Германия сапары: Президент Тоқаев кімдермен жолықты?..
Кеше, яғни, қыркүйек айының 28-і күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия Федеративтік Республикасына ресми сапармен барды.
Сапар барысында Президент Федералдық Канцлер Олаф Шольцпен және Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайермен келіссөз жүргізетінін, Орталық Азия және Германия мемлекеттері басшыларының кездесуіне қатысатынын, сондай-ақ, халықаралық Berlin Global Dialogue форумында сөз сөйлейді және Германияның іскерлік қоғамдастығы өкілдерімен бірқатар кездесу өткізетінін Ақорда ресми хабарлаған.
Президент қайда барды, кіммен кездесті, онда не талқыланды – ашық дереккөздерге сүйеніп шолу жасап көрелік.
Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысы қыркүйектің 28-і әуелі Федералдық канцлер Олаф Шольцпен бетпе-бет форматында келіссөз жүргізді.Келіссөз барысында екі ел басшылары ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындап, сауда-экономика, инвестиция, көлік-логистика, «жасыл энергетика» және басқа да салалардағы ықпалдастықты жандандыруға уағдаласты. Президент пен Канцлер өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, «Орталық Азия – Германия» кездесуінің күн тәртібін талқылады.
Президент содан соң Германияның Федералдық канцлерімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Германия – Қазақстан экономикасына қаржы құйған жетекші инвесторлардың және ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Германияның Орталық Азия өңірімен сауда-саттығының шамамен 83 пайызы Қазақстанның үлесіне тиесілі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 25 пайызға өсіп, 2,8 миллиард долларды құрады.
Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтудың әлеуеті зор және отандық нарыққа Германия бизнесінің барынша көбірек келуі үшін Қазақстан барлық қажетті жағдайды жасауға дайын екенін атап өтті. Мұнай-газ химиясы, сирек кездесетін металлургия өнеркәсібі, «жасыл» энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы салалары басым бағыттар ретінде анықталды.
Президент нақты қадам ретінде жеке неміс инвесторлары қатысатын жобаларды қаржыландыру бойынша екіжақты Жұмыс тобының қолдауымен Шикізатты бірлесе игеру жобаларын іске асыру жөніндегі консорциум құруды ұсынды. Ол Германия тарапын Транскаспий бағытының әлеуетін пайдалануға, сондай-ақ Каспийдегі Ақтау және Құрық порттарының инфрақұрылымын дамыту ісіне қатысуға шақырды. Сонымен қатар, неміс тарапын жаңартылатын энергия көздерін, соның ішінде «жасыл» сутегін дамыту үшін анағұрлым тығыз қарым-қатынас орнатуға үндеді. Бұл ретте Маңғыстау облысында Svevind Energy неміс-швед компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «жасыл» сутегін өндіру жобасының маңыздылығы атап өтті. Бұған қоса, Президент неміс әріптестерінің назарын Қазақстан азаматтарына қатысты виза режимін жеңілдету мүмкіндіктеріне аударды.
Федералдық канцлер Олаф Шольц Германияның Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растап, арадағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтуға дайын екенін нақтылады. Атап айтқанда, мұнай жеткізу көлемін ұлғайтуға, жеткізу тізбегін әртараптандыруға және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты. Сондай-ақ «Жасыл» энергетиканы пайдалану және климат мәселесін бірлесіп ілгерілету бағытында қарқынды қарым-қатынасты жолға қою қажет екеніне назар аударды.
Бұдан соң Президент пен Канцлер БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді
«Германия – Қазақстанның Еуропа Одағындағы стратегиялық серіктесі, әсіресе өзара сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстар жолға қойылған. Сондықтан екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға баса мән береміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев брифингте.
Мемлекет басшысы, Қазақстанның жетекші еуропалық компаниялармен қол жеткізген уағдаластықтарын жоғары бағалады. «Бүгінгі кездесу қарсаңында Siemens, Deutsche Bahn, Siemens Energy, Linde және тағы да басқа негізгі серіктестермен маңызды коммерциялық келісімдерге қол қойылуын құптаймын. Бұл құжаттар мемлекеттеріміз арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға тың серпін береді», – деді Ол.
Сондай-ақ, Президент энергетика саласындағы кооперацияны дамытуды басты басымдықтардың бірі ретінде атады. «Өздеріңізге мәлім, Қазақстан жыл басынан бері Германияға «Достық» мұнай құбыры арқылы 500 мың тонна мұнай жөнелтті. Мұның бәрі өзара келісімнің нәтижесінде жүзеге асты. Германиялық достарымыздың өтініші бойынша жеткізілетін мұнай көлемін ұлғайтуға, оның ұзақмерзімді болуын қамтамасыз етуге еліміздің дайын екенін растадым», – деді Ол.
Қасым-Жомарт Кемелұлы брифинг барысында Транскаспий көлік бағдарының транзиттік қуатын арттыру, сондай-ақ оны Трансеуропалық көлік желісімен (ТEN-T) және Global Gateway бастамасымен ұштастыру үшін бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол агроөнеркәсіп секторындағы, сондай-ақ қаржы, инновация, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайту үшін мол мүмкіндік бар екенін де атап өтті.
«Бүгінде экономикалық жобаларды қаржыландыру аясында біз Deutsche Bank, Euler Hermes, KfW секілді банктермен, сондай-ақ аймақтық қаржы құрылымдарымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Осы тізімді кеңейту үшін неміс қаржы институттарын барынша тығыз ықпалдастық орнатуға шақырамыз», – деді Президент.
Мемлекет басшысы келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа да айрықша мән берілгенін де айтты. Ол жаңа қазақ-неміс білім беру мекемелерінің құрылуын, атап айтқанда, биыл маусым айында Ақтау қаласында Қазақстан-Германия орнықты инженерия институтының ашылуын құптайтынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер арасындағы ықпалдастықтың жоғары деңгейін сақтау үшін Германия Канцлерін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Федералдық канцлер Олаф Шольц өз сөзінде Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы жетекші сауда-экономикалық серіктесі екенін, сонымен қатар энергетика, орнықты даму, цифрландыру және климаттың өзгеруіне қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды екенін айтты.
БАҚ өкілдері брифинг барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы жөнінде, Украина төңірегіндегі қақтығыстарға қатысты сұрақтар қойды.
«Қазақстан әскери іс-қимылдардың тез арада тоқтатылуын және БҰҰ Жарғысы негізінде бейбіт келіссөз жүргізілуін жақтайды. Мен бүгін құрметті Канцлер мырзаға жағдайдың шын мәнінде өте күрделі екенін айттым. Ресей де, Украина да келіссөз жүргізуге дайын екенін растайды. Алайда келіссөздің қандай алаңда жүргізілетіні әзірше белгісіз. Сондықтан парасатты, салмақты, салиқалы дипломатияның кезеңі туады деп ойлаймын. Олар бірін-бірі айыптауды доғарып, екі жаққа да тиімді келіссөздің жолын табуы керек. Қазақстан Украина қақтығысын шешудің қандай да бір жолдарын ұсынып жатқан өзге елдер мен мемлекеттер тобының күш-жігерін қолдайды. Біз өз тарапымыздан барлық қажетті шараны қабылдаймыз. Ал Қазақстан мен Ресейдің шекарасына келер болсақ, оған делимитация жасалып, айтарлықтай деңгейде демаркацияланды. Оны екі ел парламенттері нақтылап, тиісті құжатты ратификациялады. Сондықтан Ресеймен арада қандай да бір территориялық дау жоқ. Қазақстан мен Ресей екіжақты деңгейде және тиісті интеграциялық бірлестіктер аясында тұрақты достық қарым-қатынас орнатқан», – деді Ол.
Қазақстан Президенті сол күні Berlin Global Dialogue форумына қатысып, сөз сөйледі. Мемлекет басшысы «Көшбасшылар диалогы» сессиясында Қазақстанның жаһандық экономикалық процестердегі рөлі туралы өз көзқарасын айтты.
«Ондаған жылдар бойғы жаһандану мен интеграция үдерісінен кейін әлем қазір бетбұрыс кезеңінде тұр. Қақтығыстар, геосаяси шиеленістер, нарықтардағы келеңсіздіктер және сауда саласындағы даулар әлемдік саяси және экономикалық тұрақтылыққа сызат түсіруде», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Оның пікірінше, жаһандық экономикалық өзекті проблемаларды шешуге ықпал ететін жаңа әмбебап құндылықтар қажет. Әйтпесе, адамзат дүниежүзілік сауданың бұрын-соңды болмаған бөлшектенуіне тап болады. Бұл әлемдік ЖІӨ-нің 7 пайызға құлдырауына әкеп соқтыруы мүмкін.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің басым бөлігін еліміздің халықаралық экономикалық байланыстарды тұрақтандыру ісіндегі рөліне арнады. Ол Еуразиядағы екінші ірі мұнай қорына ие Қазақстан әлемдік нарықтарға энергетикалық ресурстардың ірі жеткізушісі екенін және еліміз мұнай экспортының 70 пайызы Еуропа Одағына шығарылатынын ескере отырып, экспорттық әлеуетімізді кеңейтуге және жаһандық энергетикалық дағдарысты жеңілдетуге үлес қосуға дайын екенін айтты.
Мемлекет басшысы форум қатысушыларына ұлттық экономиканы дамытудың перспективалары туралы мәлімет берді. «Былтыр Қазақстан экспорты 40 пайызға жуық өсті. Біздің ЖІӨ-нің едәуір бөлігі әлі де энергетика секторына тиесілі болғанымен, экономиканы әртараптандыруға күш саламыз. Автомобиль құрастыру, фармацевтика, металл өңдеу және машина жасау салаларындағы өсімді қамтамасыз ете отырып, Қазақстан бизнес жасауға ерекше қолайлы орта қалыптастыру арқылы шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырып отыр», – деді Ол.
Мемлекет басшысы Қазақстанның аймақта бірінші болып Париж келісімін ратификациялағанын және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдағанын айтты. Бұл салада да ірі халықаралық жобалар жүзеге асырылып жатыр. «Германия мен Швецияның бірлескен Svevind компаниясы жылына 2 миллион тонна «жасыл» сутегін өндіруге бағытталған Қазақстандағы жобасына 50 миллиард доллар инвестиция салып отыр. Бұдан бөлек, шикізат пен руданы жергілікті жерде өңдеп, содан кейін Еуропа Одағына мүше елдерге экспорттауға дайын кәсіпорындар үшін инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашылады. Арзан энергия, мемлекеттің қолдауы және бәсекеге қабілетті еңбек құны бұл ұсыныстың тиімділігін арттыра түседі», – деді Президент.
Мемлекет басшысы сөзінің соңында баршаға ортақ өркендеген әрі инклюзивті болашақ құру үшін күш жұмылдырудың маңызды екенін атап өтті.
Бірінші Berlin Global Dialogue форумына Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольц, Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишель, Бельгияның Премьер-министрі Александр де Кроо, Албанияның Премьер-министрі Эди Рама және басқа да жоғары лауазымды саясаткерлер, халықаралық компаниялар мен қаржы институттарының басшылары қатысты.
Мемлекет басшысы Berlin Global Dialogue форумынан кейін Шри-Ланка Президенті Ранил Викрамасингхемен кездесті.
Кездесу барысында Президент сауда және инвестициялық байланыстарды одан әрі жандандыра түсу үшін үкіметтер деңгейінде пәрменді шаралар қабылдау қажет екеніне тоқталып, виза режиміне қатысты шарттарды жеңілдету және екі ел арасында тікелей әрі тұрақты әуе рейстерін ашу маңызды екеніне назар аударды.
Тараптар халықаралық ұйымдар аясында, атап айтқанда БҰҰ деңгейінде өзара ықпалдастықтың маңызды аспектілерін талқылады. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Шри-Ланка Президентін келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.
Кеше ел президенті HMS Bergbau AG компаниясының басқарма төрағасы Деннис Швиндті қабылдады.
HMS Bergbau AG – Германиядағы қатты пайдалы қазбаларды барлаумен және өндірумен айналысатын жетекші тәуелсіз компаниялардың бірі. Бұл компания АҚШ, Сингапур, ОАР, Индонезия, Польша, БАӘ, Ботсвана мемлекеттерінде шикізат өндіру жұмыстарын белсенді жүргізеді. Сондай-ақ оның Қытайда, Үндістанда, Кенияда, Малайзияда, Пәкістанда, Шри-Ланкада, Бангладеште және Вьетнамда өкілдіктері бар.
Кездесу барысында Президент әлемнің дамыған елдерінің экономикасы тарапынан литийге сұраныс артып келе жатқанына назар аударып, сирек кездесетін металдарды өндіру және қайта өңдеу ынтымақтастықты дамытудың аса маңызды бағыттарының бірі екенін айтты.
HMS Bergbau AG басшысы Шығыс Қазақстан облысында литий өндіретін және оны қайта өңдейтін кен байыту комбинатын салу жобасын таныстырды. Оның айтуынша, жоспарланған инвестицияның жалпы сомасы – 500 миллион доллар.
Сол күні Президент HHLA компаниясының басқарма төрағасы Ангела Титцратпен де кездесті.
HHLA – жетекші еуропалық логистикалық компания. Кәсіпорын Гамбург, Одесса, Таллинн, Триест қалаларындағы теңіз порты терминалдарына, сондай-ақ олармен байланыстырылған Орталық және Шығыс Еуропадағы интермодальдық тораптар желісіне иелік етеді.
Мемлекет басшысы Германияның көлік және логистика саласын дамытуда аталған компанияның маңызды рөл атқаратынын айта келе, оның елімізде филиал ашу туралы шешімін құптады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саланың Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор екенін айтты. Өйткені еліміз Еуразиядағы басты транзит торабы ретінде өз позициясын күшейтуге ниетті.
Әңгімелесу барысында Қазақстан құрғақ және сұйық жүктерді тасымалдауға арналған жаңа танкерлер сатып алу, сондай-ақ Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттарын жаңғырту үшін қаржы тартуға мүдделі екені атап өтілді.
Бұдан соң, Мемлекет басшысы STADA Group компаниясының вице-президенті Кристос Галлиспен кездесті.
STADA – жоғары сапалы дәрі-дәрмек өндіретін жетекші компаниялардың бірі. Компания өз өнімдерін әлемнің 120 елінде сатады.
Қасым-Жомарт Тоқаев STADA компаниясы денсаулыққа қажетті тұтыну тауарлары сегментінде Қазақстан нарығындағы көшбасшылардың үштігіне кіретінін атап өтті. Оның айтуынша, Алматы қаласында компания кеңсесінің ашылуы – табысты және қарқынды дамып келе жатқан ынтымақтастықтың айқын дәлелі.
Қасым-Жомарт Тоқаев германиялық компанияны бірлескен зерттеулер жүргізіп, әзірлемелер дайындауға, өндірісті ұйымдастыруға, сондай-ақ тәжірибе алмасуға және мамандардың біліктілігін арттыруға шақырды. Кристос Галлис ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық танытып, компанияның Қазақстандағы медициналық жобалар мен бағдарламаларға инвестиция құю мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев STADA Group компаниясының вице-президенті Кристос Галлиспен кездесуден соң Euler Hermes агенттігінің басқарма мүшесі Эдна Шёнені қабылдады.
Аталмыш компания кредитті сақтандыру ісінде жаһандық көшбасшы саналады және кешенді қаржылық шешімдер жасайтын әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі – Allianz Group тобының құрамына кіреді.
Кездесу барысында экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту, соның ішінде қаржылық сақтандыру саласында бірлескен жобаларды әзірлеу, тәжірибе алмасу және оқу бағдарламаларын ұйымдастыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан даму банкі мен Helaba банкі арасында Қаржылық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаны жөнінде мәлімет берілді. Аталған келісімге сәйкес AltynAlmas Reagents компаниясының цианид натрий өндіретін химиялық зауытының құрылысына 100 миллион евроға дейін қаржы бөлу қарастырылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Германиядағы ресми сапарының бірінші күнін Қазақстан мен Германияның іскер топтарының дөңгелек үстеліне қатысумен қорытындылады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде геосаяси дүрбелеңге қарамастан, былтыр екіжақты тауар айналымы 25 пайызға өсіп, 2,8 миллиард долларға жеткенін атап өтті. Оның айтуынша, Германия бизнесі Қазақстанға 6 миллиард долларға жуық инвестиция салған. Бұл инвестицияның 90 пайызға жуығы шикізаттық емес секторға тиесілі. Жалпы елімізде Германия капиталының үлесі бар мыңнан астам компания жұмыс істейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев дөңгелек үстел барысында «Қазақстанда неміс сапасына сай жасалған» формула бойынша өнім шығаратын өндіріс орындарын ашуға мүдделі екенін айтты.
Президент Қазақстан, ең алдымен, Германия және Еуропа өнеркәсібіне қажетті табиғи ресурстар мен маңызды шикізат саласында сенімді серіктес болуға дайын екенін жеткізді.
«2040 жылға қарай маңызды материалдар мен сирек кездесетін металдарға әлемдік сұраныс төрт есе артады деген болжам бар. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын бес мыңнан аса барлау жасалмаған кен орны бар. Сондықтан мен Канцлер Олаф Шольцке бірлескен шикізатты игеру жобаларын жүзеге асыру үшін Консорциум құруды ұсындым. Бұл бастама үкіметаралық серіктестік туралы қолданыстағы келісімдермен қатар, ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Мен Германияның жеке инвесторларын осы Консорциумға қосылуға шақырамын», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев «жасыл» сутегінің әлемдегі жетекші өндірушісі болу үшін елімізде барлық алғышарт бар екеніне тоқталды.
Ынтымақтастықтың тағы бір саласы – көлік-логистика әлеуетін пайдалану. Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа геосаяси жағдайда Еуропа мен Азия арасындағы байланысты қамтамасыз ету үшін «Орта дәліздің» маңызы артып келеді.
Президент ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету үшін мол мүмкіндік бар екенін жеткізді. «Қазақстан өңірдің азық-түлік хабына айналуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта өнім өндіру, сақтау және тарату жұмыстарын ұштастыратын сауда-логистикалық байланыстардың өңіраралық жүйесі құрылады. Қазақстанның ауыл шаруашылығын орнықты дамытуға әртүрлі салада, соның ішінде биотехнологияға және тыңайтқыштар өндіруге, спутник арқылы зондтауға және жасанды интеллектіге, ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға, ирригацияға, сондай-ақ тамақ өнеркәсібіне, генетика мен жаңартылатын энергия көздеріне маманданған Германияның көптеген компаниясы тартылуы мүмкін», – деді Ол.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ынтымақтастықтың тағы бір басым бағыты IT технология саласы бола алады. Президент Қазақстанның цифрлық трансформация бағытындағы бастамалары әлемдік деңгейде мойындалғанын атап өтті. БҰҰ біздің электронды үкімет жүйесін ТОП-30 тізіміне енгізді.
«Біз IT өнімдер мен қызметтер экспортын 1 миллиард долларға дейін ұлғайтуды және 2025 жылға қарай жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілетті 100 мың IT маман дайындау арқылы адами капиталды нығайтуды жоспарлап отырмыз. Біз германиялық серіктестерімізбен ынтымақтастықтың бірнеше бағыты бойынша, соның ішінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, стартаптар, білім беру, байланыстар және басқа да өзекті салалардағы жобаларды іске асыруға дайынбыз», – деді Мемлекет басшысы.
Президент, бұған қоса, адами капиталды дамыту және инвестиция тарту мәселесін ынтымақтастықтың өзекті бағыттарының бірі ретінде атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Германия бизнесмендерін Қазақстан экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және озық неміс технологияларын енгізуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.
Германия экономикасының Шығыс комитеті – Германия Федеративтік Республикасының Орталық, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азиядағы 29 елге арналған аймақтық бастамасы.
Шығыс комитетіне Германия экономикасының алты жетекші одағы қолдау көрсетеді және оған 400-ге жуық компания мүше.
Жиын барысында Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзер, Германия өнеркәсібі федералдық одағының (BDI) басқарма мүшесі Вольфганг Нидермарк, сондай-ақ Deutsche Bahn, Knauf, Wilo, BASF, Rhenus, Svevind және басқа да бірқатар ірі компанияның топ-менеджерлері баяндама жасады. Олар экономиканың нақты салалары бойынша Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
Abai.kz