Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 8326 0 пікір 9 Шілде, 2013 сағат 06:57

Думан Анаш. Айдынды Алакөл

Туристік кластерді дамытудағы іркіліс пен ізденіс 

Бұған дейін хабар­ла­ғаны­мыз­дай, 27-30 мамыр аралығында Парижде ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде «Адам және биос­фера» халықаралық үй­лестіру кеңесінің кезекті сессиясы өтіп, онда әлемдік биосфера резерваттары желісіне «Алакөл биосфералық резерваты» атты қазақстандық номинацияны қосуды бірауыздан қолдады.

Осы орайда редакция жур­на­лист Думан Анаштың Алакөл туралы жазған талда­ма­лық мақаласын оқыр­мандар назарына ұсынып отыр.

 

КӨЛ СУРЕТІ

Туристік кластерді дамытудағы іркіліс пен ізденіс 

Бұған дейін хабар­ла­ғаны­мыз­дай, 27-30 мамыр аралығында Парижде ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде «Адам және биос­фера» халықаралық үй­лестіру кеңесінің кезекті сессиясы өтіп, онда әлемдік биосфера резерваттары желісіне «Алакөл биосфералық резерваты» атты қазақстандық номинацияны қосуды бірауыздан қолдады.

Осы орайда редакция жур­на­лист Думан Анаштың Алакөл туралы жазған талда­ма­лық мақаласын оқыр­мандар назарына ұсынып отыр.

 

КӨЛ СУРЕТІ

Ес білгелі көкпеңбек көл көз алды­мыз­да тұратын. Әкеміз совхоздың жата­ған, біркелкі салынған тар үйінен қа­шып, зәулім болмаса да кең қылып үй тұр­ғызғаны бар. Өзі көтерген отауға ен­ген­ше құрылыстың қасына қазақы үй ті­гіп қойды. Біздің төңіректе киіз үйді «қа­зақы үй» дейді. Уақытша тігілген сол үйдің түрулі іргесінен, айқыш-ұй­қыш керегенің торкөзінен көкжиекпен ас­тас­қан көл жарықтық көгілжім тартып кө­рі­ніп жатушы еді. Кейін жаңа үйдің қо­нақ бөлмесіндегі терезеден қызара ба­рып айдынға күн сүңгігенде қызыл жал­қынға бөленетін көл беті алуан түрмен құ­бы­латынын талай тамашаладық. Біздің ауылдың бір ғажап суреті осы. Бұл – атақты Алакөл. Жағасындағы ауыл – Қара­бұлақ. Әкенің ауылдың көл көрінетін ба­тыс бетінен үй салуы балалық таза кө­ңіл­ге тартылған баға жетпес базарлық бо­лыпты.

Алакөл менің есімнен еш шыққан емес. Бала қиялға қанат қақтырған Алакөлді ұмыту жадыңнан айрылу, туған топырақтың қасиетін білмеу, бағаламау сияқты көрінеді. Ал дүниеде одан өткен көрсоқырлық болуы мүмкін емес. Әмсе, ондай күпірліктен сақтасын.

Бел шешіп, шалғай шыққанымыз студенттік кез ғой. Сурет салатынбыз. Ақын-жазушыларға салған портреттерді мектептің мұражайына қалдырдық. Кей профессордың сүреңсіз сабағынан ба, әлде сарыүрпек сағыныш па, аудитория­да отырып дәптерге Алакөлдің суретін сала беретінбіз. Әлбетте, көлдің Алакөл екенін танытатын бір белгі – ортасындағы аралдар. Жергілікті жұрт «Аралтөбе» атайды. Аралтөбеден бастап салынған суреттің етек жағына үкідей үлпілдек ну қамыс пен қоңыр түсті қоғаның иілген басы түсе қалады. Ұясына қонар күн көл мен көк арасында құрық шалма тұста ілініп тұрады. Оның алапат сәулесі айдын бетін арайландыра ақ жолақ болып тартылып, күмістей жарқырайды. Күн бетін кермиықтан көлегейлейтін бұлт та ұмытылмайды. Ол кейде ақ шулан, кейде шарбы бұлттар болып көңілдің көшіне қарай жөңкіледі. Ал айдын бетінде ақ шағалалар шарықтап, балық жәрмеңкесін қыздырып көлбей ұшады. Бұл суретті дәптеріне салғызбаған курстас қыздар кемде-кем шығар. Сұлулар жұртының сұрауы басқа, ондайда қайықпен су бетінде ескек есіп бара жатқан балықшы немесе серуенші орнына қос аққу сұлу мойнын иіп ауысатын. Осылайша, бірқыдыру лирикалық шимай шығатын-ды. Менің де есебім түгел. Дәптер алмасқан соң конспектімді өзгелер жазып, өздері менен көшіріп жатады.

Алакөл мені үнемі алға сүйреп келеді. Өмірдің даңғылын Алакөл ашты деген дұрыс шығар мүмкін. Университетке түсер кезде тапсырған емтиханда туған көлімді жазып жоғары балға ие болғанмын. Ал­­ғаш­қы курста көл туралы балаң толға­нысымды алып, республикалық ба­сы­лым­дардың редакцияларын түгел адақтап шық­тым. Оқып қайырып бергені де, кү­ле қарағаны да, қалдырып кет дегені де бар, әйтеуір орталық баспасөздер жа­рат­паған жартыкеш дүниемнің кем-кетігін қайта қарап, облыста алғаш рет өнді­ріс­тік тәжірибеден өткенде ұсындым. Іске асып, тағы көмекке келді. Лекция жа­зу машақатынан құтқарғанын айттық. «Шы­нын айтамын деп сырын айтыпты» десеңіз еркіңіз, өмірлік жарымызды да тауып берген осы – Алакөл. Ендеше, Алакөлді неге жырламасқа?! Қырық жыл Қытайдың қапасында отырған Қажығұмар Шабданұлының досы, әйгілі «Ауылым» әнінің авторы, ақын Жабайыл Бейсеновтің «Алакөлім, аяулым» атты кітабын оқушы кезімізде жата-жастана оқыдық. Туған өлкені осылай да сүюге болады екен деп таңғалдық, тағылым алдық. Ілгеріректе «Күндіз күн, түнде ай сүйген ару Алакөл» деп жазғанымыз бар. Көл көңілді тербейді. Жабайыл жырының әсері болар. Тегінде сұлу өлкені жазуға да сұлу сөз, парасатты пайым керек. Оған шама-шарқымыз жетпесе де, жер жазирасын жадымызда жаңғыртып отыруды перзенттік парызымыз санаймыз.

 

АЛАКӨЛДІ ӘУЕЗОВ ТЕ ЗЕРТТЕДІ

Алакөл – өте ертеден келе жатқан қазан­шұңқырлардың бірі. Атауы жағынан ал­ғанда, түп-тамыры түркілер заманымен ұштасатын болуы керек. Бұл тура­сын­да талас көп. Жер-су аттарына жетік ғалым Ғ.Қонқашбаев ежелгі түрік және моңғол сөздерінің этимологиясы негізінде Алакөлдің «Ұлы көл» немесе «Таулы көл» мағынасын беретінін айтып жүр. Баба түрік «Ұлы көл» десе деуі мүмкін, бір заманда Алакөл мен Балқаш қосылып, телегей теңіз болған деп ауыл ақсақалдары әңгіме соғушы еді. ХІХ ғасырда Шоқан Уәлиханов екі байтақ судың біртұтас су қоймасы болғанын алғаш рет анықтады. Ғылымда оны «Ханхай теңізі» деп те айтады. Қазір ұлы теңіздің жұрнағы болып Балқаш пен Алакөлден өзге Сасықкөл, Жалаңашкөл, Қытай жерінде Ебі-нұр көлдері қалған. Осы жағрафиялық өлкеде адуынды Ебі желі бар. Шоқан Ебінің де ебін тауып, ғылыми айналымға түсірді. Ашуға мінген сәтінде бұл жел Жоңғар қақпасынан шығып, Алакөлді армансыз сапырады. Мұндай буырқану үлкен теңіздердің өзінде бола бермейді. Осы көрініс те тәңіри түрік заманында Алакөлге айрықша бас идірген болуы кәдік. Ебі бір жағынан көлдің санитарлық тазалығын реттеп отырады. Бізде демалу мәдениеті кемшін ғой. Ішіп-жеп болған соң қалдықтарды көл жағасына шашып кететіндер баршылық. Бір ғажабы, қоқысқа айналған заттар ешқашан көл суымен араласпайды. Асау толқын жағадан әрі асырып, лақтырып тастайды. Осылайша, кісілердің кірбің әрекеттерін өзі реттеп отырады. Көлге бар­саңыз көресіз, жағада белі бүкір, ең­кіш тартқан кейуана жүреді. Сол әже та­ны­сын-танымасын жағадағы жұртқа келіп: «Қалқам, бұл Қабанбай атаң басқан жер, аяғыңның астын былғама, айналайын», деуден танбайды. Кейбірі түсінеді, бәзбіреулер шалық па деп үдірейіседі. Әйтеуір, бұл қарттың қазыналы сөзі қайсыбір адамдардың құлағына құйып алуды қажет ететіні айқын. «Таулы көл» мағынасына келсек, мұнда Тянь-Шань сілемдері саналатын Жоңғар Алатауы, батысында Тоқта тауы, шығыста Барлық, теріскейінде Барқытбел (Тарбағатай) жотасы анық көрініп тұрады. Балалықта қара санды шапақтап суына шомылғанда талай байқадық, көл беті қаракөк, шымқай көк, көгілдір, лайсаң сары болып түрлі түске енетін. «Алакөл» атауы осы құбылудан туған шығар деген түйсік оянушы еді. Бәрі де мүмкін. Адам ата мен Хауа ананың ұрпағы тұмса табиғатты таптамай тұрған көне замандарда құрлық ортасындағы тұйық теңіздің тулап жатқаны рас сияқты. Өйткені, Алакөлде алып кесірткелермен дәуірлес өмір сүрді делінетін қара бас­ты реликтті шағала бар. Жалпы, «реликт» деген сөз латын тілінен аударғанда «жұрнақ», «қалдық» дегенді білдіреді. Бағзыдан келе жатқан қалдық-құс әлемнің екі-ақ түкпірінде сақталып қалыпты. Бірі – бурят ұлысының Борей-Турей көлінде. Екіншісі – Алакөл. Құстың қанатын байлап қойған ешкім жоқ, мекендесе, басқа су қоймасы көп. Оны сақтап отырған Алакөлдің суы мен нуында бір қасиеттің бары анық. Айтпақшы, реликтті шағаланың тіршілігі туралы Мұхаңның тұңғыш ұлы Ернар Әуезов он жыл бойы зерттеу жүргізген. Қаршадай құс туралы орнитологиялық очерк жазып қалдырған. Оксфорд, Кембридж университеттерінде дәріс оқыған Ернар Әуезовтің бастамасымен Алакөл қорығы ашылғанын біреу білсе, біреу білмейді. Ол өзі тапқан қара мойнақ шағаланы сақтап қалу мақсатында 1972 жылы қорықша ашылуына мұрындық болған екен. 1998 жылы құрылған Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының түп негізі осы ре­ликтті шағаланы қорғау мақсатындағы қорықшадан бастау алады. Көп заман адам аяғынан алыс тұрғандықтан да көлдің жалпы фаунасы жақсы сақталды. Десек те, адам қауымынан алшақ болған жоқ, мәшһүр саяхатшылардың табаны көл жағасына талай тиді.

1245 жылы Рим папасы IV Инно­кен­тийдің жіберуімен италиялық монах, сая­хат­шы Джованни да Плано Карпини Еділ жағасындағы Бату ханға келіп, ұлы қаған алдына жетуге рұқсат алады. Әйгілі жиһанкез Карпини Шыңғыс қаған­ның ордасына елшілікке аттанғанда жол-жөнекей Алакөлді басып өткенін жа­зыпты. Еуропа жұртының Алакөлдің атын естуі осы болуы мүмкін. Әйтсе де, қаһарлы Шыңғыс хан ұлысына көз салуға кімнің дәті жетсін?! Шыңғыс қаған, оның жер жүзін жаулаған әйгілі қолы Алакөлде талай ат шалдырған. Бұл жөнінде тарихи деректер жетерлік. Соның бірі көл атауы моңғол билігі кезінде «Түрге Нұр» аталыпты. Қазақ тіліндегі аудармасы «Көпір көл» дегенді білдіреді. Ертеректе көл ортасындағы аралдарға су астындағы көрінбейтін жонмен салт атпен жүріп отырып, жылқы апарып тастайтын кәнігі ұрылар болған деседі. Оның ізіне ешкім түсе алмайды. Себебі, көл бетінен қай тұс терең ойдым, қай тұс саяз жон екенін тап басып айтатындар сирек. «Көпір көл» атауы осыған орай туды ма екен? Болмаса оңтүстіктегі оты­рықшы өркениеттерді шапқанда аял­дайтын аралық нүкте болғандықтан ата­луы да ғажап емес. Себебі, соғыста алған жарақаттарын сарбаздар Алакөлде шомылып жазатын болған. Яғни көл суының ауызы ашық жараға шипасы Шыңғыс хан дәуірінен белгілі бола бастады. Су құрамында тұз бен йод, минералды заттар мөлшері өте көп. Осыған орай көлдің «Итішпес» атауы тағы бар. Қазақ-жоңғар соғысының осы өлкеден басталуы тегін емес. Қасиетті Жетісу мен Арқаның ұштасқан аумағы. Қазақтың қай бүйірінен де соққы беруге ыңғайлы, жері шұрайлы, малға да, жанға да жайлы. Желмая мініп жер шалған Асан қайғы Алакөлді көргенде құтына сүйсінсе-дағы, «Ұрыстың иісі шығып тұрған жер екен!» депті. Орда жұртының ақылманы, анық көреген қалт айтпапты. Расында, ертеректе қалың қытайға да, Қашқарға да, Ферғанаға да, Ібір-Сібір жұртына да, моңғолға да алыс емес, тоғыз жолдың торабында, Жібек жолының бір саласында жатқан сулы-нулы жер күш біткеннің көз құртына айналды. «Ханбатыр» атанған Қаракерей Қабанбайдың Алакөл өңірінде туып, ер жетуінің өзі келешекте қанды жорықтар мен шайқастар желісін осы өңірде құрған Құдайдың жазмышы, қазақтың аяулы суын өзінде қалдыруға жазған талқы тағдыры сияқты. Қазақ мұны «Құдайдың қабағы оң екен» дейді. Қабанбай батыр жөніндегі аңыз-әпсана, қисса-дастандарда өңірдің жер-су атаулары жиі айтылады. Соның бірі, көлдің батысындағы Тоқта тауы. Ақ боз аты ғана көтеретін алып Қабанбайдың азан шақырып қойған аты Ерасыл екені мәлім. Ағасы Есенбайды жоңғарлар өлімші ғып жаралап, жылқысын қуып кетеді. Соңынан іздеп шыққан інісі қансыраған ағасының қасынан өте бергенде шалажансар батыр тілін икемге келтіріп «Тоқта» деуге ғана шамасы жетіпті. Сол себепті етегін Алакөл жуып жатқан заңғар Тоқта аталыпты дейді. Әрине, бұған қоса Асан қайғы Алакөлдің теріскейіне жетіп, аса таяғын сілтеп қалып «Тоқта!» дегенінен қалған сөз делінетін тағы бір дерек бар. Көл жағасындағы Жарбұлақ (қазіргі Қабанбай) ауылын өткен ғасырдың жетпісінші жылдары басқарған Социалистік Еңбек Ері Рақымғали Төлеу­беков те ел аузынан, қариялардан жазып алған біршама деректерін кітап қылып басып шығарған. Не десек те, бес жарағын асынған Қабанбай қолының сарбаздары түн қатып қорғаған қарымды өлке үшін қан­төгіс аз болған жоқ. ХХ ғасырда әлем­нің екінші лагерін құраған КСРО мен Қы­тай арасындағы үш күнге созылған та­рихтағы ең қысқа соғыс Алакөлмен арасын ұлтарақтай ғана құрлық бөліп тұрған Жалаңашкөл жағасында орын алды. Жер-жиһанның күллі қазаншұңқырын аралаған француз мұхиттанушысы Жак-Ив Кусто да Алакөлде болыпты. Күнге тотыққан жүзін көлегейлеп, айдынында әрлі-берлі жүзіп, Аралтөбеге қайығын тірепті.

Әрісін айтпағанда көмекейі көк қа­бы­сын әнмен ашқан әнші Әсет жағалай біт­кен көкше құрақтың үстінде арынды жыр­ларын төккен көл ғой бұл. Оның да заманы тыныш болмаған. Бұл жақта «Бұ­ра­тола кеттің бе?» деген сөз бар. Бала күні­мізде «біржола» деп ұғатынбыз. ХХ ғасыр басында қызыл мен ақтың лаңы­нан үркіншілік болып қытайдың ұртоқ­па­ғы – үкірдай барып паналағанда көл маңай­ын­дағы бір қауым ел Бұратола деген жерге ауыпты. Бақсақ, содан қалған сөз сияқты…

 

ҚАРА БАЛШЫҚТЫҢ ҚАДІРІН ҚАШАН БІЛЕМІЗ?

Жел еседі, құм көшеді, ел қалады. «Да­ра­боз» атанған Қабанбай батыр мен оның үзеңгілес сардарларынан тара­ған ұрпақ бүгінде Алакөлді айнала қоныстанып отыр. Ауып кеткені елуінші-алпысыншы жылдардағы көшпен қайта оралды. Тоқсаныншы жылдардың тоқы­рау­ында қала жағалап кеткенде тағы ел қалмай ма деген қауіп болған. Өйт­ке­ні, шекаралық аймақ болғандықтан стра­тегиялық маңызы зор, тығыз әрі нығыз отыратын-ақ жер. Әйтсе де қала жағалап кеткен қалың халықтың қайтадан ауылға оралып жатқаны көңіл қуантады. Алакөл бұл маңайдағы елдің анасы ғой. Жағасындағы ауылдар ырыздығын көлден тауып отыр. Қолдан пісірген тағамын үш шақырымдық жағада ерсілі-қарсылы жаяу жүріп сатады. Алты-жеті жастағы балаларға дейін бөтелкеге қара балшықты құйып алып, 50-100 теңгеден саудалап жүреді. Дәріханадан бізге сонау сорпасы да қосылмайтын Өлі теңіздің ақ балшығын удай бағаға сатып алатын халық мұндағы қара балшықтың қадірін білмей жүр. Буын, құяң ауруларына, денедегі суықты алуға таптырмас ем болатын осы қара балшық. Оны кез келген зертханаға апарып, құрамын тексертіп анықтауға болады. Жергілікті ел пістесі мен құрт-ірімшігін, қымызы мен шұбатын саудалаудан өзге дәмхана ашып, демалушылардан тапсырыс алады. Балмұздақ құяды, қайығын жалға береді. Әлі жетсе дүкен-дүңгіршек салады. Қырдағы мал баққан ағайын қой-ешкісін, бау-бақша еккендер жемісі мен көкөнісін әкеліп өткізеді. Жайма базарда демалушылардың мегаполисте ұмытып кеткен дүниесін түгендеп отыратын саудагерлердің өзі бір ауыл. Көлігін жалдап, іргедегі Барлық-Арасан шипажайына апарып келетін шопырлар қауымы да күнкөрістің көзін тапқан. Тым болмағанда, тұрғындар «өзен жағалағанның өзегі талмас» деп көл­дің шоршыған балығына ау құрады. Ал балығы тіл үйірерліктей дәмді. Содан ба, жаппай аулап сазанның сазайын бер­ген балықшылар баяғыда жаратпай қай­та суға жібере салатын көксеркеге кейін­гі кезде қанағат тұтып жүр. Мұнда көл байлығы – балық өндірісін реттеп отыратын шаруашылық пен қадағалау тетігі қажет-ақ. Табиғаттың тартуын да там-тұмдап пайдаланбаса тақырға отыратын өзге емес, өзіміз.

Кеңес кезінде ғарышқа ғарасат майданын ашқан қызыл өкімет Алакөл жағасынан Ғарышкерлер үйін салды. Зеңгір көктен оралған ғарышкерлер бойындағы радиациялық заттардан айрылу үшін Алакөлге шомылыпты. Он бес мемлекеттің, қаншама ұлыстың басын құраған алып елдің ғылымы империяның байтағынан осы судың шипа болатынын тауып алғанына таңымыз бар. КСРО құрсауы сөгілгенде Алакөлде демалыс үйлері санаулы ғана болатын. Ішкі істер министрлігі салған, Жол құрылысы ведомствосы көтерген және тағы басқа облыстағы кәсіпорындардың еншісіндегі бірлі-жарым демалыс үйлері жұмыс істеп тұратын. Бұл демалыс үйлері көлге келушілерді толық қамти алмағандықтан әрі бір бүйірден бүйідей тиген нарық қыс­пағынан ауыл тұрғындары жаз шы­ға көл жағасына шатырын, киіз үйін құ­рып, ілдәлдалап қалқасын жасап, тыны­ғу­шы­ларға қал-қадерінше қызмет ете бастады. Қаладағы тікбақай халықтың «Алакөлде сервис жоқ» дейтіні осы кез. Сонда да келушілерде есеп жоқ, ағылып жатушы еді. Семей мен Өскемен, Талдықорған мен Алматы жұртшылығын былай қойғанда, Ресейдің Том, Омбы, Новосібір қала­ла­рынан келетіндерді көргенде «орыстар қалай демалуды біледі» дейтін бір ауыз сөзді ауылда әркім айтып жүретін.

Алакөлде демалушыларға арналған қызмет түзеле бастаған кез 2000 жылдан бері қарай десек болады. Яки, көп бола қойған жоқ. Сондықтан, ата-бабасынан бері Анталья асып, Хайнань қыдырып жүргендей болатын өзіміздің қаракөздердің мұрнын шүйіре қарауы қай заманнан қалған қамыттың кебі шығар дейміз. Әсілі, қалтасы бар ағайын қайда демалуды өзі шешеді. Бұл – нарық заңдылығы. Әйтсе де, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көптеген келелі жиындарда отандық туризмді көтеру қажеттілігін, оның бағын ашатын өзіміздің отандас­тар екенін айтып-ақ жүр. Қазір Алтай мен Алатаудың асқарынан, Бурабай мен Алакөл жағасынан шетелдік туристерді көріп қалатынымыз жасырын емес. Қызығушылық бар. Оларға Альпі тауы, Жерорта теңізі сияқты жерлер жерұйық болудан қалып барады. Осындай сәтте сұңғылалық танытып, туризмді дамытуда әлденеше жүріс алда ойлап отырған мемлекеттік саясаттың мүддесін баршамыз түйсіне алсақ, қанеки?! Бұл – қаржы­ны қыр асырмай, туған өлкеңе құй деген тұспал ғой.

Өрістемеген өнердің өкініші көп. Ал­дын­дағы асын, сауған сүтін сатуды ар кө­ретін кеңпейіл ұлт болғанымыздан шы­ғар, біз қонақүй, қоғамдық тамақтану, дәм­хана сияқты қызмет көрсету түрімен тәуел­сіздік алған соң ғана айналыса баста­дық. «Ештен кеш жақсы», әлі-ақ отан­дық кәсіпкерлер, орта және шағын бизнестің өкілдері бұл саланың тасын өрге дөңгелетеді.

 

АЛАКӨЛГЕ АПАРАТЫН ЕКІНШІ ЖОЛ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Алакөлдің туристік кластер ретінде даму мүмкіндіктері орасан. Соңғы жиыр­ма жылдықта көл жағасында еңсесі жоғары қонақ үйлер біршама салынды. Олардың ішінде ең ірісі – «Әйгерім» демалыс үйі. Көп функциялы қызмет көрсетуге қауқарлы «Әйгерімге» жетеғабыл қонақ үйлер соңғы жылдары көптеп бой көтеріп келеді. Бұл – ішкі инвестицияның Алакөлге құйыла бастауын, ондағы орта және шағын бизнестің дами бастауын көрсетеді. Мәселен, былтыр үржарлық Дулат Асылбеков есімді кәсіпкер 200 орындық «Алакөл Арасан» атты демалыс үйін пайдалануға берді. Демалыс үйі өткен жылы бірінші рет тынығушыларға қызмет көрсетті. Қарағайдан қиып са­лын­ған әдемі ғимаратқа 400 миллион теңге шамасында инвестиция құйылған. Қазіргі заман талаптарына сай, жайлы, еуропалық сервис, қолжетімді бағамен қонақ үй салуды мақсат тұтқан кәсіпкерлерге Шығыс Қазақстан облысы мен Үржар ауданы әкімдігі үнемі қолдау көрсетіп келеді. Жалпы, көптеген теңіз аймақтарындағы демалыс үйлері ұбақ-шұбақ болып, 20-30 шақырымға дейін созылып жатады. Тіпті, алматылықтар жиі баратын Ыс­тықкөл жағасындағы демалыс үйлері де көлікпен бірге жарысып жол бойы қалмайды. Сондықтан, Алакөлдегі демалыс үйлерінің көбеюіне мемлекеттің өзі мүдделі болуға тиіс. Әсіресе, қарапайым жұртқа қолжетімді үш жұлдызды қонақ үйлер көптеп салынса игі. Бұл туристердің демалыс үйлерін таңдау мүмкіндігін және келуші турис­тер санының артуын қамтамасыз етпек. Былтыр көл жа­ға­лауына жеткізетін тағы бір жол салыныпты. Бұрын демалушылар көлге Қабанбай ауылының ішімен өтетін болса, енді жаңа жол ауылдың сыртын орап жүреді. Тасы төселіп, жаймаланып қойылған жолды асфальттау ғана қалған. Осы орайда Қарабұлақ ауылының ішімен өтетін жолды көлге дейін созу арқылы жаңа жағажай жасау мүмкіндігі бар екенін айтқымыз келеді. Бұл тұстағы жағажай құмдауыт болып, жағасы таяз болып келеді.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бер­дібек Сапарбаев Алакөлдегі туристік кластерді дамыту бағытында бірқыдыру мәселелерді жолға қойды. Мәселен, көлдің жағасын бекіту жұмыстары жүргізіле бастағанына үш жылдан асты. Жоғарыда айтқанымыздай, Ебі желі тұрғанда пайда болатын асау толқындар көл жағасын соққылай-соққылай жағалауды жыл сайын жылжытып отырады. Тіпті, әйдік демалыс үйлері су шайып кету қаупі туған соң жағадан қашық аумақтарға көшірілді. Бұрын көл жағалауының инфрақұрылымы саналатын асфальт жылжыған судың астында қалғандықтан, жағалауаралық жаңа жолдар салу қажеттілігі байқалады. Өткен жылы мамыр айында көл жағасын бекіту жұмыстарымен танысқан облыс басшысы Алакөлдегі туризмді дамытудың тамаша мүмкіндіктерін толықтай пайдалану қажеттігін жеткізді. Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, соңғы жылдары отандық, ресейлік туристер Алакөлге жоспарлы түрде демалуды жолға қойған. Сондықтан бұрын жылына 40-50 мың болып келетін демалушылар саны соңғы жылдар мұғ­дар­ында екі есеге артыпты.

Туризмнің ең басты кілтипаны – жол. Кейін­гі жылдары Үржар мен Мақаншы арасында жарқыраған жаңа жол салынды. Мақаншы мен Алакөл, Үржар мен Таскескен арасындағы жолдың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жолдар пайдалануға берілсе жеңіл көлікпен қатынау облыс пен Алматы жұртшылығына оңайға түсер еді. Алакөл жағасына жақын аумаққа әуежай салып, шомылу маусымында уақытша әуе рейсін ашса да артық болмайды. Ал Үшарал мен Достық кеден бекеті арасындағы темір жол көлдің теріскейімен өтеді. Көлдің күнгейімен жалғайтын темір жол құрылысын жүргізсе Астана мен өзге өңірлердегі халыққа да Алакөлге келіп-кету қиындық тудырмас еді деп ойлаймыз.

 

ЖАҒАЛАУДЫ СУДЫҢ ШАЮЫНАН АЛТЫ ПИРС ҚОРҒАЙТЫН БОЛАДЫ

Жағалауды бекемдеу жұмыстарын жекелеген компаниялар жүргізіп жатыр. «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары толқындардың екпінін азайтатын, су айдынына сұғыла салынып, кемелер екі жағынан тоқтауға мүмкіндік алатын құрылғыларды (пирстерді) көбейту керектігін алға тартады. «Келісіп пішкен тон келте болмас», жағаны бекемдеу үшін мұқият ойластырылған гидрогеологиялық зерттеу керек. Өйткені, бұған дейін бе­кі­ту мақсатында қойылған бетондарды су шайып кеткен. Мамандар бұл үшін жағаға алдымен геотекстиль салып, арнайы бетондарды қалай отырып орнату қажет­тігін алға тартады. Өткен жылы Үр­жар ауданының әкімі Бауыржан Жа­нақов жүк таситын 9 мәшине Алакөлге 60 шақырымнан тас тасып жатқанын журналистерге мәлімдеп, жағалаудың су шаю қаупінен арылғанын айтқан еді. Көлдің жағалауын ретке келтіру үшін Алматыдағы «Казгипроводхоз» мекемесі жобалық-сметалық құжаттар әзірледі. Осыдан үш жыл бұрын судың толқынын тоқтататын, ұзындығы 168 метрді құрайтын бірінші пирс салынған болатын. Аталған алып құрылғының нәтижесінде 300-350 метрге дейін жаңа жағалау пайда болды.

«Біз жағалаудың шайылуына жол бермейтін алты пирс салуды көздеп отырмыз. Жалпы, Алакөлді көріктендіруге байланысты 2013-2014 жылдарға жоспарланып бөлінген қаржы көлемі – 3 млрд. 150 млн. теңге. Осы қаржыға пирстер салынса, Алакөл жағалауының мәселесі шешіледі», дейді аудан әкімі.

 

БАЛАЛАР ЛАГЕРІНДЕ 2,5 МЫҢ ОҚУШЫ ДЕМАЛДЫ

Өткен жылдан бері Алакөл жағасында «Үржар-айым» атты балалардың жазғы лагері ашылып, оқушыларды қабылдай бастады. Жеке асханасы бар 11 коттеджді үйден тұратын лагерьде былтыр 2,5 мың оқушы демалған. Оның мың жарымнан астамы тұрмысы төмен отбасыдан шыққан балалар. Он екі маусымға бөлініп, жазғы демалысты есте қаларлықтай өткізген балалар төрт уақыт тамақтанып, өзара түрлі байқаулар ұйымдастырған. Мәселен, «Көңілді старт» эстафеталық жарысы, «Күш атасын танымас» ер балалар байқауы, «Лагерь аруы», «Бұрымды қыз» атты қыздар сыны, «Мен лагерьді жырлаймын!» жас ақындар мүшәйрасы, жас суретшілер мен бишілер марафоны, елорданың туған күніне орай «Астана – бас қала» мерекелік салтанатты кеші, т.б. түрлі спорттық және ұлттық ойындар өткізілген.

«Қазақстан индустрияны дамыту инс­титуты» АҚ мамандарының елдегі туризм рыногына жүргізген зерттеулері 2020 жылдары елімізде, әсіресе, шығыс өңірін­де туристер санын төрт-бес есеге дейін көбейтуге мүмкіндік барын көр­сетіп отыр. Туристерді қабылдап алу, оларға жайлы демалыс орындарын ұсы­ну бес ірі кластерлік бағыт бойынша жү­зе­ге асырылмақ. Аталған бағыттың бір тар­ма­ғына Шығыс Қазақстан өлкесіндегі өзен-көлдер еніп отыр. Яғни, Алакөл де аталған басым бағытқа кіреді. «Көрінген таудың алыстығы жоқ».

«Тұнықта тұнық бар ма екен тұнығыңдай,

Шарқ ұрған шағалаң да бір ұлыңдай.

Бір сілкіп бұрқыратып Аралтөбе,

Арқаңа тастай салған бұрымыңдай», – деп жергілікті ақын Айжарық Абыл­қа­сы­мов жырға қосқан Алакөлдің әсемсал көркін күллі жұрт тамсана көріп, жайма-шуақ жазын есте қаларлықтай өткізетін, де­ніне шипа табатын шомылу маусымы келе жатыр.

Жақында ғана «Үржар ханшайымы» атанған «Алтын адам» табылған Алакөл ғой бұл! Алакөлге асығыңыз!

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы.

"Егемен Қазақстан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371