Сейсенбі, 1 Қазан 2024
1042 0 пікір 8 Қараша, 2023 сағат 15:10

Балаева желіде «тұмшаланғандар» туралы айтты

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желілерге бақылау қалай жүргізілетінін түсіндіріп, кейбір аккаунттардың ақпарат таратуына шектеу қойылуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Балаева Мәдениет және ақпарат министрі  құзыретті орган ретінде әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізетінін атап өтті.

«Аккаунттардың контенттерінде заң бұзу фактілері анықталса, оны құқық қорғау органдарына жібереміз. Құқық қорғау органдары ол контенттің заңға қаншалықты сәйкес екенін анықтап, заң бұзғаны дәлелденсе, іс қозғауға құқықтары бар», - деді министр.

Ведомство басшысының дерегінше, жыл басынан бері әр бағыттағы 800-ден астам заң бұзу фактісі тіркелген. Оның ішінде порнографиялық мазмұндағы, есірткі таратумен байланысты, іріткі салу, жалған ақпарат сияқты фактілер бар.

Сондай-ақ, Аида Балаева әлеуметтік желіде бетін тұмшалап алып контент тарататын қыз-келіншектер жайлы пікір білдірді.

«Тұмшалану мәселесі әлі заңмен реттелмеген. Өйткені ол мәселені біз енді-енді қараймыз. Депутаттар осы мәселені бізге сауал ретінде жолдады. Біз оны жан-жақты зерделеп жатырмыз. Біріншіден,  бұл - ұлттық қауіпсіздік мәселесі», - деді министр.

Айта кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда қоғамдық орындарда діни киім киюге тыйым салынуы мүмкін екені хабарланған.

Abai.kz

0 пікір