Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4678 0 пікір 4 Шілде, 2013 сағат 07:03

Марат Себасов. Ата жүрген ізбенен

Киелі жер, қасиетті топырақ, ерекше жаратылыс. Иә , бұлар Маңғыстау жерінің еншісіндегі құбылыстар. Көк аспаны – ұрпағының кемел болашағы үшін жаратқанға үзбей дұға етуші әулие-абыздарының рухтарына толы, жерінің асты – Жаратқанның пендесінің игілігіне жаратқан байлығына толы қасиетті мекенде үлкен игілікті іс атқарылуда. Ол әрине, Алланың сүйікті құлы, халқының рухани ұстазы Пір Бекет атаның 260 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту шарасы. Өскелең ұрпақты адамгершілік пен имандылыққа тәрбиелеуге себеп болатын аталмыш шараның лайықты деңгейде өткізілуіне үлес қосып жүрген барша азаматтарға Алла Тағала қуат бергей!

Киелі жер, қасиетті топырақ, ерекше жаратылыс. Иә , бұлар Маңғыстау жерінің еншісіндегі құбылыстар. Көк аспаны – ұрпағының кемел болашағы үшін жаратқанға үзбей дұға етуші әулие-абыздарының рухтарына толы, жерінің асты – Жаратқанның пендесінің игілігіне жаратқан байлығына толы қасиетті мекенде үлкен игілікті іс атқарылуда. Ол әрине, Алланың сүйікті құлы, халқының рухани ұстазы Пір Бекет атаның 260 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту шарасы. Өскелең ұрпақты адамгершілік пен имандылыққа тәрбиелеуге себеп болатын аталмыш шараның лайықты деңгейде өткізілуіне үлес қосып жүрген барша азаматтарға Алла Тағала қуат бергей!

    Тамыз айының басында, яғни Пір атамыздың мерейтойы қарсаңында өлкемізге Өзбекстан Республикасының Хорезм облысынан бір топ өкілдер келген болатын. Хорезм облысының Хиуа қаласы Бекет атамыздың оқып, білім алған жері екендігі көпшілікке мәлім. Өкілдер құрамында Өзбекстан Республикасының «Мамун» академиясы мұражайының директоры Абдулла Абдрасулов, Хиуа қаласындағы «Ичан қала» мемориалдық кешенінің ғалым-хатшысы Кәмілжан Құдайбергенов және Бекет атаның ұстазы қожа Бақыржан қажының ұрпағы Назарбай Реджепбайұлы мырзалар болды. Құрметті қонақтармен «НұрОтан» халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Бекет атамыздың 260 жылдық мерейтойын атап өту жөніндегі ұйымдастыру комитетінің төрағасы Ж.Қараев және облыс әкімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Озғанбаев мырзалар кездесу өткізіп, Хиуа қаласындағы Бекет ата оқыған Ширғазы хан медресесі, Бақыржан ұстаздың ұстап, тұтынған жәдігерлері, Бекет ата жайлы ғылми деректер туралы пікір алысты. Кездесу барысында Бекет ата туралы толығырақ деректерге қол жеткізу үшін Хиуа қаласына арнайы мамандар жіберу қажет деген тоқтам жасалды.

    Тамыз айының 9-жұлдызында Хиуа қаласына жол тарттық. Жанымда облыстық «Маңғыстау» газетінің фототілшісі Серік Майемеров бар. Мақсатымыз – жоғарыда айтылғандай, мұрағатта жұмыс жасап, табылған деректерді елге алып қайту және Хиуа қаласымен Ширғазы хан медресесінің фотоальбомын жасау.  Бізді Хиуада «Ичан қала» мемориалдық кешенінің ғалым-хатшысы Кәлімжан Құдайбергенов пен «Мамун» академиясы мұражайының директоры Абдулла Абдрасулов күтіп алды. Уақытымыз шектеулі болғандықтан, барған күні шаруамызға кірісіп кеттік. Алғашқы жұмыс «Мамун» академиясынан басталды. Бейруни, Абу Али Ибн Сина, Махмуд Замахшари секілді алып  ғұламалар негізін салған мың жылдық тарихы бар академия Газнауи шапқыншылығы салдарынан тоқтап қалып, тәуелсіздік алған жылдары қайта жасақталған екен. Академияның бай тарихымен таныса келе, ол жерден ағылшын саяхатшылары түсірген табын және шекті руынан шыққан Есет Көтібарұлы сынды көптеген азаматтардың байырғы фотосуреттерін таптық. Сапардың негізгі мақсаттарының бірі –Бекет атамыз білім алған кездегі оқу бағдарламасын табу болатын. Іздене келе оған да қол жеткізу нәсіп болды. ХХ ғасырға дейін Хиуа медреселері өз шәкірттерін үш сатыдан тұратын оқу бағдарламалары негізінде оқытқан. Төмендегі мәліметтерді Үргеніш мемлекеттік университетінің доценті, парсы тілі оқу орталығының меңгерушісі, шығыстанушы Абдулла Ахмедовтан алдық. Сондай-ақ алған мәліметтерімізді 2002 жылы Нөкіс қаласының «Білім» баспасынан жарық көрген ғалым Мақсат Қарлыбаевтың «Медресе в Каракалпакии ХІХ – на чала ХХ веков» атты кітабы арқылы нақтылай түстік.

    Медресенің (Медресе – жоғарғы, мектеп – төменгі оқу орны.-М.С) оқу мерзімі – 7 жыл.

    1-саты – «Адно» (төменгі саты):

    -Харіптерді үйрену;

    -Құран тағылымы;

    -Тажуид (27 бөлімнен тұратын араб тілінің кіші ережесі);

    -Хафтиек (Құраннан жарты пара, яғни 28 сүре жаттау).

    2-саты – «Авсат» (ортаңғы саты):

    - Муфрадот (араб әріптерін әртүрлі үлгіде көркемдеп жазып үйрену, бұны хуснихат деп те атайды, яғни каллигарафия);

    -Сарф (араб тілінің грамматикасы, сөздерді жіктеу);

    - Нахв (араб тілінің грамматикасы, сөйлемдерді жіктеу).

    3- саты – «Аъло» (жоғары саты):

    -Чаркитаб (шариғи мәселелер кітабы );

    -Суфи Аллаяр (рубаиилар);

    -Навоий (рубаиилар);

   - Хожа Хафиз (рубаиилар);

    -Шархи Мулла (тереңдетілген шариғат үкімдері);

    -Шархи Ақаид (діни иделолгия ілімдері , бұл ілімді алушы Ақаидхан деп аталады);

    -Тафсири Қуран (Құранды жан-жақты талдап түсіндіру).

    3- сатының осынау пәндерін тәмамдаған шәкірттер әрі қарай былайша мамандандырылады:

    -Риезиет (математика);

    -Хандаса (геометрия);

    -Тиббиет (медицина);

    -Жаграф (география);

    -Фиқх (юриспруденция, бұл ілімді алған адам Фақих деп аталады).

    Міне, Бекет сынды аталарымыз осындай бағдарлама негізінде білім алған. Сонымен қатар, Бекет ата кітаби іліммен шектеліп қана қоймай, алған білімін жүрекке тоқу үшін ұстазы Бақыржан қажыдан рухани тәрбие алған екен. Бұл алған тәрбие, оның алған білімін пендешілік қажеттілікке емес, рухани кемелдену жолына жұмсауына ықпал етеді екен. Жоғарыдағы бағдарламаны көріп отырып, жетпіс жылдай санамызға ата-бабаларымыз надан болды деген сенімді ұялатуға тырысқан тоталитарлық жүйе әрекеттерінің жылмысқылығына көзің жете түседі.

    Ичан қала кешені мұрағатынан тапқан келесі құжатымыз – Хиуа медреселерінде дәріс оқыған ғұлама ұстаздардың тізімі болды. Хиуада әр хан өзінің билік құрған шағында өз атында жаңадан медресе салуды дәстүрге айналдырған. Араб тілінде жазылған осынау құжаттардан хандар атымен аталатын көптеген медреселерде дәріс берген көптеген қазақ ұлтынан шыққан ғұлама ұстаздарды кезіктірдік.

    Кутлугмурад Инақ медресесі: Мулла Аманнияз Қазақ , Аманқули Қазақ, Мұхаммад, Юсуф Қазақ, Абдулла Қазақ, Нурулла Қазақ.

    Аллақұлы хан медресесі: Дамулла Нураддин Қазақ, Дамулла Есмухаммед Қазақ, Дамулла Мұхаммад Наби Қазақ.

    Арабхан медресесі: Дамулла Қазақ.

    Мұхаммед Амин хан медресесі: Дамулла Мұхаммад Сафо Қазақ.

    Нурлыбай медресесі: Дамулла Қазақ.

    Муса торе медресесі: Мулла Ахмед Қазақ.

    Абдулла хан медресесі: Дамулла Қазақ Мұхаммад.

    Келесі шұғылданған құжатымыз Ширғазы хан медресесінің уақфнамасы (медресенің өлең түрінде жазылған ережелері. – М.С.). Ширғази хан ілім талап қылушылар үшін көптеген істер атқарды. Өз заманының көптеген ғалымдары мен шайырларының сұхбатынан зор әсер алушы еді. Оның салдырған керемет медресесін тарихшылар «Маскани Фазилан» – «Ғаламдар үйі» деп атаған. Ширғазы хан медресесінің кіре беріс есігінің маңдайшасына мәрмәр тастан уақфнама жазылған. Бұл екі жазудың да мағынасы бірдей.    Уақфнамада медресенің мутаууалиі (медресе қазынашысы), имамы, азаншысы , құтыбаханашысы, кітапханашысы, мұғалімі және шәкірттерінің қанша жалақы мен шәкіртақы алғандығы, сондай-ақ оларға берілетін жатақхананың өлшемдері жазылған. Сонымен қатар, себепсіз сабақтан бір күн қалғанда жалақысынан қанша бөлігі кесілетіні, екі күн қалғанда қанша бөлігі кесілетіні немесе жатақханадан қол үзуі секілді мәліметтері жазылған.

    Хиуа қаласынан соң біз ат басын Бекет атамыздың ұстазы Бақыржан бабаның жерленген жері – Хорезм облысы, Қоскөпір ауданы, Ғазауат ауылына бұрдық. Бүгінде сол ауылда Бақыржан бабаның ұрпақтары өмір сүреді. Бұл жерде Бақыржан бабаның мазарын, қасиетті құдығын және өзі тұтынған таспиығын альбом жасау мақсатында суретке түсірдік.

    Ташкент мұрағатынан Бекет атамыз туралы мәліметтер келтірілген екі кітап табылғандығы көпшілікке мәлім. Оның бірі – «Тазкираи мухаммад Бақир» деп аталатын еңбек. Бұл кітап әр заманда толықтырылып отырған. Мұсылман әлеміндегі мәшһүр әулиелер туралы жазылған энциклопедиялық бұл еңбектің 168-бетінде Бекет ата туралы мынадай мәліметтер келтірілген:

    «Бекет Ахмад алайхир рохма (Ахмад – зор мақтауға ие, алайхир рохма – оған Алланың рахымы болсын )».

    Бисер сохиб каромат ва макомат булганлар (Зор керемет көрсетуші және рухани дәреже иесі.).

    Ешлик айемида кариларга ухшаб ибодат киларди (Жас уақытында рухани дәрежелерге жеткен үлкен кісілер секілді ғибадат қылушы еді).

    Туркалар, узбеклар орасида багоят машхурдир (Түркілер арасында есімі зор мәшһүр болған).

    Пір атамыз туралы мәліметтер келтірілген екінші кітап – «Рисолаи хилфати суфихо» деп аталады. Бұл еңбекте атаның ұстазы, замандастары туралы көптеген деректер келтірілген. Хиуа ханы Құттымұрат заманындағы 18-19-ғ.ғ. Хорезм жеріндегі тариқат жолында болған дін өкілдердің аты берілген. «Рисолаи хилвати суфихо» кітабының 11- бетінде Бекдұрды ишанның жатқан жерінің Маңғыстауда екені баян етіледі.

    Атамыздың ұстазы Бақыржан қожаның тасаууф силсиласы, яғни ұстаздық шежіресі жазылған.

    Содан соң Бекет хазірет бабамыздың түріктер мен өзбектер арасында аты мәшһүр болғаны баяндалады.

    Бұл мәліметтерді көпшілік оқырманға жете беруі үшін жариялап отырмыз. Бабаларымыз оқыған ғылымды, олардың елі үшін атқарған игілікті істерін және ғибратқа толы өмір жолдарын зерттеу бір сапармен шектелмесі анық. Алда Бекет атамыз білім алған Ширғазы хан медресесінен атамызға арнап көрме залын ашу жұмысын ұйымдастыру секілді келелі істер күтуде. Ондай жұмыстар әрине елдің білімді, іскер, зиялы азаматтарының жұмылуымен жүзеге асары сөзсіз.

 Марат СЕБАСОВ,  аудармашы, дінтанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.     

Ақтау–Нөкіс–Үргеніш–Хиуа–Ақтау

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5367