Мемлекет саясаты: Әрбір азаматқа қамқорлық...
Әлеуметтік топтарды қолдауға бағытталған мемлекеттік шаралардың жүзеге асуының көрінісі...
Қазақстан халқының саны 19 миллионнан асты, құрамы бойынша көпұлтты, көпконфессиялы, әртүрлі әлеуметтік топтар мен таптардан құралған. Мемлекеттегі әлеуметтік топтардың әртүрлі болуы да мемлекеттің даму саясатының көп қырлы және векторлы болуына итермелейді. Дегенімен, осындай мемлекеттік саясаттың басты мақсаттарының бірі ол елімізде халықтың тұрақты және қауіпсіз өмір сүруіне, олардың құндылықтары мен қажеттіліктерін қамтамасыз ету кезінде әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздік белгілерін жоюға, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған.
Отыз жылдан астам тәуелсіз мемлекет ретіндегі уақытында біздің елімізде әртүрлі әлеуметтік топтағы адамдардың жақсы өмір сүрулеріне жағдай жасалған. Мемлекет өзінің азаматтарына кешенді қолдау жасау арқылы, мемлекеттің дамуына бағытталған. Бұл мақалада, жалпы Қазақстандағы мемлекеттік бағдарламалардың әлеуметтік топтағы адамдардың жағдайын жақсартудағы тиімді тұстар айтылатын болады, бұл мемлекеттің қазіргі кездегі халқының жағдайына шолу жасауды талап етіп отыр.
1. Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар
Ұлттық статистика бюросының 2023 жылдың наурыз айында жүргізген «Халықтың өмір сүру сапасы» сауалнамасының нәтижелері бойынша респонденттердің 41,8%-ы өз өмірлеріне қанағаттанатындықтарын айтты, олардың үлесі ауылдық жерлерде жоғары екендігін атап өткен жөн – 46,5%, ал қалада 39,6%-ды көрсеткен. Ал егер осы көрсеткіштерді қазақстандықтардың жынысына сай бөліп қарасақ өз өміріне қанағаттанатын ерлердің үлесі – 45,4%, ал әйелдер 39,5%. Бұл дегеніміз, елімізде өз өміріне қанағаттанатын ерлердің әйелдерге қарағанда көбірек. 2022 жылғы ұқсас сауалнамамен салыстырғанда респонденттердің өмірге қанағаттану деңгейі 0,5 пайыздық тармаққа өсті (2022 жылы – 41,3%). Қазақстандықтардың өз өмірлерімен қанағаттану деңгейі 2023 жылы 2021 жылғы деңгейден 19,5 пайыздық тармаққа төмен екенін атап өтеміз (2021 ж. – 61,3%).
Қазақстан ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап мемлекеттің экономикалық бағдарда дамуының мақсаттары қарастырылған болатын, бұл елбасының халқына жолдауында айтылды. Өзінің тәуелсіз мемлекет ретіндегі тарихында еліміздің халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайының едәуір жақсарды деп ойлаймын, сондай-ақ мемлекетімізде барлық салада экономикалық дамудың жақсарғандығын, ал бұның халыққа тигізген пайдасының зор деп ойлаймын. Дегенімен, Қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін мемлекет тарапынан көптеген шаралар жасалуда.
Жоғарыдағы зерттеудің нәтижесіне қарап тағыда халықтың материалдық жағдайына байланысты сәттерді де айтып өту маңызды болып отыр. Оның нәтижесі бойынша зерттеуге қатысқандардың 72,2% өздерінің материалдық жағдайын орта деңгейде екендігін, ал 0,3% респонденттер жағдайларының нашар екендігін, 1% респондент өздерін толығымен қамтамасыз етілгендер тарапына жатқызған. Тұтастай алғанда, бұл көрсеткіштің динамикасында қамтамасыз етілудің басқа деңгейлері есебінен төмен және жоғары деңгейлер есебінен қамтамасыз етудің орташа деңгейінің үлесінің артқанын байқай аламыз.
Қазіргі кезде қазақстандық үй шаруашылықтарының табысының төмен және орташадан төмен деңгейінің негізгі себептері төмен жалақыдан (92,7%) және төмен зейнетақыдан (1,4%) болып табылады. Жұмыс жағдайына қарай жұмыс істейтін халықтың 94,4%-ы жалақының төмендігі басты себеп деп атаса, жұмыссыздар арасында 78,5%-ы ақы төленетін жұмыстың жоқтығы басты себеп деп атаған болатын.
2023 жылдың бірінші тоқсанында есептелген халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 168 097 теңгені құрады, бұл 2022 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 18,1%-ға жоғары, көрсетілген кезеңдегі нақты ақшалай кіріс 1,6%-ға азайды.
2023 жылдың 28 наурызынан бастап «2029 жылға дейін халықтың табысын өсіру бағдарламасы» қабылданған болатын, ол бойынша «Бұл бағдарлама қазақстандық азаматқа, оның әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Басты мақсат – азаматтардың, соның ішінде ауыл тұрғындарының табыс деңгейін арттыру. Бағдарлама бюджет пен кәсіпорындар есебінен жалақыны тікелей арттыруға ғана емес, адами капиталды дамытуға, кәсіби дағдыларды арттыруға, еңбек өнімділігін арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын алатын орта және ірі кәсіпорындардың бірлескен жауапкершілігін қамтамасыз етуге, жалақыны арттыру және халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бағытталған», - делінген бағдарламада.
Қазақстанда мемлекеттік бағдарламалар мен Президенттің жолдауында да, баяндамаларында да халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен табысын арттыруға шарашалар қабылдау қарастырылған. Аталған жағдайды жақсарту бойынша да көптеген мүмкіндіктер де жасалған, дегенімен барлық біздің өзіміздің қолымызда екендігін ұмытпауымыз керек. Яғни, әрбір қазақстандық өзінің әлеуметтік-материалдық жағдайын жақсарту кезінде өзінің ақылына, адал еңбегі мен түзу ниетіне жүгініп жақсы өмір сүруге әрекет етуі керек деген ойдамын.
2. Қазақстанда мүгедек жандардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту шараларының жүзеге асуы
Қазақстанда 19 миллионнан астам халық бар, ал онда 700 мыңнан астам халықтың мүгедектігі бар. Біз ортақ, барлығына ортақ мүмкіндіктер мен қажеттіліктерді қанағаттандыруды жүзеге асыратын мемлекеттің азаматтарымыз. Дегенімен, кейбір мәселелерге келген кезде мүгедектігі бар адамдардың жағдайын жасау, олардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету мен жақсы өмір сүрулерін қамтамасыз ету керек сәттеріміз бар. Сондай-ақ, мүмкін бұл әрекеттерді атқару мен жұмыстарды орындау үшін де уақыт керектігі анық, дегенімен қоғамды әрдайым жақсарту мен өмір сүру сапасын арттыруға шараларды үзбей жасау керек.
Ажар Гинияттың сөзі бойынша: «Мүгедектік халық денсаулығының маңызды көрсеткіштерінің бірі болып табылады және әлеуметтік және емдеу-алдын алу шараларының сапасы мен тиімділігінің көрсеткіші бола алады. Мүгедектік проблемалары медициналық, әлеуметтік және кәсіптік салаларға әсер ететін ведомствоаралық сипатқа ие. Созылмалы аурулардың ауыртпалығы мен халықтың қартаюына байланысты мүгедектер саны өсуде» деген болатын.
2022 жылдың 1 қаңтарындағы деректер бойынша елімізде 700 мың мүгедекті бар адам, соның ішінде 18 жасқа дейінгілердің саны 98,3 мың екендігі белгілі болды. Барлық себептер ішінде 18% мүгедектік жағдайы ол психологиялық ауытқулардан орын алған, ал 15%-ы қан айналымының бұзылуы салдарынан орын алса, 12% жарақаттар себебінен орын алған.
Мемлекет тарапынан осы мәселенің өзектілігі мен таралымының ауқымын көріп отырмыз, солл бойынша мемлекет тарапынан көптеген шаралар жасалуда. Бұл туралы Б.Нұрымбетов «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарына сәйкес мүгедек жандар мен қоғамның пікірлерін ескере отырып, біз биыл мүгедектік мерзімсіз белгіленетін қайтымсыз анатомиялық кемістіктердің тізбесін кеңейттік» деген болатын.
Оңалту болжамы қолайсыз адамдар үшін мүгедектік мерзімі 5 жылға дейін ұзартылды, бала 5 жылға немесе 16 жасқа толғанға дейін мүгедек деп танылатын көрсетілімдер жүйесі кеңейтілген болатын.
2022 жылдан бастап елімізде алғаш рет электр жетегі бар отандық кресло-арбаларды өндіру бойынша жобада іске қосылған болатын. Мемлекеттік тапсырыс бойынша «Таныс» АҚ алғашқы отандық электр жетегі бар 1381 кресло-арба шығарды, ал олардың 817-сі өңірлерде қолдануға берілген болатын.
Мүгедек адамдарды экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету бойынша да мемлекет тарапынан көптеген жұмыстар атқарылып келеді. 2021 жылғы мәлеметтер бойынша елімізде 26,9 мың мүгедек жұмыспен қамтылған. Осы кезге дейінгі мемлекеттің ішінде аталған әлеуметтік топты жұмысқа орналасуын қамтамасыз еткен «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігін де атап өту керек. Ол бойынша еңбекке жарамды мүгедектігі бар адамдар жұмысқа орналасып, біліктілігі жоқтар икемдеріне қарай курстарды оқу арқылы біліктіліктерін арттырып жұмыспен қамтылған болатын.
Аталған мемлекеттік шаралардың ішінде мемлекеттік емес ұйымдардың және азаматтық белсенділердің де мүгедектігі бар адамдардың жағдайын жақсарту мен қажеттіліктерін қанағаттандыруға қатысты еңбектерін де атап өткім келеді. Сондай ұйымдардың бірі ол «Шырақ» ассоциациясының Алматы қаласында жасап жатқан жобаларының тиімділігін, яғни олардың мүгедектігі бар адамдардың жұмысқа орналасуына, орталыққа келетін жастардың кәсіби білім алуы мен әлеуметтенуіне, сол мекеме келушілерінің жағдайын жасап жатқандығын атап өткім келеді. Мемлекет тарапынан осындай ұйымдар саны көп болуы керек және әрбір шалғай аймақтарда осындай сапаға жұмыс істейтін мекемелердің саны артып, сол жерде білікті және өз ісіне адал адамдар еңбектері арқылы мүгедектігі бар адамдардың жарқын өмір сүрулеріне көмектесуі керек деген ойдамын.
Шолу мақаласын қорытындылай келе, Қазақстанның әлеуметтік құрылымы әртүрлі екендігін қайта айтқым келеді. Біздің еліміз қысқа ғана уақытта көптеген жетістіктерге жеткен, өз ішінде тұрақтылық пен бейбітшілікті, татулықты ұстай алған мемлекеттердің бірі. Еліміздің жарқын болашағы әлі алда деген үміттемін, сондай-ақ осы үмітпен қатар біздің халқымыздың қосыла істеген әрекетінен жарқын болашақтың құрылатындығын қайта айтқым келеді. Ал осы жолда барлық адам бірлік пен татулықпен, әділетті және адал санамен әрекет етуі керек.
Мемлекет әлеуметтік топтарды қолдау бағытында қандай шаралар атқарды? Менің ойымша қолынан келген, мүмкіндігі мен ресурстарына сай барлық әрекеттерді істей алды, дегенімен жетілдіруі керек тұстары да бар. Оның біріншісі, мемлекетте халықтың қауіпсіздігін сақтауы керек. Қазақстанда өмір сүру, жұмыс істеу, қоғамдық орындар, тамақ, шаруашылық және барлық басқа салаларда қауіпсіз болуы тиіс. Осы мақсатты орындау кезінде мемлекетте құқық қорғау жүйесін, адам құқығын сақтау мәселелерін қайта қарастыру маңызды болып тұр. Сондай-ақ бұл қауіпсіздікте әйелдер мен балалардың, егде жастағы адамдардың, мүгедектігі бар қазақстандықтардың қауіпсіздігіне қатысты да мәселелерді қайта қарастыру маңызды. Себебі, аталған топтағы адамдар мемлекетте әлеуметтік әлжуаз топтарды құраушылардың бірі болып табылады.
Айнұр Бақытжанова
Abai.kz