Сенбі, 23 Қараша 2024
1369 0 пікір 14 Қараша, 2023 сағат 15:10

Қазақстан Газа секторындағы азаматтарын алып кете бастады

Қазақстан өз азаматтарын Газа секторынан эвакуациялай бастады. Бірінші кезеңде 40 адам шығарылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

"13 қарашада 44 азаматтан тұратын бірінші топты эвакуациялау жоспарланған. Оған Қазақстанның 40 азаматы және төрт шетелдік – олардың отбасы мүшелері кіреді. Эвакуацияланатындардың арасында басқа тоғыз елдің өкілдері бар – Марокко, Иордания, Ресей, Испания, Швеция, Перу, Нидерланды, Ұлыбритания, АҚШ", - деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Эвакуация Газа секторы мен Египет арасында орналасқан Рафах бақылау бекеті арқылы жүзеге асырылады. Одан өткеннен кейін қазақстандықтар Каирге көлікпен жеткізіліп, қонақүйге орналастырылады. Барлық құжаттары тексерілгеннен кейін Қазақстанға жіберіледі.

Еске сала кетейік, 7 қазанда палестиналық ХАМАС қозғалысы Израильге қарсы шабуыл жасады. Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған зымыран атылып, қарулы топтар Израиль елді мекендеріне кірді. Бұған жауап ретінде Израиль армиясы ондаған жойғыш ұшақты пайдаланып, Газа секторында Хамасқа қарсы «Темір қылыштар» операциясын бастағанын хабарлады.

Қазақстан ХАМАС-тың  израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптады. Сондай-ақ, еліміз Израильді Газа секторында көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына және азаматтық инфрақұрылымның жойылуына әкеліп соғатын пропорционалды емес күш қолданудан бас тартуға шақырды.

Сондай-ақ, Қазақстан 120 елмен бірге Таяу Шығыста тез арада атысты тоқтатуды талап ететін қарарды қолдады. Көпшілік дауыспен БҰҰ Бас ассамблеясы бір топ араб елдері ұсынған Израиль мен Хамас арасында Газа секторындағы атысты тоқтатуды талап ететін қарарды мақұлдады. Бұл қарарға 120 ел дауыс берді, Израиль мен АҚШ-ты қосқанда 14 ел қарсы болды. Тағы 45 ел, оның ішінде Украина да қалыс қалды.

Бұдан бұрын Газа секторында Қазақстан азаматы қаза тапқаны хабарланған.

6 қарашада өткен брифингте ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров қақтығыс аймағында Қазақстанның 76 азаматы, отбасы мүшелерімен бірге санағанда 161 адам барын мәлім етті.

Фото: ашық дереккөзден

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485