Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5609 0 пікір 6 Қыркүйек, 2013 сағат 11:11

Тезек Төренің жоқтаушылары бар екен

Суретте: Ш.Уәлиханов кесіндеген Тезек төренің суреті

Тезек төре - Жетісу тарихында, қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған ірі тұлғалардың бірі. Кішкентайымыздан ата-әжелерімізден ол кісі туралы, әсіресе біз, Алтынемел өңірінің Күнгей-Теріскейінің адамдары, әңгімелерге қанып өстік. Марқұмдар Тезек төре туралы ешқандай жаманаттар айтпаушы еді.

         Ал енді сол атақты адамның күмбезінің құлап, қараусыз жатқаны барлық елдің жанына батушы еді. Бұдан жиырма жылдай бұрын мен «Тезек төренің жоқтаушылары бар ма?» деген мақала жазып, осы өңірдің бар үлкендері сол атақты ханның қарашасы едік дейтіндерін алға тартып, елге күмбезді түзеу туралы мәселе көтерушілердің бірі болдым. «Тезек Төре» атты арнайы Халықаралық қайырымдылық қоры құрылып, басшысына Ұлы Абылайханның Жетісу-Түркістан өңірін басқаруға жіберген ұлы Әділдің ұрпағы, белгілі ғалым, профессор Аман Шотаев сайланды. Жалпы, бұл өңірдегі барлық Әділдің ұрпақтары және басқа Абылай ұрпақтары да, қазір өздерін Тезек төренің ұрпағымыз деп атайды, ал біз сияқты басқа рулардың өкілдері, аталарымыз хан атаған Тезек төрені ерекше қадыр тұтатынымыз еш жасырын емес. 

Суретте: Ш.Уәлиханов кесіндеген Тезек төренің суреті

Тезек төре - Жетісу тарихында, қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған ірі тұлғалардың бірі. Кішкентайымыздан ата-әжелерімізден ол кісі туралы, әсіресе біз, Алтынемел өңірінің Күнгей-Теріскейінің адамдары, әңгімелерге қанып өстік. Марқұмдар Тезек төре туралы ешқандай жаманаттар айтпаушы еді.

         Ал енді сол атақты адамның күмбезінің құлап, қараусыз жатқаны барлық елдің жанына батушы еді. Бұдан жиырма жылдай бұрын мен «Тезек төренің жоқтаушылары бар ма?» деген мақала жазып, осы өңірдің бар үлкендері сол атақты ханның қарашасы едік дейтіндерін алға тартып, елге күмбезді түзеу туралы мәселе көтерушілердің бірі болдым. «Тезек Төре» атты арнайы Халықаралық қайырымдылық қоры құрылып, басшысына Ұлы Абылайханның Жетісу-Түркістан өңірін басқаруға жіберген ұлы Әділдің ұрпағы, белгілі ғалым, профессор Аман Шотаев сайланды. Жалпы, бұл өңірдегі барлық Әділдің ұрпақтары және басқа Абылай ұрпақтары да, қазір өздерін Тезек төренің ұрпағымыз деп атайды, ал біз сияқты басқа рулардың өкілдері, аталарымыз хан атаған Тезек төрені ерекше қадыр тұтатынымыз еш жасырын емес. 

         Ақыры, осы мәселе оңынан келіп, 2010 жылы Алтынемел тауының етегінде мемлекеттік «Мәдени Мұра» бағдарламасының аясында, Тезек төре мен Бөлтірік шешеннің елді бірлікке шақырған оқиғасына орай ескерткіш ашылды, Тезек төренің ұрпақтары, басқа да көптеген тұрғындардың қатысуымен төренің басына ескерткіш қойылып, қабірі қоршалды.

         Осы айтулы оқиға кезінде Тезек төреге арнап барлық деректерді жинақтап, тарихи еңбек арнау қажеттігі көтеріліп, ағайындар маған қолқа салғанда, өзімнің «жастармен жағаласпай, ақсақал ретінде ақыл айтып, жөн сілтегенім дұрыс болар» деп бас тартқан едім. Олай болған соң бұл жұмыс төренің ұрпағы, өлең-мақалалары аз-аздап басылып жүретін Азамат Ақылбековке, «өзінің үлкен шығарма жазып көрмегенін» айтып қашқақтағанымен, ағаларының атынан тапсырылған еді.

         Жуырда, Талдықорған қаласындағы өлкетану мұражайында Азамат Ақылбековтың, бұрын жұртшылық көп біле бермейтін тарихи деректерге толы, сондықтан да танымдық мәні мол, бағалы кітаптың тұсаукесері өтті.

         Оқырмандардың халық шаруашылығындағы әдебиетке, тарихқа қатысы жоқ мамандық иесінің, қазіргі қатардағы ғана мемлекеттік қызметкердің жазуда несі бар деп ойлауы мүмкін. Басында мен де сондай пиғылда едім, алайда шығарманы оқып шыққан соң пікіріңіз мүлде өзгереді. Тарихқа арналған еңбектерді, осы тақырыпта жазған бұрынғы-соңғы авторлардың көбінің шығармаларын аударып-төңкеріп оқығаны байқалып тұрған, өзінің де ойлау өрісі кең, білімді, ізденімпаз, дарынды азаматтың қолтаңбасы мен мұндалайды.

         Бес бөлімнен тұратын кітап, кеңестік насихат үстем тап өкілі, шынжыр балақ шұбар төс, қанаушы қанішер, зорлықшыл, барымташы, ұрылар ұстаған «елден жылқы қоймаған кезеп төре» деп құлағымызға құйғандықтан кейінгі ұрпақ қай сөзге сенерін білмей, қандай адам, қандай билеуші болғанын анық ажырата алмай дал болып жүрген Тезек төренің шынайы бейнесін ашқан тәрізді. Тезек төре ғұмыр сүрген кезең Қазақ елінің, оның ішінде Ұлы Жүз жұртының өміріндегі бір жағынан Қытай, екінші жағынан Ресей, үшінші жағынан Қоқан хандығы анталап, боданы етуге ұмтылған алмағайып, қиын-қыспақты заман еді. Әсіресе, Кіші Жүз бен Орта Жүз жеріне аяқ басқан отты қаруы мол, тәртібі күшті, тұрақты әскері сай Ресей басқыншыларының тегеурініне қарсы тұру мүмкін болмай қалған кез еді.  Жетісуды мекендейтін қалың қазақтың да, оның басқарушылары Абылай ханның ұрпағы – төрелердің де басына еркіндігінен, тәуелсіздігінен айрылу қаупі төніп, одан құтылар мүмкіндік қалмай, шарасыздық жайлаған уақыт жеткен.

         Бірінші (тарихи) бөлімде отарлаушылардың Жетісуға тұмсық тығып кіруінің басталуы, 1825 жылы алғаш рет олардың әскери отрядының, оның ішінде дәрігер Зибберштейн сияқты барлаушы-жансыздарының Қаратал, Көксу, Іле өзендерінен өтіп, Алатау қойнауларын аралап, Ыстықкөл маңындағы Қырғыздарға дейін жетіп, жер-сулардың, өзен-өткелдердің жағдайын, оған апаратын жолдар мен асулардың мүмкіндігін, рулардың (Дулат, Жалайыр, Шапырашты, Суан, Албан т.б.) орналасу тәртібін, сұлтандарын (Әділ ұрпақтары мен Сөк Абылайханов ұрпақтары), Қытайдың шекаралық қарауылдарының тұрған тұстарын – бәрін тәптіштеп жазып, бастықтарына жеткізген баяндамалары деректі құжаттар түрінде келтіріліп, авторлық түсініктемелер арқылы берілуі оқырмандар көкейіне нанымды шыққан.

А. Ақылбеков орыс отряды жүріп өткен керуен жолының бойында кездескен Ықылас өзенін – қазіргі Мұқыры өзені, ал Ықылас тауын – Шаған, Құрымбет даласы дегенді қазіргі Алғабас, Айнабұлақ ауылдарының маңы деп топшылайды. Одан әрі дәрігер: «Ықылас таулары мен Жаман Алтын Емел тауларының аралығын Құранқай жазығы алып жатыр. Осы жазыққа сұлтан Аблай (Құлан) Әділовке бағынатын Сегіз Сары, Қызыл Бөрік, Айт, Бозым болыстарының қырғыздары малдарын жайып, семіртуге қонады. Айт, Бозым болыстары осы жерлерді түпкілікті мекендейді»,- деп жазған. Бұл жер, әрине, автор айтқандай, Күреңбел екені даусыз. Соңғы аталғандардың бәрі Албан тайпасының рулары.

         Міне, қызық, бұрын Албан рулары негізінен Іленің сол жағына қоныстанған деген ұғым болатын. Сондықтан олардың аға сұлтаны Тезек төре неге Күреңбел-Басши өңірін мекендеп жүр деген сұрақ туындай беретін. Сөйтсек, Албандардың жартысына жуығы Күреңбелді жайлаған екен. Мұны, «Ыстықкөл сапарындағы күнделік» еңбегінде Шоқан Уәлихановта растайды.

         Автор осы жазбаларда кездесетін қазір есте қалмаған жер, су атауларын қалпына келтірсек, бұл жерлерді қалмақ келмей тұрып та өз ата-бабаларымыздың тұрғанын дәлелдейтін едік деп көпшілікке ой тастайды.

         Екінші (тарихи) бөлімде Тезек төренің өмірі мен қызметіне, тіршілік-тұрмысына, қазақ руларының жағдайына байланысты әртүрлі мұрағаттардан алынған көптеген құжаттар екі ғасырға жуық уақытты қамтып, бізге бейтаныс мезгіл мен оқиғаларды жақындата түскен.

          Жетісуды отарлауға кіріскен орыстар бұл өңірдің тұрғындары арасында жас болса да (отызға толмаған) Тезек төренің беделді екендігін байқаған. Сондықтан оны іштеріне тартып, шен-шекпен беріп, өз мақсаттарына пайдалануға тырысып, аға сұлтандық дәрежеге көтерген. Оның жеке басының ерекше қасиеттері туралы ғалым-саяхатшы Семенов-Тяншанскийдің, генерал-губернатор Гасфорттың, т.б. пікірлері соны байқатады. Олар Тезекті «ақылды, алғыр, батыл, айлакер» деп бағалайды. Ал Гейнс оны « жарқылдаған ұшқынды көзді, қарағанда өңменіңнен өткендей, тесіле, тінте қарайды. Бетіне тіке қарай алмай, жүзіне көз сала алмайсың» деп суреттейді. Бұл, әрине жай адамда кездесе бермейтін, батыл да зерек адамның бейнесін көрсетіп тұр.

         Отарлаушыларға амалсыз бағынғанымен  Тезек төре оларға бар ниетімен қызмет етпеген. Бабасы Абылай ханның әдісіне салып, Қытайлармен де, Орыстармен де іскерлік қарым-қатынаста болғанымен, түптеп келгенде елі мен өзінің пайдасын көздегені айқын. Мұны «Тойшыбек» қамалына орыс әскерлеріне ат көліктерін бермегендігі, Колпаковский Ұзынағаш түбінде қоқандықтармен соғысқанда шақырғанына бармай, аз адаммен ұрыс біткенде ғана келуі, т.б. көптеген әрекеттері көрсетеді.

         Тезек төренің және кейбір сұлтандар мен ру басыларының мұндай ниетін отаршыл өкімет те сезіп, біліп отырған. Сондықтан, 1865 жылы бүкіл Ұлы Жүзді бағындырып, өз мақсатына жеткен соң-ақ, алғашқы кездердегі жымысқы, алдаусыратқан саясатын қойып, дөрекі өктемдікке көшіп, отарлаушылардың шын жыртқыштық кейпін таныта бастаған.

         Тіпті 1871 жылы Тезек төре бастаған Ұлы Жүздің 60 адамын тұтқынға алып, Қапал түрмесіне жауып, сұраққа алыпты. Мұндағы мақсаттары да айқын, оларға қысым көрсетіп, қорқытып, мысын басып, басынып, кіріптарлықта ұстауға тырысу, кім қожайын екенін көрсетіп қою.

         Бұл бөлімде Тезек төренің жеке басының, саясаттағы Жетісулық қазақтардың - Орыс, Қытай, Қырғыз, Қоқан елдерімен қатынастардағы ролін, біз секілді аға буын өкілдерінің де біле бермейтін мәліметтерді, авторлық пайымдауларды көптеп кездестірдік.

         Үшінші (этнографиялық) бөлімде  автор ел аузынан жинаған, Тезек төренің әртүрлі жағдайда өзіне көмек сұрап келген Жалайыр, Албан, Суан, Қарақалпақ, Түрікпен, Қаңлы, Керей, Жағалбайлы, Арғын, Найман т.б. елдеріне Алтынемелден жер беріп қоныстандырып, қамқорлық көрсеткен әңгімелерін және көршілес қоныстанған кей руларының арасындағы жер дауларын шешіп, меже белгілеп, татуластырғаны туралы әңгімелерді, ел аузындағы шешендік сөздерді көптеп келтіреді. Ел әңгімелерінен оның өз халқының қамын ойлаған билік иесі екендігі көріне түседі.

         Автордың бұндай ел аузынан жинаған әңгіме-аңыздардағы өз атасына тиетін кездерін де жасырмай келтіріп отырғаны өте құптарлық.

         Төртінші (шығармашылық) бөлімде автордың біраз әр кездерде БАҚ, интернет басылымдарында жазған мақала, өлең-жырлары келтірілген. Автор кейбір бұл жаққа келмеген, ел тарихынан, әдебиетінен хабарсыз адамдардың пікірлеріне өткір сындар айтады.

         Бесінші (шежіре) бөлімде профессор Аман Шотаевтың жинақтаған Әділ ұрпақтарының шежірелері берілуі кітаптың құндылығын арттыра түскендей.

         Қорыта айтқанда, жинақ Тезек төренің ақылы мен айласын, мінез-құлқы мен іс-әрекетін, жалпы адамдық қасиеттері мен кісілік келбетін танытатын, Жетісу жерінің отарлануы жайындағы көптеген деректерді қамтыған, тарихымызды жан-жақты тануға көмектесетін – құнды еңбек.

         Кітап тілі терминологияларға аса көп бармай түсінікті тілде жазылған. Автор әлденеше рет сыпайылықпен азғантай еңбегім дегенімен көптеген сырларға қанықтық. Тезек төре туралы тың деректер білетіндер болса, хабарласа жатар.  

         Тұсаукесерге қатыса отырып, елдің Тезек төре туралы пікірлерін естіп, жоғалып кетіп, қайта табылған «Абылайдың Ақиығы» атты күйін (табушы - Таңатар Алшабеков; орындаушы – Талғат Оразаев) тыңдай отырып, алдында айтқанымдай «Тезек төренің жоқтаушылары бар ма?» деген сұрағыма жауапты толық таптым деуіме әбден болады. Ол – Тезек Төренің жоқтаушылары бүткіл халық екен.

Ерғали Ахмет.

Еңбек ардагері, ҚР журналистер одағының мүшесі

Алматы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364