Путин өмірін КСРО-ны қорғауға арнаған адам...
АҚШ-тың Ресейдегі бұрынғы Төтенше және Өкілетті елшісі Майкл Макфол Ресей президенті Владимир Путиннің кейінгі 20 жылда қалай өзгергенін айтып берді.
«Путин 2000 жылдан бастап демократияны тұншықтырды. Оған дейін ол басқаша болған еді. Мен 2000 жылы Путин туралы мақала жазып, оның қала өзгергенін айтып, әлемге ескерткенмін. Ол империалист, бүкіл өмірін Кеңес империясын қорғауға арнаған адам дегенмен 20 жыл бұрын әлдеқайда батысшыл болатын,-деді ол Espresso басылымына берген сұхбатында.
Дипломат Путин алғаш ел билеген жылдары нарықтық реформалар жүргізгенін және жеке меншікті құрметтейтінін еске алды. Бірақ Ресей президенті қазір, әсіресе, Украинаға басып кіргеннен кейін экономикаға мемлекеттік қатаң бақылауды қайта бекітті.
«Екіншіден, ол бір кездері Батыспен өзара қарым-қатынас құруға ашық болатын, тіпті Ресейдің НАТО-ға кіруі туралы да айтқан сөзі бар. Ал қазір Украинаның НАТО-ға қосылғыс келгені үшін, украин жеріне басқыншылық жасап отыр. 2002 жылы «Егер Украина НАТО-ға кіргісі келсе, өз еркі. Бұл біздің шаруамыз емес» деген. Путин уақыт өте келе нағыз консервативті православиелік діни құндылықтарды жақтайтын ұлтшылға айналды»,-дейді Макфол.
Оның пікірінше, Путин авторитаризді күшейтті, халқын бақылаудан шығарып аламын деп қорыққаннан сыртқы жауды ойлап тапты.
«Ол НАТО-ның кеңеюінен емес, демократиялық экспансиядан қорқады. Ол 2000 жылы Сербияда, 2003 жылы Грузияда болған наразылықтарға куә болды. Бұл оның авторитарлық басқару жүйесіне қауіп төндірді. Сізге мынаны жеткізгім келеді.
Гитлер Кеңес Одағына басып кірген 1941 жылдан бері Батыстан Ресейге қарсы әскери қауіп төнген жоқ. Бірақ демократияның қанат жаюы Путиннің қолындағы билігіне қауіп төндірді», - деп түсіндірді Макфол.
Майкл Макфол 2011-2014 жылдар аралығында АҚШ-тың Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі болды.
Керімсал Жұбатқанов
Abai.kz