Бейсенбі, 20 Қараша 2025
Аласапыран 187 0 пікір 20 Қараша, 2025 сағат 13:30

АҚШ-тың бейбіт жоспары – Украина капитуляциясы!

Сурет: asiaplustj.info сайтынан алынды.

АҚШ президенті Дональд Трамп командасы Ресей мен Украина арасындағы 28 тармақты бітімгерлік деп аталатын жоспарды мақұлдады. Оны Трамп әкімшілігінің жоғары лауазымды шенеуніктері соңғы бірнеше апта бойы Ресей президентінің шет елдермен инвестициялық-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Кирилл Дмитриевпен және украиналық шенеуніктермен кеңесе отырып әзірледі. Бұл туралы NBC News хабарлады.

Шенеуніктің айтуынша, жоспарды әзірлеуге Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф, вице-президент Джей Ди Вэнс, мемлекеттік хатшы Марко Рубио және президенттің күйеу баласы Джаред Кушнер қатысқан.

«Жоспар екі тарапқа да ұзақ мерзімді бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін қауіпсіздік кепілдіктерін беруге бағытталады. Оған Украинаның қалауы мен ұзақ бейбітшілік үшін қажеттіліктері кіреді», - деп сендіреді америкалық шенеунік. Жарияланымда шенеуніктің осы процеске қатысатын негізгі тараптармен болатын келіссөздердің егжей-тегжейін ашпағаны атап өтілді.

Сондай-ақ, АҚШ-тың үш шенеунігі NBC News-ке бейбітшілік келісімінің шеңберін украиндықтар әлі де ұсынуы керектігін және жоспар жобасын түпкілікті келісу мерзімі Пентагон делегациясының Украинаға сапарымен сәйкес келетінін айтты. Америкалық шенеунік бұл сапарды Ақ үйдің «бейбіт келіссөздерді жаңғыртуға» бағытталған жоспары ретінде сипаттады.

«АҚШ-тың бейбітшілік келіссөздерін қайта жандандыру жөніндегі күш-жігері қарқын алып келе жатқандай көрінеді, бірақ Кремль соғысты тоқтату үшін өзінің шарттарын өзгертудің ешқандай белгісін көрсетпейді және БАҚ АҚШ-тың 28 тармақты бейбітшілік жоспары бойынша жұмыс істеп жатқаны туралы хабарламасының маңызын төмендетіп жіберді», - делінген басылымда.

Politico және Wall Street Journal жазғандай, Украинаға құрлық әскерлерінің министрі (азаматтық тұлға) Дэн Дрисколл бастаған америкалық әскери делегация келді. Делегация құрамына сондай-ақ АҚШ құрлықтағы әскерлері штабының бастығы генерал Рэнди Джордж және америкалық әскерлердің Еуропадағы қолбасшысы генерал Крис Донахью кірді. Олар украиналық шенеуніктермен, саясаткерлермен, әскери және индустрия өкілдерімен кездесуі тиіс.

«Америкалықтар Владимир Зеленскиймен кездесуді жоспарлап отыр. Кейінірек Дрисколл ресейлік шенеуніктермен де кездесуге тиіс», - деп жазады WSJ.

АҚШ Қорғаныс министрлігінің өкілі Дрисколлдың 28 тармақты жоспар туралы хабардар болғанымен, бірақ бұл оның Киевтегі кездесулерінің басты мәселесі болып табылмайтынын хабарлады.

Украина Үкіметіне жақын дереккөздің және осы мәселемен жақсы таныс еуропалық шенеуніктің ақпаратына қарағанда, Украина ұсынылған бейбіт жоспарды әзірлеуге қатыспаған. Осы аталған екі дереккөздің айтуынша, Украина жоспардың жалпы нобайлары туралы хабардар етілгенімен, бірақ егжей-тегжейлі ақпарат алған жоқ және өз ұсыныстарын енгізу үшін шақырылған жоқ.

«Президент (Дональд Трамп) кісі қанын төгуді тоқтатудың және соғысты тоқтату туралы келісім жасаудың уақыты келгенін анық көрсетті. Трамптың ойынша, егер икемділік танытсақ, бұл мән-мағанасыз соғысты тоқтатуға мүмкіндік бар», - деп мәлімдеді Ақ үйдің өкілі.

Axios ақпарат көзіне сілтеме жасап, Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің (ҰҚК) басшысы, бұрынғы қорғаныс министрі Рүстем Умеров пен Америка президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф жаңа жоспар бойынша келісімге қол жеткізгенін хабарлайды. Басылымның айтуынша, Украина президенті Владимир Зеленский Умеровқа Уиткоффпен келіссөздер жүргізуге өкілеттік берген, ал оның көптеген түсініктемелері 28 тармақты жоспардың мәтініне енген. Дереккөз Умеровпен келіссөздер барысында «көптеген уағдаластықтарға» қол жеткізілгенін түсіндірді. Бұл ретте украиналық шенеунік Axios-пен әңгімеде Умеров жоспардың шарттарын қабылдағанын жоққа шығарды. Сұхбаттасушы Киев құжатта келтірілген көптеген тармақтарға қарсылық білдіретінін атап өтті.

19 қарашада Axios Уиткофф Кирилл Дмитриевпен жоспар тұжырымдамасын талқылағанын хабарлады. Соңғысы басылымға берген сұхбатында осы стратегияның табысқа жету мүмкіндігіне оптимизм білдіріп, «Біз Ресейдің ұстанымы шынымен де жұрт құлағына шалынғанын сезінеміз» деп атап өтті. Ол Ресей мен АҚШ президенттері тамыз айында Аляскада талқылаған қағидаттар жоспардың негізіне арқау болып алынғанын алға тартты. «Бұл, шын мәнінде, әлдеқайда кең шеңберлі келісім, онда біз шын мәнінде тек Украинада ғана емес, Еуропада ұзақ мерзімді қауіпсіздікке қалай қол жеткізе алатынымыз айтылған», - деді Дмитриев. Америкалықтар бұл жоспардың «артықшылықтарын» еуропалықтарға да, украиндықтарға да түсіндіруге тырысып бағуда.

WSJ дереккөздерінің айтуынша, Трамп әкімшілігі Газа секторын реттеудегідей тәсілді осы орайдада қайыра қолдануға тырысады. Атап айтар болсақ, әуелі ауқымды жоспар дайындап, содан кейін шиеленісті тараптарды оны қабылдауға «итермелейді». Газеттің жазуынша, Трамп көмекшілеріне екі тарапқа да «ынталандыратын» жаңа ұсыныстар әзірлеуді тапсырғаннан кейін жоспар бойынша жұмыс басталды. Ресей үшін бұл Батыспен экономикалық қатынастарды қалпына келтіру, Украина үшін - қалпына келтіру шаруасына көмектесу болып табылады.

Батыстық ақпараттар АҚШ әзірлеген жаңа бітімнің жай-жапсарын жазып жатыр. Қарап тұрсаң бұны Украинаның капитуляциясына теңеуге болады. Қараңыздар:

Financial Times былай деп жазады:

- АҚШ-тың жаңа бітім жоспары Ресейдің ыңғайына жығылған. Онда Украина армиясының санын 2 есеге азайту және Донбасстан толық бас тарту жазылған. Бұл - Украинаның капитуляциясымен тең дүние. Ал АҚШ Украинаға, президент Зеленскийге аталған келісімге қол қоюға қысым жасауда, - дейді.

- Уиткофф пен Дмитриев әзірлеген бұл бітім жобасында Украина аумағында орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл статусын беру және орыс шіркеуіне айрықша статус беру туралы жазылған, - дейді.

Reuters агенттігі былай деп жазады:

- АҚШ-тың жаңа бітім жоспарында Украина әскері мен техникасының санын 2 есеге қысқарту туралы жазылған, - дейді.

Axios былай деп жазады:

- Жаңа бітім жоспарында Украина Донецкі облысынан толықтай бас тартуы керек. Ал АҚШ пен Еуропа Қырым мен Донбассты Ресейдікі деп мойындайды. Украина әскерін алып шыққан Донбасс қарусызданған аймақ болуы міндеттеледі, - дейді.

- Соғыс Запорож бен Херсонның майдан сызығында тоқтайды. Келешекте Ресей аталған 2 облыстың кей аумақтарын Украинаға қайтарып береді (қай территориялар қайтарылатыны анық жазылмаған), - дейді.

- Украина Қырым мен Донбассты Ресейдікі деп мойындауға міндеттелмейді. АҚШ Украинаға қауіпсіздік кепілдігін береді, бірақ нақты қандай кепілдік және ол қандай формада берілетіні жазылмаған, - дейді.

Abai.kz

0 пікір