Ұлттық код дегеніміз не?
Әрбір ұлттың қалыптасу тарихы және басқалардан өзгешеліктері бар. Ұлттың жойылып кетпеуі үшін ол өзгешеліктерді сақтай білу керек. Әуелі ұлттық кодтың өзін анықтап алайық.
Ұлттық код дегеніміз не?
Ұлттық код дегеніміз – әрбір ұлттың басқалардан айырмашылығын көрсететін ерекше қасиеттері, ішкі және сыртқы көріністері және солардың пайда болу факторлары. Ұлттық код әрбір ұлттың ерекшелігін ашып, оның сыр-сипатын түсінуге мүмкіндік береді. Бұл сипатқа ұлттың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, тілі, діні, ділі, моральдык-этикалық нормалары тәрізді өзіндік ерекшеліктері жатады.
Абай «Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат» дейд». Әлемдегі барлық құбылыстың материалдық және рухани болмысы болады. Әрбір ұлттың да осындай екі болмысы бар. Оның материалдық болмысы – сыртқы сымбаты, ұлттық коды. Ұлттық код – ұлтты басқалардан ерекшелейтін сыртқы сипаты ғана. Ұлттың рухани болмысы – оның ішкі сыры. Ішкі сыры – адамның ар-намыс, ұят, әділеттілік, сана-сезім, мейірімділік тәрізді адами қасиеттері. Рухани болмыс барлық ұлттарда бірдей, ортақ қасиеттер болып табылады. Сондықтан, барлық ұлттардың кодтарының ішкі сыры бір, бүкіл адамзатқа ортақ. Ұлттың ішкі сыры өзгермейтін және баршаға ортақ рухани құндылық болса, ал оның сыртқы сымбаты үнемі өзгерісте және жеке ұлтқа ғана тән. Ұлттық кодтың сыртқы сымбаты оның ішкі сырын қалыптастырып, сақтауға мүмкіндік береді. Осылай, ұлттық салт-дәстүрді сақтау, қазақтың бұрынғы қонақжайлық, мәрттілік, мейірімділік, ар-ұят тәрізді рухани қасиеттерін сақтайды. Сонымен бірге, ұлттық кодтың ішкі сыры да оның сыртқы сымбатына әсер етіп, өзгеріске түсіріп отырады. Мысалы, көшпелі қазақ халқының әдет-ғұрпы Кеңес Одағында қатты өзгеріске түсті. Себебі, жаңа коммунистік идеология адамның ой-өріс, ойлау қабілетін өзгертіп жіберді. Әдет-ғұрпы өзгеріске түскенде ұлттар өздерінің ерекшеліктерін жоғалтып, басқа ұлттармен араласады, тіпті мұндай синтезден жаңа ұлт пайда болуы да мүмкін. Бірақ оның ішкі мәні – рухани болмысы – бір арнаға құйылып бүкіл адамзаттың рухани болмысын құрайды. Бүкіл адамзат құндылықтары осылай құралады. Мысалы, Кеңес дәуірінде кейбір Сібір халықтары жойылып кетті, не болмаса қазір жойылу барысында. Алты жүз жылға созылған Осман империясының көптеген халықтары бір-бірімен араласып, қазіргі Түркия мемлекеті пайда болды. Ал бұл империяның негізін салған Орта Азиядан шыққан түркі тайпалары тарихта үлкен орын алғанымен, өздері толық өзгеріске түсіп бүгінгі Түркия халқын құрап отыр. Қазіргі түріктерде өздерінің ата-бабалары болып табылатын Орта Азия халықтарына ұқсамайтын айырмашылықтар бар.
Сонымен, бүкіл табиғаттың әр бөлігінің ішкі мәні мен сыртқы көрінісі бар. Бұлар әр көріністің рухани және заттық болмысын құрап, олардың тұлғалық қасиеттерін көрсетеді. Әрбір тұлға өзін сезінуге ұмтылады. Өзін «өзім» деп сезіну – тұлғалық қасиет. Бұл – Эго. Тұлғалық қасиет жаннан шығады. Жан мәңгілікті және тұлға. Рухани қасиет мәңгілікті болғандықтан, әрбір тұлға өзінің «өзімін» мәңгілікті сақтауға ұмтылады. Осылай әрбір тұлға өзін сақтау үшін күреске түседі. Бүкіл әлем – түрлі тұлғалардың күрес майданы. Адамзат қоғамындағы түрлі қақтығыстардың толастамауы да осы себептен. Бұл қақтығыстар жанды оятып, өзін-өзі тануға мүкіндік береді және өркениеттің негізгі қозғаушы күші болып табылады. Себебі, бәсекелесте, күресте жан фәни әлемнің былғанышынан арылып, тазарады.
Ұлт та табиғаттың бір бөлігі, сондықтан оның да тұлғалық қасиеті бар. Ол да басқа ұлттардың арасында өзін-өзі сақтау үшін үнемі күресте. Өмір үшін күрес – табиғи заңдылық. Бұл күресте оның құралы – ұлттық код. Кімнің ұлттық коды мықты болса – сол жеңеді, не болмаса өзін сақтай алады. Тарих сахнасынан жойылып кеткен халықтар өздерінің ұлттық болмысын сақтауға ұмтылмаған. Олардың ұлттық коды жетілмей, әлсіреген. Ұлттық код әлсірегенде ұлттың сақталуына үлкен қауып төніп, жойылып кетсе, ал оны жақсы сақтаған халықтарға ондай қауып жоқ. Бұған жақсы мысал – еврей, не болмаса шешен тәрізді Кавказ халықтары. Олар – сан жағынан аз болса да басқа халықтардың арасында көп ғасырлар бойы өздерінің өзіндігін сақтағандар. Себебі, бұл халықтар өздерінің ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, дін, діл, тіл тәрізді басқа да ұлттық кодын өзгертпей, қатаң ұстанады. Қазақ халқы тарих сахынасынан жойылып кетпес үшін біз де өз ұлттық кодымызды дұрыс түсініп, сақтауға ұмтылуымыз керек.
Ұлттық кодты дұрыс қолдана білудің үш маңызы барын айта кетуге болады.
Біріншісі, қазіргі түрлі ұлттар қатар өмір сүріп, ортақ бір мемлекет құрып жатқан заманда елде бірлік, қоғамда тыныштық, бейбіт өмір керек. Ол үшін әрбір ұлт өкілі басқа ұлттардың әдет-ғұрпын қадірлеп, құрметпен қабылдауы шарт. Ұлттардың бірін-бірі жақсы біліп, дұрыс қарым-қатынас жасауы – олардың арасындағы өзара түсініс, сыйластық кепілі. Мұндай жағдайда ұлттық код әрбір ұлттың қорғану құралы ғана емес, ұлтаралық түсініс құралына айналады. Көп ұлтты мемлекетте бейбітшілік шарты осы деуге болады. Әрбір ұлт өкілі басқа ұлттардың әдет-ғұрпын жақсы біліп, оған құрметпен қарайтын болса, ұлтаралық келіспеушілік болмайды. Ұлтаралық ынтымақ шарты – әрбір ұлт өкілінің өз ұлтының ұлттық кодын қорғай отырып, басқа ұлттардың әдет-ғұрпын қадірлей білуінде.
Екіншісі, ұлттық код қазіргі кезде қолданылып жүрген құлыпты ашатын құпия кілт (код) тәрізді. Басқа ұлт өкілдері құлыпты ашқандай осы кодты біліп, дұрыс пайдалана алса, онда олар қандай халықтың болса да ниет-көңілін ашып, сенім құшағына еркін еніп, толық сіңісіп кете алады. Қазаққа тұрмысқа шыққан көптеген басқа ұлттың қыздары осылай қазақ тілін үйреніп, дінін қабылдап, салт-дәстүрін еркін меңгеруі арқылы қазақпен бірігіп, сіңіп кетті. Мысалы, ХVІІ ғасырдағы Қазақ хандығын нығайтуға үлкен үлес қосқан қазақтың алғашқы бас пірі әулие Мүсірәлі жоңғардың қонтайшысы Ғалден Сереннің сүйікті кенжесі Мариямға саяси мақсатпен үйленген. Мүсірәліге келген соң Мариям өзінің жұбайылық табиғи міндетін орындап, мұсылмандықты толық қабылдап, қазақ арасына сіңіскені сонша, ерінің ең сүйікті жұбайына айналады. Олардан қазақ пірлерінің бірі әулие Қосым туып, халық өміріне өзінің үлкен рухани әсерін берген /19/. Қай заманда болса да осындай мысалдарды көптеп табуға болады. Ұлттық кодты дұрыс пайдаланудың түрлі ұлттан құралған отбасы үшін осындай маңызы бар.
Ондай адамдар – қазақ халқының ұлттық кодын қабылдап, анасының құшағына енгендей, халықпен бірігіп кеткендер. Ал сіңісе алмағандар – ұлттық кодты меңгермеген, не болмаса меңгергісі келмегендер. Қазіргі кезде Қазақстанда туып-өсіп әлі күнге дейін қазақ тілінде екі ауыз сөз құрастыра алмай, қоғам тыныштығын бұзып жүрген адамдар осылардың қатарына жатады.
Үшіншісі, ұлттық кодты қорғай білу – әрбір ұлттың өзіндік ерекшелігін қорғап, келешекте ұлттың жойылуына жол бермейді. Бүгінгі күндері барлығы керісінше. Көшпелі дәуір берген ер мінезден айрылдық. Тұрмыс жағдайы өзгергендіктен, қазақтың ежелгі салт-дәстүрі, ой-өрісі өзгерді. Тіпті ана тілімізді қорғаудың өзі қиындап кетті. Нәтижесінде отбасының күйреуі, туған-туыстың, әке мен баланың арасындағы қайшылықтар ушықты. Әділеттілік аяққа басылып, адамның рухани тозғаны соншалықты, тіпті жақсы мен жаманның арасын айыра алмайтын халге жеттік. Осының барлығы ұлттық кодымызды сақтай алмағанымыздың көріністері.
Ежелгі қазақта ұлттық код көшпенді өмірмен қалыптасып, салт-дәстүрмен қатаң сақталып отырған. Мұндай өмір табиғатпен үйлесімді болғандықтан, ұлттық кодты сақтау қиын болмады. Табиғаттың өзі ұлттық кодты сақтауға мәжбүрлеп отырды. Қазақтың ұлттық әдет-ғұрыпы бойынша отбасының әрбір мүшесі өз орнын, кіммен қалай қарым-қатынас жасау керектігін, отбасындағы міндетін жақсы біліп, оны мүлтіксіз орындап отырған. Мысалы, келінді – келін бала, күйеуді – күйеу бала деп өздерінің туған балаларындай қабылдап, құрметтеген. Әйелі жұбайының атын атамайтын. Жаңа түскен келін отбасындағы балаларға ботам, күнім, айым тәрізді өзінің ой-қиялы жеткенше көркем есімдер беріп, еркелеткен. Соған орай, жаңа түскен келінді де отбасының үлкен-кішісі түгелдей қуаныш-мейірмен қабылдап, жақын тартқан. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деп келінді түскен жерінде ене тәрбиелеген. Осылай әйел адам отбасында тұтастықты сақтайтын негізгі қуатқа айналған.
Осы арада айта кететін маңызды жағдайдың бірі – бүгінгі отбасының күйреу себебі. Ол себеп – әйел мен еркектің теңдігін дұрыс түсінбеуден шығады. Олардың жандары тең. Бірақ тәндері тең емес екені белгілі. Сондықтан отбасында олардың міндеттері әртүрлі. Ұлттық кодтың өзгеруіне байланысты бұл міндеттер бір-бірімен шатасып, өмірді бейберекет етіп отыр. Отбасының негізгі мақсаты ұмытылып, адам тән құмарына берілгендіктен, отбасының рухани міндеті ұмытылды. Ол міндет – тән құмары мен жан құмарына жағдай жасап, адамды рухани жетілдіріп, ұрпақ қамы үшін өмір сүру. Отбасының басқа міндеті жоқ. Бірақ технократиялық өркениет әлем бойынша бұл міндетті ұмыттырып, гендерлік саясатты тудырды.
Қоғамда ұлттық код қатаң сақталғанда, бүгінгідей отбасының күйреуі, туған-туыстың арасындағы жанжал тәрізді келеңсіз сәттер болмайды. Ұлттық код қазақтың рухани болмысын мұқият сақтап, оның құлдырауына жол бермеген. Осылай қай заман болса да қазақтың «мың өліп, мың тірілген» кезінде оның тарих сахнасынан жоғалып кетпей, өзіндік болмысын сақтауға ұлттық код мүмкіндік берді.
Досым Омаров,
филосов-ғалым
Abai.kz