Сенбі, 23 Қараша 2024
Абай мұрасы 1952 8 пікір 14 Қараша, 2023 сағат 15:15

Өркениеттің құлдырау себептері Абай ілімі аясында

Бүгінде дүние жүзінің бірқатар интеллектуалдары классикалық капитализм дағдарысқа тап болғанын ескертіп, оның болашағына күмәнмен қарайды. Заттық құндылықтар үшін үнемі тартыс пен шексіз тән құмарына ұмтылу жан құмарын тұншықтыра бастады. Адамзат өркениетінің дамуы мен оның құлдырау себептеріне көңіл бөліп, оларды дұрыс түсініп, қоғам өмірінде ескере білудің маңызы зор болып отыр. Абай мұрасы аясында қарастыратын болсақ, бұл мәселенің шешімін оңай табуға болатын тәрізді.

Өркениеттің құлдырау себебі – оның екі болмысының (рухани және материалдық құндылықтары) үйлесімді болмауында. Материалдық құндылығы жетіліп, ал рухани жағы жұтынағанда өркениеттің ішкі мәні жойылып, ол ішкі қуатынан, негізгі мәнінен айырылады. Оның құр қаңқасы қалып, мұндай өркениет әлсірейді. Сонымен бірге, тек қана рухани құндылыққа көңіл бөлініп, өркениеттің материалдық жағы ұмытылғанда да жан күйзеліске ұшырайды. Себебі, Абайдың қара сөздерінде берілгендей, адам жан құмарын қанағаттандыру үшін, әуелі тән құмарын қанағаттандыруы керек. Құмнан жасалған қалашықты теңіз толқыны қалай оңай шайып кететін болса, материалдық ірге тасы әлсіз өркениетті де фәни әлем толқыны оңай жойып жібереді. Жаңа Дәуірде өркениеттің материалдық құндылығы жақсы дамыған Батыс елдерінің рухани құндылығы жоғары, бірақ материалдық жетістіктері шамалы Шығыс елдерін оңай жаулап алулары осының көрінісі.

Егер «рух өліп», тән жансызданса, онда өркениет құлдырауы нөлге жетіп, толық жойылып кетеді. Бұрынғы Атланттар мен Лимурийлердің өркениетінің жойылып кетуі осылай дәлелденсе керек. Ал жан құмары мен тән құмары үйлесімді болса, онда өркениеттің өрлеуі 100 пайызға жетеді. Мұндай жағдайда өрлеу барысы бұл әлемнің ықпалынан шығып, аспан әлеміне жол ашады. Мұндай жоғары деңгей Абайдың «толық адам» іліміндегі жеке адамдардың, әулиелердің несібесі.

Демократия өркениеттің қозғаушы күші. Демократия әлсірегенде өркениет те әлсіреп, құлдырау жолына түседі. Ақыры күйзеліске түсіп, не болмаса революция арқылы сыртқы түрін өзгертіп, басқа қалыпқа түседі. Өркениеттің құлдырау себебі демократияның шектеулі болуында жатыр. Демократияның шектеулігі адамның мінез-құлқына, ой-өрісіне әсер етіп, қоғамды тоқырауға түсіреді.

Өркениеттің өзгерісін заттық әлемнің екі жақтық (орысша: двойственность) қасиетімен түсіндіруге болады. Әлемнің бұл қасиеті – қоғамның қозғаушы күші. Табиғаттың бұл қарама-қайшы екі жақтық қасиетінің үйлесімділігі – өркениеттің негізгі шарты.

Дүниенің екі жақтық қасиеті

Бұл – табиғат заңдылығы, табиғи көрініс. Философияда кеңінен қарастырылатын дүниенің бұл көрінісі Тәңірдің өзгергіш, заттық қуатына жатады. Рухани қуат өзгермейтін, тұрақты, болса, ал заттық болмыс үнемі өзгеріп отыратын, өзгергіш. Табиғаттың бұл өзгергіш қарама-қарсылықтарының күресінен бүкіл болмыс қозғалысқа келеді. Түрлі қуаттар бір-біріне әсер етіп, өзара байланысуы – бүкіл әлем тіршілігі. Қозғалыс – қарама-қарсылық нәтижесі. Қозғалыс болмаса тіршілік те жоқ. Қуаттардың қозғалысы арқылы әлем түрленіп, жаңғырып, өзгеріске түсіп отырады. Бұл туралы Шәкәрім былай деп айтып кеткен.

Жаралыс басы – қозғалыс,
Қозғауға керек қолғабыс.
Жан де мейлің, бір Мән де,
Сол Қуатпен бол таныс,
Әлемді сол Мән жаратқан.

Қозғалмаса көшпейді,
Көшпеген нәрсе өспейді.
Өспеген нәрсе өзгермес,
Түрден ол түрге түспейді,
Қозғалыс түрлеп жаратқан.

(Жаралыс басы – қозғалыс)

Яғни, дүние өмірі дегеніміз – қуаттардың қозғалысы. Олардың барлығын жаратқан – бір Мән, яғни Алла тағала.

Толқынды тербеліс қуаттардың қозғалыс түрі екенін бүгінгі заттық ғылым дәлелдеп отыр. Адамзат қоғамы әлемнің бір бөлігі болғандықтан, ол да осы заңдылыққа бағынады. Сондықтан өркениет те сол заңдылық бойынша, пайда болған соң, өзінің шыңына жетіп, қайта құлдырау жолына түсіп, ақыры жойылып отырады. Мұны мұхит бетіндегі судың толқынымен салыстыруға болады. Толқын әуелі көтеріліп, өзінің шыңына жеткен соң қайта құлдырап, мұхит суымен бірігіп, сонан соң қайта пайда болады. Бұл су бетіндегі үздіксіз көрініс. Бірақ мұхиттың беті ғана осындай тынышсыз, ал оның тереңінде қозғалыс жоқ, тыныштық. Сол сияқты үнемі қозғалыста болып жатқан заттық әлем болмыстың беткі қабаты ғана, ал оның тереңінде – рухани қабатында тыныштық, мұндай қозғалыс жоқ. Рухани жаңғыру адамды әлемнің рухани тереңіне бойлатып, осындай тыныштыққа жеткізеді.

Пенде тән құмары үшін өмір сүретіндіктен, оған өмір толқыны тыныштық бермейді.

Өркениеттің әлсіреу себебі – демократияның әлсіреуі

Өркениеттің екі қанаты болып табылатын материалдық және рухани құндылықтардың жетілуі  қоғамдағы демократиялық ахуалға байланысты. Адамның еркі мен қоғамдағы тәртіп үйлесімге келіп, демократия күшейгенде бұл құндылықтар да молайып, өркениет алға басады. Және керісінші, демократия әлсірегенде – өркениет те құлдырау жолына түседі.

Еліміздің өркениетінің құлдырау себебі – демократияның әлсіздігі екенін осылай білеміз.  Демократия принциптері – ерік пен қатаң тәртіп – үйлесімге келгенде өркениет өрлеп, ал қарама-қарсылыққа келгенде құлдырау жолына түседі. Демократия әлсірегенде өркениет те жетілудің сара жолынан шығып кетеді. Өркениет пен демократия, міне, осындай тығыз байланыста.

Бақыт формуласы

Бақытты болу үшін оның заңдылығын білу керек. Бақыт дегеніміз жан құмары мен тән құмарын толық қанағаттандыру мүмкіндігі. Ол мүмкіндік жоқ болса, бақыт та жоқ. Бақыт -- адамның сол мүмкіндікті толық пайдалану сәті. Бақытты кезінде адам жан мен тән құмарын толық қанағаттандыра алады. Ол үшін белгілі бір заңдылық аясында болу керек. Бұл заңдылықты бақыт формуласы деп атауға да болады. Бұл формула былай деп өрнектеледі:

«Әлемде әркімнің өз үлесі бар. Олардың барлығы бір Жаратқандікі екенін біле тұра, басқаның үлесіне қол сұқпай, әркім тек қана өз үлесін алуы керек». Әлем үйлесімділігі осылай орнамақ. Өмірдің өзі Алланың бір көрінісі болғандықтан, үйлесімдікті бұзу – Жаратқанға қарсы әрекет болып табылады. Күнә дегеніміз осы. Мұндай әрекет кінәрәт, сондықтан, Түп Иеден қолдау таппайды. Бақытсыздық дегеніміз осы. Әлеммен үйлесімді болу Абайдың «Біз Алла тағала «бір» дейміз» деген сөзінен шығып, оның «Сенде бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар, қалан» деген нұсқауымен толыға түседі. Әркім өзіне тиесіліні ғана алып, бұл әлемді жаратқан Алла тағаланың бұлжымас заңдылығымен өмір сүргенде ғана  адам бақытты бола алады. Болмыс үйлесімділігін бұзбай, тағдырдың берген қиыншылықтарын дұрыс қабылдай білген адам ғана бақытты болады. Бақыт дегеніміз – қуанышы мол, қайғысыз, ұзақ өмір. Бұл ұмтылыс оның негізгі мақсаты, және өмір бойы өзгермейді. Себебі жан құмары жанның өзі тәрізді – мәңгілікті және өте ләззатты.

Бірақ өзімшілдік қасиет адамды кінәрәтті істерге итеріп, тән құмары жан құмарын жеңе бастайды. Осылай, қарымта заңы бойынша адам өмірі қасірет көзіне айналады.

Нәпсінің ықпалындағы адам өмірі қорлыққа айналып, өзі азып кетеді. Ынта-жігер, күш-қайрат, ар-ұят, ақыл-ой, жоғары мақсат тәрізді адами қаситтерден айрылады. Себебін Абай «Пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісі, Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?» деп түсіндіреді. Жетінші қара сөзінде Абай олар туралы «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ» деп суреттейді. Көкірегінде сәуле жоқ, санасы төмен имансыз адамдар талап, ынта-жігерден айырылады. Ынта-жігерден айырылған адам жетіле алмай, өмірден жалығады, жалқаулыққа салынады.

Демократияның белгілі бір деңгейінде өркениет өзінің шегіне жетті. Ол адамның әрі қарай дамуына ықпал жасаудың орнына, енді кедергі бола бастайды. Ғылыми жетістік жоғары, бірақ жан құмары ұмытылған заттық деңгейдегі өркениеттің адамға осындай зияны бар. Адам жаны күйзеліп, рухани құлдырау көпшілікті қамтығанда бұл бүкіл елдің трагедиясына айналады. Рухани құлдырау адами қасиеттерді өсірмейді. Адами қасиеттер төмендеген сайын қоғам үйлесімділігі бұзылып, демократия төмендей береді. Өркениеттің қозғаушы күші болып табылатын демократия әлсірегендіктен, өркениет те төмендей бастайды. Осылай қоғам құлдырау жолына түсіп, елдің рухани жағдайы нашарлап, мемлекет әлсірейді. Әлсіреген мемлекет көрші елдердің қармағына оңай түседі. Ұлы Рим империясы тәрізді елдердің жойылып кету себебі де осындай болса керек. Құлдырау дәуірінде Рим империясында халық тек қана «нан мен қызық» керек қылған. Нәпсіге берілгендері соншалықты, тамақпен ләззаттану үшін ішкен асын құсып тастап, қайта ас ішкен, жыныс қатынасы шексіз болған, қызығын көру үшін әйелдерден гладиатор жасап, оларды жалаңаштап пайдаланған. Осылай нәпсіқұмарлық талап пен қайрат-жігерді әлсіретіп, адамдар рухани азып кеткен. Бүгінгі заманда гладиаторлар төбелесінің орнына бокс, футбол ойындарын, кейінгі кездердегі ұялы телефонмен көретін «қызық» ойындар пайда болды. Уақыт өзгерді, бірақ шексіз тән құмарын қанағаттандыру мақсаты өзгерген жоқ.

Сонымен, өркениеттің құлдырау себебі – материалдық және рухани болмыс үйлесімді болмай, еркіндік пен тәртіп сәйкестігі бұзылады. Еркіндік пен тәртіптің сәйкестігі бұзылса, демократия әлсірейді. Қозғаушы күші демократия әлсірегеннен кейін өркениет те құлдырау жолына түседі. Осылай өркениеті қандай жоғары дамыған ел болса да, уақыт келе әлсіреп, ақыры жойылып отырады. Дүниенің қандай құбылысы болса да осы заңдылыққа бағынады. Теңіз толқыны тәрізді  пайда болып, қайта жоғалады. Толқынның өрлеу және құлдырауы тәрізді әуелі пайда болады, сонан кейін өсіп, белгілі бір деңгейге жетіп, ақыры құлдырау жолына түсіп, жойылып кетеді. Бұл материлдық әлемнің заңдылығын Абай «Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді» деп береді. Әр құбылыстың өзінің өзгеру уақыты бар. Мысалы, адам тағдыры – жылдар, мемлекет – жүздеген жылдар, ал жер бетіндегі құбылыстар мыңдаған жылдарда өзгеруі мүмкін. Қазақ «Елу жылда ел жаңа» дейді. Бірақ мәңгілікті өмір алдында бұлардың барлығы да бір сәт қана.

Жоғарыда келтірілген тұжырымдарды растап, фәни әлемнің өзгеру заңдылығын көрсететін түрлі ғылыми тәжірибелер бар. Соның бірін философия ғылымдарының докторы И.С.Оспанов өзінің «Рухани жаңғыру қырлары мен сырлары» атты еңбегінде былай деп келтіреді.

Табиғи жағдайда ақ тышқандар тұрақты жұптық өмір сүреді, ұрпақтарын тәрбиелейді, оларды қауіп-қатерден қорғайды. АҚШ этологы Дж. Келхун, денсаулығы өте жақсы төрт ақ тышқандар жұбын алып, өмір сүру жағдайын жұмақтағыдай қамтамасыз етеді. Әуелгіде олардың саны жақсы өсе бастайды. Алайда белгілі бір кезеңнен кейін олар жұптасып өмір сүруден бас тарта бастайды. Балалауды бірте-бірте доғарады. Бойдақтар тек өздерін сылап-сипап, қажет кезінде тамақ ішу мен ұйықтауды ғана дағдыға айналдырады. Ең сорақысы, олардың табиғатына тән емес біржыныстылық қатынасқа түсу, тамағы тоқ бола тұра, өз балаларын жеу сияқты құбыжықтар басталады. Ақыры, бес жылға жетпейтін уақытта, сол тышқандардың ең соңғысы табиғи кәріліктен өліп тынған. Келхун осы экспериментін 25 рет қайталағанда бәрінің ақыры осылай аяқталған. Келхун, зерттеулерін талдай келе, «өзіндік еркін геноцидке» бет бұру кезеңі деп, тышқандардың ұрпақ қамы үшін өмір сүруді қойған кезін айтады. Мұны ол «руханияттықтың өлімі» деп атаған. Осы жерде, әлемнің өркениеті деген елдеріндегі соңғы бір құбылыстар Келхун экспериментіне өте ұқсап бара жатқан жоқ па, деген ой келеді.

Бұл хайуанат әлемін ғана емес, адамзат өмірін де түсіндіретін аса маңызды тәжірибе. Бүгінгі күндері отбасының күйреуі, қыздар мен жігіттердің үйленуге асықпауы, отбасындағы бала санының азаюы, әлемдегі соғыс апаттарының молаюы, тағы сол сияқты көптеген ұнамсыз көріністердің себептерін ақ тышқандар өмірінен көріп отырғандаймыз. Өркениеттің құлдырау себебі – адамзаттың басым көпшілігі ақ тышқандар тәрізді тек қана тән құмарына беріліп, жан құмарын ұмытудан, яғни «рухтың өлуінен». Сонан соң тән өледі. Тышқандар толық өліп болды. Адамзат толық жойылып кетпейді, себебі – хайуанаттардан олардың айырмашылығы бар. Жоғарыда айтылғандай, ол айырмашылық – оларда ерекше ақыл мен ерік бар. Құлдыраудың белгілі бір дәрежесінде ақыл адамдарға жағдайды түзетуге мүмкіндік береді. Осылай жағдайды өзгертуге болады. Ал ақылды қолдана білмесе, Жоғары әлемдер жер бетіндегі өмір көріністерін өзгертіп жіберуі де мүмкін. Адамзат өркениеті тек қана бір түрден екінші түрге өзгереді. Бүгінгі әлемді жайлаған түрлі апаттар соның бір белгісі тәрізді.

Дж. Келхун тәжірибесін Абай бабамыз «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп кезінде түсіндіріп кеткен.

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог-ғалым

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485