І Республикалық жастар театрлары фестивалі өз мәресіне жетті
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мнн жасөспірімдер театрында 1-6 қараша аралығында заманауи үлгі, ерекше ұйымдастыру, тың бағытта өткен фестиваль аяқталды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың ұйымдастыруымен Алматы қаласында І Республикалық жастар театрлары фестивалі өтті. Үздік 8 режиссердің жұмыстарымен таныстырып, отандық 8 театр ұжымының өнерін қалың көпшілікке ұсынған фестиваль жоғары дәрежеде өтті. Елімізде дәстүрлі түрде өткізілетін фестивальдерден өту барысы өзгеше болып, әр күні жаңашылдыққа толы болды. Сөзімізге дәлел, фестивальдің ашылу салтанатында 30 режиссердің ішінен іріктеліп алынған, ең үздік деп анылған 8 режиссер арнайы дипломмен марапатталып, қаржылай сыйлыққа ие болды. Топты жарып, жас режиссерлер арасынан жеңімпаз деп танылған режиссерлер:Аридаш Оспанбаева, Әлібек Өмірбекұлы, Антон Зайцев, Гүлназ Балпеисова, Шағуан Үмбетқалиев, Анна Цой, Шыңғыс Жақыпбай және Мейрам Хабибуллин.Қатысушыларды бір-бірімен жарыстырмай, жақындастырған фестиваль әріптестер арасындағы ықпалдастықты нығайтары сөзсіз. Театр ғимараты алдында, ашық аспан аясында өткен салтанатты кештен кейін қонақтар назарына «Құлагер» (реж.:Ф.Молдағали) қойылымы ұсынылды. Қазақтың інжу-маржаны болып саналған шығарманы қонақтарға ұсынып,ұйымдастырушы театрдың репертуарындағы қойылыммен таныстыру фестивальдің көркемдік көрігін келтірді.
Бір апта бойы алматылық көрермен 8 режиссер мен 8 театр ұжымыныңең сәтті сахналанған спектакльдерін көріп, өнерлерімен сусындады. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар саналып, іріктеуден сүрінбей өткен, таланты мен талабы өрімдей өріліп қатысушы атанған театрлармен таныс болыңыз. І Республикалық жастар театрлары фестивалінің қатысушылары: М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры «Кассандра таңбасы» (режиссері:Әридаш Оспанбаева), Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «Қыз Жібек» (режиссері: Әлібек Өмірбекұлы), Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры «Қобыланды» (режиссері: Анна Цой), Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры «Ричард ІІІ» (режиссері: Мейрам Хабибуллин),Тотальный театр театрлық компаниясы «Я есть» (режиссері: Антон Зайцев), 17 жастар театры «Алғашқы ұстаз» (режиссері: Шағуан Үмбетқалиев), С.Сейфуллин атындағы академиялық Қазақ драма театры «Қарагөз» (режиссері: Гүлназ Балпейісова), Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры «Шырақ» (режиссері: Шыңғыс Жақыпбай) қойылымдары.
Еліміздің әр аумағынан жиналған отандық театрлар ең үздік режиссерлердің туындыларын паш еткен фестиваль өткен әрбір күні екіншісіне ұқсамады. Қойылым көрсетілімінің алғашқы күнінің кешіндеART CLUB атты ерекше үлгідегі кеш өтті. Театр туралы ойлар айтылып, көңілді ойындар ойнатылып, түрлі өнер көрсетілген кеш тек қатысушылар құрметіне арналды. Қазақ театр өнерінің бүгінгі даму бағыты мен көркемдік ерекшелігін зерделеп, әріптестер арасындағы байланысты нығайтқан кеш қатысушыларды бір-бірімен таныстырып, шығармашылық арқылы біріктірді. Сондай-ақ, көрермендер фестиваль аясында қатысушы театрлардың ғана өнерін тамашалап ғана қойған жоқ, алматылық театрлардың ең үздік қойылымдарын көруге мүмкіндік туды. SHOWCASE – ең үздік қойылымдар көрсетілімінде ȘAM театры «№37», неміс драма театры «Шесть персонажей в поисках автора», Ғ.Мүсірепов театры «Оптимистік трагедия», «Кішкентай ханзаданың оралуы», «Дилфизо мен Донада» және ARTиШОК театры «Зверский детектив: право хищника» қойылымдарын ұсынды. Фестиваль аясында өзге театрлардың өнерімен де таныс болу, тәжірибе алмасу театр артисі үшін аса маңызды, өнім беретін жұмыс болып табылады. Қатысушыларға арнап ұйымдастырушылар және жас театр сыншылары THEATRE ATMOSPHERE кешін өткізді. Фестивальде түйген ойлар, жинаған тәжірибелер туралы айтылып, шығармашылық пікір алмасатын атмосфераға толы болған кеште орынды пікірлер айтылып, сүбелі сұхбат құрылды.
Жастар театрлары фестивалінің жабылу салтанаты фестиваль барысы сынды еркін үлгіде өтті. Арнайы сценариймен өтетін салтанатты жабылулардан өзгеше дара болған кеш қатысушы театрлардың артистерінің өнерін тамашалаумен, еркін дресс-кодпен, жаңа бағыттағы кәсіби театр мамандарының еркін отырысы сынды өтті. Жабылу кешінде театрлар қатысқаны үшін, эксперттік комиссия мүшелері кәсіби әрі өткір көзқарас танытқандары үшін алғыс хаттармен марапатталды.Тың ізденісімен көзге түскен режиссерді анықтауда кәсіби шеберліктерін көрсетіп, жауапты қызметті атқарған сарапшылар отандық театр үдерісіндегі қойылымдарды көріп, театртанушылық талдау жасап, сараптама жүргізіп жүрген мамандар. Атап айтар болсақ, Жақсылықова Меруерт Болатқанқызы – театртанушы, өнертану кандидаты, профессор; Еркебай Анар Сайымжанқызы – театртанушы, өнертану кандидаты, профессор, Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің төрайымы. Молдағали Фархад Ерланұлы – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер. Ольга Малышева – драматург, театр блогері. Бейбіт Әлкеева – театртанушы, өнертану магистрі.
1-6 қараша аралығында өткен І Республикалық жастар театрлары фестивалі тұңғыш рет өткізілгеніне қарамастан, отандық фестивальдерге ұқсамайтын, барысы мен ұйымдастырылу үлгісі тың шешімдер мен заманауи үрдісте өткен озық фестиваль болды. Ғ.Мүсірепов театрының артистері қазіргі таңда үздік өнерімен көзге түсіп жүрген болса, бұл жолы театр басшылығы мен ұйымдастырушылары жоғары деңгейдегі театрлық және кәсіби қабілеттерін көрсетті. Жастар қаласындағы жалынды жастарды қолдаған фестиваль жалғасын табады деген тілектеміз!
Мерей Алтынбек
Abai.kz