Елді қызыл ұрансыз-ақ сүюге болады...
Өткен ғасырдың аяғына таман сол кездегі жас қаламгерлердің қай-қайсысының шығармашылығынан да патриоттық тақырыптағы туындыларды көп ұшырататын едік.
Тәуелсіздік туы қолымызға енді тиіп, егемен ел ретінде етек-жеңімізді жинап жатқан шақта мұндай шығармалардың көптеп жазылуы, тіпті, табиғи құбылыс десек қателеспеспіз.
Ал бүгінгі жас қаламгерлердің тақырыптық аясында патриотизмді насихаттау қаншалықты қамтылып жатыр?
Біз жас жазармандардың өзінен осыны сұрап көрген едік.
«Жас жазушылар туған топырағына қайта алмай жүр» деген сөз – бос әңгіме
Бүгінде жазып, толғанып жүрген жазушылардың тақырыптары әр түрлі: онда фантастика да, фэнтизи де, детектив те, т.б. бар. Аға буын жазушылардың көбі «жастар арасында ел, ұлт, туған топырақ туралы жазатындары аз» дейді. Тіпті бұл сөзді әдебиеттанушылар да айтып, «жас жазушылар туған топырағына қайта алмай жүр» деп сөгеді. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Бұл – жастар шығармашылығымен толық таныспаған адамның сөзі.
Кім қандай жанрда, қандай бағытта жазса да, біздің жас қаламгерлер патриоттық сарыннан алшақтаған емес. Патриоттық шығарма дегеніміз тек «Отан үшін алға», «Туған жерге жаным құрбан», «Алға, Қазақстан» деген тақырыптардан тұрмайды ғой. Бұл әсте пафос болар еді. Мысалы, дәстүрлі проза жазатындарды қалайша патриотизмді дәріптемеді дейміз? Бақытгүл Сәрмекованың ауыл жайлы, ауылдағы қарттар мен әйелдер жайлы, туған жер турасындағы әңгімелерінен, Абай Аймағамбетовтың қай шығармасын алсаңызда туған топырағын сүйетін кейіпкерлерді көреміз. Сол секілді Жадыра Шамұратованың новеллаларынан айналасына, қоғамына, туған даласына, тіпті туып-өскен үйіне қимастықпен қарайтын тамыры, кіндігі топырағына байланған адамдардың тағдырын көреміз. Сағадат Ордашева да кішкентай адамдардың тағдырын жаза отырып, қоғам қандай болса да, оны түзеуге, қала берді сүюге шақырады. Бұл тізімге тағы бірнеше жас жазушыны қоссақ болады.
«Патриотизм – жексұрынның тығылатын соңғы жері» деген сөз бар ғой. Бұл, әрине, «ұраншыл патриоттарға» арналған сөз болар. Қазіргі жазушылар дәстүрлі прозамен елім, жұртым демей, қысқа әңгімелермен көп мәселе көтеріп, ел жайында ойларын анық жеткізіп жүр.
Әлихан ЖАҚСЫЛЫҚ,
жас жазушы
Елді қызыл ұрансыз-ақ сүюге болады... Жас ақындарша!
Сұраққа жауап бермес бұрын мынаған келісіп алайық. Егер «патриоттық жырлардың бәрі ұранды болуы керек» дейтін болсақ, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін нәзік махаббатпен жеткізетін ақындардың өлеңдерін «көк тиынға татымайды» деп белінен бір-ақ сызайық. Ал «өлең дегеніміз – сұлу да нәзік дүние; лиризм ықылым заманнан бері алдынғы қатарға шығып, біз бертін келе «патриотизм» атап алған сезімді қымтап келеді» десек, онда бұл – бөлек әңгіме.
Ғаламторға «патриоттық өлеңдер» деп жазып, сұрау салып көріңізші. Алдыңыздан әуелі мынадай шумақтар шығады:
«Туған жерім, оттан да ыстық өзегім,
Таза ауа мөлдір бұлақ өз елім.
Туған жердей болмас маған ешбір жер,
Мәңгілікке «елім» деп соған жүрегім»;
Немесе:
«Туымызды мақтан етеміз.
Ардақтап мәңгі сақтап өтеміз.
Қазақтың туы асқақ болсын деп,
Ұран етеміз, жаттап өтеміз».
Уақыт өте келе лирикасы жоқ, тағдыры жоқ құр ұранды «өлеңдер» кімнің жадында, кімнің есінде қалады? Әңгіме – өлмейтін өлең жазуда емес, әңгіме өлеңге құрметпен қарауда. Қарапайым мысал, Мұқағалидың «Қазақстан» өлеңін оқып көрелік:
Жақсы аттанды демессің сүйем десем,
Табынатын тәңірім, ием де - сен.
Адам болып күн кешу қиын маған.
Арқа тұтып, өзіңе сүйенбесем.
Сен менің сүйегім мен қанымдасың,
Жанымдасың, ұятым, арымдасың.
Саған деген махаббат дамылдасын,
Тек сенің топырағыңды жамылғасын.
Өзіңше түсің де ерек, ісің де ерек,
(Сырым бар саған айтар ішімде көп.)
Қомағай көзімді бір тойдыра алмай,
Қорқамын бәрі осының түсім бе деп.
Қазақстан!
Пай, пай, пай!
Ардағым-ай!
Сен менің Шолпанымсың, жанған ұдай,
Өзіңде өмір сүрген қандай бақыт,
Өлмейтін махаббатым, арманым-ай!..».
Қандай ұран бар бұл өлеңде? Ешқандай. Соңғы шумағына дейін кімге, неге арналғанын білу қиын.
Осы ретте басымнан өткен бір қызықты оқиға есіме түсіп отыр. Ауылымның құрылғанына пәленше жыл толуына орай ұйымдастырылған мүшәйрада «өлеңіңде біздің ауыл туралы жазылмаған» деп, бас жүлдені бермей қойған. Ал күлмей көр! Міне, көбінің патриоттық өлеңдерге қоятын өзіндік талабы осыған ұқсас...
Ақыры әдеби бәйгелер жайлы айтып қалдық қой... Қазір осыдан бес-он жыл бұрынғыдай емес, әдеби бейгелердің саны көп, және олардың дені патриоттық тақырыптарды негіз етеді. Ал оған қатысатын қаламгерлердің санын нақты айта аласыз ба? Меніңше, жоқ. Өйткені елімізде, шүкір, қаламгер аз емес. Патриоттық тақырыптарды негіз еткен мұндай жарыстарға қатысушылардың санынан шатассаңыз, бұл да – жас қаламгерлер арасындағы патриоттық тақырыптарға деген ынтаның күштілігінен. Ал бәйгеден жүлделі болып жатқан шығармалар қалай жарияланып, қалай талқыланып жатыр – ол енді басылымдардың редакторларының, әдебиеттанушылар мен әдебиет сыншыларының еншісіндегі әңгіме.
Алтын БЕК ӘЛІБАЕВ,
жас ақын
Патриоттық туындыларға жаңашылдық керек
Алдымен ұлы театрдың киім ілгішінен бастаймын! Патриоттық қойылым десе, міндетті түрде «Абылай ханның басынан кешкендері» немесе «Алтын орда» деген тәрізді тарихи оқиғалар сахналанатынын іштей білеміз. Патриот болуға қалыптасқан ой өрісіміз – тарихи көріністермен болмаса кинотеатрда «Қасым хан» фильмі болып саналады. Бұл идеология жастардың патриоттық сезімдерін ояту үшін қажет шығар, бірақ патриоттық туындыларға модерн, яғни, жаңашылдық керек деп есептеймін.
Замандастарымды – жаңа ғасыр бастаушылары десем де артық айтқаным болмас? Дәл осы сәтте қоғамның жарасын емдегіміз келіп тұрады, бұрынғыдай «Сен қазақсын, алаштың ұрпағысын» деп тіке айтпаймыз, қазақ екенімізді неше түрлі драматургиялық қиялдармен дәлелдеуге тырысамыз. Жаңашылдық көбіне астарлап айтуға реттеліп келе жатқандай көрінеді.
Отан үшін жазылған пьеса керек пе? Мия Алғожаевадан табасыз! «Төңкеріс» пьесасында мектепте болып жатқан дүрбелең, ой еркіндігінің жоқтығы, сатқындық қалай көрініс береді! Бұл пьеса да соншалық қандай патриоттық сезім бар дейсіз?! Тәрбие тал бесіктен! Қоғамда ойың еркін жетпесе, еліңді өтірік мақтай берудің керегі не? Нағыз патриот халықтың талқысында жүрген мәселені жеткізеді, реттелуіне ат салысады. Менің түсінігімде солай!
Патриот болу деген – сахнада көк туды көтеріп алып арлы-бері жүру емес, көрерменге ерекше әсер қалдыра отырып, «Ұлтыма қандай қызмет етіп жатырмын?» деп өзіне-өзі сұрақ қоятындай хәлге түсіру. «Еліңді сүйші, қарындасыңды жылатпашы, бауырыңды өлтірмеші» деп құр жалыну, жылап-сықтау – өнер емес! Жаңа дәуір белгілі бір ғимарат ішіндегі оқиғаны, отбасы арасындағы қақтығыстарды бейнелейді. Отан отбасыдан басталса, ғимарат ішіндегі кезіккен сәттер – «қоғам».
Наурызбай АСЫЛБЕК,
жас драматург
Abai.kz