Алаш қайраткері Ғұмар Қараш жайлы аз-кем сөз...
XX ғасырдың бас кезінде озық қызметімен танылған халқымыздың біртуар ұлдары, қазақ зиялылары А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердиев, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, М.Шоқай, М.Жұмабаев, Б.Майлин сынды тұлғалармен замандас, педагогика тарихында өзіндік орны бар белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы-педагог, ғалым, ақын Ғұмар Қараш.
Ақын Бөкей Ордасындағы Қырқұдық деген жерде 1875 жылы кедей шаруаның әулетінде дүниеге келді. Өте ерте жетім қалып, ағайын-туғандарының қолында тәрбиеленіп, ауыл молдасынан сауатын ашады. Ғұмар жастайынан-ақ өлеңдер шығарып, ел аузындағы әдеби мұраларды жалғастырды. ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ даласына тарайтын – арабша, түрікше, татарша, қазақша басылымдарды оқып, заман дәуір жайын оңға бастайды, ол әдеби, тарихи пәлсапалық кітаптарды іздеп жүріп оқыды. Сөйтіп, ислам діні қағидаларын жетік білген Ғұмардың енді дүниелік ғылымдардан да хабары болады.1907 жылдардан бастап, қазақ, татар тілдерінде шығатын газет-журналдарда мақалалары мен өлеңдерін жариялады. Ол елдің өміріне араласып, халық мұратын көздейтін істерге белсене араласады.
Ғұмар Қараштың саяси көзқарасының қалыптасуына 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясы өлшеусіз әсер етеді. Ол татар тілінде шығып тұрған «Ульфат», «Шура» сияқты мерзімді баспасөздерде бірнеше мақалалар жариялап, онда қазақ қоғамының көкейтесті мәселелерін шешудің жолдарын қарастырды.
Қараш патша үкіметінің отарлаушылық саясатын, жергілікті әкімдердің екіжүзділігін сынап, халықтың адал еңбегін аяққа таптамауды арқау етеді. Ана тілі мен мәдениетін сақтай отырып, ғылым, білімді игеруге мәдениетті дамытуға елдерден үлгі алуға шақырады. Ол 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін ұйымдасқан «Алаш» партиясына, Алашорда үкіметіне зор сеніммен қарайды. Соның дәлелі – ол «Алаш азаматтарына» атты өлеңін шығарады. Оның 1918 жылы «Тұрымтай» жинағында жарияланған «Көреміз бе?», «Келер ме екен?», 1918 жылы 22 қаңтарда «Сарыарқада» жарық көрген «Алаштың азаматтарына» деген арман мен үмітке толы өлеңдері осы кезеңде жазылады.
1917 жылы мамырда Ордада өткен Бөкей қазақтарының жалпы сьезіне және Орынборда өткен 2-жалпықазақ сьезіне қатысып, баяндама жасады.1919 жылы Бөкей губаткомында қызмет етеді. Ордада ұйымдастырылған айына екі рет шығатын, қазақтың тұңғыш педогогика журналы «Мұғалімге» басшылық етеді. Ғұмыр Қараш жаңа қоғам жұмысына белсене араласып, халық қамқоршысы ретінде танылды. Қайраткер 1921 жылы сәуір айында Құнаншапқан деген жерде қарақшылардың қолынан қаза табады.Тарихи ақиқаттың орнауы нәтижесінде Ғұмар Қараштың құнды мұралары ортамызға қайтып оралды.Қараш туралы деректер Қазан төңкерісіне дейінгі мерзімді баспасөз беттерінде, мұрағат қазыналарында жиі-жиі кездеседі.
Оның есімі ХХ ғасырдың бас кезеңінде татар, башқұрт, қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген газет, журналдар мен кітаптардың беттерінен түскен емес, оның өз заманында Ресейдің бүкіл түркі тілдес халықтарын аузына қаратқандығын мақтан тұтуға болады.
Ташимов Бағлан Кенбайұлы
Abai.kz