Түркі инвестициялық қоры құрылады
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.
Қор құру туралы келісімге 2023 жылғы 16 наурызда Түркі мемлекеттерінің ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттер басшыларының саммиті аясында қол қойылды. «Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң түркі әлемінің экономикалық интеграциясының алғашқы бірлескен қаржы институтын құру үшін әзірленді.
ТМҰ-ға 5 мүше мемлекет: Қазақстан Республикасы, Әзербайжан Республикасы, Түркия Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Қырғыз Республикасы Қор құрылтайшылары ретінде тіркелді. Қор құрылымы Президенттен, Басқарушылар кеңесінен, Директорлар кеңесінен, Бас директордан және қызметкерлерден тұрады.
Қордың әрбір мүшесінің дауыс беру құқығы тең. Қордың штаб-пәтері Ыстанбұл қаласында орналасқан. Қор мынадай функцияларды орындайды: жобаларды, атап айтқанда шағын әрі орта кәсіпорындардың жобаларын қаржыландыру, цифрлық инфрақұрылым жасауды және оны жаңғыртуды қолдау, өнеркәсіп өндірісін, көлікті, ауыл шаруашылығын, туризмді, сондай-ақ «жасыл экономиканы» қоса алғанда, өзара мүдделі салаларда даму жобаларын қолдау.
Қордың жарғылық капиталы 500 млн доллар көлемінде болмақ. Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мәліметіне қарағанда, қордың жарғылық капиталы жалпы номиналды құны 350 млн АҚШ долларын құрайтын төленген акцияларға, сондай-ақ номиналды құны 150 млн АҚШ долларын құрайтын тартылатын акцияларға бөлінеді. Қорға әрбір мүше мемлекетке 70 млн АҚШ долларын құрайтын төленген акциядан келеді.
Келісімді ратификациялау Қазақстан Республикасына экономиканың басым секторларындағы, әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жобаларын қаржыландыруды алуға, сондай-ақ ТМҰ өңірі аясында сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
«Түркі инвестициялық қорын құру Қазақстан үшін оңтайлы мүмкіндіктер береді. Біріншіден, көліктік-логистикалық әлеуетті іске асыру мақсатында, қолайлы географиялық орналасқан жерді пайдалана отырып, Түркі мемлекеттері ұйымындағы әріптестермен одан әрі экономикалық интеграцияны нығайту ескерілген. Екіншіден, үздік экономикалармен бірлескен жобаларды іске асыру аясында инновациялар және технологиялармен алмасуға мүмкіндік болады», - деді сенатор Әлібек Нәутиев.
Abai.kz