Мүфтият: «Қазақ пен домбыра қос ішектей егіз»
Қоғамды жікке бөліп, ұлттық аспабымыз домбыраны «харам» деп, ілімі теріс жат ағымның жетегінде жүргендерге мүфтият жауап берді.
Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіповтің мақаласында домбыраның тарихына кең тоқталып, ұлттық аспап жайлы нақты деректер келтірілген.
Бүгінде ұлт бірлігіне іріткі салып, елді алауыздыққа салғысы келген кейбір теріс ағым өкілдерінің салт-дәстүрдің барлығын шеткері ысырып, ұлттық жәдігерлерімізге «харам, ширк» деп баянсыз бәтуа айтып жүргеніне де куә болудамыз. Ғасырлар қойнауынан бізге небір керемет күйлер мен тағылымы мол термелерді жеткізген, бабалар нақылы мен аманатын арқалаған қара домбыраның қазақтың жаны екенін жар астындағы жауларымыз да жақсы біледі. Сондықтан қазақтың жаны болған домбырасынан айырса, түзу жолының темірқазығы болған салт-дәстүрінен адастырса ойлағаны оңай жүзеге асарын да біледі – дейді имам.
Ол осы орайда, Ислам шариғатының негізгі ұстанымын көрсететін қасиетті Құранның «Ағраф» сүресіндегі нақылды ұмытпаған жөн екенін ескертеді.
«Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал». Сондай-ақ, Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында да жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың құзырында да ұнамсыз», – дегені айтылады. Әрине қазақ пен домбыра ұғымы қашанда қос ішектей егіз, қос ішектей бірге болып қала бермек! Ұлттық жадымызда жатталып қос ішектен төгілген қоңыр әуен – халқымыздың үні. ЮНЕСКО-ның шешімімен домбыра мен күй адамзаттың материалдық емес, мәдени мұраларының тізіміне енгені де еліміз үшін айрықша мақтаныш. Өйткені ол – Қазақтың жаны, қазақтың домбырасы! – дейді Ерболат Жүсіпов.
Фото: ашық дереккөзден
Abai.kz