында АНАЦИКЛ-ге оңнан-солға, жоғары-төмен, солдан-оңа, төмен-жоғары бірдей оқылу.

РЕВЕРС әуелі оң кейін теріс бірдей оқылу деп, ал, түркі поэзиясында бізде шумақтық-тармақтық не сатылай (жоғарыдан төмен), не жоталай (төменнен-жоғарғы қарай оқылушылық) деп аталады.Манарбек бауырымыз сөз сиқын бұзбайтын осы мәнерді шыңына жеткізсін деп тілейік!

Жастар-ау, «быламық жырларыңмен Алаш Поэзиясының Иран Бағын шошқа қораға айналдырмаңдаршы!!!» деп жар салғың да келеді. Сонымен, қазақ классикалық әдебиетінің қорына Артығалидың Қаршығасының қанатының сусылы желпіген «Мұңылық-Зарлық» қосылды. Жастарда сәтті де, өз буынына үлгі боларлық Балқаймақ Жырлар Баршылық. Біз соларды байқамай, Батыстың қаңсығына оранған орамжапырақтық шалажансар поэтикалық ізденестерді үлде мен бүлдеге орап мадақтап жүрміз. Бұл мадақтау марафонын кілт үзбесек, әдебиетімізге Құлагер тағдыр сыйлаймыз!

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320