Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 2195 4 пікір 8 Қараша, 2023 сағат 17:25

«Алтын ордаға» Путиннің де бар таласы...

Жыл басында Гага соты жағынан «соғыс қылмыскері» атанып, халықаралық іздеу жарияланған Ресей президенті Путин мырза шетелге баруды мүлдем қойып еді.

Қытай басшысы қатысқан, Оңтүстік Африкада өткен «Алтынды елдер» саммитіне де бармады. Үндістанда өткен «Үлкен жиырмалық» елдер басшыларының басқосуына онлайн қатысты. Бұдан бір ай бұрын, атап айтқанда, 7-ші қазан күні ХАМАС Израильге басып кіріп, Орта шығыстағы жағдай ушыққаннан кейін Кремль қожайыны белсеніп сала берді. Қытайдың «Бір жол, бір белдеу» жобасының онжылдығына орай, Бейжіңге барып қайтты. Қытаймен бірлесіп, Біріккен ұлттар ұйымы қауіпсіздік кеңесі тұрақты жорасы салауатын пайдаланып Газадағы жағдайды реттеудің Америкалық жобасына қарсы қарар дайындады.

Израиль-ХАМАС қақтығысының алдында, Батысты ядролық сынақтарымен қорқытқан Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның Маскеуге сапары да әлем елдерінің назарын аударған. Батыстың ықпалды басылымдары «Солтүстік Корея басшысы Орыс әскеріне әскери қару-жарақ береді, Ресей тарабы оның қарымжысына озық ядролық қару мен жасанды серік жасау технологиясын ұсынады» деп болжам жасаған. ХАМАС-тың Израильге ел күтпеген соққысынан кейін оның бәрі көлеңкеде қалды. АҚШ пен НАТО-ның назары Украинадан Израильге ауды.

Оның әрине, қысқа уақытқа жоспарланған «арнаулы операциясы» ойлағанындай болмай, 1 жыл 8 айдан астам уақытқа созылған Путинге ғана пайдалы екені анық. Оның белсеніп шыға келуінің себебі де сонда жатса керек. Ресей Украинаға соғыс ашқанда Рамазан Қадыровтың Кремль қожайынына ерекше адалдық танытып, алдынғы шепке «шешен отрядын» аттандырғаны белгілі. Осы жолы да Еврейлерге қарсы ереуілді Дағыстан бастады. Оған түсінік берген Путин мырза «ереуілдің артында АҚШ пен Украина тұр» деп мәлімдеді. Ақ үйді «әлемдегі қақтығыстардың бірден-бір от көсеушісі» деп айыптады.

АҚШ-та өткен C5+1 (Орта Азиядағы бес республика мен Америка басшысының) кездесуін айтпағанда, жақында Франция президенті Макрон Қазақстан мен Өзбекстанға ресми сапармен келіп қайтты. Десе де аймақта Ресей ықпалы әлі де мығым. Орта Азия басшыларының Кремльге экономикалық, саяси жақтан тәуелділігін айтпағанда, мәдени-рухани жақтан да кіріптар. Оған дәлел ретінде аймақ башыларының орыс тілінің бұрынғы Кеңес одағы құрамында болған елдердегі мәртебесін көтеруді көздейтін «Орыс тілін дамыту халықаралық қорын» құруда ерекше белсенділік танытқанын атап өткен жөн.

Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары бірер күн бұрын Зеленскийдің Израильге сапарлай баратынын жарыса жазған еді. Осы аптада Путиннің де Қазақстанға келетінін жеке ақпарат сайттар жарыса жазып жатыр. Кремль қожайыны өзі мойындағандай Ресейдің қазір Еуропамен қақпасы жабылып, Қытай мен Қазақстан ғана сыртқы дәліз болып тұр.

ХАМАС-тың шабуылынан бұрын Нетаняху билігі Ресейді шамдандырып алудан қорқып, Зеленский сұраған озық қаруларын бермей келген еді. ХАМАС-тың өкілдері Мәскеуге келіп кеткеннен кейін Израиль қаһарына мінді. Қарашаның екісінде Израиль тарабының Ресейдің Сириядағы әскери базасына да соққы жасағаны мәлім болды. Ертесі Ресей СІМ-нің орынбасары Израиль тарабының бұрын Сирия аумағына соққы жасаса күні бұрын ескертетінін, бұл жолы алдын ала еш ескертпестен оқ атқанына наразылық білдірді. Зеленскийдің Израиль елінен бұл жолы құры қол қайтпасы анық.

Қазақ қоғамы Астанада өткен Түркі елдерінің Х кезекті отырысының әсерінен әлі айыға алмай жұр. Оған Путин мырзаның Александр Невский дәуірін еске алып: «Ол «Алтын орда» хандарына барып, бас иіп, тізерлеп, адал қызмет етуге ант етті» деген сарындағы сөздері жел бергендей.

Шынымызды айтсақ ол сөзі бізге Қазақтың әуесқой тарихшыларының «Әбілқайыр хан патшалық Ресейге өз еркімен беріліп, қазақты құрып кетуден сақтап қалды» дегені сияқты әсер етті. Іс жүзінде Путиннің ол сөзінен «Алтын орданың мұрагерлігіне біздің де таласымыз бар» деген емеурін аңғарылады. Батыстың көмескі әскери, ақпараттық шабуылы үдеген, ежелгі қаһарлы түркі хағанатының ұрпақтары бірлікті ұран етіп, берік одақ құруды ойлап отырғанда, Кремль үшін ұлан-ғайыр терроторияны ұстап отырудың, тарихи заңдастырудың оңтайлы жолы сол ғана болып отырғаны шындық.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5397