Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5284 0 пікір 9 Қыркүйек, 2013 сағат 07:21

Тоқырау жылдары тыным таппаған аналарымызды ардақтай алып жүрміз бе?

Тоқырау жылдары дегенді тарихтың бір қиын кезеңі ретінде еске аламыз да, жылы жауып қоятын болдық. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін елдің тұрмысын ауырлатып, санасына өзгеріс әкелген осы уақытқа қатысты біз назар аудармай келе жатқан түйткіл көп. Бұл қиын жылдары мыңдаған әйел табыс тауып, бала-шағаны асырауды, сөйтіп, қиын кезеңнен шығуды өзінің абыройлы міндеті санады. Экономикалық-әлеуметтік ауыртпалық қоғам өмірінің түрлі саласында әйелдерді қажырлы, тіпті азапты еңбек етуге мәжбүрледі. Тоқырау жылдарының бар кесапаты кәсіптен нәсіп табам деген қыз-келіншектердің басына түсті. Ала қаппен ауыр-ауыр жүк арқалап, белі талған да, базардан нәпақа табам деп аязға тоңған да, рэкетпен арпалысқан да – солар. Жағдайымыз тәуірленген қазіргі мезгілде біз осы «тоқырау әйелдерінің» ерлігін ұмытпай, олардың сол кездегі қажыр-қайратын тиісінше бағалауымыз қажет сияқты.

Тоқырау жылдары дегенді тарихтың бір қиын кезеңі ретінде еске аламыз да, жылы жауып қоятын болдық. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін елдің тұрмысын ауырлатып, санасына өзгеріс әкелген осы уақытқа қатысты біз назар аудармай келе жатқан түйткіл көп. Бұл қиын жылдары мыңдаған әйел табыс тауып, бала-шағаны асырауды, сөйтіп, қиын кезеңнен шығуды өзінің абыройлы міндеті санады. Экономикалық-әлеуметтік ауыртпалық қоғам өмірінің түрлі саласында әйелдерді қажырлы, тіпті азапты еңбек етуге мәжбүрледі. Тоқырау жылдарының бар кесапаты кәсіптен нәсіп табам деген қыз-келіншектердің басына түсті. Ала қаппен ауыр-ауыр жүк арқалап, белі талған да, базардан нәпақа табам деп аязға тоңған да, рэкетпен арпалысқан да – солар. Жағдайымыз тәуірленген қазіргі мезгілде біз осы «тоқырау әйелдерінің» ерлігін ұмытпай, олардың сол кездегі қажыр-қайратын тиісінше бағалауымыз қажет сияқты.

Бұл жылдары елімізде өте қиын жағдай қалып­тасты. Зауыт-фабрикалар жабылып, елді жаппай жұмыссыз­дық жайлап, мемлекеттік салада қызмет істейтіндердің айлығы, қариялардың зейнетақысы кешіктіріліп берілді. Жұмыс тапшы, ақша жоқ, «екі қолға бір күрек» таба алмаған кейбір зіңгіттей жігіттер ақыры ұйымдас­қан қылмыстық топ құрып, рэкеттікпен айналысып, елді тәртіпсіздік жайлады. Ал жұмысынан босап қалған ер-азаматтардың дені шарасыздықтан маскүнемдікке салынып, көптеген шаңырақтың ырысы мен берекесі ыдырап, қоғам әлеуметтік қопарылыстар­дың сәл-ақ алдында тұрды. Осындай қиын-қыстау кезде ардақты аналарымыз қаншама ауыр жағдай­ларды бастан өт­кер­се де, бәріне төзімділік танытып, мемлекеттен көмек сұрамай-ақ тығырықтан шығудың жолын тауып кетті. Жеңдерін қайырып алып, ала қап арқалаған аналары­мыз Қытай, Қырғызстан, Түркия, тіпті бүкіл шетел асып, тауар тасымалдап, сауда-саттық­пен айналысты.

Осылайша олар ең бірінші өздерін жұмыспен қамтып, бала-шағасын асырау арқылы ел экономи­касын дағдарыстан аман алып қалды. Шынында да, аналардың ала қабы 90-жылдары мемлекетте тауар тапшылығын жойып, елдің тұрақтануына үлкен септігін тигізді.

Жомарт АЛДОҢҒАРОВ, Еуразия кәсіпкерлер қауымдастығы бірлестігінің төрағасы:

– Жасыратыны жоқ, 90-жылдары елімізде жарық жоқ, су жоқ, азық-түлік, киім-кешектердің барлығы талон бойынша берілді. Елімізде парақорлық жайлап, халықтың болашаққа деген сенімі азайып, әлеуметтік жағдай қорқынышты деңгейде болды. Дегенмен Қазақ елі – төзімді халық. Аналарымыз ала қапты қол­мен арқалап, шетел асып, тауар тасыды. Осылайша күйеулерін, бала-шағасын жұмыспен қамтып, қандай қиын жағдай болса да, күн көруге, өмір сүруге бейімдеді. Біз ауыр жағдайда өмір сүріп, аналардың арқасында аман қалдық. Біз ғана емес, жалпы Қазақ елі, мемлекетіміз де ала қап арқалаған аналардың төзімділігі мен табандылығынан дағдарыстан аман өтті. Олар Үкіметке салық төлеу арқылы мемлекет бюджетін қампайтты. Ол аз болса, әкімдерді, полиция­ны, кедендегілерді, өрт сөндірушілер мен СЭС маман­дарын, тіпті рэкеттерге дейін асырады.

Ресми емес деректерге сүйенетін болсақ, 90-жыл­дары елімізде 2 миллионнан астам қыз-келіншек шетел­ден тауар әкеліп, сауда-саттықпен айналысқан екен. Қалааралық, халықаралық автобустармен жолға шығамын деп, олардың қаншасы жол-көлік оқиға­ларынан қайтыс болғанын тиісті органдар нақты ай­тып бере алмасы анық. Бірақ бір белгілісі, қазіргі дәрі­герлердің айтуынша, кезінде алыпсатарлықпен айналысқан әйелдер Ауғанстан мен Шешенстанда болған соғысты көргендей стрестік жағдайды басынан өткерген екен. Шетелге шығу, кеденнен өту, бөтен мемлекетте ала қап арқалап, жаяу-жалпы тауар сатып алу, зіл батпандай жүкті қайтадан шекарадан өткізу, полицияға, рэкеттерге қалтасынан қағылып, ең ақыр аяғы ұры-қарыға тоналмай, тауарды сатудың өзі – біле-білген адамға үлкен азап. Оның үстіне, 35-40 градустық қақаған аязда бір орында тұрып сауда жасау, шілденің шіліңгір ыстығында ұзақ жолға шығу оңай емес. Мұның бәрі адам жүйкесіне кері әсер ететіні сөзсіз.

Дәрігерлердің сөзіне сенсек, 90-жылдары алыпсатарлықпен айналысқан әйелдердің басым көбі, тіпті 90 пайызы түрлі ауру­лар­ға шалдыққан екен. Демек, олардың ден­саулығы өте нашар.

Есет ЕСЕНҒАРАЕВ, «Нұр Отан» ХДП Қарағанды облыстық филиалы төрағасының орынбасары:

– Меніңше, сырттан жүк тасыған, алып­сатарлықпен айналысқан әйел­дерге ескерткіш орнатуымыз керек. 90-жылдары үстіне «Адидас» киіп алып, ала сөмкесін арқалап жүріп Қа­зақстанды дағдарыстан құтқарған – осы әйелдер. Керек десеңіз, мұндай ескерткіш Ресейде бар. Бірақ онда ер адам бейнеленген. Қолында – ауыр сөмкесі, иығында – үлкен қорап, белін­де ақша салатын белбеуі бар ескерткіш орнатылған. Ендеше, неге бізге де осын­дай ескерткіш орнатпасқа?

Өкініштісі сол, кезінде елдің дамуына бірден-бір ықпал еткен сауда саласына қазіргі қоғамның көзқарасы дұрыс емес. Бүгінде бізде саудамен айналысатындарды көпшілік оң бағаламайды. Ел арасында «саудагерлер алдап-арбап кетеді» деген секілді жағымсыз пікір қалыптасқан. Де­ген­мен қалай десек те, бүгінгі жастар ала қап арқалаған аналарымыздың жасаған ерлі­гін, жанқиярлық әрекетін ұмытпауы тиіс.

Нұрсадық ӘБІШЕВ, Базар, сауда және қызмет көрсету кәсіпорындары қауымдастығының президенті:

– Мен кезінде алыпсатарлықпен айналысқан аналарға ескерткіш орнату керек дегенге қосылмаймын. Әрине, бұл, бір жағынан, дұрыс та шығар. Бірақ онымен мәселе шешілмейді. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін оларға мемлекет тарапынан ешқандай жағдай жасалынбаған. Қазір елімізде ең нашар тұратын, ең көп денсаулығын жоғалтқан – солар. Меніңше, оларға ескерткіш орнатқанша, одан да олардың зейнет­ақысын, мүгедектік жәрдем­ақысын көбейтуіміз керек. Өйткені кезінде саудамен айналысып, қазір мүгедек болып қалған әйелдер өте көп. Одан да солардың ең болмаса дәрі алып, ком­муналдық төлемдерін төлеп, өздеріне жететіндей мүгедектік жәрдемақысын тиісті деңгейде берсек, бұл әлдеқайда сауапты іс болар еді. Қыруар қаржыны ескерткішке шашқанша, нақты сол әйелдердің өздеріне жұмсайық.

Ала қап арқалаған аналардың қай­сарлық әрекеті, бұл – мыңдаған отбасының басынан өткен ұмытылмас тарих. Сон­дық­тан мұндай аналарды ардақтау керектігін барша халық қолдайды деп сенеміз. Дегенмен өкініштісі, қазір осыны көп жас­тар біле бермейді. Ендеше, 90-жылдары елдің бастан кешкен қиын оқиғалары төңі­регінде неге кино түсіріп, жазушыларымыз кітап жазып, театрларда түрлі қойылымдар қоймасқа? Бұл біздің тарихымыз емес пе? Ал тарихын ұмытқан халық мәңгүрт болып есептеледі. Бұл жақсы емес. Сондықтан тарихымыз ашылмай, болашағымыз жар­қын болмайтынын ұмытпауымыз керек.

Ұлбосын ҚҰДАБАЕВА, ІІ топтағы мүгедек:

– Мен Қазақ соқырлар қоғамы Түр­кістан қалалық филиалының кәсіп­орнында 27 жыл жұмыс істедім. Тәуел­сіз­дік алған алғашқы жылдары жұ­­­мы­­­сымыз тоқтап, содан күнкөріс қамы үшін саудамен айналыстым. Қыр­ғызстаннан тауар әкеліп, оны Төретамда саттық. Осылайша, ала қап арқалап жү­ріп, үш студент оқыттым. Бішкектен алған тауарларымызды сол жақтың таксистері кеденнен өткізіп беретін. Сол үшін қосымша ақы төлей­тінбіз. Оның үстіне бұрын рэкеттер, ұры-қарылар көп болатын. Рэкеттер әйел адамға тимейді, бірақ еркектерді «счетчикке» отырғызып қоятын. Қыр­ғызс­танға әр келген сайын ер жігіттер олардың «ставкасын» беріп тұратын еді. Дегенмен Бішкекте сығандар өте көп болды. Байқап жүрмесең, олар қалтаң­дағы барлық ақшаны, тіпті тауар­ларыңа дейін қағып кететін. Қазір енді-енді реттелмесе, біздің кезде тәртіп жоқ болатын.

Автор: Серік ЖҰМАБАЕВ

"Алаш айнасы" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357