Ташкентте Палестинаны қолдап көшеге шыққандар қамауға алынды
29 қазанда Ташкенттегі Әмір Темір даңғылында Палестинаны қолдау митингіне қатысқан кем дегенде үш адам 15 тәулікке қамалды. Билік наразылық акциясына рұқсат бермеген.
"Газета.uz" басылымының хабарлауынша, астананың Шайхантахур аудандық сотының шешімдерімен танысу кезінде үш адамның жауапқа тартылғаны мәлім болған.
Аудандық сот 30 қазанда Ташкент облысының Ф. О. (2001 жылы туған) мен Б. И. (2001) есімді тұрғындарын, сонымен бірге Қашқадария облысының М. Х. (1997) есімді азаматын соттаған.
Олардың бәрі «ішкі істер органдары қызметкерлерінің талабын орындаудан бас тартуы», «митинг өткізу тәртібін бұзғаны» үшін жазаланған.
Естеріңізге сала кетейік, 29 қазанда Ташкентте Палестинаны қолдау митингіне қатысқан жүзден астам адам ұсталған. Құқық қорғаушылар оларды ішкі істер бөлімдеріне жеткізген. Ұсталған азаматтардың көбісі әңгімелесуден кейін босатылған.
Мәліметтерге қарағанда, мұндай акцияға қатысуға астана тұрғындары ғана емес, көрші облыстарда тұратын адамдар да келген. Акция өтетіні туралы мәлімет бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде таралған.
Фото: ашық дереккөзден
Abai.kz