Сейсенбі, 1 Қазан 2024
1305 2 пікір 15 Қараша, 2023 сағат 14:30

Министр: «Ұлымды әскерге өзім апарып қосамын»

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов шенеуніктердің балаларын әскерге баруға міндеттеуді ұсынды.

«Сіз статистикаңызда әскерге 90 пайыз ауылдың жастары келеді деп айттыңыз. Осы уақытқа дейін министрдің, әкімнің баласы әскерде жүр дегенді естімеппін. Әрине, қателесуім де мүмкін. Осы заңның аясында жоғары лауазымды тұлғалардың өздерін не балаларын екі айлық әскери дайындыққа міндеттейтіні туралы нормаларды қарастыруға бола ма?», - деді Зайытов Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа.

Бүгін Мәжілісте кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қаралған болатын. Заң жобасы бойынша резерв жасақ үшін екі мың адамды жыл сайын әскери дайындықтан өткізу көзделіп отыр.

Жақсылықов министрлер мен әкімдердің, депутаттардың ұлдары әскери борышын өтейтіндей жеке норма қарастырудың маңызы жоқ екенін айтты. Себебі заң бәріне ортақ.

«Менің ұлым 20 жаста, ол әлі студент. Оқуын бітірсе, қолынан ұстап, қызмет етуге өзім-ақ апарамын. Ұлым арнайы бөлімшелерде немесе барлауда қызмет етуге көбірек бейім», - деді Руслан Жақсылықов.

Abai.kz

2 пікір