Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5408 0 пікір 5 Қыркүйек, 2013 сағат 04:51

Төлен Әбдікұлы. Тұғыр мен ғұмыр (жалғасы)

Бұдан кейін Батырдың жағдайы тіпті ауырлап кетті. Директордың алдында ыңғайсыз жағдайда қалдырдың деп Ағыбай ренжіді. Өз кезегінде директор да біреудің алдында ыңғайсыз жағдайда қалған секілді. (Кім біледі, жаңағы «біреудің» өзі тағы біреудің алдында қиналған болар.)

         Ең бастысы, газетке шыққан мақалада фамилиясын өзгерткісі келмеген бір-ақ бала болды деп, Батырдың аты-жөні жазылып кетіпті. Кім екені белгісіз, жоғарыдағы бастықтардың бірі:      «Халық жауларының ықпалынан шыққысы келмейтін, тәрбиеге көнбейтін мұндай баланы пионер қатарынан да, мектептен де шығару керек»,- депті-мыс.

         Батыр ұсталайын деп жүрген адам құсап, ешкіммен араласа алмай, жалғыз қалды. Бұған өзге балалар жоламауға тырысады. Мұғалімдер теріс қарайды; бәлесіне ілігіп кетеміз бе деп қорқатын секілді.

Бұдан кейін Батырдың жағдайы тіпті ауырлап кетті. Директордың алдында ыңғайсыз жағдайда қалдырдың деп Ағыбай ренжіді. Өз кезегінде директор да біреудің алдында ыңғайсыз жағдайда қалған секілді. (Кім біледі, жаңағы «біреудің» өзі тағы біреудің алдында қиналған болар.)

         Ең бастысы, газетке шыққан мақалада фамилиясын өзгерткісі келмеген бір-ақ бала болды деп, Батырдың аты-жөні жазылып кетіпті. Кім екені белгісіз, жоғарыдағы бастықтардың бірі:      «Халық жауларының ықпалынан шыққысы келмейтін, тәрбиеге көнбейтін мұндай баланы пионер қатарынан да, мектептен де шығару керек»,- депті-мыс.

         Батыр ұсталайын деп жүрген адам құсап, ешкіммен араласа алмай, жалғыз қалды. Бұған өзге балалар жоламауға тырысады. Мұғалімдер теріс қарайды; бәлесіне ілігіп кетеміз бе деп қорқатын секілді.

         Сүйтіп жүргенде мұны іздеп жатақханаға Алматыдан Ғалым ағасы келді. Іссапармен жүр екен. Батырды осында тұратын бір танысының үйіне апарды. Тамақ ішіп, көр-жерді әңгіме қып отырғаннан кейін, үй иелері  әлде бір жаққа кетті де, Ғалым мен Батыр оңаша қалды. Ғалым бірдеңені айта алмағандай, бүгежектеп біраз отырды да, кенет өзінен өзі еңіреп жылап қоя бергенде, Батырдың зәресі ұшып селк ете қалды. Ғалым әлден уақытта қалтасынан ормалын алып, жасын сүртіп, неге жылағанын есіне түсіргісі келгендей, ойланып біраз отырды да:

         - Шырағым, Шәйкен көкең енді бізге жоқ, - деді даусы қарлығып. – Ату жазасына кескен үкім орындалды деген хабар алдық. – Ғалым өз хабарынан өзі шошығандай қалтыранып, орамалымен бетін жауып үнсіз қалды. Содан кейін Батырды бауырына тартып, құшақтап, қайтадан еңіреп ала жөнелді.

         Батыр жүрегі суылдап, жылай алмай, қыстығып, қыңсылаған күшіктей бір дыбыс шығарып, басын шайқай берді. Оған әкесінің өлімі сәл бұлыңғырлау түрде әсер етсе де, ең алдымен қатты батқаны алдында тұрған ересек адамның зәресін ұшырып, осынша қатты еңіреп жылағаны еді. Ғалым жылағанын қойған кезде барып, Батырдың жылауға шамасы келді. Бүкіл көрген қорлық пен азап, уайым-қайғы, іштегі құса көздің жасымен қоса төгіліп жатқандай ағыл-тегіл ұзақ жылады. Ғалым да бұған қой деп айтпады. Біраз шерін шығарсын деген болар.

         Батыр әрі-сәрі беймәлім күйде жылауын доғарды. Болған істі толық пайымдауға шамасы жетпей, ойлары далаға лағып, кейде осылай боларын әлдеқашан білгендей, тіпті ол кісі әлі тірі ме еді дегендей бір түсініксіз сезім көлбең етіп қалады.

         Ғалым бұған бірдеңелерді айтып жұбатып жатыр, мұның әкесінен басқа да көп адам атылған секілді және мұнымен тоқтайтын түрі жоқ,          елдің басына түскен бір ұлы нәубәт екен, бұлардың үйіне қонаққа келіп жүретін баяғы Бәке, Сәке, Зәкелердің бәрі атылыпты. Раха ұсталатынын біліп өз үйінде асылып өліпті т.с.с.

         Батыр мына хабарға сенбегендей, әлде түсінбегендей Ғалымға жасқа шыланған үрейлі көзімен аңтарыла қарап қалған. Бүкіл елді жусатып жатқан қанды қырғын енді ешкімді де тірі қалдырмайтындай, алдында отырған әкесінің досына да, тіпті өзіне де ертелі-кеш бір жететіндей көрініп, көзі Ғалымға қарап тұрғанмен, ойы алыста - басқа жақта еді.

         Алайда, атылған жалғыз менің әкем емес екен ғой деген ойдан, іштегі үрей дауылы, аздап та болса, саябырсығандай болды.   

         Ғалым бұл күні Батырды интернатқа жібермей, танысының үйіне қондырды. Әңгімелесіп, жағдайына қанықты. Келесі күні директорға кіріп, Батырдың оқу жылын аяқтауына мұрсат беруге рұқсатын алып, содан кейін бір амалын жасамаққа келісіпті.

         Әкесінің өлімі туралы хабарды Батыр әлдебір есірік күйде толық ұғына алмаған. Ертеңіне не істеп, не қойып жүргенін өзі білмей,  бар дүниеден баз кешкендей болып, томаға тұйық жүрді де қойды. Осы бір жан дүниесін тұмшалаған түнек ойдан кейін ашқан жаңалығы – дүниенің жалғандығы еді. Бұл байлам адамзат үшін жаңалық болмағанмен, Батырдың өзіне жаңалық болғаны шындық.  Бәрі де бекер секілді. Оқу, білім алу, ел қатарына қосылу т.с.с. жалған арман, жалған мақсаттарға ғұмырыңды сарп ету неге керек? Баяғыда үйіне қонаққа келіп жүретін үлкендердің бәрі атақты адамдар болатын – бірі ғалым, бірі жазушы, бірі бастық. Бәрі де бір өліммен кете барды. Әйтеуір бір атылатын адамға  профессор болып атылдың не, сауатсыз шаруа болып атылдың не? Бәрі бір емес пе?

         Мектептен шығып қалады екем деп қайғыру не деген ақымақшылық? Мектептің керегі не? Ал өлдің. Қарындасың да, әкең де өлді. Солардан артықсың ба? Батыр осы қырғыннан анасының да аман қалатынына сенген жоқ. Өзін де уақытша өмір сүріп жүргендей сезінді.

         Мынау ойлар еңсесін қанша езгенмен, бір есептен амалын тауысқан ішкі тығырықтан шығар жол тауып берген секілді. Енді бұл өмірден түктің де керегі жоқ деген кесімді тұжырым өзіне қисынды көрініп, осы кезге дейін текке көтеріп келген бір ауыр жүктен құтылғандай  әсер берді.

         Оқу жылының аяғында елден - үстінде шибарқыт қоңыр пешпент, басында бөрік, аяғына мәсі мен  галош киген -  өткен ғасырдың адамындай болып, сығырайған кіп-кішкентай қара шал келді. Көкесінің немере ағасы Қасен екен. Ол алдымен директорға кіріп, содан кейін Батырға келді. «Батыр деген бала қайда? Батыр бар ма осында?» - деп кластың ішіне даңғырлай кіріп, Батырды көргенде даусы бұзылып, құшағын жая кемсеңдеп, дауыстап жылай жөнелді:

         - Бәйтерегім құлады ғой, жарығым-ай! Әулетімнен сенен басқа ешкім қалмады-ау, жарығым-ай! Жалғызым-ай! Жалғыздықты серік қылған біздей сорлы бар ма екен?..

         Осы кезде классқа кірген мұғалім шалға басу айтты:

         - Ақсақал, жыламаңыз, класстың ішінде сабақ жүреді. Балаңызды алып, сыртқа шығып көрісіңіздер. Барыңыз, барыңыз...

         Сыртқа шыққан соң, шал «жалғызымдап» тағы жылады. Оның «жалғызымына» Батыр кейін түсінді. Бұлар бір әулеттен қалған екі-ақ шаңырақ екен. Қасеннен ұл бала жоқ, Шәйкеннен қалған жалғыз ұл Батыр бір әулеттің соңғы тұяғы болып қалыпты.

         Көрісіп болған соң, шал шаруасын айтты. Хабарласқан Ғалым екен. «Батырдың жағдайы қиын, халық жауының баласы деп ол жақта күн көрсетпей жатыр, елге алып кету керек» депті. Қысқасы, ертеңнен қалмай аттану қажет.

         Сол күні Ағыбайдың көмегімен 7-классты бітірді деген қағаз алып, келесі күні түскі пойызбен бұлар елге жүріп кеткен. Алдымен облыс орталығына келіп, одан қалашыларға ілесіп, аудан орталығына түнеп, екі апта жол жүріп, Ақшоқыға әрең жетті.

          Батыр өзінің осы жерде туғанын, 3 жасында елден көшкендерін ата-анасынан естігенмен, есінде ештеңе қалмаған секілді болатын. Әйтсе де, ата-анасының әңгімесінен бе, әлде өзінің қиялы ма, болмаса, сәби санасында бірдеңе қалды ма, әйтеуір, жағасына қоға мен тал өскен, айдыны жарқыраған мына өзенді, әупілдекті айна көлді, анау итарқа қырқаларды, жусанды жазық даланы бұрын көрген секілді. Жанына жылу беріп, уайымын да жеңілдетіп тұрғандай.

         Қасенді «ата» дейтін болды. Үйткені шалдың өзі  «мен Шәйкеннің әкесімен тұстаспын, жолым үлкен, саған ата боламын» деп жөн айтты.

         Атасы өте кедей кісі. Бойдақ сиыр бағып, жаз бойы ен далада жалғыз үй отырады. Биыл Жалғыз түбек деген жерді жайлап отыр екен. Қалың тал өскен өзеннің жағасы Батырға ну орман болып көрінді.

         Қасен шал сиырды бірде қырға, бірде өзен жағасына жайып, кештетіп малмен бірге, кейде өзі ерте келеді. Әу дем жерде келе жатып кемпіріне, «шөлдедік, қымызыңды дайындай бер» деп айқай салады.

         Кемпірі:

         - Сонша жерден айғайлағаны несі? – деп, кейіп жүріп сусын дайындайды.

         Әкесі де, әжесі де көп сөйлемейтін жандар, кешкі шайда екеуінің сырт еткізіп қант тістеген, ыстық шайды сораптап ішкен дыбыстары ғана естілер еді. Батыр болса жаңа ортаға әлі бойы үйреніп кете алмағаннан үнсіз.

         Бірде түн ішінде әлденеден оянып кеткен. Маңдайынан сипап, еміреніп жақсы көріп жатқан атасы екен. Бұл оянбаған болып жата берді. Әлдеқалай көзіне жас тығылып, жылағысы келді.

         Күндіз қолы бос Батыр үйдің іргесіндегі өзенді бойлап, жағадағы тоғай болып кеткен қалың талдың ішін аралап, жаңа өлкеге келген жиһангездей әр нәрсеге бір таңғалып кешке дейін жүреді.

         Бір күні тәңертең атасына:

         - Сыйырға мен барып келейін де, үйде отыра бермейсіз бе, - деген.

         Шал күлімдеп: «Атасының қолқанаты деген осы ғой» - деп өткен жолғы түндегісіндей еміреніп, мәз боп қалды.

         Атқа мінуге тез үйреніп алды. Елсіз мекенде өзен бойын жағалап қиялдап жүру өзіне ұнайтын секілді. Бір күні қырға қарай өрістеген сиырларды еркіне жіберіп, өзен бойымен түстікке қарай аяңжорғамен тартып кетті. Атасы: «Кешке қайтарда болмаса, сиырларды өз бетімен қоя бер, не істейтінін өздері біледі» деген болатын.

         Күн шыққанда, жарқырап, күн бұлтқа кірсе, айдыны қарақошқылданып, түнере қалатын, екі жағына да қалың тал өскен ағыссыз өзеннің жағалауына ешкім аяқ басып көрмеген секілді. Төңіректің бәрі баяғы, әу баста жаралған  қалпында тұрғандай. Алдында жатқан жалғыз аяқ көмескі жол ғана бұл маңда бір кезде тіршіліктің болғанын байқатады. Осылай әрнеге бір алаңдап келе жатқан Батыр кенет алдынан үйлері қаз қатар тізілген поселкені көріп аузын ашып тұрып қалды. Біраздан кейін поселкенің төңірегінде не мал, не адам жоғын байқады. Ақыры жақындап келгенде поселкенің үйлерінің  төбесі түскен иесіз жұрт екенін көрді.

         Батыр молаларды  аралағандай бір қорқынышты сезіммен жүрсе де, бір үйден болмаса, бір үйден қызық бірдеңе табылатындай, поселкені тегіс аралап шықты. Еш бір сау үй жоқ. Қабырғалары ғана бүтін, төбесі ортасына түскен, есік терезесі жоқ, қаңырап жатқан бірдеңе.

         Кешке үйге келгенде көргенін атасына айтып еді, ол кісі «қайтесің оны, барма ол жаққа, керегі жоқ» дегеннен басқа ештеңе айтпады. Тек келесі күні әжесі ұршық иіріп отырып: «Ол - бұрын артель құрылғанда салынған поселке ғой. 31-32 жылғы аштықта адамдары қырылып, аман қалғандары босып, аудан орталығына жаяу шұбап, жолда өлді. Содан бері қаңырап тұр. Атаң айтты-айтпады, бармай-ақ қой. Қайырсыз мекен ғой» деген.  Cодан кейін айтсам ба, айтпасам ба екен дегендей сәл ойланып: «Үйлердің ішінде көмілген адамдардың сүйегі жатыр» деді.

         Батыр  алысқа ұзап, төңіректі зерттеуді азайта бастады. Үйткені мына өлкенің бір жерін түртіп қалсаң, ар жағынан адам қырылған жаңа бір тарих шыға келетін секілді көрінеді де тұрады.

         Күзде оқу басталарда  атасы Батырды колхоз орталығы - Ақшоқыдағы мектепке алып келді. Мектеп директоры Қабыш Ахметов Батырды интернатқа алуға ықылас білдіре қоймады.

         Бірақ Қасен шал әңгімені мүлде басқа арнаға түсіріп әкетті:

         - Әй шырағым, сен олай деуге тиісті емессің. Біріншіден, өзің осы елге күйеусің. Екіншіден, шешең Ақсары – қауен, ал біз - дәуенбіз. Қауен мен Дәуенді адам айырмаса, құдай айырып көрген жоқ. О не дегенің сенің? Батыр менің балам. Айдалада қысы-жазы қаңғып, сиыр соңында жүрген қу кедей мына менің баламды интернатқа алмағанда, кімді аласың?..

         Қабыш рай бере қоймады:

         - Қасеке, түсінсеңізші, бала көп, орын жетпей жатыр. Осындағы бір туысқандарыңыздың үйіне орналастырмайсыз ба?

         - Сен ондай әңгімені қой, айналайын, - деді Қасен құпия айтатын адамдай Қабышқа жақындай түсіп. – Кешегі Тасмешінде сенің әкең Ахметті ажал аузынан алып қалған мына мен болатынмын. Оның үстіне сенің әкең менімен бөле. Қашсаң да, құтыла алмайсың. Бүкіл әулетімізбен әй-шәй деспеген сыйластықты енді сен бұзайын деп отырсың ба? Мынауың масқара ғой!..

         Енді айтыссам, одан да жақын туыс боп шығып, ұятқа қалармын дегендей Қабыш күлімсіреп:

         - Жарайда, ақсақал, алайын. Сіз үшін тек... Бізге де жан керек, бұл баланың тарихынан хабарымыз бар. Сосын айтып отырғаным ғой, - деп сөзінің аяғын мәмілемен аяқтады.

         Интернатта Батыр Қарағұл деген ересек баламен бірге жатты. Екеуі тез достасып, бірге жүретін болды. Қарағұл бұдан екі-үш жас үлкен. Денесі сомданып, жігіт болып қалған. Қылжақбас, жай сөзінің қайсы, ойын сөзінің қайсы екенін айыру қиын. Айтатын әңгімесі тек қыздар туралы. Түсінде де қыздардан басқа ештеңе көрмейтін секілді. Сөзіне қарағанда, жігіттіктің дәмін әлдеқашан татып үлгірген. 

         Оқу басталғаннан кейінгі Қарағұлдың көзіне түскен қыз 7 класста оқитын Сұлушаш болды. Ауылға басқа колхоздан ауысып келген агроном Сабырхан деген кісінің қарындасы.

         Сұлушаш әдемі қыз – ақсары, қатарынан биік, әрі шынардай тіп-тік болып жүреді. Өзі әнші екен, сабақты да жақсы оқитын көрінеді. Жүріс-тұрысы, киім киісі ауылдың адамына ұқсамайды, бәрі ерекше. Оны ұнатпау тіпті мүмкін емес секілді. Бірақ Қарағұл елден бұрын ен салып қойғандай, иемденіп жүргеннен кейін, онымен қабаттасып, ынтызарлық таныту адамгершілікке жатпайтын қылық болып көрінді Батырға.

          Мектепке он жылдық деген ат берілгені биыл ғана.  Соған байланысты ауданнан жаңа мұғалімдер келіпті. Олардың ішінде екеуі – училище бітіріп келген жастар.  

         Оқап атты беті бұжырлау, ұзын бойлы жігіт ән-күй үйірмесін ашып, орта бойлы, жалпақ жауырынды, денелі Түгелбай балаларды спортқа тартып, бұл төңіректе бұрын болмаған өнерді бастады.   

         Ән-күй үйірмесінің дайындығы кезінде балалар залға сыймай кетеді. Көбінің көргісі келетіні Сұлушаштың ән айтқаны. Сұлушашты жәй отырғанда көрген адам тіпті сұлу деп айтпас еді. Бірақ сөйлегенде, күлгенде, әйтеуір қимылдай бастағанда-ақ түрі ғажап өзгеріп кетеді. Адамға таңырқағандай бір түрмен қараған кездегі жарқ еткен жанары төңіректі жарық қып жібергендей әсер етер еді. Әйтсе де, мінезі тіктеу, сәл нәрсеге ашуланып қалатыны бар.

         Дайындық кезінде Оқап орындығын сықырлата бұрылып, ән айтатын балаға әлденелерді түсіндіріп, мандолинін безілдете, «и-и-и» деп басын изеп белгі береді. Онысы бастадық дегені. Ал Сұлушашқа келгенде, белгілі әншімен жұмыс істеп тұрғандай, ізетпен сөйлеп, оның әнді бастар кезін күтіп, жаңылысып кетем бе дегендей, одан көзін алмай, айрықша ыждаһаттылықпен сүйемелдейді. Сұлушаш ән айтқанда басын сәл бұрып,  көздерін қадаған көпшілікке назар салмай, жалғыз өзі оңашада тұрғандай болып айтушы еді. Дауысты қатты көтеретін  тұста жұп-жұмыр аппақ мойынындағы күре тамыры білеуленіп көрініп тұрады. Сол кезде Батыр дауысы жетпей қалар ма екен деп қорқып, іштей қыпылықтап отыратын.  

Әйтсе де ұл балалар көбіне физкультура пәнінен сабақ беретін Түгелбайдың төңірегінде. Түгелбайдың жап-жалпақ жауырыны, буылтық-буылтық бұлшық еттері, жеп-жеңіл, ып-ыңғайлы жүріс-тұрысы көздің жауын алғандай. Бірақ мінезі арсы-гүрсілеу, сөзінен гөрі қолы бұрынырақ қимылдайтын секілді. Мақтаншақтығы да жоқ емес. Күші бойына сыймай тұрғандай, қозғалақтап бір орында тұра алмайды.

         Қонақта болған той-томалақтың бірінде өзімен бірге барған Дәулет деген мұғалімге қол жұмсап, педсоветке түсіп, сөгіс алып, біраз әйкәпірлеу болып жүрген. Кейін Түгелбайдың атын шығарған оқиға болды.            

         Колхоздың биылғы шабындығы да, егіні де бітік шығып, оны жинап алуға ауданның нұсқауымен басқа жақтан жұмыскерлер, механизаторлар келген. Олардың ішінде өзге ұлттың өкілдері көп екен және өздері сотталған бәлелер болып шықты. Солар төбелес шығарып, екі адамды соққыға жығып, әбден басынып, бет қаратпай тұрғанда, осы Түгелбай әлгілердің бәрін шетінен көкала қойдай қып сабап, масқара қылған. Кейін көрші ауданның іргелес колхозымен шабындыққа таласып, аяғы үлкен қақтығысқа айналып, сонда да осы Түгелбайдың арқасында жеңіп шықты.  Түгелбай баяғының жалдамалы батырлары секілді. Айтса болды, тас-талқанын шығарады. Сырттың телі-тентектері бұл ауылға бас сұға алмайтын болды. Педсоветтің шешімі далада қалды. Жұрт енді «осы Түгелбай болмаса қайтер едік» деп отыратынды шығарды. 

         Мектептегі көзге түсетін үшінші адам - география пәнінің мұғалімі Ерғазы. Шегір көзді, жарқабақ, қарасұр, қатыгез кісі. Жас шамасы бәрінен үлкен. Бұрын райкомда істеген, одан бұрын осы елде әйелі, ағасы - үшеуі тұңғыш партия ұясын ашқан алғашқы коммунистердің бірі. Директордан бастап, мұғалімдердің бәрі өзінен именіп, аулақ жүруге тырысады. Жұрттың айтуына қарағанда 37-38 жылдары Ерекеңнен бүкіл аудан қалтырап қорыққан екен. Қазір кішкене бағы тайып, төмендеп, мұғалімдік қызметке түсіп қалған тәрізді. Соның өзінде ешкім бетіне тура қарай алмайды. Балаларға ұрысқан кезде ең көп айтатын сөзі: «Халық жауының құйыршығы». Бірақ оны ауыр алып жатқан ешкім жоқ; әшейін сөзінің мәтелі болуға керек.

         Оқу басталысымен Батырдың жақсы оқитыны  байқалғаннан кейін кейбір мұғалімдердің бұған іш тартатындары сезіліп жүрді. Өз елі болған  соң араларында ет жақын туыстары да болар. Оның үстіне әкесі елге белгілі адам, оған да бүйрегі бұратындар бар шығар. Әйтеуір бұрынғыдай қатты қысымшылық көрмей жүрген секілді. Бірінші тоқсан аяқталарда, соның алдында ғана комсомол комитетінің секретары болып сайланған Оқап мұны коридорда ұстап алып, ерекше құпия айтып тұрғандай, жан жағына жалтақтай қарап: «Сені  комсомолға аламыз, - деді құлағына сыбырлап, - жақсылап дайындал».  

         Демалыс алысымен Батыр қыстауға көшіп келген атасының үйіне келді. Келесі күні шай үстінде өзінің комсомолға өткелі жатқанын айтты. 

         Атасы әлдеқалай шошынып:

         - Онысы немене тағы да? -  деді күмәнді жүзбен бұған алара қарап.- Осындай бәлелерден Шәйкенннің де тапқан пайдасы шамалы еді. Байқасаң қайтеді?

         Батыр үндеген жоқ, үйткені мұның аяғы немен аяқталарын өзі де білмейтін.

         Атасының үйінде екі күн түнеп, интернатқа қайтып келді. Ересек балаларды интернатқа отын дайындауға жұмсаған. Бұл өңірдің қысы қатты болғанмен, отыны аз. Жаз бойы тезек жинап, қи ойып, қол жеткендер тал қиып әкеліп, әр қыс келген сайын, амалы құрып, былтыр не істегенін ұмытып қалғандай, дағдарып отырар еді.    

         Төрт бала – танауы таңқиып, әңгімеден аузы жабылмайтын Байбол, керісінше, көзі бақырайып, әркімнің аузына бір қарап, үндемей отыратын бәкене бойлы Тәйпен, сосын Қарағұл мен Батыр - тал қиюға өгіз арбамен Ақшоқыдан күн шықпай шығып, Арбалы түбегіне түс шамасында жеткен. Өзен жағасынан басталған қалың тоғай түбекті түгел толтырып, шилеуітті боз қырға барып тіреледі екен. Бұлар келе тоғайдың ең қалың жерінен тал қиюға кірісті. Қолдарында бір бір балта, жігіт боп қалған ересек балалар күн батқанша құрғақ талдарды үйіп тастады. Арбаға тиегенше ымырт түсті.  Әбден шаршап, қарындары ашып, берекелері кетіп отырғанда, Қарағұл күтпеген жерден ұсыныс айтты.

         - Мына жерде, - деді ол иегімен көрсетіп, - әрі кетсе, үш шақырым, Шайтан көң деген жерде түйеші Сақан отыр. Маған нағашы болады. Сонда түсіп, тамақ ішіп, қонып, тәңертең ерте шығып кетейік.

         Қарағұл айтқан сөзінен айнып қала ма деп қорыққандай:

          - Ойбай, кеттік, - деді қалғандары бір ауыздан.

         Әбден тойынған тұсаулы өгіздерді әкеліп, жегіп, өздері арбаның үстіне отырып, өзектің бойымен шоқалақтап, тегіс жолға түскеннен кейін, қарап отыра алмайтын Байбол:

         - Шайтанкөң демекші, -  деп айсыз қараңғы түнде тағы бір әңгіменің шетін шығарды.- Шайтанкөң демекші, қай жылы менің нағашы атам осында қой бағып отырғанда, неше түрлі бәлені көргенін айтқан. Шайтанкөңде шайтан болады дегенге бұрын сенбейтінмін. Бірақ түнде машинаның жарығы секілді жарықты талай көргем. Сүйтсе, соны атам да көріпті. Бір күні түнде дейді атам, жарық тіпті жақындап үйдің қасына қарай келе жатыр, соның алдында әлде неден секем алып, қолыма мылтығымды алғанмын. Әлгі тіпті екпіндеп, көзімді шағылыстыра жарқырап тура қасыма келгені. Содан не де болса  деп, мылтығымды жарыққа қаратып басып қалдым дейді. Мылтық гүрс ете қалғанда, әлгі жарық жоқ болып кетіпті. – Байбол өз әңгімесіне өзі таңқалғандай, «ой, Алла-ай» деп басын шайқады.

         - Жанбай бар ғой, - деді үнсіз отырған Қарағұл да әңгімеге араласып.

         - Таңатар Жанбай ма?

         - Иә. Солар да бір жылы осында қыстаған. Содан естігенмін, түнге қарай тіпті маза бермейді екен. Ауыз үйдің астан-кестеңін шығаратын көрінеді. Кейде шашы жалбыраған қыз бала түрінде көрінеді екен.

         Жеті түнде мынандай әңгімеден үрейленіп, қалғандары үнсіз отыр. Тамақ ішеміз деп қуанған көңілдері су сепкендей басылған тәрізді. Бірақ  терезесінен жарық жылтыраған қора-қопсылы аласа саман үйдің алдына өгіздерін доғарып, ұзын сенекті бойлап, кірер есікті әрең тауып, жап-жарық, жып-жылы ішке кіргенде көңілдері қайтадан жадырап сала берді.

Мұрты тікірейген жылтыр қара Сақан осылар келсе екен деп күтіп отырғандай, орынан атып тұрып, әрқайсысымен құшақтасып амандасып, Қарағұлды қайта-қайта арқасынан қағып, мәз боп қалды. Балалар үй иесінің ықыласын байқап, енді жағдайымыз жаман балмайды дегендей, бір біріне қарап, көздерін қысып қояды. 

Ай далада жалғыз үй отырған жандар шынында да ауыл адамдарын сағынатын болу керек, бұлар келісімен Сақанның етженді ақ сары әйелі алдына алып отырған жас баласын күйеуіне ұстата салып, қобырап кеткен шашын жинап, жаулығын жүре байлап, салмағын ауырсынғандай, ырғала басып тамақ істеуге ауыз үйге шықты. Үш жасар шамасындағы шашы көзіне түскен сары қыз келген қонақтарға жалтақ-жалтақ қарап, пеш түбінде отыр.

Көп ұзамай шай да келді. Сақан әжуасыз отыра алмайтын секілді, аузын қомпайтып Қарағұлдың нан шайнағанын салып,  ауылдағы дүкенші соқыр Қапардың сыналып газетке шыққанын айтқанда, бір көзін қысып, екінші көзін ажырайтып, дүкеншінің түрін келтіріп, жұртты күлдіріп отырды. Ең ғажабы, біреуді мазақ қылған кезде, түрі әлгі адамнан айнымай қалатын тәрізді.

Бір тұста Қарағұл:

- Нағашы-ау, биыл үшінші жыл екен ай далада отырғандарыңа. Мүлде тағы боп кететін болдыңдар ғой. Ауыл жаққа неге жақындамайсың?- деді әңгімені басқа жаққа бұрып.

Сақан жауаптан тосылғандай біраз үнсіз отырды да:

- Айтып отырғаның рас, жалғыз үйліктен жалығып болдық, - деді, менен де гөрі осыған батты дегендей, әйеліне қарап қойып. - Бірақ мына түйе деген жануардың,  момын сияқты көрінгенмен, қауіп-қатері аз емес. Баяғыда елде бір жыл қыстағанда есепші Мәрденді бура өлтіріп кетіп, содан аулаққа кетейін деп, осылай қарай көшіп кеттім ғой. Бұл бура дегенің жараған кезде құтырынып, аузынан ақ көбігі бұрқырап, өлген-тірілгеніне қарамайды. Көзіне көрінген нәрсеге шауып, ие бола алмайсың. Өткен көктемде осында келген Әшірді қуып, астындағы атының әлділігімен әрең құтылып кетті. Кейде көзі қарауытып менің өзіме де назары ауып қоятын кездері бар. Алла сақтасын! Әйтеуір айқайлап, әрең дегенде есін жидырасың.

Алғашқы үрей балаларға тағы оралды.

Сақан да балалардың қорқып отырғанын сезіп:

- Жоқ, қазір ешкімге тие қоймайды. Көктемге қарай қайитын кезде ғой иттердің жынданатыны, - деп жуып-шайғандай болды.

Бір қатерден құтылғандай болып, балалар да жадырап қалды. Байбол жол бойғы әңгімені еске түсірді, атасының жарқыраған шамды мылтықпен атқанын тағы да қайталап айтып шықты.

 - Атаң көргенін айтқан шығар, ол рас, - деді Сақан, мынау да талай рет көрген дегендей, тағы да  әйеліне қарап қойып. - Біз өзіміз әбден үйреніп алдық. Өздері бірде сары мысық, бірде ешкі болып келіп, аралап, ұйықтап жатқан балаларымызды иіскеп, жүре береді. Не істейсің, әйтеуір зияны жоқ секілді.

- Мысық дейсіз бе? – деді Тәйпен үрейленгендей бір үнмен.

-Иә, кәдімгі сары мысық болып келеді.

Алдыға ет келді. Сақан табақтың астына қою үшін іргеден бір топ газетті алып, біреуін жазып еді, бірінші бетте тұрған Сталиннің суретін көріп шошып қалғандай: «Обай, мына кісі шыға келді ғой»,- деп, екінші газетті жазғанда, онда да әлгі сурет бар екен, үшінші газетте де - көсемнің суреті, ақыры шыдай алмай: «Әй, жарайды, бұл кісі көсем болса да, дәмнен үлкен емес шығар»,- деп соңғы газетті табақтың астына төсей салды. 

Ет желініп, балалар қолдарын  сүртіп, төрге қарай шегініп отыра бергенде, жартылай ашық тұрған есіктен кіріп келе жатқан сары мысықты бәрі көрді. Мысық басын сәл төмен салып, аяғын асықпай басып, бұларға тура келе жатыр еді.

Тәйпеннің түрі бұзылып, қолын ербеңдетіп:

- Ойбай аға, - деді даусы жарықшақтанып. – Мынау әлгі ме?

Сақанның әйелі күліп жіберді. Сақанның өзі:

- Жоқ, жоқ, Тәйпен, қорықпа, бұл ол емес, өзіміздің мысық қой, - деп басу айтып жатыр. – Кет, әй, - деді сосын мысыққа кіжініп, - Бұ да бір, үйге кірмейтін кезде кіріп...

Сорпа ішіп, ас қайырып, дастарханды жиғаннан кейін, Сақан далаға шығып келіп:

- Дала бұлтты екен, ертең желкемдеу болар, - деді де, балаларға қарап, -  жүріңдер мен сендерді төсек салғанша далаға шығарып келейін, - деп өзі қайта шығып кетті.

Балалар тастай қараңғы сенекке шығып, бір бірінен ұстап, «есік қайда» деп бір бірінен сұрап келе жатқан. Кенет тағы да Тәйпеннің шар ете қалған даусы шықты. «Не болды?» деген сұраққа, «Мүйіз».., - деуге ғана шамасы келді. Оның әзіл-шыны қайсы екенін білмей тұрғанда: «Ойбай, сақалы ма, не бәле?» - деген Байболдың жан даусы шықты. Апыр-топыр, «есік қайда, есік қайда?» деген дауыс шығады. Манағы ешкі түрінде келетін пәлекеттің осы екеніне бір сәтке ешкімнің күмәні қалмады. Кенет шиқ етіп күлген дауысты Батыр анық естіді. Және Сақанның үні екенін сезіп, мынаның ойын екенін енді білді. Көп ұзамай сыртқы есік те ашылды. Балалар сыртқа шығып, ойын екенін түсініп, әлгі қорыққандарына өздері ыңғайсызданғандай болып, бірін бірі мазақ қылып, жатқанша ойын-күлкілері басылмады.

Батыр кейін білді Сақан әйгілі сайқымазақ, даланың әртісі екен. Біреуді  келеке қылу, жоқ нәрсені ойынға айналдырып, жұртты жынды қылу өзінің ежелгі кәсібі көрінеді.

- Қайта басылғаны ғой, - дейді Қарағұл тәңертеңгілік қайтып келе жатқанда жол бойында. – Бұрын құдай сақтасын жын секілді болатын. Адамды күлдірмесе, отыра алмайды. Мұнымен қатар отырып шәй іше алмайтынсың. Біреуді айнытпай салып, не адам ойына келмейтін бірдеңелерді айтып қалса, шайыңа шашалып, басыңмен қайғы боп кетесің. Қайта мына жаққа жалғыз өзі кетіп қалғаны жақсы болған. Ойыны қайсы, шыны қайсы екенін адам білмейді. Ешкім болмай қалғанда, жалғыз өзі байғұс әйелінің шек-сілесін қатырып, есін шығарады ғой. – Содан кейін түндегі оқиға есіне түсіп, - Бізді қорқыту үшін, ерінбей-жалықпай, ешкіні дайындап қойғанын көрмейсің бе? – деп қарқылдай күлді.

Оған басқалары қосыла күлді.

Осы оқиғадан кейін, көп ұзамай Сақан ұсталып кетті деген хабар келді. Айыбы - Сталиннің суретін мазақ қылып, табақтың астына салған, статьясы - советке қарсы үгіт жүргізгені үшін (антисоветская агитация). Ең ғажабы, әлгі хабарды кімнің жеткізгені анықталмай қалды. Батыр бұрын НКВД балалардың арасынан да өздеріне тыңшы тағайындайды дегенді естіген болатын. Бірақ  Сақанның үйінде болған төрт бала. Біреуі - өзі. Өзінің органмен қатысы жоғы өзіне аян. Сонда қалған үшеуінің қайсы болуы мүмкін? Үшеуі де біз емеспіз деп ант су ішеді. Тірі жанға сену мүмкін емес .

Ноябрьде қыс түсті. Мектеп - қыр жақтағы ең шеткі үй, өзенмен арасы біраз жер.  Балалар өгіз арбамен кезектесіп, интернатқа өзеннен су және мұз тасиды. Кешкілік өзеннен су таситындар көп, әсіресе, қыз балалар. Батыр ойық басында Сұлушашпен талай кездесті. Аяздан қызара бөртіп, күлім қағып жүргені.

Бір күні Қарағұл бұған өтініш жасады:

- Сұлушашқа сөз айтуға ретін таба алмай жүрмін. Хат жазып қойып едім, бірақ өзім беруге жүрегім дауаламайды. Егер сенің хатың болса, ойланбай берер едім. Өзіме ыңғайсыз. Сен осыны су әкелуге барғанда ретін тауып берсең қайтеді? 

Батыр жоқ деп айта алмады. Өзі де іштей Сұлушашты ұнатқанмен, дәл бұл арада қарсы болу адамгершілікке жатпайтын қылық болып көрінді.  

- Жарайды, - деді хатты алып жатып.

Келесі күні кешкілік Батыр өгіз арбамен су әкелуге барды. Беті қатқан

ойықты аршып, кеңейткеннен кейін, бәктерді суға толтырып, шанаға мұз ойып салып, шаруасын бітірген соң, Сұлушашаты күтіп, күйбеңдеп жүріп алды. Біреу «кімді күтіп жүрсің» деп айта ма деп, қыпылықтап қояды. Ақыры келді-ау. Сұлушаш бұған мән бермей, бәкке суды толтырғаннан кейін, шанасын сүйретіп мұның жанынан өте берді.

         Батыр осы кезде оның атын атады ма, атамады ма, есінде жоқ, әйтеуір Сұлушаштың бұған жалт қарағанын көрді де, «алмаса қайтемін» деген ойдан жүрегі лүпілдеп, хатты ұсына берді.  Бірақ қорқынышы бекер болып шықты, Сұлушаш жүзі күлімдеп, тіпті осыған риза болғандай, жып еткізіп хатты алып алды. Батыр оның мұнысына көңілі толыңқырамай, бұл да көп қыздың бірі болғаны ма деген секілді бір ойдың жетегінде қоңылтақсып қала берді. Егер алмаймын десе, Қарағұлды ұнатпайтынының белгісіндей болып, көңілін әлде бір үмітке толтыратындай көрінген және өзінің хатты алмаса екен деп іштей дәме қылғанын да сезіп тұр.

         Қарағұл мұны есіктің алдында күтіп жүр екен:

- Алды ма? - деді бұған үрейлене қарап. «Алмаса, қайттым?» деген ой оның да мазасын алғаны көрініп тұр.

         Батыр «алды» дегенді білдіріп басын изеді. Онысы Қарағұлға мүлде келісімін берді дегеннен кем әсер еткен жоқ. Батырды құшақтап мәз болды.

Батыр енді ол қызға үміт арту мүмкіндігінен айрылғандай әсерде қалды. Бірнеше күн бойы әлде бір күдер үзген сезіммен мектепте Сұлушашпен кездесіп қалмауға тырысып, қашқақтап жүрді. Бірақ бір ауылда тұратын, бір мектепте оқитын адам қайдан кездеспей жүре алсын, қас қылғандай, тағы да сол ойықтың басында кездесуге тура келді.

Бетпе-бет келіп қалғаннан кейін, Батыр ұмсынып, амандаса беріп еді, Сұлушаш ашулы түрмен бұған жалт қарап:

- Жұрттың хатын тасығанша, өзің жазбайсың ба? - деді де, бұрылып жүре берді.

Батыр өзінің үлкен қате жібергенін сезіп, қатты өкінді. Бірақ әлгі сөздің астарында хатты мұның өзінен күткені жатыр ма, әлде әшейін кекеткендегісі ме, ол арасын айыра алмады. Тек ашуланғанына қарағанда, Қарағұлды ұнатпайтын болғаны ғой деген ой еңсесін сәл-пәл жеңілдеткендей болды.

Көп ұзамай, Батыр Оқап басқаратын көркемөнер үйірмесіне қатысты. Домбыраға әуестігі бұрыннан болғандықтан, бұл әрекетін өзінің өнерге деген құштарлығынан деп өзін сендіргісі келгенмен, көңілінің түпкірінен екінші бір адам мұның, шын мәнінде, Сұлушашқа бір табан жақындағысы келгеннен туған жоспар екенін бетіне басып тұрғандай және соны өзі де жоққа шығара алмай тұрғандай сезінетін.

Оқап тәп тәуір домбырашы екен, талап қылған бес балаға бір айдың ішінде «Кеңес», «Қарабас» күйлерін үйретті. Батырдың домбырашылығы қалғандарынан көш ілгері болып шықты. «Сен домбыраны сөйлете біледі екенсің, бұл үлкен қабілет. Дұрыстап шұғылдансаң, тәп-тәуір домбырашы болып кетуің мүмкін» дейді Оқап риза болып. Жетінші класта оқитын Сағи атты екінші  бала да көштен қалмайтындай дәрежеде. Ал қалғандарынікі - әшейін үйренсек деген ниет қана.

Жаңа жыл кеші жақындаған кезде концертке дайындық басталды. Батыр енді Сұлушашпен ыңғай сол дайындықта кездесетін болды. Бірақ оның бұған рай беретін түрі жоқ. Өзі үнемі әлде неге ашулы жүретін секілді. Бірде үйірменің жетекшісі дайындыққа кешіккен соң, қыздар ерігіп бір-бірінің сөмкелерін тығып, ойнап отырған. Біреуі Сұлушаштың түсіп қалған қолғабын жып еткізіп көтеріп алып, қатар тұрған қыздың арт жағынан қолына ұстата салды, ол екінші - қызға, өстіп кезек-кезек қашыртып жүріп, ақырында қолғап Батырдың қолына тиді. Батыр Сұлушаштың түбіттен тоқылған жұп-жұмысақ қолғабын  ұстай тұрғысы келіп үндемей тұра берген, кенет Сұлушаш төбелесетін адамдай мұның жанына жетіп келіп:

- Әкел қолғапты!- деді қып-қызыл болып түтігіп. – Сенімен ойнағым келіп тұрған жоқ. Ойының өзіңе. Әкел қолғапты!

Батыр аяқ астынан не істерін білмей абдырап, қолғапты ұстата салды. Зіркілдеп тұрған қыздың түріне тура қарай алмай, жүзін төмен салып үндемей тұр. Басқа балалар да ыңғайсызданып, бір-біріне қарасты.

Іштей жақсы көріп жүрген адамынан көңілі қалғандай болып, Батыр жатақханаға келген соң, болған оқиғаны Қарағұлға айтты. Алдында айтпай-ақ қойсам деп бір ойлаған, бірақ іштегі қапаны біреумен бөлісу қажет болды.  Қарағұлдың көрген зәбірі мұныкінен кем болмаған секілді:

- Ойбай, ол қыздан мен күдерімді баяғыда үзгем, - деді ол «бәлесінен аулақ» дегендей қолын сілтеп. – Неге хат жазасың деп итімді шығарған жоқ па. Ол ертең ешкімге әйел боп та жарытпас. Ана мінезбен кімге сыяды?

Қарағұл сыртынан қанша жамандағанмен, күлімсіреген жүзінен, зілсіз жайдары даусынан, реті келіп Сұлушаш жылы шырай танытып жатса,  өзінің бұрынғы ынтызарлығын одан әрі жалғастыруға кет әрі емес екені  байқалып тұр.

Шынында да Сұлушаштың қай қылығы болса да, кешірмеу мүмкін емес еді. Келесі дайындықта-ақ Батырдың ренішінен түк қалмаған секілді болды.

Алдыңғы жоспар бойынша концертте Батыр жалғыз өзі домбыра тартатын болып келісілген. Бірақ артыннан Оқап басқа бір номер ойлап тапты. Енді үш адам екі домбырамен сахнаға шығып, бұрын болмаған бір оқиға жасамақ. Сол жақта отырған Оқап бірінші домбыраның пернесін басып отырады, оны ортадағы Батыр оң қолымен қағып, ал сол қолымен екінші домбыраның пернесін басады, мұны қағушы - оң жақ шеттегі Сағи. Үшеуі осылай отырып, дайындық үстінде «Қарабас» күйін тартып шыққанда, бірінші болып қол соққан Сұлушаш болды. Көзінің астымен күлімдеп Батырға қараған кезде, жанарынан тараған сәуле мұның көңіліндегі  өкпе-реніш, уайым-қайғының бәрін жуып-шайып кеткендей болды.

Сұлушаш мұнымен тоқтап қалған жоқ, өз номері келгенде «Сәулем-ай» әнін айтып тұрып, қайырмасындағы :

«Сәулем, сәулем, сәулемсің,

Басымдағы дәуренсің,

Жақсы болсаң, сәулемсің,

Жаман болсаң, әуремсің»,- деген тұста Батырдан көзін аламай тұрып алғанда, оны бәрі байқап, қыздар да Батырға қарап, бұл қалай қызарып кеткенін өзі де байқамай қалған.

Сұлушаштың жанарынан тұтанған бір от Батырдың жан дүниесін шарпып, маздап ала жөнелді.

 

Колхоз клубында өткен жаңа жыл кешінде бұл ауылда бұрын-соңды болмаған тамаша концерт қойылды. Бұл шын мәнінде Оқаптың еңбегі еді. Директордан бастап бүкіл мұғалімдер Оқапты да, концертке қатынасқан балаларды да құттықтап, шалғай ауылға мәдениеттің жаңа бір лебі келгендей мәз болып жатты.

Бірақ үш күннен кейін балалар ұнжырғасы түсіп, көңілсіз жүрген Оқапты көрді. Кеше болған мұғалімдердің жиналысынан кейін, концертке берілген баға басқаша болып шығыпты. Бұрын райкомда істеген Ерғазы концерттен саяси қате тауыпты. Бүгінгі советтік әндер - партия, комсомол туралы әндер неге жоқ? Қайдағы жоқ «Сәулем-ай» секілді халық әндері  кімге қажет? «Қарабас» деген қаралы күйді қайдан тауып алған? Кімге жоқтау айтып отыр онымен? Идеологическая диверсия! Бұл үшін ең алдымен бірінші басшы  жауап беру керек деп, директорға шүйілсе керек.

         Мұғалімдер арасындағы бұл кикілжің мұнымен тоқтамады. Дау-дамай ушығып, ауданға арыз түсіпті. Арызда мұғалімдердің саяси сауаты аз, мектептегі моральдық климат нашар, кейбір мұғалімдер мен мектеп оқушыларының ара қатынасы педагогикалық нормаға жатпайды деген айыптар тағылған көрінеді.

Ақыры ауданнан, іштерінде бір дәрігер бар, арнайы комиссия келді. Олар мұғалімдерден жауап алып, біраз тергеп, ақыры жетінші, сегізінші кластың қыздарын дәрігерлік тексеруден өткізетін болыпты. Сөйтіп кімнің қыз, кімнің қыз емес екенін анықтамақ. Сосын барып негізгі кінәліні іздемек.

 Осыдан кейін мектепте құлақ естіп, көз көрмеген оқиға болды. Екі кластың қыздарының бәрін мұғалімдер бөлмесіне жинап, бір-бірлеп дәрігер мен бірнеше әйел мұғалім отырған директордың кабинетіне енгізіп, еңіреп жылап, қарсыласқандарына қарамастан, зорлап диванға жатқызып, жыныс мүшелерін тексерген. Қатты қарсыласқандарына қол жұмысауға тура келген.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған процедурадан кейін, 4 қыздың қыз емес екені анықталды. Акт жасалып, комиссия мүшелері қол қойды. Алдында тексерістің нәтижесін құпия сақтауға келісім болған, бірақ хабар келесі күні-ақ тарап кетті.

Төртеудің ішінде Сұлушаш та бар еді. Ең ауыр соққы Батырға осы болды. Есінен айрылғандай аңырып, оқиғаның мәніне түсінуге шамасы жетпей  біраз тұрды. Одан кейін, мүлде қаңғып кеткісі келген адамша, жалғыз өзі өзен жағасымен елсізге қарай  ұзақ жүрді. Бір тұста өзінің күйзелісін тежеп, сәл-пәл сабырға жүгінді. Біраздан соң тіпті суынып, өзін Сұлушашқа қатысы жоқ адамдай сезінді. Содан кейін, бейтарап адамша жағдайды ақылға салып талдағысы  келді.

Қыз баланың пәктігі әр қашанда бірінші орында. Бірақ... Біріншіден, кімнің қандай жағдайда мұндай абыройсыздыққа тап болғанын білмей тұрып, оған баға беруге болмайды. Егер оның еркінен тыс жағдайда болса, ол оның адамгершілік құнын түсіруге тиісті емес. Екіншіден, мынандай масқаралау болмаса, оны ешкім білмес еді, қыздар ел қатарлы өз бақыттарын табуы мүмкін еді. Оларды қолдан бақытсыз қылып отыр. Үшіншіден, әр кімнің өзіне ғана қатысты құпия ғұмыры болуы мүмкін, оны неге басқа біреу тексеруге тиісті. Осылай болған істі саралай келіп, Батыр біржола бақытсыз қыздардың жағына шықты. Өзінің Сұлушаштан безе алмайтынын сезді. Оның бойындағы ғажайып қасиеттер мен қылықтарды, жанарындағы тұтас бір әлемді жоқ қып жіберуге әлгі бір қара дақтың шамасы жетпейтін секілді.

Өзінің осындай бір тоқтамға тірелгені әлде бір істің түйінін шешіп бергендей болып, Батыр түн ортасына жақындағанда жатақханаға оралды. Ретін тауып Сұлушашпен кездесуім керек, оған осындай кезде демеу болып, қайғысын  бірдей бөлісуім керек деп шешті. Және осы шешімі өзіне ұнайтын секілді. Үйткені бұл шешім өзінің пенделік өзімшілдігінен, тобырлық санасынан әлде қайда биік тұрғандай көрінді.

Бірақ  онымен кездесуді  тағдыр мұның маңдайына жазбаған екен, тәңертең бұлар асханада отырғанда Сұлушаш асылып өліпті деген қайғылы хабар жетті.

Батыр, ең соңғы шырақ сөніп, саңылаусыз түнек орнағандай, үмітсіз, дауасыз  дағдарыстың шырмауында қалды.

Адам баласын бақытты қылмау үшін көз жазбай қадағалап отыратын бір қатыгез күш бар секілді.  Онымен тіресу де, күресу де мүмкін емес. Алайда, ең соңғы тиынына дейін тоналған адамның  бір ғана артықшылығы бар, ол - тонушының бұдан әрі оған оған ештеңе істей алмайтыны, үйткені оның енді тонайтын да ештеңесі жоқ.  Батыр өз бойынан осындай бірдеңені сезетін секілді. Енді маған не істейсің деп, көзге көрінбейтін біреуге  кіжінгісі келеді. Бірақ онысы қарсылық білдірген қайраттан гөрі, шарасыздықтан туған  әшейін ашыну еді.

Тағы да ауданнан адамдар келді. Қазаға байланысты тексеру жүргізді. Сұлушаштың өліміне өзінен басқа ешкім кінәлі болмай шықты. Бұйра шашты, көзілдірікті лектор клубта «Отбасы және жыныстық тәрбие» атты баяндама жасады. Мемлекеттің негізі - отбасы екені, оқу орындарында тәрбие жұмысын күшейту керектігі, жыныстық қарым-қатынасты тым ерте бастауға болмайтыны, махаббат бір әйелге, не бір еркекке ғана бағытталуы керектігі, қылмаңдауға, қылымсуға болмайтындығы туралы, толып жатқан цитаталардан тұратын баяндамасын: «Жыныстық таңдау таптық тұрғыдан, революциялық пролетарлық қажеттілік тұрғысынан жасалуы керек. Жыныстық қарым қатынас тек таптық мүддеге ғана бағынуы керек,- деп аяқтады да: - Мен мұны ойдан шығарып отырған жоқпын, «Революцияшыл пролетариаттың он екі жыныстық парызы» атты еңбектен алдым,- деп әлде бір жұқа кітапшаны жоғары көтеріп жұртқа көрсетті. Енді оған ешкімнің де қарсы шыға алмайтыны белгілі еді.

Бүкіл Ақшоқыны дүрліктірген оқиға ақыры мектеп директоры Қабыштың партиядан шығарылып, жұмыстан қуылуымен, «сегізінші класта оқитын Күлпашты аздырған» деген айыппен Түгелбайдың алты жылға сотталуымен аяқталды. Күлпаш кеш оқыған ересек қыз болатын, Түгелбай оған оқу аяқталысымен үйленуге сөз салып жүрген.

Химия пәнінің мұғалімі Сәлімгерей директор болып тағайындалды.

Өзеннің бір сәтте бұрқырап тасып, артынан өзінің үйреншікті қалпына көшетіні секілді мектептегі тіршілік те күнделікті ырғағына түскен сыңайлы. Ыстығы да, суығы да, күйігі де, қуанышы да жоқ мимырт өмір жалғасып жатыр.

Батыр теңіз бетінде дауылға қарсы қолынан келгенше күресіп, енді ескегі сынып, оны есетін күш-қуатынан да айрылып,  жел қайда айдап апарса да, бәрі бір деген енжарлықпен қайықтың үстінде ештеңе ойламауға тырысып жатқан адам секілді еді.

Әлдеқалай почтаға барған, Ғалым ағасынан хат келіп тұр екен. «Айналайын Батыр, - депті, - дені-қарың сау жүріп жатырсың ба? Жақында апаңа барып қайттым. Сол Ақмола қаласынан  отыз шақырым жердегі әйелдер лагерінде жүріп жатыр. Былтыр барып қайтқанымда жағдайы ауыр еді. Шәйкен мен Раушанның қазасы қатты батты ғой. Жүрек ауруымен ауруханаға жатып шыққан. Қазір, құдайға шүкір, жаман емес секілді. Әйтеуір бұрынғыдан тәуір. Өзіңді көп ойлайды. Күйеуі «Халық жауы» деген жаламен атылып, өзі күйеуінен бас тартпағаны үшін сотталған (апаңың да статьясы сол) жанындағы бір әйелдің баласын он сегізге келіп, кәмелетке толған күні ұстап әкетіпті. Сен биыл он жетіге келесің. Ертең он сегізге толғанда, саған да жала жауып, қиянат қыла ма деп зәресі ұшады. Қайтейік, бір құдайға тапсырғаннан басқа амал жоқ. Тек сақ жүр. Ағаң Ғалым.»

Уақыт көңілсіз күндердің тізбегіне айналды.

Көктем мен қыс таласып, бірін бірі ала алмай жатқан секілді. Күн болмашы жылынып көктемнің лебі сезіле бастаса, артынан іле шала қар жауып, қайта қыс түскендей болады.

Лениннің туған күні қарсаңында Батыр үш баланың бірі болып  комсомолға қабылданды. Көп ұзамай бұларды ат арбамен аудан орталығына апарып, билеттерін тапсырды. Комсомол ұйымының хатшысы ретінде  бұларды ауданға апарған Оқап Батырды «озат оқушы, колхозды құруға алғаш қатысқандардың бірі  - сиыршы Қасеннің баласы» деп таныстырды.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366