Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3593 0 пікір 10 Қыркүйек, 2013 сағат 05:24

Аталы сөз – арға сын

Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Нұрлан Оразалин Қазақстан Республикасының Сенат депутаттығына тағайындалғаны бүкіл ақпарат құралдары арқылы жария болып, сенатордың Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арнайы шешімімен бұрынғы – Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасы қызметін қоса атқаратын болғаны газетіміздің өткен санында жарық көрген. Ізінше әріптес басылымдардың бірінде Төрағалық пен Сенаторлықты қатар алып жүруге болмайды деген сарындағы материалдар жарияланды. Әрине, ел арасында әралуан көзқарастағы пікірлердің айтылуы жаңалық емес. Дей тұрсақ та, енді қолға алынған істің ертеңіне үзілді-кесілді сенімсіздік жасау азаматтық сананың биіктегені деп айта алмасақ керек. Расында да мұндай сенім еліміздегі басқа творчестволық Одақтар басшыларына да неге артылмайды дегенді таразы басына салар болсақ, қолымыздың ұзарғаны деген түйінге келу қисындырақ секілді. Осы төңіректе көкейлеріндегі ойларын ортаға салуды бірнеше қоғам, әдебиет қайраткерлерінен өтінген едік. Солардың ой-толғамдарын, оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. 

 

Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Нұрлан Оразалин Қазақстан Республикасының Сенат депутаттығына тағайындалғаны бүкіл ақпарат құралдары арқылы жария болып, сенатордың Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арнайы шешімімен бұрынғы – Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасы қызметін қоса атқаратын болғаны газетіміздің өткен санында жарық көрген. Ізінше әріптес басылымдардың бірінде Төрағалық пен Сенаторлықты қатар алып жүруге болмайды деген сарындағы материалдар жарияланды. Әрине, ел арасында әралуан көзқарастағы пікірлердің айтылуы жаңалық емес. Дей тұрсақ та, енді қолға алынған істің ертеңіне үзілді-кесілді сенімсіздік жасау азаматтық сананың биіктегені деп айта алмасақ керек. Расында да мұндай сенім еліміздегі басқа творчестволық Одақтар басшыларына да неге артылмайды дегенді таразы басына салар болсақ, қолымыздың ұзарғаны деген түйінге келу қисындырақ секілді. Осы төңіректе көкейлеріндегі ойларын ортаға салуды бірнеше қоғам, әдебиет қайраткерлерінен өтінген едік. Солардың ой-толғамдарын, оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. 

 

 	 http://old.abai.kz/sites/default/files/1_249.jpgСұлтан САРТАЕВ, заңгер, академик:
– Парламентке, Сенатқа қазақтың тарихын, әдебиетін жете меңгерген азаматтардың баруы – құптарлық іс. Бұл бір жағынан Елбасының арнайы жасап отырған саясаты деуге болады. Біз ел болып, әлем бойынша дамыған 30 елдің қатарына ену үшін өткенімізге жиі айналып соғып отыруымыз керек. Демек, Нұрлан Оразалиннің Парламент сенаторы болып сайлануының мән-мазмұнын осы тараптан іздеуге тиіспіз. Ақын-жазушылар Парламентте неғұрлым көп болса, оның жұмысы алға басады деп ойлаймын. Себебі, халықтың қалың ортасында жүрген, көзі-қарақты, елдің мұң-мұқтажын көре білетін тұлғалардың Сенатта отыруы – биліктің халықпен жақындасуына ықпал етеді. Тіліміздің кеңге құлаш жайып, дініміздің, руханиятымыздың өркендеуіне жазушы қауымының атқарар ролінің зор екендігі белгілі. Ал, енді жазушылардың ордасы – Жазушылар одағының Төрағасы Парламентке келген соң, оған артылар жүк пен міндет екі еселенеді.
Мен – заңгермін. Әлемнің заңгерлік тәжірибесін де, тарихын да бір адамдай білемін. Қоғамдық ұйымның басшысын ең жоғарғы заңгерлік билікке енгізуге болмайды деген кесім еш жерде жоқ. Елбасымыздың мұндай шешімге баруын, өз басым, әдебиет пен әдебиетшілер қауымына көрсетіліп отырған құрмет пен сенімнің көрінісі деп бағалаймын.

 

 

 	 http://old.abai.kz/sites/default/files/2_136.jpgФариза ОҢҒАРСЫНОВА, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: 
– Жазушылар одағы – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің мешітіндей. Оның басшысын жазушы халқы өзі сайлады. Енді биыл Елбасының тізіміне ілігіп, мемлекетіміздің басшы органдарының бірі – Парламентіміздің Сенатына депутат болып отыр. Өте қуанышты жағдай. Қаламгерлердің арасында да, қарапайым халықтың арасында да (өзім депутат болған кезімнен білемін) «ол ана жерге неге кетті? Одан да жазатынын жазып отыра бермей ме?» деген сүйкімсіз әңгімелер айтылатыны даусыз. Ол өте саяз ойлайтын адамдардың пікірі деп есептеймін. «Ол депутат, мен неге депутат емеспін» деген қызғаныштан туындайтын жетесіз көзқарас. Қазіргі күні жазушыларға мемлекеттік негізде кітап шығару, оған қаламақы төлету мәселелерін шештіріп алу керек. Бұның бәрі оңай шаруа емес. Нұрлан Оразалин осы мәселелерді депутат мінберінде, Елбасының алдында айтады деп ойлаймын. Жазушылар одағының, қаламгерлердің жағдайын Парламентте айтса, әрине, ол биліктің құлағына шалынады. Тек қана Елбасы емес, қаржы мен саясаттың айналасында жүрген азаматтар құлақ асса, көп дүние өзгерер еді. Сонау Алаш заманынан бері аға, апаларымыз халықтың мұң-зарын айтып келді. Нұрлан Оразалин де сол пұшпақтың бір бұрышын илеп жүрген азамат. Оның Сенатор болғанына қуанып отырмын. Қаламдас-әріптестеріме құтты болсын айтамын.
Елдің, жазушылардың сөзін сөйлейтін азаматты қолдайық.

 

 

 

Ұзақбай ҚАРАМАНОВ, 
мемлекет қайраткері:

– Ата Заңымызда Елбасының Сенаторлыққа он бес депутат тағайындауы қарастырылған. Уақыттары аяқталған азаматтарды қызметінен босатып, биыл сегіз адамды Сенат депутаттығына тағайындаған екен. Солардың бірі – Нұрлан Оразалин.
Еліміздің экономикалық қуаты жылдан жылға артып келе жатқан уақытта, мемлекет елдің ішкі әлеуетін көтеруге мүдделі. «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағыты елдің ішкі жағдайына көбірек назар аударады. Оған әдебиет, мәдениет салаларында жүрген қайраткерлердің ықпалы да ерекше болады. Жастарды тәрбиелеуде, елді бірлікке шақыруда да жазушылардың орны алабөтен. Дамыған отыз елдің қатарына ену үшін тек экономикалық жағынан ғана емес, мемлекет әдебиет, мәдениет, өнер саласы бойынша да өзге елдерден көш ілгері болуы керек.
Нұрлан Оразалин театрмен жақсы таныс. Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық коллегиясында редактор болды. Өзі – драматург. Өзі – ақын. Өзі – журналистиканың білгірі. «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторы бола жүріп, қоғамдағы өзекжарды мәселелердің шешім табуына қозғау салып, ұйытқы болды. Баламалы негізде сайланған алғашқы Жоғарғы Кеңестің депутаты болғаны да есімізде. Қазір Жазушылар одағының басшысы. Әдебиет пен әдебиетшілердің жағдайын жақсы біледі. Кез келген ортамен ымыраға келе алатын дипломат. Елбасы өз шешімін ойланып, толғанып барып, Нұрланның артқан сенімді ақтайтынына көз жеткізгендіктен қабылдап отыр. Жазушылар одағының Төрағасын Сенаторлыққа тағайындау – жазушылардың, олар ұйысып отырған Одақтың қоғамдағы беделін көтеру. Бұны жазушылар жаппай қолдауы керек.
Бұл – тәуелсіздік кезеңінде Елбасы тарапынан жасалып отырған әдебиетіміз бен мәдениетімізге аса қажет жаңа қадам.

 

 	 http://old.abai.kz/sites/default/files/4_69.jpgОразбек СӘРСЕНБАЙ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
– Жазушылар одағы Төрағасының Сенат мүшесі болуы – Төрағаның ғана емес, ең әуелі Жазушылар одағының мәртебесі. Осы күні бізде шығармашылық ұйымдар жетерлік. Салмақтысы – Жазушылар одағы болғандықтан, осындай беделге ие болдық деп есептеймін.
Жазушылар одағының бұрынғы төрағалары (ол кезде бірінші хатшы аталатын), Қазақстанның халықтық билігінің ең жоғарғы сатысы – Жоғарғы Кеңестің депутаттығына сайланған. Мысалы, баяғы Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Әди Шәріпов, Жұбан Молдағалиев, Әнуар Әлімжановтар, Олжас Омарұлы Жоғарғы Кеңестің депутаты болды. Бұл – өте дұрыс ұйғарым еді. Өйткені, олардың Жазушылар одағының беделін көтеруге, қатардағы жазушы­ларға қамқорлық жасауға деген мүмкіндіктері артты.
Егемендікке қол жеткеннен кейін бұл дәстүріміз үзіліп қалды. Нарық заңы мен ел экономикасына байланысты қоғамдық ұйымдар жеке-жеке өмір сүруге көшті. Биліктің сыртында қалғандықтан Жазушылар одағының үйін, демалыс жайларын алып қою дейтін жағдайлар сөз болып, иесіздікке душар болған замандар орнады. Сол замандарда Жазушылар одағының, жетекшілердің беделімен, үйлерге, демалыс жайларымызға ие болып қалдық.
Қазіргі күні Жазушылар одағында мәселе көп – тұрмыстық мәселелер, қаламақы мәселелері дегендей... Сол мәселелерді шешуде Сенат мүшесі болып отырған Төрағаның мүмкіндігі бұрынғыдан артады. Билікте отырғаннан кейін сөзін өткізе алады. Бұған оң көзбен қарауымыз керек. Жазушылар одағының келешегі үшін мұны оңды шешім деп бағалаймын.

 

 	 http://old.abai.kz/sites/default/files/5_60.jpgСерік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын:

– Нұрлан Оразалин Сенатқа келгеннен бас­тап Қазақстан Жазушылар одағы төңірегінде үлкен дау басталды. Кеше ғана бірауыздан Төраға сайлаған біздер қызметі жоғарылап еді, аңдып тұрғандай қайта бас сал­дық. Ал шын мәнісінде Сенаттың қабырғасында жүріп біздің көптеген арман, мүддемізді іске асыруға болады ғой. Біз осы уақытқа дейін жазушыларға ғана емес, күллі шығармашылық адамдарының жағдайына өкіметтің назарын қалай аударамыз деп байбалам салып келдік. Қаламақы мәселесі, үй мәселесі деген сияқты... Сөйте тұра Жазушылар одағының Төрағасы үлкен масштабқа көтеріліп, Парламентке барып жатқанда қуанудың орнына қарсы шығып жатырмыз. Басқасын қайдам, Нұрланның екі қызметті қатар атқаратын болғандығы үшін көптеген кері пікірлер айтылуда. Жоқ, дұрыс түсінік емес. Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешіміне қуануымыз керек. Өйткені, осы күнге дейін айтылып келген, шешімін таппай келген күрделі мәселелер енді көтерілуге тиіс. Нұрлан Оразалиннің бұрын қолы қысқа, мүмкіндігі аз болды. Жазушылар одағы – қоғамдық ұйым дәрежесінде болғандықтан көп мәселелерді шешуге шамасы жетпеді. Ал енді биліктің бел ортасында жүріп, өкіметтің назарын аударта алады деп ойлаймын. Осындай мүмкіндік беріліп тұрғанда етектен тарту әдептілікке жатпайды. Керісінше, қолдау көрсетіп, жұмысына жеміс тілеуіміз керек.
Жазушылар одағының жаңа тынысы ашылып, жаңа дәуірі басталды. Қаламгер қауымға өкіметтің көзқарасы оңалды деп білуіміз керек. Біз баяғы айтқан гөй-гөйді қайталай беріп, түк таппаймыз.
Президентімізге рахмет айтуға тиіспіз! Қолынан іс келетін, ойы мен сөзі өтімді замандас-тұлғамызға сенім білдірген екен. Біз де сол азаматтың қасынан табы­лайық!
Менің жүрекжарды сөзім осы...

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364