Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 3816 60 пікір 2 Қазан, 2023 сағат 11:21

Смайыловқа тегін кеңес: Заитовтың ұсынысы дұрыс па, бұрыс па?

ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫНЫ КӨБЕЙТУ МҮМКІН БОЛМАСА, ЖОҒАРЫ ЖАЛАҚЫНЫ ТӨМЕНДЕТЕЙІК!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Үкіметке келер жылдың басынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырды. Осы арқылы соңғы 3 жылмен салыстырғанда ең төменгі жалақы мөлшерінің 2 есеге өсетінін, 1,8 млн адамның әл-ауқаты артатынын айтты. Алайда, инфляцияның кесірінен ең төменгі жалақы мөлшері өскенімен, құны өспейтіні айтпаса да түсінікті.

Соңғы күндері осы 85 мың теңгенің мәселесі қоғамда қызу талқылануда. Мәжіліс депутаты Ринат Заитов Парламентте әкесі театр, ал анасы кітапхана қызметкері болып қызмет ететін бес адамнан тұратын жанұяның табысы мен шығынын есептеп, Үкімет мүшелеріне сауал тастады. Аталмыш отбасыға айына 200 мың теңге табыс түседі, бірақ барлық шығындарын барынша үнемдеп көрсеткен күннің өзінде 200 мың теңге өмір сүруге жетпейтін болып шықты. Осындай арифметиканы алға тартқан депутат 85 мың теңгенің ештеңеге жетпейтінін, ең төменгі жалақы мөлшерін кем дегенде 300 мың теңгеге өсіру қажеттігін ұсынды.

Әрине, біраз адамға бұл ұсыныс жағып кетті. Бірақ, «экономикадан хабары бар жандар» Ринаттың әрекетін құр популизмге немесе сауатсыздыққа балап, ең төменгі жалақы мөлшерін 300 мың теңгеге көбейту Қазақстанның қазіргі жағдайында мүмкін еместігі жөнінде уәж айтуда.

Расында солай ма?

Ринат Заитовтың өзі бұған бюджет қаражатын қалай жеткізіп берудің жолын әрбір депутаттың көрсетіп бере алатынын айтты. Ұлттық компаниялардың менеджерлері ай сайын бірнеше миллион теңгелеп жалақы алғанымен қоймай, жыл соңында тағы пәленбай миллион теңге бонусты өздеріне жазып алады. Осындай қисынсыз шығындарды ретке келтірсе, күндері 70 мың теңгеге қараған көпшіліктің айлықтарын аздап болса да көтеруге болады, әрине.

Бұдан бөлек, мемлекеттің болмайтын шараларға миллиардтарды босқа шашып жіберетіні көз үйренген құбылыс. Жаңажылдық шыршаның өзіне жергілікті әкімдіктер бірнеше миллион теңгені ойланбай аудара салатынын білеміз. Ал Қазақстанға дым пайдасы жоқ халықаралық жиындардың қанша миллиардтардың басына су құйып жатқанын бір Құдайым білсін. Одан қалса шенеуніктердің қызметтік көліктерін, жиһаздарын, үйлерін жаңалау үшін жылына миллиардтаған теңге қаржы бюджеттен шығындалады. Мұндайларға келгенде қашанда қаржы табылады. Ал қарапайым халыққа келгенде үнемі жоқтан басқаны айтпаймыз.

Әрине, мәселеге бұдан тереңірек қарау керек. Ендеше талдап көрейік. Сөйтіп Заитовтың ұсынысы популизм бе, әлде халықа деген шынайы жанашырлық па, көз жеткізіп көрейік.

Президенттің сөзіне сүйенсек, бюджет саласындағы қызметкерлердің кем дегенде 350 мыңы ең төменгі жалақыға өмір сүретін сияқты. Егер ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеге емес, 300 мың теңгеге көтерсек, бюджетке қосымша қанша салмақ түседі? Бүгінгі таңда ЕТЖ мөлшері 70 мың теңге, оны 300 мыңға жеткізу үшін 230 мың теңге қосылуы тиіс. Бұл дегеніміз 1 жылға қосымша 1 трлн қосымша қаржы керек деген сөз. Бірақ, мәселе осы 350 мың қызметкермен шектеліп қалмайды. 350 мыңның сыртында ең төменгі жалақы алмаса да, айлықтары 300 мың теңгеге жетпейтін тағы қаншама мың мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері бар ғой. Олардың барлығының жалақыларына кем дегенде 230 мың теңге қосу керекпіз. Егер бұлардың саны кем дегенде 1 миллион дегеннің өзінде, бюджетке жыл сайын қосымша 3-4 триллион теңге салмақ түседі. Одан көп болса, шығын да көп. Онсыз да бюджет дефицитін Ұлттық қордың есебінен жабуға әдеттеніп алған Үкімет мұнша қосымша қаржыны тауып бере алмайды. Тіпті, ұлттық компаниялардағы менеджерлердің бонустарын қысқартсақ та, халықаралық жиындарды өткізуден бас тартсақ та.

Бұдан бөлек, жеке секторда жұмыс істеп жүрген айлықтары аз миллиондаған жан бар ғой. Егер мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлеріне бюджет есебінен бірдеңе етіп қаржы тауып бере алсақ та, жеке сектор оны қайдан табады? Мәселен, екі-үш адамға қызмет беріп отырған жеке кәсіпкер азғантай табысымен сонша айлықты қалай тауып бермек? Аз уақытта өзі банкрот болып, кәсібін жабуына тура келмей ме?

Әрине, заң шықса, оның ретін «қара жолмен» бүркемелеуге тырысатындар табылады-ақ.

Жалпы, мемлекет ең төменгі жалақыны 300 мың теңгеге көтере салды делік. Көз алдымызға сол кездегі жағдайды елестетіп көрейікші.

Шағыны бар, ортасы бар, тіпті ірі бизнестегілердің өздері жаппай жұмысшыларын қысқарта бастайды. Өйткені, кеше ғана 70-100 мың теңге беріп жүрген жұмысшыларына енді 300-400 мың теңге айлық беруге көбісінің жағдайы келе бермеуі мүмкін. Бірақ, жұмысты да тоқтатып қоя алмайды. Сондықтан, еңбек келісімшартынсыз аз ақшаға адам жалдау басталады. «Не жұмыстан босайсың, не осыған келісесің» деген талап қойылады деуге болады. Бұл өз кезегінде мыңдаған, бәлкім миллиондаған жұмысшылардың еңбек құқықтарының бұзылуына, оны дұрыс қорғай алмауына алып келеді. Заңнан тыс жұмыс істеудің салдары миллиардтаған теңгенің салығының бюджетке түспеуіне, зейнетақы, МӘМС салымдарының күрт төмендеуіне алып келеді. Бұдан бөлек жұмыссыздық артып, жәрдемақыға иек артатындар көбейеді.

Тағы бір көрініс: елде жалақы көтерілген сайын Қазақстанға келіп жұмыс істегісі келетін шетелдік мигранттардың саны арта түседі. Бұл жерде Ресейге баруға қорқып қалған Орталық Азияның миллиондаған мигранттары бар. Жергілікті азаматтардан аз еңбекақы сұрайтын, құқығын талап ете қоймайтын, сыртта жүрген соң жұмысқа ден қойып істейтін сыртқы жұмыс күші жергілікті кәсіпкерлерді қызықтырары хақ. Бұл өз кезегінде тағы да өз отандастарымыздың арасындағы жұмыссыздықты, кедейшілікті арттырады. Яғни, біз ең төменгі жалақыны бірден жоғары межеге көтереміз деп отырып ертең түзеу мүмкін болмай қалатын салдарларға жол беруіміз ықтимал.

Ауыздықтап үлгермейтін қымбатшылықты тағы қосыңыз бұған. Өйткені, кез-келген кәсіпкер айлықты көбейту үшін өзі көрсететін қызмет ақысын, сататын тауарын, өндіретін өнімінің бағасын қымбаттатуға мәжбүр. Инфляцияның көкесі сол кезде болады. Салдарынан 300 мың теңгенің өзі құнсыз бірдеңе болып шығуы мүмкін. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп жүріп сақалынан айырылыптының» кері болады сонда.

Ендеше, не істеу керек? Ең төменгі жалақыны көтермеу керек пе?

Мен ең төменгі жалақы мөлшерін кем дегенде 180 500 теңгеге көтеру керектігін ұсынғанмын. Бұл қайдан шыққан цифр? Бұл біздегі орташа жалақы мөлшерінің тең жартысы. Немесе төменгі жалақыны 200 АҚШ долларының көлеміне жеткізсін. Бұл қайдан шыққан цифр? Президент ЕТЖ көлемін соңғы 3 жылда 2 есеге көтереміз деді ғой, яғни 42 500 теңгеден 85 000 теңгеге. 3 жыл бұрынғы курс бойынша 42 500 теңгеміз 100 доллар болды десек, ақыры екі есе көбейтеді екен, онда 200 доллар көлемінде етіп бекітсін. Бұл дегеніміз 94 мың теңге шамасы. Әйтеуір 85 мыңнан көп қой. Тым болмаса арғы жағындағы 9 мың теңгеге жарты қап ұн алуға болып қалар... Егер келер жылы тағы да ұлттық валютамыз құнсызданғандай жағдай болса, бәлкім 200 доллар дегеніміз 100 мың теңге болар...

Әлбетте, бұл аз. Ринат Заитовтың арифметикаға салып есептеп берген жолы дұрыс, 85 мың теңге жалақы күнкөріске жетпейді, кем дегенде ол 300 мың теңге болғаны дұрыс. Бірақ оның кері салдарлары болатынын жоғарыда қысқаша сипаттап бердік. Дегенмен, Үкіметте отырған жандардың халыққа шын жаны ашитындары рас болса және білімді болса, онда мұның жолын табуға болады.

Мәселен, біз өз ретімізде бір жолды көрсетіп берейік.

Бай мен кедейдің арасы тым алшақтап кеткенін айтып жүрміз. Бұл жақсы көрініс емес. Бізде байлар байыған үстіне байи түсуде, ал кедейлер кедейленген үстіне кедейленіп барады. Кедейлердің байлардың шаңына ілесуіне де ешқандай мүмкіндік қалмаған. Мұның соңы кедей адамдардың байларға деген жеккөрінішін арттыра түседі. Ал бай адамдардың саны аз, ал кедейлердің саны тым көп екенін ескерсек, түптің түбінде көптің қорқытатынын, тереңнің батыратынын ескеруге тиіспіз. Өткен ғасырдың басында Ленин кедейлердің байларға деген осындай жеккөрінішін пайдалана отырып төңкеріс жасады. Соған ұқсас жағдай қайталануы бек мүмкін. Не басқа шарасы қалмаған халықтың өзі көтеріледі де, байларды таптап өтіп, кедейлердің билігін құрады. Не сыртқы немесе қандай да бір мүдделі топтар халықтың ызасын өз мүдделеріне пайдалана отырып төңкеріс жасайды. Қай-қайсысы болса да жақсылыққа апармайды. Кедейлердің билігі ақыр соңында қып-қызыл репрессияға, кері кетуге ұласады. Яғни, Кеңес өкіметіндегідей кезең қайта орнауы ықтимал.

Бүгінде интернет, әлеуметтік желілер дамыған, кімнің не ішіп, не киіп жатқанын жасыру мүмкін болмай барады. Тіпті, бақуат жандардың өздері оларын мақтаныш етіп әлеуметтік желілерге салып отырады. Миллиондаған теңгеге алған киімдерін, көліктерін мақтанып көрсетіп отырады. Өз кезегінде бұл 70 мың теңгеге әзер күн көріп отырған жұрттың ызасын тудыратыны айтпаса да түсінікті. Қазірдің өзінде әлеуметтік желілердегі комментарийлерге мониторниг жүргізіп көрсеңіз, бай адамдарға деген негативтің көп жазылатынын аңғарасыз, арасында «ату керек, асу керек, қамау керек, елден қуу керек» деп жататындары да кездеседі. Жақсы көрініс емес. Күнін әрең көріп жүргендердің іштерінде бір-бір диктатор тиран отыруы да ықтимал. Ондайлар билікке келсе ешкімді аямайды. Өткен ғасырда қазақтың бетке ұстарларын коммунистік режимнің шеңгеліне айдап салған өз қазағымыздың шолақ белсенділері емес пе еді? Сол кешегі кедей-кепшік боп жүрген, іштерінде байларға деген ыза-кек қайнаған адамдар өз күндері туғанда ешкімді аяп қалған жоқ. Дым қолынан келмегендері домалақ арыз жазып отырды. Тарихтан сабақ алғымыз келсе, қоғамды мұндайға жеткізбеуіміз керек. Кедей халықтың сапасы да нашарлайтыны бөлек әңгіме. Басты нәрсе – бай мен кедей арасындағы алшақтықты азайту қажет. Сонда тұрмысы төмен азаматтардың ішіндегі агрессия да азаяды.

Мұны қалай істейміз? Байдың малын кедейге тартып әпереміз бе?

Жоқ, әрине. Бірақ, өзге де жолы бар. Егер бізде «ең төменгі жалақы мөлшері» деген түсінік бар болса, онда «ең жоғары жалақы мөлшері» деген шек те болуы керек. Нарық заңдылығына, халықаралық тәжірибеге, бірдеңе-шірдеңеге сәйкес емес шығар айтып отырғаным. Ешбір елде мұндай үрдіс болмаса, онда біз-ақ бірінші болайық. Әдептен аспаймыз, құқықты сақтаймыз. Әлбетте, ең төменгі жалақы мөлшері ресми түрде бекітілген екен, бірақ ең жоғарғы жалақының мөлшері олай ресми бекітілмей-ақ қойсын. Әр мекеме бұны өзі шешсін. Бірақ, Еңбек кодексінде «біліктілігіне және лауазымына қарамастан мемлекеттік және бюджеттік мекемелер мен өзге де барлық жұмыс беруші орындардағы еңбеккерлердің жалақысының айырмашылығы 5 еседен аспауы керек» деген тәрізді норма енгізіп қоюға болады. Бұл деген не? Егер сіздің фирманың бастығы өзіне 1 миллион теңге жалақы жазса, онда сол фирмада жұмыс істейтін күзетшінің жалақысы кем дегенде 200 мың теңге болуға тиіс. Егер облыс әкімінің айлығы 2 миллион теңге болса, сол әкімдікте жұмыс істейтін еден жуушының айлығы кем дегенде 400 мың теңге болуға тиіс.

Сол сияқты, Ұлттық компания басшысы айына 50 миллион теңге айлық алса, ең қарапайым қызметкерінің айлығы 10 миллион теңге болуы қажет. Әлбетте, ол мүмкін емес екен, онда басшылар айлықтарын азайтуы тиіс. Яғни, 85 мың теңге айлық алатын жұмысшысы бар мекемедегі ең көп жалақы 425 мың теңгеден аспасын. Мейлі ол әкім, не министр болсын, не зауыт басшысы болсын.

Анау футболшылар мен хоккейшілерге ай сайын 20-30 миллион теңгеден береміз ғой. Ал сол клубта жұмыс істейтін қарапайым жүргізушінің, тазалықшының, аспаздың айлығы қанша екен? Егер біз жүргізушіге 200 мың теңгеден артық айлықты қимасақ, демек футболшыға да, мейлі ол қанша жерден әулие болса да 1 миллион теңгеден артық жалақы бермеуіміз керек.

Осындай тәжірибе арқылы біз бай мен кедейдің арасын жақындатуға мүмкіндік аламыз. Екінші жағынан, бюджеттің миллиардтаған теңге қаражатын үнемдеп, оны төмен жалақы алатындардың айлықтарын көбейтуге немесе басқа да пайдалы жобаларға бөле аламыз.

Ал жеке сектор ше? Олар да қызметкерлерінің айлықтарын көтере алады. Егер табыс қызметкерлердің айлықтарынан артылып, асып-төгіліп жатса, түрлі жобаларға инвестиция салсын. Солай ел экономикасының өсуіне үлестерін қоссын.

Мұндай тәжірибенің көптеген пайдалы тұстары бар. Біріншіден, бай мен кедейдің арасын жақындатуға септесетінін жоғарыда айттық. Сондай-ақ, «арзан мамандықтар» мен «қымбат мамандықтар» арасындағы алшақтық та азаяды. Нәтижесінде жұрттың бәрі «қымбат мамандықтар» бойынша жоғары білім алуға ұмтылып, соңында дипломын сандыққа салып жұмыссыз сенделіп жүру үрдісі төмендейді. Басшылар мен қарапайым жұмысшылар арасындағы түсіністік артады. Сондай-ақ, парамен жұмысқа тұру әрекеттері де азаяды. Сонымен қатар, қарапайым жұмысшылардың жалақысын көтеру арқылы төлем қабілеттерін арттырып, экономикаға орасан зор табыс келтіреміз. Білесіздер, байлар көп ақшасын шетелдерге шашады. Қыдырады, шетелдерден қымбат киімдер алдырады, тіпті шетелден жылжымайтын мүліктер алады. Солай қаржының біраз бөлігін шетке жібереді. Ал қарапайым жұртшылық әдетте керектісінің барлығын үй жанындағы дүкеннен, базардан сатып алады. Ақша өз елімізде қалады, айналымға түседі, экономикаға жұмыс істейді. Осы қарапайым жұрттың жалақысын көтеру арқылы біз экономикадағы белсенділікті арттыра түсеміз.

Айтпақшы, «декретке - миллионмен» деген көзбояушылық та азаяды. Кейбір пысықайлардың декретке шығар уақытында соңғы айларына зейнетақы тағы басқа салымдарына миллиондап айлық алып жүргендей қомақты қаржы аударатыны бүгінде ешкімге жасырын емес қой. Егер ол жұмыс орнында 85 мың теңге айлық алатындар болса, олар да өтіріктен айлықтарын жоғары етіп көрсете алмай қалады. Мұндай да пайдалы тұсы бар.

Ең төменгі жалақы мөлшері орташа айлық көлемінен ары кетсе екі есе аз көлемде болсын, яғни 185 500 теңге болып бекітілсін деген ұсыныс туралы жоғарыда айттым. Ең төменгі жалақы мен ең жоғары жалақы арасындағы айырмашылықты азайтар болсақ, онда ең төменгі жалақы мөлшері орташа жалақыдан екі еседей ғана аз болатын болады. Және осындай тәжірибе арқылы біраз жылда ең төменгі жалақы мөлшерін Ринат айтып жатқан 300 мың теңгеге жеткізе алар едік. Тағы бір нәрсе: бұл тәжірибе арқылы ең төменгі жалақы алатындардың санын едәуір азайтамыз. Егер бүгінде 1,8 миллион адам ең төменгі жалақыға күнелтіп жүрсе, біз ұсынған тәжірибе жүзеге асса, 300-400 мың адам ғана ең төменгі жалақыға жалтақтайтын болады. Өйткені, көптеу айлық алғысы келетін басшылардың барлығы немесе аз ақшаға мықты маман тарта алу мүмкін болмаған жағдайда мекеме «біліктілігі төмен» қызметкерлерінің де жалақысын қоса көтеруге мәжбүр болады.

Біз мүмкін емес ұсынысты айтып отырғанымыз жоқ. Табысты әділ бөлудің әзірше ең дұрыс формуласы да осы болатын шығар. Сондықтан, Үкіметте отырғандар «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» халықтың табысын арттырудың жолын таппай отырса, осы ұсынысты зерделеп көруге кеңес береміз.

Түйін: Айтпақшы, құрметті Үкімет басшысы Әлихан Асханұлы, құрметті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Қабыкенқызы!

Егер осы тәрізді тиімді кеңес бере алмайтын кеңесшілерді неге ұстап отырсыздар? Оларды қызметтерінен алып, штаттарын қысқарта салу керек. Айлықтарынан артылған ақшаны ең төменгі жалақы мөлшерін арттыруға қоса салуға болады. Бәрібір ең ұтымды ұсыныстар мен келелі кеңестерді кабирнетте отырған жаныңыздағылар емес, халықтың арасында жүрген қарапайым азаматтар береді.

Ербол Молдабекұлы

Abai.kz

60 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048