Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6483 0 пікір 30 Тамыз, 2013 сағат 09:15

Дулат Аманжол. Үш мың шенеунік үш алыпқа татымай отыр

1. Суретте: Темірбек Жүргенов

2. Суретте: Ильяс Омаров

3. Суретте: Өзбекәлі Жәнібеков

Бүгінгі қазақ шенеунігі мемлекеттің мүддесіне, ұлттың болашағына алаңдап жүр деп айту қиын. Ұлтынан биік, жұртынан жоғары «ханмын» деп есептейді өздерін. Шенеунік десе, халықтың көз алдына қарны қампиып, қазақша сөйлей алмайтын адам елестейді. Олар әлеуметтен алыстап, бұқарадан алшақтап, қоғам сенімінен айырылып барады. Неге? Бойында қайраткерлік қасиет болмағандықтан.

Қайраткерлік қасиет шенеунікке дарымаған ба?

«Саясаткер мен мемлекеттік қайраткердің айырмашылығы: саясаткер келе жатқан маусымдық науқанға қызмет етеді, ал қайраткер халқының келешегіне қызмет етеді. Біріншісі – саяси ұпай жинау үшін қамданса, екіншісі – ұлттың ұпайы үшін қам жейді» депті Британияның атақты премьері Уинстон Черчилль. «Мемлекеттік қайраткер ұлт намысын бәрінен жоғары қояды» деген-тін Францияның экс-президенті Жорж Помпиду. Міне, осы тұрғыдан бағамдасақ, қазақта қайраткерден көрі, саясаткер көп сияқты бүгінде.

1. Суретте: Темірбек Жүргенов

2. Суретте: Ильяс Омаров

3. Суретте: Өзбекәлі Жәнібеков

Бүгінгі қазақ шенеунігі мемлекеттің мүддесіне, ұлттың болашағына алаңдап жүр деп айту қиын. Ұлтынан биік, жұртынан жоғары «ханмын» деп есептейді өздерін. Шенеунік десе, халықтың көз алдына қарны қампиып, қазақша сөйлей алмайтын адам елестейді. Олар әлеуметтен алыстап, бұқарадан алшақтап, қоғам сенімінен айырылып барады. Неге? Бойында қайраткерлік қасиет болмағандықтан.

Қайраткерлік қасиет шенеунікке дарымаған ба?

«Саясаткер мен мемлекеттік қайраткердің айырмашылығы: саясаткер келе жатқан маусымдық науқанға қызмет етеді, ал қайраткер халқының келешегіне қызмет етеді. Біріншісі – саяси ұпай жинау үшін қамданса, екіншісі – ұлттың ұпайы үшін қам жейді» депті Британияның атақты премьері Уинстон Черчилль. «Мемлекеттік қайраткер ұлт намысын бәрінен жоғары қояды» деген-тін Францияның экс-президенті Жорж Помпиду. Міне, осы тұрғыдан бағамдасақ, қазақта қайраткерден көрі, саясаткер көп сияқты бүгінде.

Ал кеше... Алаш идеясы. Алашорда қайраткерлері. Ұлт мүддесі үшін күрес... Тіпті тоталитарлық жүйе орнаған заманның өзінде ұлт намысын қорғаған Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібековтердің ерілігі өз алдына бір төбе. Қазақ мәдениетінің һәм ұлт руханиятының дамуына қосқан осы үш алыптың ерлігін бүгінде үш мың шенеунік жабылса да қайталай алмайды. Өйткені, олардың жеке амбициялары ұлттық мүддеге қызмет етпей отыр.

Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің ерлігі жайлы Е.Брусиловский «Дүйім дүлдүлдер» атты еңбегінде былайша еске түсіреді: «Жүргенов өз кабинетінде мәжіліс өткізбек болды. Шамамен алғанда отыз шақты кісі жиналды, ішінде тек екі адам – қарағандылық Б.Н.Орлов және мен – орыс жұртынан едік. Наркомның өзі де, басқа сөйлеушілер де тек қазақ тілінде сөйлеп отыр. Бір кезде Борис Николаевич орнынан тұрды да Жүргеновтен қазақша сөйлемеуін өтінді, мұнда не жайында әңгіме болып жатқанын өзі ұқпай отырғанын, сөйлеушілерді ол түсінетіндей болуы үшін орысша сөйлеу жөн екенін айтты. Бір кезде Жүргеновтің қара көздері ұшқындап кетті... Жұрттың бәрі бүкшие түсіп, тым-тырс бола қалды. «Сіз қайда отырсыз, Орлов жолдас! Сіз қайда жүрсіз, өзіңіз!» - деп Жүргенов дауысын бұрынғыдан бетер қатайта сөйледі: «Сіз Қазақстанға келдіңіз екен, егерде мұнда жұмыс істегіңіз келсе, республиканың мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз! Сіз қазақ әндерін де орыс тілінде зерттемекшісіз бе?» - деп өзге ұлттан қазақ тілін құрметтеуді талап етті». Ал қазақ шенеунігі бүгінгі Бористердің тізесін баса алмай, талай Орловтың алдында мәймөңкелеп келеді. Себебі олар Николаевичтің туған тілін ғана біледі.

Т.Жүргеновтің тікелей ат салысуымен қазақ мектептерінің саны артты. КСРО-ның жоғары оқу орындарында қазақ жастарының білім алуына көмек көрсетіп отырды. Қазақстанда алғашқы опера және балет театрын ұйымдастыруға өлшеусіз үлес қосты. Ал қазіргі «қайраткерлеріміз» ше?  

Осыдан біраз жыл бұрын «Түркістан» газетінің бас редакторы Шәмшідин Пәттеев ағамыз қазақтың бәзбір шенеунігіне хабарласып, бұйымтайын айтып қалуға тырысыпты. Сонда еліміздің мәдениетін басқарып отырған әлгі шекпенді: «О, Шәмші, сен қайда жүрсің?! Сенің әндерің – керемет! Астанаға кел, жеке концертіңді өткізіп беремін!»,-депті. Бұдан асқан сорақылық бола ма?! Бірде білдей бір жоғары оқу орнын басқарып отырған біреу пленарлық мәжілісте «талелсизин», «талёлсозин», «тяусизин» деп Тәуелсіздік күнімен құттықтады-ау «шешіліп, көсіліп». Өз ұлтын мойындамайтын опасыз надандардың дәуірі жүріп тұр әйтеуір.

 

Ел зиялысын білмесе де, есеп-шотын біледі

Ұлт қайраткері Ілияс Омаров министрліктегі жұмыс кабинетіне әлі ақталмаған Темірбек Жүргеновтің үлкен суретін іліп қойыпты. Сонда  Қанабек Байсейітов «Ілеке, үстіңізден біреу арыз жазып жіберсе... мұның арты жақсы бола ма екен?» депті. Сонда Омаров: «Е, Қанеке, менің министр, сіздің халық әртісі болып жүргеніңіз осы кісінің арқасы. Темірбек Жүргеновтен кейін біздің қазақ өнеріне қосқанымыз шамалы»,-депті. Міне, адалдық! Мәселен, бүгінгі билікте Алтынбек Сәрсенбайұлының арқасында көтеріліп, шарапатын сезініп, ұлағатын алған бірқатар шенділер бар. Бірақ олар А.Сәрсенбайұлының суретін кабинеттеріне ілмек түгілі, атын атауға сескенеді.

Ғазиза Жұбанова өз естелігінде: «Мен Ілияс аға қатыспаған бірде-бір опера мен балеттің, симфония немесе ораториидің, драмалық спектакльдің, болмаса эстрадалық концерттің премьерасын білмеймін. Ол жазушылардың, композиторлар мен суретшілердің барлық жаңа туындыларын біліп отыратын. Шығармашылық адамдармен жиі араласып, олардың алдында үлкен беделге ие еді», деп жазады. Ал бүгінгі атқамінерлер оффшорлық есеп-шоттарын жатқа білсе де, ақын-жазушылардың, композиторлар мен суретшілердің есімдерін, шығармашылығын білмейтін де шығар. Шығар емес, анық.

 

Халқын тонаған жоқ... алға сүйреді

Мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков Алматы облыстық атқару комитетінің орынбасары қызметін атқарғанда, аудан-ауданды аралап, сол кезгі астаналық облыстың тарихи сипаты бар ғимараттар мен есерткіштердің тізімін алып, оларды қорғау үшін мемлекет қарауына енгізіп, белгі қою, қайта жөндеу талаптарын алға тартып, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы алдына мәселе қояды. Қуану, жедел жөндету, қаржы бөлу ісін қарау орнына, айлакер бірінші хатшы әлгі ұсынысты: «Өзбекәлі Жәнібеков өз саласына қатысты істі жүзеге асыра алмай отыр»,-деген желеумен сөгіс жариялап, сырғытып жібермек болған. Іс күннен-күнге насырға шауып бара жатты. «Қызметтен босатамын, партиядан шығарамын!»,-деп айғайлапты әлгі әпербақан басшы әй-шәйға қарамай. Екеуден-екеу ырғасып отырғанда Өзбекәлі Жәнібеков өзінен лауазымы биік әлгі орысқол басшыға «К…-ңе қара!» деп, жерлеп, жерге бір түкіріп шығып жүре беріпті.

Ө.Жәнібеков жетпісінші жылдардың өзінде-ақ Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Оның бастамасымен Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Наурыз мейрамының қайта оралуына белсене ат салысты.

Мінеки, аталған үш алып ұлт намысы сынға түскен күрделі кезеңде ел көшін алға сүйреді. Өз халқын тонап, опасыздық жасаған жоқ. Өркендетті. Шетел асып қашқан жоқ. Өрістетті. Қауқарсыз қалған қазағын қаңғыртқан жоқ. Қолдады. Күрмеуі көп қиын шақта қарнын сипап кабинетінде отырған жоқ. Халқымен бірге болды!

Жүргеновтің жаужүректігі, Омаровтың тектілігі, Жәнібековтің мәрттігі  бүгінгі шенділерге дарымаған сыңайлы. Ендігі сенім қазақстандық шенеуніктердің жаңа толқынында. Көңілімізде күдіктен гөрі үміт үстем.

Алаш ардақтысы, ұлтымыздың жарық жұлдызы Смағұл Сәдуақасұлының сөзімен түйіндесек: «Жел басылды. Жадырап жаздың күні шықты. Ұйпаланған қаудан шөптің орнына желкілдеген жас өртең өсті. Көкпеңбек, жұп-жұмсақ, тап-таза, пәк, кіршіксіз жас өртең! Қалай сары дала енді көгермес екен? Өзгерістің өртінен кейін? Қалай қазақ оянбас екен? Қазақ қалайша енді өзгермес екен? Өзгереді!.. Өзгереді де! Өзгергеннің белгісі міне, біз қызғалдақтай бұлаңдап, жаңа өскен жастар! Жаңа жастар! Елдің бел баласы, еліне деп еңбек еткен ер жастар! Өртең өсіп келеді, өзгерту үшін!..»

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1965