Есенғали Раушанов: «Бiзде кейде жынды көшеде, ал сау адам жындыханада отырады»
“Жас Алаштың“ тұрақты авторы, көрнектi ақын Есенғали Раушановпен орайы келген бұл сұхбатты жариялай отырып, автордың пiкiрлерiмен келiсу немесе келiспеу әр оқырманның өз еркiндегi мәселе екенiн естерiңiзге саламыз. Қайткенде де ақынның ойлары сiздi бейжай қалдырмасы анық.
– Бiздiң газетте жақында жарық көрген “Арман тауда тұра бермек жаз мәңгi” (23 шiлде, 2013 жыл) деген топтама өлеңдерiңiзден соң редакциямызға көптеген хаттар келiп түстi. Өзiңiзге хабарласқандар да көп шығар?
– Мен телефонымды жоғалтқам, жаңасын әлi алғам жоқ. Анықтамадағы адресiм де өзгерiп кеттi. Сондықтан “мал құлағы саңырау” демекшi, ештеңеден хабарым жоқ.
– Демек, жұрт айтып жүргендей, газет оқымайтыныңыз рас болды ғой. Бұл жолы бiрақ сiздi мақтағандардан гөрi, ашығын айтуға тырысайын, наразылық бiлдiргендер, түсiнбегендерiн ашып айтқандар көп болса ше, оларды да оқымайсыз ба? Өз басым сiздiң газет оқымаймын дегенiңiзге сенгiм келмейдi.
“Жас Алаштың“ тұрақты авторы, көрнектi ақын Есенғали Раушановпен орайы келген бұл сұхбатты жариялай отырып, автордың пiкiрлерiмен келiсу немесе келiспеу әр оқырманның өз еркiндегi мәселе екенiн естерiңiзге саламыз. Қайткенде де ақынның ойлары сiздi бейжай қалдырмасы анық.
– Бiздiң газетте жақында жарық көрген “Арман тауда тұра бермек жаз мәңгi” (23 шiлде, 2013 жыл) деген топтама өлеңдерiңiзден соң редакциямызға көптеген хаттар келiп түстi. Өзiңiзге хабарласқандар да көп шығар?
– Мен телефонымды жоғалтқам, жаңасын әлi алғам жоқ. Анықтамадағы адресiм де өзгерiп кеттi. Сондықтан “мал құлағы саңырау” демекшi, ештеңеден хабарым жоқ.
– Демек, жұрт айтып жүргендей, газет оқымайтыныңыз рас болды ғой. Бұл жолы бiрақ сiздi мақтағандардан гөрi, ашығын айтуға тырысайын, наразылық бiлдiргендер, түсiнбегендерiн ашып айтқандар көп болса ше, оларды да оқымайсыз ба? Өз басым сiздiң газет оқымаймын дегенiңiзге сенгiм келмейдi.
– Мен газет, ТV, спорт және маса мен есектiң неге керегi барына түсiнбеймiн. Есесiне, жылына бiр рет, кейде бiрнеше рет қайталап оқитын дүниелерiм бар. Мысалы дейсiз бе? Мысалы ағаларымды сағынғанда. Қадыр, Тұманбай, Сағи, Жұмекен, Мұқағали, Жарасқан, Кеңшiлiк, Жұматайларды... Қуан ағаң бөлек. Тоқаш көкем, Сырағаң мен Ғафекең екiбастан дегендей. Өлеңдi мен сол кiсiлердiң тұсында бастадым. Менi әдебиетке әкелген солар, солар маған “жаз!” дедi. Ал әдебиетте аты жоқ, заты тағы жоқ, кездейсоқ бiреулерге уақыт шығындаудың не керегi бар? Кез келген Қойтанбайға “мынау өлең былай, мына шумақты былай түсiн” деп бас бармақ, балаң үйректетiп отыру менiң стилiм емес. Әлбетте, қара жер бәрiмiзге жетедi, онда өмiр сүруге әркiмнiң де хақы бар. Тек бұл қағидат әдебиетте жүрмеуге тиiс. Осы тұста бiр әңгiме айтып берейiн, қажет болса газетiңе берерсiз, бермесеңiз, өкпе жоқ. Әлқисса, Ғафекең марқұмнан (Ғафу Қайырбеков) ертеректе Торғай жақта болған Айса деген кiсiнiң “өлеңдерiн” естiгенiм бар едi. Айсаның “жанры” әлi анықталмаған, яки оның “өлеңдерiне” әдебиеттану ғылымы әлi ат қойып, айдар таққан жоқ. Ағылшындар ондай өлеңдердi “Topsy turvy” дейдi, яки балдыр-батпақ, шалдыр-шатпақ бiрдеңелер деген сөз. Бiр мысал: Торғайда ұлан-асыр той өтiп жатса керек, Айса “ақын” отырғанда кiм сөз бастасын, жұрт қоғадай жапырылып бiр ауыздан кезектi әуелi соған бергенде “ақыныңыз” дастарқан басында қатар отырған бiр келiншекке қарап алым жоқ, берiм жоқ ”Майда жал, егеу құйрық құдашам-ай, Менiң де күйеуiм жоқ деп мақтанбашы-ай, Биғаш-ай, Қасыңның қара қиғашы-ай” деп шырқай жөнелген көрiнедi. Қыран-топан күлкiге батқан ел есiн жиған сәт топ iшiнен бiреу тұрып: ”Садағаң кетейiн, Айсеке, ”өлеңiң” керемет қой, бiрақ нақ осы жерде егеуқұйрықтың не қатысы бар едi?” деп сұраса керек, сонда Айсекең аспай-саспай “Ай, баламысың деген, соны да сөз деп сұрап тұрсың-ау, өлең болған соң ұйқасы болмаушы ма едi!” деп жұрттың тағы iшек-сiлесiн қатырса керек. “Еленбей жүрген талай есiл ерлердiң”, оны айтасыз, еленiп жүргендердiң де арасында поэзия туралы бiлiгi сол Айсекеңнiң “өлеңiн” еске түсiретiндер қаншама?! Бұл кемсiту емес, кекету де, мазақтау де емес. Бұл –шындық. Мен көрiп отырған шындық. Сiз көрiп жүрген шындық басқа болса, патша көңiлiңiз бiлсiн.
Асылы, адам шамасы келетiн, өресi жететiн iспен айналысуы керек. Өлеңде бүгiнгi прозадағыдай, бүгiнгi журналистикадағыдай, не заманауи әдебиеттанудағыдай орта тұс деген болмайды. Өлең не бар, не жоқ. Осы екеуiнiң бiреуi. Атын келесi жолы айтайын, филология ғылымдарының докторы, көне әдебиеттiң “бiлгiрi” (өйткенi ол Қытайдан келгенде “ұсыли жадидтi” оқып келген) бiр ағаларың бар, сол кiсiнiң Абайдың “Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?” деген тармағын талдауы былай: “Абай не деген ғаламат ақыл иесi, ол осы өлеңiнде жердiң бетi құрғақ боп кеуiп жатса да астыңғы қатпары суық және ызғарлы, сызды болатынын бұл жағдаятты көр қазғандар жақсы бiлетiнiн қалай дәл басып айтқан десеңiзшi. Өйткенi жас кезiнде Абай да талай тобықтының көрiн қазған ғой”.
– “Алматының аспанында бұрын жұлдыз болған емес” деген жолыңызды түсiнбегендер көп. Өзiн-өзi атып өлтiрген ақын туралы өлең де екiұдай пiкiр туғызды. Жақында бiр сайтта сiздiң бала кезден бiрге өскен Жолтай Жұмат деген досыңыз эссе жазып, тағы да баяғы “Әйелден ақын шықпайды” деген жырыңызды әйелдердi қорлау дегенге сайды, бұған не айтасыз?
– Мен екi өлеңге түсiнiк бермеймiн. Бiрi – “Қара бауыр қасқалдақ”, екiншiсi –“Әйелден ақын шықпайды”. Бiрақ менiң Жолтай Жұмат деген досым да, танысым да жоқ. Болған да емес. Бала кезде тiптi де болған емес. Әдебиетте ондай атты естiмеппiн де. Бәлкiм, Жұмат Тiлепов шығар, сондай ғалым бар, ҚазҰУ-де сабақ бередi. Бiрақ ол өзi де кезiнде өлең жазған, поэзияны бiр адамдай түсiнетiн кiсi. Жаңағыдай “әйелдi қорлады” деген қылмыстық iс қозғауға дайындалған жандармериялық тұжырымды процессуалдық факт тұрғысынан ол айтпайды. Жоқ, бiлмеймiн. Бәлкiм, бiреудiң псевдонимi шығар, ондай-ондай болады. “Ағайыны едiм, досы едiм, бiрге өсiп едiк, бiрге iшiп едiк” дейтiндердi естiп жатамын, бiрақ шыным сол, солардың көбi бiлмейтiн кiсiлерiм боп шығады. Қалай болғанда да, сiз оған айтыңыз, эссе жазса рақмет, сынаса да рақмет, қорлау десе де рақмет. Бiрақ түсiнiгi бағанағы Айсекеңнiң түсiнiгi секiлдi ондай Жолтай, Балтайларды оқуға уақытым жоқ, уақытым болса да оқымаймын.
“Алматының аспанында бұрын жұлдыз болған емес” дегенге сенбегендер тап бүгiн түнде бажайлап қайтадан бiр қарап көрсiн, жұлдыздар қазiр де жоқ. Ал мен өлең жазып жүрген жылдары жұлдыздар сұмдық көп болатын.
– Қазiр қай ақыннан сұрасаң да қазақ ауыз әдебиетiнен үйрендiм дегеннен жаңылмайды. Осылай айтсам қателеспеймiн дейтiн болса керек. Қалай ойлайсыз, осы жасандылық емес пе?
– Би ағаң айтпақшы, “Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры” фольклор боп тұр ғой бүгiнде. Әдебиеттанудың терең бiлiм, биiк интеллект, жоғары мәдениеттi, қысқасы талантты қажет ететiн өзге салаларына барудың орнына Атырау қазақтары айтатын “балық тереңдi, ер ерендi сүйедiнi” жоққа шығарып (мысалы, әдебиет теориясы, бүгiнгi тенденциялар, заманауи проблемалардың әдебиеттегi көрiнiсi, шетел әдебиеттерiмен байланыс, қазақы өлеңнiң техникасы және т.б), баяғы сол жуас түйе жүндеуге жақсының керiмен айта беретiн ауыз әдебиетiн айналдыру салтқа айналды.
Ал ендi сiз бен бiз бала кезiмiзден бiлетiн “Елiм-ай” екi-үш шумақ өлең едi, екi-үш шумақ болса да көркем, көңiлге қонымды, сай-сүйегiңдi сырқырататындай зарлы болатын, “бiлетiнiң бiр тоғыз, бiлмейтiнiң тоқсан тоғыз”, жоқ, ол көш-құлаш дастан екен, оны Қожаберген деген жырау жазыпты. Бұны аз десеңiз, ол “Елiм-ай” аттас ән де, күй де шығарыпты-мыс. Болсын. Болғаны жақсы емес пе? Тарихта Қожаберген деген жыраудың өткенiне сенемiн.Оның ғажап қолбасшы болғаны да күмән туғызбас. Тiптi КПСС тарихының бiлгiрi болған, марқұм тарихшы М.Қозыбаевтың өлерiнен сәл бұрын Жамбыл Жабаевтың атынан жазған “Атыңнан айналайын Қожаберген, Мен-дағы ұрпағыңмын соңыңа ерген, Жолыңды кес-кестемей дана баба, Жамбылмын өз елiңдi қайтып берген” деген керемет көркем, ақындықтың шырқау шыңына жеткен ғажайып шумағындағы ғаламат ұсыныстың жүзеге асуына да қолдау танытар едiк. Бiрақ менiң сенбейтiн бiр нәрсем бар. Мен сенбесем, оның осыншалақты нашар ақын болғанына сенбеймiн. Әлқисса, “Баба тiл”деген дастанын тыңдап көрiңiз:
“Шағатай тiлi – топтық тiл (?),Сөз қоры(?) аз басқадан. Ескi тiлге(?) айналып, Кәдеге кейiн аспаған. Шағатай тiлi таза емес, Арап-парсы сөзi аралас, Екi жүз жыл бұрын тоқталған, Көне тiлмен қарайлас...Татар тiл мен қазақ тiл, Төркiнi бiр болса да, Айырмасы едәуiр, Кемелденiп толса да. Ескi түрiк тiлiнен, Сөз негiзi сақталған, Сөздiң шығу төркiнi, Сол көнеден басталған” деп заманауи түркiтану iлiмiнiң жықпыл-жыраларын бiр шарлап кетiп, ендi бiр сәт өзiнiң кiм екенiн таныстырарда: “Жетi жарғыны” жазуда, Жетекшi болдық,шынымен. Көп санастым асықпай, Елiмнiң мақсұт, мұңымен” дейдi. Оқырман осы сөзiме сенбей қалмады ма екен дегендей келесi шумақта “Жетi жарғыны”жазуда, Еңбек еттiм бiрталай” деп авторлығын тағы қайталап нақтылай түседi...
Мұның алдында “Елiм-ай” деген дастанды да, күйдi де, әндi де басқа емес, өзi шығарғанын айтып ескерткенi есiмiзде. Ол қазақтың жүген-құрық тимеген арда кезi, актив лексиконда “мен” дегеннен гөрi “бiз” деген есiмше көбiрек қолданылғаны мәлiм. “Мен iстедiм дегенше, бiз iстедiк десейшi” деген тiркестер сол шалдардың заманынан қалған. Мен ана күйдi шығардым, бала-шаға, қатын-қалашты шөппен емдедiм, дастан жаздым, “спец группаға руководить еттiм” деген секiлдi сөздердi ол заманның апайтөс ақындары ауыл-аймақтың iшiнде, бота-тайлақтың арасында айтылатын уақ-түйек, майда-шүйде, қиқым-сиқым әңгiме ретiнде қараған. Ал Қожекең жарықтықты авторлық құқық мәселесi қатты толқытқан секiлдi. Ол абыз кеуделi арда жырау да емес, жер қайысқан қалың әскердi бастаған алып қолбасшы да емес, аудандық “Қазақ тiлi” қоғамының зейнетке шыққан соң балаларға ақыл айтып жүретiн шаласауат қызметкерi секiлдi сөйлейдi: “Айналайын, боздақтар, Аралас тiлге үңiлме, Баба тiлдi қадiрле, Болашақтан түңiлме” деп жалаң үгiт, жадағай сөзге салып сыдырта жөнеледi.
Қазiр жер-жерде құрылып, бiрақ мандытып жұмыс iстей алмай жатқан “Қазақ тiлi” қоғамының дабыл ұрандары бұдан гөрi таланттырақ емес пе?
Текстолог-ғалымдар әр ғасырдың өз сөз саптаулары, сөз қоры, оны қолдану жүйелерi болатынын айтумен келедi. Бүгiнгi айналымдағы көп сөздер Ахмет Байтұрсыновтың “Қазақ” газетi арқылы 1913-14 жылдары қазақ тiлi нормаларын қалыптастырудағы орасан еңбектерiнен соң орнықты. Сiз бен бiз пайдаланып жүрген “сөз төркiнi”, “негiз, сөз негiзi”, “еңбек, еңбек сiңiру, еңбек ету ”, “құрылым”, “топ”, “тап”, “өсiмдiк”, “ана тiлi”, “жетекшiлiк” деген секiлдi сөздердi алғаш қолданысқа салған Ахаң болатын. Бұл жөнiнде белгiлi текстолог, мұратанушы-ғалым Ғ.Әнес мырза жазып та, айтып та жүр. Бiз ғалымдарға құлақ аспаймыз, ғылыммен айналысып жүргендердiң сиқы анадай. Баяғыда Ғабең марқұм (академик жазушы Ғабит Мүсiрепов) Қазақстан Жазушылар одағында заманауи қазақ тiлi мен қазақ әдебиетi проблемаларына арналған арнайы конференцияның өтуiне мұрындық болған едi. Бүгiнде ондай ауызы дуалы ақсақалдарымыз аз.
Бiз неге сенбеймiз? Бiз жасандылыққа сенбеймiз. Бiрiншiден, Қожаберген өмiр сүрген тұстағы қазақ өлеңiнiң көркемдiк деңгейi бұдан әлдеқайда жоғары болатын. Ол тұстың от тiлдi, орақ ауыз ақындары тап мынау сықылды әрiсi “Егемен Қазақстан”, берiсi “Ана тiлi”газетiнiң лексиконын пайдаланып өлең жазбағаны (егер жазғаны ақиқат деген күннiң өзiнде) анық. Ол заманда қазақ абыздарын тiл тану ғылымынан гөрi басқа мәселелер қатты толғантты. “Ораза, намаз тоқтықта” дегендi айтпай-ақ қоялық, бiрақ ол кездiң жыраулары көркем сөйледi, жерiне жеткiзе сөйледi, Бұхарекең бастаған, Үмбетей, Тәтiқара, Көтеш секiлдi сөз зергерлерi Абылай маңында топтасты. Әрқайсысы жеке-жеке тау секiлдi емес пе едi? Салыстырып көрiңiз, заман лебiн, заманға лайық өлең дауылын айқын көресiз.
Әдеби және ғылыми айналымдарға кеше түскен тiл таным терминдерi, бүйрегiнен сирағы шығып тұрған насихат, күлдiбадам үгiт, қарапайым емес, қарабайыр оралымдар, поэзияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын көсемсөзшiлдiк, олақ тiлшi жазған шолақ мақаланың сөз саптаулары Қожабергенге абырой әпермейдi.
Осы да өлең бе? Осыны Қожаберген секiлдi жыраудың қаламынан шықты деп қалай айта аламыз? Қаламды қимасақ, аузынан шықты деп қалай айта аламыз? Атаны сыйлау керек, ал мынау – сыйлау емес, қорлау. Ескi қазақтан қалған бiр анайы мақал бар “көтергенiң не керек...” деп басталады, ар жағын айтпаймын. Алдыңғы буын бiледi, ертеректе арнайы бiлiмi болмаса да, ел iшiнен фольклор жинадым деп редакцияларды аралап жүретiн Қаратай Биғожин деген кiсi болды. Марқұмның жиған-тергендерiнiң арасында асылынан жасығы көп екенiн бiлетiн Ғафекең (Ғафу Қайырбеков) оның “Жұлдызға” ұсынған “Ел аузынан”деген топтамасын оқып көрiп “Өлеңiң өзiң сияқты екен” деп қуып шыққаны бар. Расында, осындай досқа күлкi, дұшпанға таба мүгедек “толғаулар” сол Қаратай марқұмның қоржынында көп болатын. Артық қыламын деп тыртық қылу сол секiлдi “iздеушiлердiң” қолтаңбасы емес пе екен деген ой келедi...
Мен бiр ғана мысал келтiрдiм. Келесi жолы сiз де бiр мысал келтiрiңiз, жұртты сайрата бергенше... Әдебиет шындықты айтса оңалады...
– Осындай даулы шығармаларды талдап, талғам таразысынан өткiзу Қазақстан Жазушылар одағының iсi емес пе?
– Жоқ, ол – баршамыздың iсiмiз. Мысалы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының, А.Байтұрсынов атындағы Тiл бiлiмi институтының, Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының да жұмысы. Бiрi көркемдiк деңгей-дәрежесiне, екiншiсi сөз құрылымдары, айналымға салып отырған тiркестерiне, пайдаланып отырған терминдерiне дәл, әдiл баға бере алса (бере алатынына сенемiз), артық даудың керегi жоқ. Бұдан Қожабергеннiң абыройы кемiп қалмайды, кемiсе қолдан тарих жасағандар мен өтiрiк өлеңшiлер анықталып, солардың абыройы кемидi. Асылы, бұрынғы шалдарды жоқ жерден композитор, жоқ жерден әншi, күйшi етудiң керегi жоқ, олардың өз абыройлары өздерiне жетедi. Сол таза қалпында қалса да аз бақыт емес. Есек мiнгендi есек мiндi деу керек, оны арғымақпен жүретiн едi деп өңеш жыртудың түкке керегi жоқ. Ол есегiмен-ақ талай аттыны шаң қаптырған. Әңгiме оның алтын зерлi шапан киген-кимегенiнде емес, алтын сарайдай көкiрегiнде.
Ал Жазушылар одағы дегенiңiзге келсек, оның осыншалықты құлдыраған кезi жоқ. Ол кешегi қазақ тiлi әбден тұралаған кезде де дәл мұндай бейшара халге ұшырамаған. Бiр мысал айтайын. Ұлт көсемi атанып келе жатқан қыршын жас Алтынбек Сәрсенбайұлы опасыздықпен өлтiрiлген соң жаназасы Ғылым Академиясында шығарылды. “Шындықты айтпаймыз ба?” деп сұрадым төрағадан. “Сондағы Мәриямның айтқан сөзi” былай болды: “Шындықты айтқандардың не болғанын көрiп тұрған жоқсың ба?” Мiне, сiзге позиция, мiне, сiзге ақындық.
– Ағаларымды сағынамын дедiңiз, бұл жалғыздық па, әлде досы жоқтық па? Ақындар қалай бағалануда?
– Дос аз, ол рас. Көп деген ол таныс-бiлiстер, ал достар қай кезде де аз. Әсiресе, мен сияқты адамның досы көп болуы, дос дейсiз, тiптi араласатын адамдарының көп болуы да мүмкiн емес қой. Мен оны жақсы түсiнемiн және соған көнгенмiн де. Жұмекен Нәжiмеденов дұрыс айтқан: “Қашан ғана тарқар екен бұл базар, Оңаша бiр кешiм едi жыр жазар”. Тұманбай ағамыз “Қонаққа барсам тезiрек, Тұрады үйге қайтқым кеп” деп жазғанда менiң жасымда екен.
Мен өзiмнен бұрынғыларды көп оқыдым. Жақсы көретiнiм де содан. Бiрде Тұмағаң “Қалай ойлайсың, мен өлген соң мына Мұқаш ағаңа (Мұқағалиды айтады) қойғандай маған да ескерткiш қоя ма?” деп сұрады. Төбемнен мұздай су құйып жiбергендей болды. “Сiз өлмейсiз!” дедiм тура Құдайдың Қазақстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсi секiлдi. Сол жолы “Әй, шырағым-ай, ондай сөзге сенетiн кезден мен өтiп кеттiм ғой, қоймаса қоймасын, тек Дәурендi қорламаса екен бүйтiп...” деп жалғыз ұлының болашағы үшiн қорқып, көзi жасаураған қайран ағамның көңiлiн көтерейiн деп, бiздiң ауылдың бiр әңгiмесiн айтып бердiм. “Тұмаға, бiздiң елде “Жеменейге ұзатылған апаң айтпақшы” деп басталатын әзiл-шыны аралас цикл әңгiмелер бар. Жеменей дегенi – мына профессор Жауынбай Қараев iнiңiздiң ауылы. Бiздiң бiр апамыз бойжеткен соң, бала кезiнен айттырылған Жеменей ауылының бiр жiгiтiне ұзатылады. Ол күнде қазақ көшiп-қонып жүредi. Сол жылы қыс қатты болып, қар қалың түседi де, апамыздың соңынан ешкiм iздеп бара алмаса керек, келесi жылы қыс қыстауға құлағанда соңынан ат терлетiп, ара қонып жеткен iнiлерiне жылап көрiскен апамыздың ашуға булығып айтқан сөзi екен дейдi: “Ауылымның қонған жерi Торы ат тағы, Басына қарға-құзғын қонақтады, Сендер iздемесеңдер, iздемей-ақ қойыңдар, Сендер апа демесеңдер демей-ақ қойыңдар, Құдай апа десе болад-дағы”. Сол менiң Жеменейге ұзатылған қожанасырлау апам айтпақшы, ресми билiк қоймаса қоймасын, Сiз елiңiздiң жүрегiне жырдан Ескерткiш соққан ақынсыз, Тұмаға”.
Сөйткен Тұмағаңның ескерткiш тұрмақ, ең болмаса өзi туып-өскен ауылға атын да қимай отырмыз. Оны айтасыз, өзi өлердей сүйген Алматысында бiр көшенiң аты берiлген жоқ. Марқұм Масанчи атындағы көшеде тұрды. Масанчи деген кiм едi? Мағаз Масанчи атышулы революционер болды, Жетiсуда Кеңес өкiметiн ортату жолында күрестi, Қазақстанның басқа аймағы ондай дүнгендi бiлмейдi де. Алаш баласы үшiн ол жасаған төңкерiстен гөрi қазақ руханиятында Тұмағаң жасаған өзгерiстер құндырақ емес пе? Тұмағаңның ауданының аты – Еңбекшi қазақ, ауылының аты – Казатком, осының екеуi де келiсiп тұрған ат емес. Асылы, өзгерiс (қай өзгерiс те) өлiлерге емес, тiрiлерге керек. Ештеңе өзгермесе де Тұмағаңның ештеңесi кетпес, Қадыр тiрiлiп келiп, өз атына көше сұрамайды. Ахметжан Есiмовтiң Сағи Жиенбаев деген ақынның өлеңi тұрмақ, атын естiмегенiне өз басым қатты сенемiн. Есiмов естiмеген нәрсе көп, бiрақ бұл естiмей кетедi деген сөз емес, бәрi үшiн жауап алынады ертең. Бiр кездегi Мемлекеттiк хатшы Қанат Саудабаев туралы зиялы қауым не айтпады, не жазбады, бiрақ оны құлағына iлген ешкiм жоқ, ендi шулай бастадық.
Бiр қызығы, белгiлi бiр топ бар, олар суға батпайды, отқа жанбайды. Халықпен санасу дейсiз? Американдықтарда ылғи бiр фразамен яки “Кiсiнiң күлкiсiн келтiрмей тыныш отыршы!” (don’t be ridiculous, please!) деген сөзбен аяқталатын анекдоттар топтамы бар.
– Ең қиналған, ең қуанған сәттерiңiз туралы айтасыз ба?
– Жоқ, айтпаймын. Ондай жылауық, жылбысқы, жылымшы сұрақтарды әйелдерге немесе әйел сияқты еркектер болады, соларға қоярсыз.
Рас, кешегi қанқұйлы Жаңаөзен оқиғасынан кейiн ауруханада жатып шықтым. Желтоқсанның ызғырығында Алматыда оқып жүрген бiздiң елдiң (менiң атамекенiм сол Маңғыстау) балалары келiп, “аға, не iстеймiз?” дегенде жауап таппай қатты қиналдым. Әлдекiмдер оларға “әкелерiң көтерiлiске қатысса, өздерiңдi оқудан шығарамыз” деп қоқан-лоққы көрсетсе керек. Онсыз да жарылуға сәл-ақ қалып тұрған жастардың ашу-ызасын туғызған тағы бiр жайт, ауылмен, бүкiл Маңғыстаумен телефон байланысын үзiп тастағаны болды. Түрлi өсектер тарады. Облыс әкiмшiлiгiне, Қырымбек Көшербаевқа, тiптi болмаған соң үйiне телефон шалайын, алмайды, орынбасарларының телефондары да сөндiрулi. Ауылға, шешемнiң үйiне звандасам, түк естiлмейдi. Алматы мен Астана ду-ду гәп. Әр жер-әр жерден “Маңғыстау сепаратизмi” деген сөздер естiлiп жатты. Қазақ демей, бөлiп алып, “Адай бұзықтары” дегенге құлақ үйрене бастады. Билiктiң бұдан да сорақысына баратынын, ешкiмдi аямайтынын, арамнан тапқан малын сақтап қалу үшiн қазақтың қанын судай ағызуға дайын екенiн жақсы бiлгендiктен он екiде бiр гүлi ашылмаған студент жастарды қазаға, бәлеге ұрындырмаудың барлық жолын қарастыру керек болды. “Сендерге ешкiм тимейдi, оқудан шықпайсыңдар” дегендi ресми өкiлетi барлардың аузынан айтқызғанша жаным тынбады. Бекер қырылмаса екен деген ой болды. Керемет ерлiк жасадым демеймiн, бiрақ балалардың оқудан шықпай аман-есен қалуына септiгiм тигенiн бiлемiн. Ал адам өмiрiн аман сақтап қалудан артық не бар? Мен екi жүзге тарта студенттi Қазақстан Жазушылар одағына жинап жатқанымда ескi Үкiмет Үйiнiң тасасына тығылып үш автобус ОМОН сарбаздары аңдып тұрғанын да бiлемiн. Кешке менiң үйiмдi торуылдап жүргендердi де бiлемiн. Келесi күнi кеңкебайдың кеңкелес баласы мен серкебайдың еркемсоқ баласы мен туралы не жазғанын да бiлемiн. Сол жолы мен әлгiлер айтақтағандай “ал кеттiк, ал аттан, көтерiлейiк!” деп ұрандатсам, қанша баланың обалына қалар едiм? Асылы, саясатта да, өнерде де ауру адамдар жүрмегенi мақұл. Жындыны, Құдай аясын, жындыханада ұстаған жөн. Бiзде кейде керiсiнше жынды көшеде, ал сау адам жындыханада отырады. Бiрсыпыра ел менi “неге Жазушылар одағына жинадың, неге Оразалин сөз сөйледi?” деп күстаналады. Қала әкiмшiлiгiнiң сол кездегi бөлiм меңгерушiсi, менiң досым К.Матыжанов пен әкiм орынбасары С.Сейдуманов куә, ол күндерi Жазушылар одағынан басқа ғимаратта бос зал болған жоқ. Үйiме жинауға Маңғыстаудың барлық студенттерiн сыйғыза алмас едiм, бос зал iздегенде тапқанымыз одақ болды.
Менi қуандырған бiр нәрсе, сол күндерi маңғыстаулық студенттер жалғыз болған жоқ, Алтай – Атырау арасын жайлаған Алаш жастарының бәрi де менiң iнi-қарындастарыммен бiрге жүрдi, солардың мұңын мұңдап, жоғын бiрге жоқтасты. Маңғыстау жат iшiндегi жалғыздай жеке қалған жоқ. “Ел екенбiз ғой, ұлт боп қалыптасыппыз ғой” дедiм iштей мақтанып. Жүректi қойшы, ол ауырады, қояды... Ресми билiктiң өздерi ойдан шығарған сепаратизм деген сандырағына ылыққан ешкiм болмады. Билiк жеңiлдi, билiк оңбай құлады, билiк әлсiздiк танытты, өйткенi ол күш қолданды. Құлдан туған құл баулылар атасы басқалығын танытты, өзекке тепсе кетпес өз ұландарымыз нағыз қазақ екенiн көрсеттi. Кейбiр алжығандардың “оларды қабырғаға тақап қойып ату керек” дегенiн, “Маңғыстауға басқа жақтан оралман келмесiн” деген сандырақтарын, Астананың тапсырмасымен Үкiметтен барған жуанқараның әйелдермен әйелдерше салғыласып ұрысып “су мылтықтың” астында қалғанын, “Хабар”мен “Қазақстан” телеарналарының төккен нәжiс, ақтарған қоясы мен құсығын есепке алған ешкiм жоқ. Сол бiр текешiк тiлшi мен ешкiбас журналист әйел қазiр жоқ. Қайда кеткенiн ешкiм бiлмейдi...
Мен ол күндерi бiр-ақ нәрсенi ойладым, қалай болғанда да жастар қырылмауы керек. Басқасын кейiн көре жатармыз. Өйткенi, 1986 жылғы Желтоқсанды көзiмен көрген адаммын, қазақты өзге жақтан солдат әкелiп сабатты деймiз, сол сөздiң көбi өтiрiк, таяғын шошаңдатып “шешеңдi де әкеңдi...” деп аласұрып жүрген өзiмiздiң қазақтың милициялары едi. Тура сондағыдай Жаңаөзенде де жас балаларды қуалап жүрiп атқан қазақ полицейлерi болды. Менiң Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрiне қояр сауалым жоқ, ол халықтың сұрағына жауап бермесе бермесiн, ертең Құдайдың алдында жауап бередi, ол құрықтан қашып құтылған ешкiм жоқ. Мен өз iсiм үшiн өзiм жауап бермесем, ертең балам жауап бередi. Ал адам баласы перзентi үшiн өмiр сүредi ғой, егер ол шынымен адам болса. Тек түсiнбейтiн бiр нәрсем бар. Полицияға сондай адамдарды қайдан ғана тауып алады екен, а..?
Кейiн “Жазушы” баспасы “Жадымдасың, Жаңаөзен”деген кiтап шығарды. Кiтапты алуға келген бiреулер тақауда Жаңаөзен жендеттерiнiң аты-жөндерiн жариялау туралы ұсыныс жасады. Ондай тiзiм менде жоқ, бiрақ тiзiмнiң басында кiмдер тұратынын бiлетiн секiлдiмiн. Ол жендеттердiң әке-шешелерi бар, қарындастары бар, бала-шағалары бар, ертең бәрi ашылады.
Жастардың екiншi рет келiп ақыл сұрағаны билiктiң Жаңаөзендi “Бекет Ата” қаласы деп өзгерту керек деген ұсынысын қолдау, қолдамау туралы болды. Әлбетте, мұндай аярлыққа жол бермеу керек едi. Билiк екiншi рет жеңiлдi. Ол өзiнiң шаршағанын, жаңа идеялардың жоқтығын, халықпен арасы мүлде алшақтап кеткенiн, бүгiнгi Қазақстанның бұдан он жыл, тiптi бес жыл бұрынғы Қазақстан емес екенiн, қазақша айтқанда, басқарманың қожырай бастағанын тағы бiр рет дәлелдедi.
Маңғыстаумен ойнауға болмайды!
Маңғыстау туралы менiң айтарым бұл ғана емес. Бұл – басы ғана. Бүгiнгi әкiмшiлiкке елдi басқару мүлде қиын тиiп отыр. Жаңа басшылық қанша тырысқанмен елдiң сенiмiне ие болу қиын. Жағдай мәз емес. Әлеуметтiк салада iлгерi басу – жоқтың қасы. Осыдан он жыл бұрынғы Маңғыстау сол Маңғыстау, Жаңаөзен сол Жаңаөзен. Оң өзгерiстер аз. “Форбос” журналының мәлiметi бойынша, аз-ақ жылда миллиардтаған ақша тапқан анау iнiмiз бен мынау қарындасымыз сол мұнайдың арқасында байып отырып, сол Маңғыстауға иненiң жасуындай жақсылық жасауға жарамаса, оны қайсы көргендiлiкке жатқыза аласыз?
Ауруды жасырмау керек. Билiк кадр саясатында адамның қиялына келмейтiн, ақылға мүлде сыймайтын iстердi iстеумен келедi, оны түсiну мүмкiн емес. Сөйтiп, өзiн-өзi абыройсыздыққа ұрындырды. Оның объективтi және субъективтi себептерi бар. Бiр сәтi түскенде ол туралы кеңiрек әңгiмелеп берермiн. Ал сiз қиналған сәттерiңiз болды ма дейсiз... Жүректi қойшы, ол ауырады...
– Алдағы жоспарыңыз, не жазып жүрсiз?
– Жазып жүргенiм жоқ, оқып жүрмiн. Сiз де сөйтiңiз, оқуға дендеп кiрiссеңiз болды, жазу жайына қалады. Асылы, қолдан келсе жазбағанға не жетсiн. Әсiресе, өлеңдi.
– Әңгiмеңiзге рақмет!
Әңгiмелескен Әмiр Нұртайұлы
«Жас Алаш» газеті
Тақырып өзгертіліп алынды. Түпнұсқадағы тақырып: «Қолдан келсе жазбағанға не жетсiн!»