Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 4074 0 пікір 30 Қазан, 2023 сағат 12:16

«Отанымды тапқаныма мақтанам»

Abai.kz-тің бұл жолғы спикері ақын Бауыржан Шормақ. Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы.

Армысыз, Бауке! Аман-есен жүрсіз бе?

– Бар бол, Әлеке! Аманшылық. Өз хал-жағдайың жақсы ма?

 – Аманшылық. Сізді былтыр 60-тың белесіне көтерілді деп естігем.

– Иә, 60-тан өтіп барамын. Бірақ 60 пен 69-дың арасы бәрі бір 60 қой.

– Қазақ атам «алпыс – тал түс» деп айтқан екен. Соған қарағанда тағы бір «тал түсіңіз» бар-ау. Дегенмен, «айхай, 25-тей» болмайтын шығар.

– Әрине, «Алпыс – тал түс» дедің бе? Ол да жөн сөз екен. Негізі алпыс деген ағаның жасы ғой. Адамның ақылыңның толған, кемелденген кезі. Алды-артыңды байқап, ойланып, толғанып кең тыныстайсың. Содан барып артыңа қарап қобалжып, алдыңа қарап кішкене үміттеніп жүретін кез екен.

Отыз деген – жолбарыс екен, қырық деген – қорғаныс екен, елу деген – толғаныс екен. Ал алпыс деген – қолғабыс екен. Отбасыңды, бала-шағаңды көп ойлап, қазыққа байланған ат құсап айланқастап, онша ұзап кетпей жүреді екенсің.

Шығармашылық бұрынғыдай жалындап тұр ма?

– Шығармашыықтың сиреп қалатыны болып тұр. Қытайдан немеремді алдырғам, 7 жаста, ұл бала. Сол немеремді шілденің 19-күні өзім барып Жәркенттен тосып алдым. Білесің ғой, ол жақта өскен баланың жағдайын. Немеремнің менталитеті өзгерген, құдды тарпаң аю секілді. Содан мектеп басталғанға дейін жеке курстарға беріп, қасында болып қазақша оқыттым. Дегенмен басын қайырған болдық, алғашқысына қарағанда кішкене көрім болып қалды. Ана жақта баланың тілі, мінез-құлқы, қимыл-әрекетті түгел қытайша болып кеткен. Бала бақшадан бастап қытайша тәрбие алған ғой. Қазір Астана қаласындағы №70 мектеп-лицейінде оқып жатыр.

– Нешінші сыныпқа бердіңіз?

– Немерем Шынжаңда болса биыл екінші сыныпта оқитын еді, ал мен оны бірінші сыныптан бастап оқытып жатырмын. Өйткені қазақ тілінінің незінін, іргетасын бірінші сыныптан қалау керек қой. Ертең өзі қиналмайтын болады.

– Сіздің Астанаға көшіп келгеніңізге де біраз жыл болды қой, Сарыарқаның климатына үйрендіңіз бе?

– Үйрендік қой.

– Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ақын Бауыржан Қазақ еліне көшіп келудің қамын жасап жатыр екен деген сыбысты ұзын құлақтардан естіген едік. Кейін не болғанын білмедік, хабар-ошарсыз  кеттіңіз ғой.

–  Иә, Әлеке! Бұл туралы айтар болсақ әңгіме көп қой. Оның шет жағасын өзіңде білесің деп ойлаймын. Мен негізі Қазақстан егемендік ала салған күннің ертеңінде алғашқы топпен бірге қозғалған адаммын. Бірақ сол кезде билік босында отырған ірі қаралар жолыма кедергі қойып, удай қымбат ақшаға алдырған қаншама шақыртуларға (визаға) тойтарыс жасап, жолымды кесті. Мен ол кезде биліктің «көзіне шыққан сүйел, к...не шыққан шиқан» болатынмын. Осындай итіс-тартыспен жан-жүрегім Қазақстанда, денем арғы бетте қалып қойды.

2010 жылға келгенде мен үшін су басынан тұнып, жылымық пайда болып, арқам жылына бастады. Сол жақсы ораймен 2011 жылы 8-мамырда жұбайым Бегзат Ұлықпанқызы екеуміз бір айлық рұқсатпен Қазақ еліне келдік. Бізді қазақтың маңдайына симай кеткен жарық жұлдызы, мен үшін құрметі аса биік тұлға Ермұрат Зейіпқанұлы қарсы алды. Біз Ерекеңмен бірге 20 күн Алматы, Талдықорған, қысқасы Жетісу өңірін аралап, естен кетпес әсермен кері қайттық. Бара сала жедел жабдынып, енді ғана толық орта мектептің табалдырығын аттаған қызымыз Өжетті Алматыға жеткіздік. Міне содан бастап Күнес пен Алматының арасы бізге қауындықтың жолындай болып қала берді. Атажұртқа бауыр басқанымыз соншалық, аңырап аңсаймыз да тұрамыз, келсек кері қайтқымыз.

Осылай «Қазақстан» деген аурумен аура жүріп, ақыры 2014 жылы Алматының шығысындағы Алатаудың етегіндегі Есік қаласына іргемізді көмдік. Бұған бірнеше себеп болды. Бірінші, сол кездегі оралмандардың еш ойланбастан бұл жаққа өзінен бұрын келіп қоныстанған туысын жағалай келіп жығылатын әдеті бізге де жұқты; екіншіден, Есік қаласы қызымыз оқып жатқан Алматыға жақын болғандықтан барып-келуге қолайлы сезілді; үшіншіден, «Есіктен кіре төр менікі» деп баса көктеп Сарыарқаға  бір-ақ қарғығыннан ұяалдық та, салт бойынша осы Есіктің босағасында отырып айналаға көз жүгірттік, талғамымыз өте дұрыс болды, қызымыз үздік оқып Астанадағы Медицина  университетіне грантпен жеті жылдық оқуға түсті. Содан соң барып 2019 жылы біз мәңгілік қонысты осы салтанатты Сарыарқаның төсіндегі жаһұттай жарқыраған Астана қаласынан ұйғардық. Құдайға шүкір Сарыарқаға, Астанаға деген махаббатымыз шексіз, қазір арғы беттегі балаларымызды, немерелерімізді, туыстарымызды, баурымызға тартып, осында балдай батып, судай сіңіп, өсіп, өніп жатырмыз.

– Сарыарқа ақын Бауыржанды қалай қарсы алды?

– Иә, Әлеке, ойыңды тұспалдап түсініп отырмын. Бұл жерде бәріміз де шындықты мойындауымыз керек. Шынайы шығармашылық адамға ешқашан уақытты, орынды, тіпті жағдай талдамайды ғой. Астанаға келдік, мәдени, әдеби ортаға бірден бойлап кеттік деп айта алмаймын. Алғашында сол жоғарыда айтқанымдай «босағада отырып, төр жақты шолып» ауқымды аңдап, нені жазу керек, қалай жазу керек деп кідірістеп жүріп біраз уақытты жоғалттық.

Арғы беттегі кезімізде Қытай қазақтарының поэзиясында алдыңғы бестіктің арасында маңдайым жарқырап жүргенмен, мұнда келгесін, «ақын болсаң келе ғой, мына есіктен кір, мұнда жайғас» деп қолыңнан тартып, маңдайыңнан сипай қояатын кісіні көрмедік. Мені қойшы, әсіресе шетелден келіп жатқан зыялы қауым өкілдерін жінтіктей тексеріп, зеріттеп, ендігі жерде олардың емін-еркін еңбек етіп, жасампаздықпен қызу айналысуына мүмкіндік жасайтын бірде бір мемлекеттік органды көре алмадым. Сосын аяғы күйген тауық құсап кібіртіктеп, жасқаншақтап, Несағам (Несіпбек Айтұлын айтамын, жаны жәннатта болсын!), Сұраған Рахыметұлы, Тұрсын Жұртбай сияқты ағаларымды жағалап, одан әріге бара алмай саяқсып қалдық. Осындай да көбінде демеп, жебеп, жаңа ортаның қыры мен сырын, ендігі жерде қалай еңбек ету керектігі туралы келелі кеңес беретін шынайы, жалғыз досым, ақын, әдебиеттанушы ғалым Бекқожа Жылқыбекұлы ғана қасымда жүр.

–  Қазіргі кезде біздің елде әлеуметтік желіден парақша ашып алып, жазған дүниелерді сала беруге болады болады ғой.

– Енді осы бір құндылықты мойындауымыз керек шығар. Қазақстан зайырлы мемлекет болғандығы себепті сөз бостандығы шектелмейді екен. Арғы беттегі кезімізде саптаяқпен ас ішсек сабына қарауыл қойып жалтақтап отыратын біздер үшін бұл бейне бір міністен әбден қажыған арғымақтың ер-тұрманын сыпырып алып сайын сахараға қоя бергендей әсер етті. Онан соң мұнда әлеуметтік желінің қалай дамығанын өзің де айтып отырсың. Осы қолайлықтан пайдаланып еңбектерімді осында жариалап қысқа уақыт ішінде айналаға танылып, өз оқырманымды қалыптастыра бастадым, бұл мен үшін қуаныш. Мұнда келгеннен кейін «Ой түбінде жатқан сөз», «Қайран шешем» атты екі жыр жинағым баспадан шығып жұртпен танысты. Қазірше тындырған шаруа осыншалық.

– «Арғы беттегі кезімізде Қытай қазақтарының поэзиясында алдыңғы бестіктің арасында маңдайым жарқырап жүрген еді» деп қалдыңыз, ендігі әңгімеңіздің тиегін туған жеріңізден ағытсаңыз.

– Мен 1962 жылы 26-мамырда Іле қазақ автономиялы обылысы, Күнес ауданының қазіргі Нарат қалашығына қарасты Шалкөде деген жерінде, ағартушы отбасында дүниеге келдім. Әкем Шормақ Қыдырбекұлы, ескіше де, жаңаша да білімі аса жоғары, ел ішінде  сыйлы, инабатты кісі болды. Ал, анам Рымбүбіш Шабданқызы болса он саусағынан өнер тамған сімер, салт-дәстүрге берік, бір ауылды айналдырып алақанында ұстаған мінезі жұмсақ, ағайынға жағымды кісі тұ-ғын.

Негізі анамның омырауынан шыға сала мені нағашыларым алып кеткен екен. Мен нағашы әжемнің қолында өстім, нағашы әжем Ақай (Әкішқан) нағашы атам Шабданнан екі ұл, екі қызбен жастай жесір қалыпты. Олар бізден бір күншілік жердегі Қарағайлысу деген жерде тұратын. Боранбай, Байборан деген ағайынды екі нағашым да коммунаның жылқысын бағып, жыл он екі ай бірге көшіп, бірге қонып, іргелері бөлінбей жүретін. Екеуі де еңсегей, сом денелі, қайратты кісілер (қазір екеуі де жер басып аман-есен жүр) болатын. Мен келуден бұрын бұл екі үйде де бала болмапты, екі үйдегі Нәзипа, Саят деген екі жеңгем де сылаңдап жүрген жас келіншек кезі екен. Менің мұнда келуім бұл ағайынды екі үйге ересен қуаныш әкеліпті. Бұл туралы сыдыртып айта берсем әңгіме тым ұзарып кетері белгілі. Сондықтан барынша тұжырымдап, қысқартып айтуға тырысайын.

Мен түзде болсам екі нағашы ағамның, ал үйде болсам екі жеңгем мен нағашы әжемнің ермегіне айналып, қолдан-қолға, құшақтан-құшаққа сүңгіп барынша ерке-шолжаң өстім. Әсіресе, нағашы әжем мені көзінің қарашығындай қадағалап бағыпты. Сонымен алты жасқа толған шағымда әке-шешем келіп: «Баланы мектепке оқытамыз» деп мені алып қайтты. Мен әке-шешемнің бауырына қайта оралып, жеті жасымда мектеп табалдырығын аттадым.

Дегенмен, сол тұста қоғамда біздің сәби санамыз түсініп жете алмайтын бір ішкі аласапыран, дүрбелең бар сияқты, ересек адамдардың барлығы бір түрлі үрейдің ішінде жасап жатқандай көрінетін. Олар жылдың төрт маусымында бел шешпестен күндіз атыз басында еңбекке жегілсе, кешкі ас-суынан кейін түннің бір уағына дейін «таптық күрес, ашылып сайрау» деп біздің сыртымыздан есікті құлыптап жиналысқа кететін. Кей күндері мектеп алдына көп адамдар жиналып алып ортаға әлде бір бейтаныс үлкен шал-кемпірлерді сүйреп алып шығып, беттеріне күйе жағып, аяусыз ұрып-соғып, жәбірлеп жататын. Мұндай кездер жиі қайталанатын, ондай кезде бізде сабақ оқымай дүрмекке ілесіп елеуреп кететінбіз. Бұндай соққыны менің әкем мен шешем де жиі алып тұратын. Сөйтсем, бұл бүкіл Қытай елінде жүргізіліп жатқан «Мәдениет зор төңкерісі» деп аталатын, ұзынырғасы он жылға созылған зұлымат екен.

– Сіздің де балалық шығыңыз Қытайдың аты шулы «Мәдениет төңкерісімен» тұспа-тұс келген екен ғой.

– Иә, солай деуге болады. Шынтуайтына келгенде сол дәуірде ержеткен біздің бұында балалық шақ болғанмен, балалық қызық дәурен болған емес. Күнделікті естігеніміз, сүреңсіз қызыл ұран, айқай-шу, көргеніміз ересек адамдар арасындағы ұрыс-керіс, айтыс-тартыс, бір-бірін жалалап, қаралап жаға жыртысу. Әке мен бала, қыз бен ана арасындағы рақымсыздық қоғамды жегідей жеп, ұлт руханиатын құрдымға құлатқан кез болды. Осынлай аласапыран дауылдың өтінде өсіп келе жатқан біз көп нәрседен айырыла жүріп, көп нәрсені көкейімізге түйіп, көп нәрсеге амалсыз көніп өстік.

Екінші, үшінші сынып оқып жүрген бұғанамыз қатпаған шақта-ақ өндірістегі ересек кісілермен бірге еңбекке жегіліп атызға көң, қи тасыдық. Егіннің шетін ордық, арық тындырдық, бидайдың бауын байладық. Бидай оратын машыйнаның атына міндік, қырман бастық, шөмеле салдық, шөп тасыдық... Киім-кешек, азық-түлік тапшы болы. Жалпы өміріміз сүреңсіз, қорқынышты болды. Әкем «қалпақ» киіп күреске алынып кетті, ал шешем өндірістің еңбегіне жегіліп, күні бойы қалжырап жүреді. Сөйтіп, «өлмеген бұзау өгіз болады» дегендей бұл пәлелі-жалалы жылдар да аяқтап жылымық күндер басталды. Әкем де «қалпағын» шешіп, қылмысынан біржолата ақталып, жұмысына қайта оралды.

– Орта мектепті қайжерден бітірдіңіз?

– Мен 1978 жылы ауылдық жердегі орталау мектепті тамамдап, Күнес аудандық №1-орта мектебіне қабылдандым. Мен секілді ауыл-қыстақ балалары үшін бұл мектепке қабылдану аса оңай болмайтын. Мен ғой әкемнің таныс достарының арқасында келдім. Сөйтіп, менің алдымнан болашақ ақынның елшісіндей боп Дәуітбек Азамат деген айтулы ақын ұстазым шықты алақайлап. Ол кісі бізге әдебиет сабағын берген алғашқы күндерде-ақ менің бойымдағы талантты бірден байқап ары қарай іліп әкетті.

Ат болатын құлынды мүшесінен, адам болар баланы кісесінен дегендей, ол кісінің мені бірден танитын жөні бар еді. Мен орталауға дейін әдебиетті жақсы оқыдым, әсіресе өлеңге тым жақын болдым. Олай болатыны қаршадай кезімде нағашы әжемнің не бір керемет ертегілерін, сағынышқа толы мұңлы, зарлы әндерін тыңдап өстім. Ата-анамның бауырына оралғаннан кейін    әкемнің тәрбиесінде болдым. Әкем тап бермеде тауып айтатын тақпақшыл кісі әрі кітапты көп оқитын. Ұмытпасам сонда көп айтатыны Абай Құнанбайұлы, Таңжарық Жолдыұлы туралы болатын. Әсіресе Таңжарық ақынның өлеңдерін жатқа оқитын, оқта-текте сол Шалкөде қыстағында тұратын Оспанияр деген иегінің ұшында үрпиген бір уыс сақалы бар, қол тоқпақтай қара шалды ел көзінен тасада үйге шақырып бәйіт айтқызатын. Жасықтау, жапақтау қара шал тамағын кенеп алып, сыбызғыдай сыңсыған құлаққа жағымды әдемі дауысымен не керемет хиса-дастандарды жатқа оқитын. Маған бұлда терең әсер қалдырды.

Бұдан өзге мені ерекше қызықтыратын кісі, ол – менің нағашы ағам Боранбай болатын. Ол кісі көмекейі көсілген, жағы жоқ өлеңші еді. Жаздық каникулға тарағаннан кейін мен Күнестің басындағы Үшмеркіні жайлайтын нағашыларыма еріп жайлауға кететінмін. Жайлау үсті дыр-думан болаты. Ондағы ең сыйлы, ең мырза, ең сауықшыл қауым осы жылқышылар болатын. Олар өзінше ауаша бір шоғыр болып, ең шұрайлы, нулы, сулы қоныстарды басып жататын. Ойдан жайлауға келген құрметті адамдар да осы ауылдың маңына жиылатын. Әр отбасы желілеп бие байлап, сабалап қымыз пісіп, Құдайдың құтты күні жайлауда жиын-той болып жататын. Сондай салтанат-сауықтарда менің нағашы ағам ешкімді бет қаратпай өлеңменен жапырып, әріптес шақ келтірмейтін. Ол кісімен әкем екеуі кездескен кездегі екеу ара қағытпа айтыстарының өзі қандай ғажап десеңізші.

Міне, осының барлығы қаршадай кезімнен бостап менің жолымды ашып қойған ғой. Сондықтан да көреген ұстаз, көрінекті ақын Дәуітбек Азамат мені бірден танып, алтын асықтай иіріп әкетті. Мен де ол кісіге тым етене болып, бірден бауыр басып кеттім. Соның нәтижесінде менің алғашқы өлеңдерім газет-жуыналдарда жариялана бастады.

– Қолыңызға қалам алып, өлең жазуға айналаңыздағы ет жақындарыңыз бен ақын ұстазыңыздың ықпалы көбірек болған екен ғой. Ең алғашқы жазған өлеңіңіз есіңізде ме? 

– Менің ең алғашқа түп ұстазым, жанашырым ол – әкем Шормақ. Мен орталау мектепке кіргеннен бастап өлең жазудың техникасын тамтұмдап үйрендім, әкем менің жазған шимайларыма ден қоя отырып менен іштей үлкен үміт күтетін. Содан да шығар үйге сыйлы қонақтар келгенде мені қонақпен бірге ұстайтын. Мені үй жұмысына көп араластыра бермей, кітап, газет-жуырнал оқуға міндеттейтін.

Сөйтіп, әкеме, қөрші-қолаңдарға, әкемнің достарына ұнаған алғашқы өлеңімді мен орталаудың 2-жылдығында жаздым. Әкемнің ағасы Әлиасқар атам бізбен көрші отыратын, ол кісінің Мұқаметәлі, Мұқатәлі деген екі ұлы бар. 1976 жылы Мұқаметәлі ағам сол Шалкөде ауылындағы диқан Әбдікерім деген кісінің Нұрқайша деген қызына үйленді. Өзі көп-көрім өңді, сымбатты, бірақ тым ұяң, іске қырсыз кісі болды. Жеңгем болған соң ол кісіні майлы ішекше айландырып, еркелеп көп алысатынмын. Өзі тым ұйқышы, үнемі орамалының астынан аппақ саусақтарын жүгіртіп жіберіп, басын тыр-тыр қасып жүретін. Бір күні түсте сол кісінің түскі асында болдым, картошкадан жаркоп сияқты бірдеңе қуырыпты, ол қайнысы Мұқатәліден біздің үйге де бір табақ жөнелтті. Біз табақтағы асқа жабырлай ұмтылдық, аздан кейін атам екеуміз амалсыз шегіндік. Бір-бірімізге көз қиығымызбен қарап қойып шәй ішіп отырмыз. Кенет менің өкпемді бірдеңе қысты, осы жеңгеме бір әзіл жазғым келіп бетімді сипадымда шығып кеттім. Үйге келсем жеңгем жіберген табақты сол күйінде дастарқаннан сырып қойыпты, шамасы тамақтан ешкім ауыз тимеген сияқты. Мен төргі бөлмеге кіріп алып:

Нұр жеңгемнің сиқы,
Соғатыны ұйқы.
Бір жумайды басын,
Шашы ұйқы-тұйқы.
Көрпесінде өріп жүр,
Бүргесі мен биті.
Сәй қуырса суы көп,
Картошкасы шикі, – деп өлең жазып алдым да үйдегілерге оқып бердім. Бәрі қыран-топан күлкіге бөленді. Әкем шайына шашалып: – Әкел, балам, әкел! – деп қағазымды алды да өзінің естелік дәптеріне өлеңді көшіріп жазып алды. Кейіннен осы өлең аядай ауылымызды шарлап кете берді.

– Демек, сіз ақын Дәуітбек ұстазыңызға дейін өлеңге біраз машықтанып алған болдыңыз ғой.

– Менің осылай басталған талантым Дәуітбек мұғалімнің алдына келгеннен кейін тіпті де қанаттанып, қаламым ұштала түсті. Өйткені ой түзелді, сөз түзелді, аңғар түзелді. Әдебиет туралы, әдебиеттің көрнекті өкілдері туралы жүйелі білім ала бастадым. Жаңа жазған өлеңдерімді Дәуітбек мұғалім елеп, екшеп, бас-айағын күзеп, жұмырлап, нұсқаушыкық етіп отырды. Сөйтіп, толық ортаның алғашқы сыныбын оқып жүрген жылы көктемде (нақтылы уақтын ұмытып отырмын).

Дәптерқапты қисық асып мойныма,
Алғаш рет келіп кірдім қойныңа.
Қандай ғажап, осы арадан жолықтым,
Ақылдыға, данышпанға, ойлыға, – деп басталатын «Мектебім» атты өлеңім «Іле газетіне» жарияканды. Міне сол кезден бастап мен «ақын Баукең» атана бастадым.

– Кішкентайыңыздан-ақ біреудің мінін көргіш, табанда сөз тауып сын айтып, әжуалап, мысқылға айналдыратын қасиетіңіз болған екен ғой. Жеңгеңізге арналған жаңағы бір шумақ өлеңге жеңгеңіздің мінін толық сидырып жіберіпсіз. Аламан айтыстарға қатысып көрдіңіз бе?

– Әрине, мен кезінде әжептәуір айтыскер ақын болдым. Айтыскерлік менің жазба поэзияма үлкен септігін тигізді. Мен 1982 жылдан бастап 1998 жылға дейін айтыс саханасында болдым. Сол жылдардағы адуынды әріптестерімнен есімде қалғандары, әрі сәтті айтыс жасаған әріптестерімді айтар болсам: Алтынай Мүтәнқызы, Жақыпнұр Оқасұлы, Серік Әнбияұлы, Айғаныш Дәлелхан, Гүлсімқан Абаш, Зура, Шұғыла, Таңнұр т.б. көптеген ақындармен майдандас болып сәтті айтыстар жасадым. 1980 жылдан кейін қолға алынған «Жаңа дәуір мәдениетін» дамыту өрлеуі басталғанда, қазақ ұлтының бірден-бір айшықты, өкілетті мәдениеті болған осы айтыс өнерінде ерекше рөл ойнап, Күнес ауданында 50 ден астам шәкірт тәрбиелеп, айтулы ақындарды айтыс майданына әкелдім. Осы еңбегім арқылы қазірге дейін Қазақ халық айтыс өнерінің өлке дәрежелі қорғалатын мұрагерімін.

– Сізді жақсы білетін жерлестеріңіздің айтуына қарағанда сіз шенеуниктерді аямай сынаған екенсіз. Осының анық-қанығын өз аузыңыздан естісек.

– Әзілдесіп отырған келіндеріне қарап отырып: «Есте жоқты еске салған қарғаларым-ай!» деген екен дейді бір кемпір. Сол айтқандай Әлеке, сен де ұмыт бола бастаған бір дәуірді қайта еске салып отырсың-ау. Бұл өзі талай қырдан асастын әңгіме ғой. Оның шет жағасын осы сухбаттың басында да жылт еткізіп кеткенмін. Керек болып жатса, менің трагедиялы тағдырымның басталған нүктесін айта кетейін.

Мен Шалкөде мектебінде мұғалім болып істеп жатқаныма, екі жыл өзім жеке төл бастаған кезде Нараттағы Ластай орталау мектебіне әдебиет мұғалімі қажет болып Нарат Оқу бөлімі кең көлемді емтихан алды. Мен осы емтиханда нәтижем көрнекті болып өтіп, сол Ластай мектебіне жөткеліп бардым. Мектептің шарт жағдайы жақсы, оқушы қайнары мол, оқытушылары сұрыпты екен. Мен бара сала іске кірісіп кеттім. Қысқартып айтқанда, мен бұл мектепте 1991 жылға дейін жұмыс істедім. Осы аралықта мектептің жастар қызметі, оқу бөлімнің бастығы, мектептің орынбасар меңгерушісі қатарлы міндеттерді атқардым.

1991жылы көктемде маған Күнес аудандық халық үкіметінің (әкімдігінің) бұйрығы келді. Бұйрықта мені бұл қызметтерден босатып төтеден-төте Күнес аудандық Мәдениет мекемесінің хатшылығына жөткепті, қатты қуандым. Ол кезде менің ақындық атағым шығып, жоғары-төменнің көзіне түсе бастаған кезім еді. Мүмкін жоғары жақ менен үлкен үміт күтіп әдейі орналастырған шығар.

Мектептегі жұмыстарды өткізіп беріп, жаңа жұмыс орныма келдім. Менің ауысып қелуіме күш шығарған аудандық халық үкіметінің әкімі Әлқазы Зейнеуұлы деген кісі екен. Кейін ол кісіге арнайы барып сәлем беріп,  рақметімді айттым. Сонымен қызығы да, шыжығы да мол, думанды қалаға, қалың зиялының ортасына кірдім де кеттім. Жұмыс орным жайлы болды, жұмысқа ынталы болып, қызу кірісіп кеттім. Көп ұзамай аудандағы жоғары жіктегі шенділердің бас қосуларына, қонақасыларына барып, көптің көзіне түсіп, әжептәуәр абыройым жоғарылай бастады. Өстіп жүріп 1993 жылдың көктемінде (тауық жылы) әкімдердің кезек ауыстыратын сайлауы болатын болып, қызу дайындық басталып кетті. Ауыл арасында «келесі кезекте кім әкім болады?» жөнінде алып қашты әңгіме гу-гу етіп желдей есіп кетті.

– Сонымен, қысқасы әкім сайлауы өтті ғой.  

– Мен облыс жақтағы бір сенімді ағадан кім әкім болатындығы жөнінде әңгіме естігем. Осы арада ескерте кетерім: сол жылдарда Күнес аудандық партия комитетінің бірнші хатшысы Ли ли деген қытай болатын. Ол аса ұлтшылдығымен жоғары-төменге аты шулы кісі болды. Сол кездегігі аудан әкімі Әлқазы мен бірінші хатшы Ли екеуінің арасында қайшылықтың асқынғаны соншалық, қанша дегенмен «аузы қисық болсада байдың баласы сөйлесін» дегендей Лидің ықпалы күннен күнге артып, Әлекеңді тықсырып келе жатқан. Сол себептен ол өзіне оңтайлы адамды алдын ала белгілеп те қойған екен. Ол сол кездегі Күнес аудандық Үгіт бөлімін басқарып отырған Тілеубек деген кісі екен. Сондай жөпелдеме кезеңінде мен мынадай бір шумақ өлеңді жазып астыртын ел арасына таратып жібердім:

Тауық жылы тамылжып көктем келді,
Ли шужи Шиң шысайден өктем келді.
Ғайыптан Тілеубекті әкім сайлап,
Әлқазының көтені көктен келді.

Бұл аудан әкімін сайлауынан үш күн бұрын болған ақуал еді. Өкінішке орай, осы өлең сайлау кезінде көптеген белеттің артына жазылып кетсе керек. Сайлау ақырласып, барлық іс олардың ойлағанындай біткеннен кейін, жаңа билік әлгі уытты өлеңнің авторын шам алып іздейді. Ақыры іздеп тапты, ұзақ тексерді, соңында түйенің мұрнын жұдырықпен тескендей «қатаң шара» қабылдап мені қызметтен тоқтатты. Бірақ азғантай жалақыма қол сұқпады, мен 2003 жылға дейін он жыл жұмыссыз сенделіп жүрдім. Дегенмен, «қорқақты қуа берсе батыр болады» демекші бұл он жыл менімен билік арасында сұрапыл шайқастар жүрген жылдар болды. Яғни менің билікке толассыз оқ боратқан аса шиеленісті кезең саналады. Бұл жылдар маған әр жанрда сұрапыл шығармалар туғызды, бұл туралы егжей-тегжейлі білгісі келетін кісілер болса жуырда ғана баспадан шыққан Тұрсынқазы Оңдасынұлы жазған «Мірдің оғы» деген кітапты алып оқыса болады.

– Осы өлең өзіме пәле болып жабысып, он жыл жұмыссыз қалдырды дейсіз ғой.

– Иә, өте дұрыс айтасың. Аталмыш осы бір шумақ өлең сол бір дәуірдегі қоғамның шындығын ашып, қалың оқырман қауымның көңілінен шыққанымен, ол менің артымнан қуалап, ұзақ жылдар бойы алдымнан шығып отырды.  Негізі осы бір шумақ өлең мені көке де ұшырды, таудан да құлатты. Сондай-ақ менің ерте есейтіп, өмірге ақынның көзімен қарауға үлкен әсер етті деуге болады.

– Бір шумақ өлең болғанымен оның күші тауды қозғап тұрған секілді ме қалай? Сіз бұл қақпайлаудан қалай құтылдыңыз?

– Бәлкім, Құдайдың берген қуаты шығар, мен билік жағынан өзіме жасалған қысымға, бопсалауға, ана кісілердің сойыл соғарлары жағынан жасалған қаскөйліктеріне еш мұқалмадым. Тіпті қанша мұқалсамда «жауға жарамды білдірмеуге» тырыстым. Өзімнің шынайы өмірден туған өршіл шығармаларым арқылы оларды бет қаратпадым. Ақиқатын айтқанда мен олардың «үмітін ақтайтын» адам екенімді түсіндірдім. Арада ұзақ уақыттар өтті, қоғам жаңаланды, адам жаңаланды, саналы азаматтар билікке келді. Менде ақырындап өз орнымды таптым. Таңғаларлығы осы бір шумақ өлеңді елге белгілі жазушылар Батырқан Құсбегин, Оразқан Ахымет, Жақып Мырзақанұлы секілді ағаларым бұл өлеңді роман деп бағалады. Одан да қызығы қоғам қайреткері, саяси ірі тұлға Жәнабіл Сымағұлұлы жатқа оқығанын ел ағалары арқылы естігенім бар.

– Ал тәуелсіз Қазақстанға шығармашылық еркіндік бар ғой.

– Иә, мұндағы еркіндікті пайдаланып жазған-сызған дүниелерімді әлеуметтік желіге салып, жұрттың көзқарасын бағамдап отырамын. Оқырмандардың аңысы жаман емес, енді мүшайра дегенде Әлем халықтары жазушылар одағы, Түркі әлемі жазушылар одағы секілді бұқаралық ұйымдар жағынан бірнеше дүркін онлайын өткізілген жазба ақындардың бәрінде жолдаған шығармаларымның маңдайы жарқырап келді. Енді бұдан үлкен респубыликалық ресіми жарыстардан бақ сынау әзірше бізге бұйырмай тұр.

– Сіз Қытайда жүргенде туған жер, отан туралы патроиоттық  өлеңдер жазған шығарсыз.

– Басымыздан өткен қанды қасап тағдырлар аз болмады ғой. Ғасырлар бойғы дүркін-дүркін соғып отырған дауылында қайран қазақ дүниенің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылып кетті ғой. Егемендік алып, өз алдымызға ел болып еңсе көтергенімізбен, бірақ сол қазақтың басын атажұртқа жинау мәселесі әлі күні жүйелі қолға алынбай отыр. Несін айтамыз, өкінеміз де қойамыз. Бізде сондай кезеңде «елім-айлап» еңіреп ауып кеткен елдің ұрпағымыз. Әуелде шығыстағы Чиң патшалығының боданында болдық, кейіннен Гоминдаң, одан соң Қытай коммунистік партиясының қол астына кіріп әлі күнге дейін қанша миллион қазақ сонда өмір сүріп келеді. Мен де сол қазақтың бір баласымын.

Атам қазақтың «қайта кірер есікті қатты серіппе, су ішкен құдығыңа түкірме» дейтін аталы сөзі бар ғой. Тағдырдың маңдайымызға жазуы бойынша сонда туып, сонда өсіп-өндік. Оқыдық, тоқыдық, білім алдық, қажеттілік бойынша қоғамдық қызметте болып, сондағы ұлтымыздың мәдениеті мен әдебиетіне шама-шарқымызша бір кісілік есемізді қостық. Енді қаламгер адам болған соң ырықты, ырықсыз түрде әр тақырыпта қалам тартуға тура келеді.

«Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен айақталуы керек» деп ұлы Мұқағали ақын айтқандай, бізді әдебиеттің майданына махаббат алып келді. Содан бері біраз жылдар бойына машақатты еңбек еттік, еркін өмірді де жырладық, қоғамдық, саяси өмірдің ішінде жүріп сол тақырыптар үстінде де бірдеңелер жазған болдық. Бірақ солардан есте қалғаны жоқ. Бүгін жазылды, ертең өлді деген сөз. Өйткені саясат дегеннің өзі мың құбылып, мың түрленіп тұратын, бүгініне ертеңі кереғар, аумалы төкпелі дүние ғой. Менше бұл тақырыпта өлең жазу ақынды көп қинамайды, жеңіл, лекітіп, тәтті, қызыл сөзді сапырып, отты жөн үрлеп, сипай қамшылап отырсаң болды. Оған одан артық ойдың, күрделі ізденістің, көркемдіктің қажеті шамалы. Қаламды қолға алып аттай желіп өте шығасың.

Енді өткенде де, қазірде де, ол жақта да, бұл жақта да осы бір нарт қызыл тақырыпты ту етіп көтеріп, сондай «алға басар» идеяға толы том-том кітаптар шығарып, өзгелерден көрі өскелең өмір сүріп жүрген кісілер аз емес қой. Ол үшін оны «сен ақын емессің» деп әдебиет майданынан біржолата айдап шыға алмайсың. Өз басым 40 жылға таяған жасампаздық өмірімде бұл тақырыптың ауылынан барынша алшақ жүрдім деп сеніммен айта аламын.

– «Партия қайда болса, біз сонда боламыз» деп ұрандататын коммунистік  жүйенің арнаулы тапсырмаларын амалсыз орындаған кездеріңіз болды ма?

– Деседе «балта тигенше, дөңбек жалт табады» дейтін кездерде болғанын да жасыра алмаймын. Кейінгі жылдарда Шынжаңдағы саяси жағдайға байланысты Қытай қазақтарының Қазақстанға бұрынғыдай сабылып келіп-кетуі сап тиылып, әуелі Қазақстанға келіп қоныстанғандар мен баласын оқытқандар бейресіми қылмыс күмәндісі ретінде қаралып қатаң тексеруде болды. Міне, осы кезде менде сын тезіне алынып, сан-санақсыз тексерулерде жаттым. Сондай бір кезеңде (әлде сынақ па, әлде менің қалам қуатыма шынайы сенім артты ма, ол жағын білмеймін) Күнес аудандық партия комитеті Үгіт бөлімі маған 40 жылдық реформаның қол жеткізген жетістіктері және Ши (Си цзинпин) төраға бастаған Орталық партия комитетінің қазіргі қызметтері, сонымен қоса алда ашылатын ХІХ кезекті халық құрылтайын қарсы алу туралы көлемді үгіт-насихат сипатындық дастан жазуға тапсырма берді. Қапелімде қатты састым, уақыт өте тығыз, жағдай өте күрделі. Жазу да қиын, жазбау одан да қиын болды.

ХІХ кезекті халық құрылтайының ашылуына не бары алты күн қалған, шара жоқ. Содан іштей дайындалып алып, ақиық ақын Мұқағали піріме сиынып кешкі астан кейін кітап бөлмеме кіріп алып жазуға бас қойдым. Егер сенсеңіз сол отырғаннан таңғы сағат 8:00 дейін жазып болып, ұшып түстім. Бірақ поэма сәтті ақырласты. Сол күні түстен кейін қайта үстінен қарап реттеп көшіріп, азаматтарға тергізіп, біраз әлеуметтік желідегі топтарға салдым. Құдай көрсетпесін Шынжаңдағы бүкіл ақпарат, баспасөз салалары дүркіреп кетті. Біраз газеттер менімен тікелей хабарласып жарыса басты. Дикторлар радиода, әлеуметтік желіде жарыса оқыды. Аудандық партия комитетінің Үгіт бөлімі маған алғыс жаудырды.

Осы поэмамның арқасында маған көп жеңілдік жасалып, сондай қиын кезде Қазақстанға аман-есен оралуыма жол ашылды. Міне, Әлеке! Сен білтелеп отырған жағдайдың шындығы, ақиқаты осы. Осы арада айта кетуге татыйтын тағы бір нәрсе: мен Қытайдағы кезімде ешқандай партияға, саяси ұйымға қатысқаным жоқ. Ешқашан билікке, мансапқа қызыққан жан емеспін. Енді осыған бола мені «Қытай үкіметіне қарсы идеядағы адам» деуге немесе қиын-қыстау кезеңде, жан қиналып тұрған аса сезімтал-кілтің кезеңде қиуадан жол тауып жоғардағыдай бірер шығарма жазғаным үшін мені Қытайдың коммунистік партиясын жақтаушы жағымпаз деуге бола ма?!

– Егер сол кезде жергілікті биліктің тапсырмасын орындамаған болсаңыз, сіздің бұл жаққа өтуіңіз қиын болар ма еді. Тіпті, сенде мәселе бар, миыңды жуып-тазалау керек деп конслагерге тығып жіберуі де мүмкін ғой.  Солай ма?

– Жасырары жоқ, қалайда май өкшеме жақсы болмайтын еді.

– Сіз Шынжаң Жазушылар одағының мүшесі боларсыз?

– Мен Шынжаң Жазушылар одағы, Қытай Аз ұлт жазушылар одағы, Шынжаң қазақ мәдениетін зеріттеу қоғамы, Шынжаң Таңжарық зерттеу қоғамы және Іле қазақ автономялы обылыстық әдебиет-көркемөнер бірлестігі секілді бірнеше қоғамның мүшесімін. Қытайдағы кезімде «Адуынкер», «Үкілі ырғай», «Жүзден жүйрік», «Бір кем дұние» қатарлы алманақтармен қоса «Қорамсаққа қол салдым», «Қоламта», «Тағдыр», «Қандауыр» және рулық шежіре қатарлы хеке жинақтарым болып ұзын саны он неше кітабім баспадан шықты. Бәрі де қалың оқырман қауымның қызу алқауына бөленген еңбектер болғаны анық.

– Жүлде алған шығармаларыңыз бар ма?

– Ұсақ-түйек сыйлық сымақ нәрселер есте қалған жоқ. Ал, үлкен сыйлықтарға ешкім ұсынбады, өзім де ондай нәрсеге табан тоздырып ізденгенді білмейтін салақ адаммын. Тек есімде қалғаны 2001 жылы Шынжаң Жазушылар одағы жағынан берілетін «Шынжаң қазақ-қырғыз әдебиеті тұлпар» сыйлығын алғаным есімде.

– Бүгінгі сұхбатымыздың соңын бір өлеңмен қайырсақ қайтеді.

–  Жақсы, «Мақтанам» деген өлеңімді оқиын:

Рухани «шұбырынды-ақтабан»,
Замандарда заркүйімді сақтағам.
Қалыптасып өз әкемнің белінде,
Өз анамнан туғаныма мақтанам.

Адастырмас арманыма мақтанам,
Тағдырыма, талғамыма мақтанам.
Ұлым, қызым шатпақтамай шаташа,
Қазақ болып қалғанына мақтанам.

Күндер үшін күйгеніме мақтанам,
Тауларға бас игеніме мақтанам.
Әр қазақты жалғызымдай құшақтап,
Ұлтымды ұлша сүйгеніме мақтанам.

Арайланған ақ таңыма мақтанам,
Шаттық құшқан шақтарыма мақтанам.
«Иттің көті» дүниеге алданбай,
Отанымды тапқаныма мақтанам.

Айға ұмтылған арманыма мақтанам,
Тағдырыма, талғамыма мақтанам.
Қанды балақ ғасырлардан салтым мен,
Тілімді алып қалғаныма мақтанам.

Нуларыма, суларыма мақтанам,
Ұрпағымның думанына мақтанам.
Дүниеден ерте иә кеш қалмай,
Уағында туғаныма мақтанам!

Астана

26 қазан 2023 ж.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5303