Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3874 0 пікір 6 Қыркүйек, 2013 сағат 10:47

Болат Абаған. Ауылым көшіп барады...

Кезінде тарқатылып, басқа аудандардың «құшағына» енген шекаралы аудандардың шырайы мүлде қашып, елге қорған болып тұрған елді мекендердің  тұрғындары жаппай қалалы жерге ауа көшуін жалғастыруда. Осыдан бірер жыл бұрын тоқтағандай болған көші-қон биыл тіпті күшейіп кеткен сыңайлы. Заманында мыңғыртып мал өсірген бай-қуатты совхоздардың фермалары болған шаған ауылдардың түтіні мүлде сөнуге таяу. Мәселен, мен туып-өскен Тарбағатай ауданының бұрынғы аумағында жыл сайын бастауыш және орталау мектептердің бірнешеуі жабылып, медпункттер есігіне қара құлыптар ілінуде. Клуб, кітапхана, балабақша сынды білім, мәдениет мекемелерімен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында-ақ қоштасқан ондай елді мекендердің соңғы үміті мен тірегі, мәдениетінің ошағы болған мектептер жабылған соң жұрт қайтпек, амалсыздан жылдап өсірген малын жартымсыз пұлға өткізіп, жылы орнынан қозғалып,  қалалы жерді  сағалауға мәжбүр. Онда да оларды құшақ жая күтіп тұрған ешкім жоқ. Ер жеткен балалары біреудің босағасын жағалап, байшікештердің сарайларын жалдап, реті келген жұмыспен күн көруде. Соған қарамастан, өздерін қарайлап келген әке-шеше мен іні-қарындастарына пана болу үшін бүгінгісінен де ауыр жұмыстарға барады, денсаулықтан айырылады. Ертеңгі күні қажет болар, жоғары білімді жылы жауып қояды.

Кезінде тарқатылып, басқа аудандардың «құшағына» енген шекаралы аудандардың шырайы мүлде қашып, елге қорған болып тұрған елді мекендердің  тұрғындары жаппай қалалы жерге ауа көшуін жалғастыруда. Осыдан бірер жыл бұрын тоқтағандай болған көші-қон биыл тіпті күшейіп кеткен сыңайлы. Заманында мыңғыртып мал өсірген бай-қуатты совхоздардың фермалары болған шаған ауылдардың түтіні мүлде сөнуге таяу. Мәселен, мен туып-өскен Тарбағатай ауданының бұрынғы аумағында жыл сайын бастауыш және орталау мектептердің бірнешеуі жабылып, медпункттер есігіне қара құлыптар ілінуде. Клуб, кітапхана, балабақша сынды білім, мәдениет мекемелерімен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында-ақ қоштасқан ондай елді мекендердің соңғы үміті мен тірегі, мәдениетінің ошағы болған мектептер жабылған соң жұрт қайтпек, амалсыздан жылдап өсірген малын жартымсыз пұлға өткізіп, жылы орнынан қозғалып,  қалалы жерді  сағалауға мәжбүр. Онда да оларды құшақ жая күтіп тұрған ешкім жоқ. Ер жеткен балалары біреудің босағасын жағалап, байшікештердің сарайларын жалдап, реті келген жұмыспен күн көруде. Соған қарамастан, өздерін қарайлап келген әке-шеше мен іні-қарындастарына пана болу үшін бүгінгісінен де ауыр жұмыстарға барады, денсаулықтан айырылады. Ертеңгі күні қажет болар, жоғары білімді жылы жауып қояды.

Ауылдағы жағдайды, мемлекеттегі саясатты қалт жібермейтін, оларды сараптағанда кәсіби саясаткерлерді жолға қалдыратын құрдастарымның айтуына қарағанда, биылғы көштің көбеюі, шекарлы аудандың қайта құралытындығына деген сенімнің мүлде сөнгенін байқатады. Былтыр барғанда, Омбы – Майқапшағай трассасының қазіргі Тарбағатай ауданының басталар тұсына Қабанбай батыр бабамыздың алып ескерткіші орнатыла бастағанда, аудан қайта ашылатын болды деп жүректері жарылардай қуанып жүрген жерлестірімнің сағы биыл түбегейлі сыныпты. Әйтеуір, батыр бабаның аруағы қолдады ма, бұрынғы тарбағатайды тумасы, соңғы жылдары ауданды басқарған Ерлан  Текешов облыс әкімінің орынбасарлығына өрледі. Ал аудан қалпына келтіріледі деген үміт жанбай қалды.  Ауыл тұрғындарының қалаға көшуі үдей түсті. Қазіргі кезде мемлекеттік шекара сызығының түбінде тұрған ауылдардың алды қаңырап қалды.

– Биылғы жыл жауынды болды. Бұрындары жаңбырға қуанатын едік. Осы жолы жаумаса екен деп тіледік.  Өйткені, арасына күн салып сорғалаған жауын-шашын ертерек орылған жоңышқаны  шірітіп жіберсе, шөптің түбі бекіген шақта тіптен үдеп шабындыққа дер кезінде шыға алмай қалдық. Малдың бағасы да түсіп кетті. Кедендік Одақтың кесірі мен, кім білсін? Әйтеуір, бізге жақындау Өскемен мен Семейдің сауда орындары мен базарларында Ресей жақтан жеткізілген, келісі 600-700 теңге тұратын, ауа өткізбейтін орамға оралған, сыртынан қарасаң міні жоқ, бір ет пен бір майдан тұратын ет кесектері қаптап кетті. Бірінші кезекте алатын затының сапасына емес арзандығына назар аударатын  қалалықтар қазіргі кезде соған ден қойып, біздің жақтың жайылымда өскен малының дәмді етін елемейтін дәрежеге жетті. Шеттен келген еттің арғы түбін тексеріп жатқан ешкім жоқ. Ол мал қалай бағылды, қалай сойылды, экологиялық тұрғыда таза ма? Оған бас ауыртып отырған жанды көрмедік.

Жыл сайын, оңтүстіктен мал алуға КАМаз-бен келетіндер де күрт азайды. Келгендері қойға бергісіз тоқтыны 10 мың теңгеге, бұзауды 30 мың теңгеге сұрап, сұрап емес-ау, берсең бер, бермесең қой дегендей кергіп мазақ етеді. Осылайша, табынымыз тілініп, ұйқы-күлкіні ұмытып жүріп баққан төрт түлігімізді су тегінге алмақ. Оларға қимағанмен, жемшөп те оңай емес, мал бағатын адам да табу қиын. Жаз ортасында жылқы бағып жүргенде баданадай-баданадай бұршақ жауып, соның кесірінен мұрттай ұшып, ауырып та қалдым. Әкесін, ауылды қимағанмен, жанымның амандығы керек. Қолдағы малды арзанға болса да өткізген соң, көшемін. Құдайға шүкір! Алматыдағы балалар қаланың сыртынан болса да шағын-шағын баспана тұрғызып алды. Жеңгеңнің зейнетақысын жөндеп алғаннан кейін ештеңеге қарамаймын, көшемін. Басқа амал қалмады. Таудағы қоражай мен 150 гектар жерді 500 мың теңгеге бере салдым.  Шекараның бойы жалаңаштанып қалды, жайлаудан береке қашты. Көріп отырсың, Жетаралда да қаңыраған, қираған үйлер көп. 1978 жылы өздерің оныншы сыныпты 103 бала бітірген едіңдер ғой, сол орта мектептегі барлық бала саны бүгінде 300-ге жетер-жетпес болып қалыпты. Салынғанына жарты ғасыр жуықтаған білім ошағы ғимаратының да тозығы жетті. Қабырғалары жарылып, төбелері құлайын деп тұр. Жоғары жақ жылда салынады деп уәде береді. Түбі тұрғызылар, бірақ ол кезде ауылдағы адам саны да  тым азайып кетері сөзсіз, – деген ағам, ойлы көзін алыстан мұнарта көрініп, Қытай мен Қазақстанның арсын бөліп жатқан Барқытбелге қадай отырып, опырыла күрсінді.

– Бірақ,  басқа жаққа шыдай алар ма екенмін? Жас та біразға келді. Көз ашқалы осы Жетіралада тірлік еттім. Білмеймін?! Өзің білетін, ғұмыр бойы жылқы баққан  Көксеген аға бар ғой? Соны Алматыдағы балалары алып кетіп еді, ауылды көксеп ол жақтан қашып келген болатын. Одан Өскемендегі балалары көшіріп алып еді, онда да көндіге алмай бір күні Тарбағатай қайдасың деп тартып отырыпты. Ақыры әкелерінің басқа жақты тұрақ ете алмасын білген  балалары ақылдаса келе, шешім қабылдап, Алматыдағы Ержаны ауылға біражола көшіп келді. Мемлекет тарапынан мал шаруашылығына көңіл бөліне бастағаны оған көрім болып, мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Заманында алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтын жақсыға бітірген болатын. Дипломы кәдеге жарады.  Келіншегі де амбулаторияда қызмет істеп жүр. Өстіп, Көксеген ауылын көксеп қашып келе берді де, нәтижесінде  ортаншы баласын туған жерге көшіріп алды. Мен де сөйтіп жүрем бе ойлаймын. Қалай болғанда да, ауылды қимайды екенсің...

Көңілі босап кеткен ағам, көзінің жиігені жиналып, мөлдірей қалған жасты көрсеткісі келмеді ме, теріс айналып, жаздық үйге еніп кетті.

Елден тым ерте кеттік. 1981 жылы күзде әскерден оралғаннан кейін, көк шинельдің буымен ауылда біраз жүрдік те, Алматы қайдасың деп тартып отырдық. Одан бері де отыз жылдан асып кетіпті. Бұрындары ауылға асығып, алғашқы бірер күнде сағынышымды баса алмайтынмын. Қазір де жыл сайын барамын, барамын да Қарасудың жағасында сағаттап отырып, өткен күндерді, бүгінгі жағдайды ой елегінен өткіземін. Ақырында  көңіліме ауыр ой арқалап, жүрегімді ауыртып қайтамын. Ауылда қалған, жастары елуден енді асса да елеусіздік  пен ауыр тірлік беттерін айқұш-ұйқыш әжімдеп тастаған құрдастарымның, жалпы ауылдастарымның бетіне тік қарай алмайтындаймын. Олардың торығулы жүзі мен шаршаңқы қабақтарына қарап отырып, өзімді туған ауылды сатып кеткендер қатарына қосамын. Расында, бүгінде кір жуып, кіндік кескен жерді қимай жүргендер алдында айыптымыз. Шекаралы ауданның жабылуы жөнсіз екенін, қайта ашылуы қажеттігін, нақты дәлелдер келтіре отырып  республикалық газеттерде бірнеше рет көтергенімді ойлап, өзімді өзім ақтауға тырысқаныммен, жерлестерім алдында жүзім төмен. Қалай болғанда да, біздердің боймызда Көксеген ағаның көкірегіндегі кір жуып, кіндік кескен жерге деген адалдық пен қимастық жоқтығы анық. Егер туған жердің түтіні мен қиының иісін Көксеген көкеміздей көксесек, туған ауылымыздың түтіні сұйылмайтын еді. Бірақ, жаңа айтқанымдай, біздің бала кездегі санамыздағы ауылдың аяулы сезімдерін қалалардың қатігездігі мен тасбауырлығы, ысы мен күйесі басып кетті-ау деп қорқамын.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369