Хош көрдік, Узбекистон
Атам қазақтың «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа...» дегенін, «Ел басқа, билік басқа, бір-бірін қарамаса...» десем қалай болар екен деп ойланып отырым?! Өйткені, биліктегілердің және ірі байлардың бір жерге-елге баруы бөлек те, жай халықтың баруы мүлде бөлек қой! Аналарды қарсы алушылар аяғын жерге тигізбей қолпаштайды, сондықтан түгел жағдайды тіптен білмейді де, байқамайды да, көрмейді! Ал мыналарды, яғни, өз бетімен жүрген көпшілікті олай қарсы алатындар жоқ, сондықтан өз күнін өзі көреді. Бірақ, көпшілік деп бекер айтып отырған жоқпын, өйткені, биліктің түсінбейтін бір нәрсесі – нағыз халықтық қарым-қатынастың осы көпшілік арқылы қалыптасатындығы! Мың жерден ассамблеялар, халықаралық ұйымдар т.б. ашып «Біз кереметпіз, әлемде жоқ халықтар достығының жасампаз-зертхана-ұясымыз...т.б.» деп қанша жерден жар салсаңда бір күндері, бір ауылда, кеше ғана құда-жегжат болып араласып кеткендер ұлтаралық түрде қырылысып қалғанда, «бұл баланы кім таптыға» ұшырайтынынымыз да сондықтан!
Елімізде, экономикалық жағынан өте пайдалы туризм саласын барынша дамытуға мүдделіміз, алайда, оның дамитыны да ат төбеліндей биліктегілердің, байлардың анда барып, мында барып, хахалап ішіп-жеуінде емес, осы көпшіліктің әрекет-әсері, барыс-келісі екендігін түсінген дұрыс-ау!
Кейінгі кезде өзбек бауырларымыздың өмірдің әр саласында қол жеткізген жетістіктері туралы аз айтылып жүрген жоқ. Мың рет естігенше, бір рет көрген жақсы дегендей, биыл әдейі өз бетімше барып, аралап қайтудың сәті түсті (оған Бақыт Р. ағаның «...сен басқа жақты қой, осы көршілерге барып келші, сосын жолсапар есебіңді тиісті орындарға жеткіземіз...» деген сөзі де түрткі болды). Алматыдан туристік фирмалардың әр адамға сұрайтын қаржысына өз бетіңше барсаң, кем дегенде екі адамға барып қайтқанға тура сол ақша молынан жететіндігіне алдын-ала қанық екендігімді айта кетуіме де болады (әрине, соншалықты қымбат ырду-дырду-шоуларға құмар болмасаң).
Сонымен, көрген-естігендердің жақсы-жаман жақтарын термелей отырып, барлық әлемдегі жұртқа былай да белгілі керемет жәдігерлерді-құрылыстарды тізбелей бермей, «жақсыны үйрен, жаманнан жирен» дегендей өзімізде кездесетін кемшіліктердің орынын қалай толтыру турасындағы ойларыммен бөлісе кетсем еш оқасы жоқ шығар.
Көлік-логистика және тазалық мәселесі
Бауырлас елдің бас қаласы Тәшкенге бару жолдары жеткілікті ғой (тікелей қатынасты әуе, темір жол, авто...), соның негізгі бірі ретінде «Жібек Жолы» (бұрынғы Черняевка) өту орнына Шымкенттен бару аса қиындықтар туғызбайды. Біраз уақытым болған себепті атақты Сарыағашта бір-екі күн демалсам деген оймен жарнамалардағы адрестердің бірімен хабарласып едім, жас жігіт «келіңіздер, қонақ үйге тура арзан бағаға алып келетін таныс таксистеріміз де бар...» деп құрақ ұшып жатты. Шынымен де солай, бірақ, бір өкінішті жері сауықтыру орындары кемінде бес күнге қабылдайды екен, әрең дегенде үш күнге келістік. Менің ойымша ондағылар қанша күнге болса да, тіптен жарты күн болсын, қабылдауға дайын болуы қажет (келушілерде әртүрлі жағдайлар болады). Сарыағаштан «Жібек Жолына» бару да қолжетімді, ондағы ақша айырбастау, тамақтану т.б. көпшілік орындары әлі де болса жаңартуды, тазартуды, жаңғыртуды қажет етеді десем қателеспеймін (алдын-ала айтсам көршілерде әлдеқайда таза, жақсы).
Кеденнен өту адам көп болса бірталай уақыт ұстайды, ал негізінен қызметкерлеріміз тәртіпті көрінді. Тәртіпті бұзатын сол ары өтушілер, кезек сақтамай үймелеу, артық сөздер, келеңсіз қылықтар...
Өзбекстан жеріне өте салысымен көрінетін сүреңсіз жағдай ретінде қайыршы-сатушы лолылар мен кей таксистердің қылықтарын айта кеткен жөн. Бізде де осы мәселені жеңуіміз керек-ақ! Әсіресе, өзіміздегі тым жалмаңдап мазаңды алатын таксистерді бір жөнге келтірген абзал, әрине, оларға да қояр кінә жоқ, сонысымен нәпақасын ажыратып жүр! Алайда, түсе қалғандағы елдің бет-бейне-имиджінің өзі де осыдан қалыптасады, олай болса, билік сол таксистерді түгел есепке алып, бір топқа жинастырып, тәртіпке келтіріп, бақылауға алған дұрыс болар еді (Үлкен мәселе, ондай ізгі іс біздің әдетімізше бюрократияға ұшырып, штат көбейіп, керісінше әсер етіп бағаны көтеріп емес, өз-өзін қамтамасыз ететіндей жағдайда болуы тиіс! Мысалы, әр бекеттерде таксистерге 200-300 теңгеден сыпырып, адам тауып беріп жүрген «посадщиктерді» көресің, олай болса биліктің де алары сол мөлшерден аспауы жөн...). Бұл жерде негізгі айтпағым (жолақы, сервис), әсіресе, шетелдік туристерге ыңғайлы болу үшін, бар жағдай жасалар еді.
Бұнда такси жалдағанда алдымен барлық жағдайды біліп алыңыз, әйтпесе, апарған соң, «мен ол бағаны бір жолаушыға айтқам, сіздер мынаншасыздар, пәленше төлеңіз...» деп тұрып алады (әрине, барлығы емес, ішінара сондайлар кездеседі). Отырғызғанша асты-үстіңе түсіп, мінгізіп алған соң, көзқарасы өзгеріп шыға келетіндер де бар, жалпыға тән пендешілік дүние ғой! Түнгі кезде бағаны артық айтса, біліп тұрсаң, дұрыс-турасын айтсаң саудаласқанға ешкім ренжімейді, бір-екі жерде «өздеріңдікіне былай баға, бізге қымбатырақ айтқандарың бауырласпыз дегенге жата ма...» деп кейбіреулерге саудегері болсын, таксисі болсын, әдейілеп әзіл-қалжыңы аралас ұрсып қойғаным да бар. Бұнда айтпақшыдай, «туристік полицияны» да кездестірдік, бар туындаған қиындықтарды соларға айтсаң болады.
Жалпы алғанда бауырластарымызда көлік мәселесі жақсы жолға қойылуға бет бұрғаны байқалып тұр: Тәшкен-Самарқан бағытына поездбен бардым, меніңше, алдағы уақытта олардың сандарын көбейтетін болар. Самарқандтан Бұқараға такси жалдап, жоғарыда айтқандарымыздың біразын бастан кешіруге тура келді. Бұқарадан Тәшкенге автобуспен жүрудің сәті түсті, автобустың аты автобус, біраз шаршайсың да.
Қала ішінде маршруттық автобустар тоқтаусыз жүріп тұр. Тәшкен метросы өте ыңғайлы, өте арзан және студент-оқушылардың, т.б. қарапайым жұрттың сүйікті де, қолжетімді көлігі екені даусыз (көптеген миллиондаған сумға үйреніп қалған басымыз, темір тиынды осында көрдік).
Біздегі құрдымға кеткен үлкен бір проблема жол бойы, қалалардағы дәретхана болса, онда елді-мекендер жақын болғандықтан ондай қысылыс аса байқалмайтындай, аса жиі болмағанмен әр-жерден ақылы, таза «хожетханаларды» байқадық (дегенмен көпшілікке арналған тегін хожетханаларын көбейткен дұрыс шығар).
Өзбекстанның қай қаласында болсын, көше-аула тазалығы бізге қарағанда жақсы екені бірден сезіледі, көзге ұрады. Ертеңгі уақытта шағындау ауылдарда ауласына қосымша көшенің ортасына дейін сыпырып жүрген жас әйелдерді де байқадым...
Құрылыс-архитектурасында ерекше талғам бар, түнгі Тәшкенде қыдырып жүріп, уәзірлік-министрліктің айналасын, маңындағы бірнеше қыдыру алаңдарын түгелдей көрдік деуге болады. Аяқ жолдарға төселген тас төсеніштер (аса қымбат мәрмар, плиталар ғана емес орташа бағадағыларды да, дұрыстап, сәнімен орналастырсаң ерекше мозаика құрастыруға болатынын байқайсың. Сәнді, жақсы көңіл сыйлайды), субұрқақтар, әрине гүл мен түрлі өсімдіктер ерекше жақсы әсер етеді. Әр қалада орталықтан бұрылыңқырап шағын, тар көшелермен жүрер болсаң, қапталдардағы түрлі жемістер бауда өсіп тұрғандай! Әттең деп, бұрынғы Алматыны еске алдым...
Көзге түскен жалпы экономикалық өзгерістер
Кеңестің күпісінен бірге шыққан, бауырлас елдер бола тұрып, осы өзбек-қазақ арасындағы экономикалық жағдайлар туралы түрлі сөздер жеткілікті-ақ, оған себепкер елдердің алғашқы тәуелсіздік жылдардағы диктаторлық жүйе басшыларының әсері екені сөзсіз. Оның ішінде, «...сенің адамдарың біздің елде жұмыста; Өз елін сатып отырғандармен қалай бірігерсің; Баласының баласына дейін кеткен шетелге қарыздар; Бізге салынуға тиіс автозавод биліктегілер пара сұрағанына байланысты қашқан екен...» т.б. толып жатқан түрлі сөздер ел арасындағы бауырластық қарым-қатынастардың орнауына оң әсер бермегені анық. Қалай болғанымен қазіргі күндегі Өзбекстанның қазба байлықтарды сатуға бағытталмаған (алтын экспортынан басқа) дамып келе жатқан кәсіптік экономикалық әлеуеті сезіліп тұр.
Елдегі автопарк өздері шығарған себепті әжептеуір жаңарған, қолы жеткен адамдар «қымбаттау, бірақ өзіміздікін аламыз» деседі. Шығаратын машинаның тек құрастыру ғана емес, көптеген бөлшектерін өздері жасайтындықтары өте үлкен жетістік! Біздегідей ескі-құсқы жоқ, «қайтсеңде Ресейдің көлігін мінесіңнен...» де құтылған. Жолдар, үйлер қарқынды түрде салынып, жөнделіп жатыр. Бір таңқалғаным Самарқанд орталығындағы көпір-жолайрықты қытайлықтардың салып жатқаны болды, кім білсін, саясат болар. (Бұл жөнінде біраз адамдардан «Қытай тау жақтағы көршілеріңді бар жағынан бағынышты етті, сендер ше жұтылудан қорықпайсыңдар ма» деп сұраған да едім, хабарсыздау, екіұшты түрде жауап берді...).
Бұрылыс, тар көшелерге бұрылғандағым ел тұрмысын көру болатын (үй-қоршау, ауласы айқындап тұрады ғой), тұрғындардың басым бөлігі көптен бері қалалықтар екендіктерін айтты. Осы жерде біздің қазақтың үйді жекешелендірілген кездегі оңбай ұтылғаны тағы еске түсті. Біздегі қалалықтардың түгелдей дерлігі басқалар еді ғой, ауыл қазағы үйлерін түкке тұрғысыз бағаға сатып, кейде босқа тастап та, сенделіп-урбанизациямен қалаға ағылғанда олар ондағы үйлерін аспандағы бағамен сатып, аяқ асты байып кеткендігі де ұмытылмас соққы еді...
Саудаға ежелден бейім халық қой, Тәшкен-Самарқан-Бұқараның «Чорсу т.б. көтерме-жайма базарларынан не керек болса тапқандайсың. Өзбекстанның өзі шығарған товарларының бағасы әлдеқайда арзан, ал шетелдік заттар сол Алматымен шамалас. Жеңіл өнеркәсіп товарларының түрлерін көріп, ішкиім шығара алмай отырған өзімізге еріксізден күйінесің. Гур-Амир, Регистан сияқты жерлердің бәрінде тамақтануға, сауда жасауға түгелдей жағдай жасалынған. Әдемі талғамдағы, ұлттық нақыштағы түрлі пышақтар, әшекей бұйымдарын т.б. соғатын ұста-шеберлердің еңбектері сүйсіндіреді.
Мұнда кез келген жерде темекі сатылмайтын болыпты, алғың келсе арнайы «вино-водочный» дүкендерді іздейсің. Жалпы алғанда, біздегідей темекі бұрқыратқандар азайған, әлде, насыбайға көшкен ба...
Көлікте кетіп бара жатып қарағанда, айналадағы түрлі бау-бақшаның мәуелері көз тартарлық, қоршалған, күтімі жақсы. Қатардағы адамдардан жерді кім игеріп, қалай меншіктенетіні және қаржылай көмек-субсидия, несиелер туралы сұрастырғаныммен, мардымды жауап ала алмадым, әйтеуір, «фермер болам дегендерге өкімет жер береді...» дегеннен аспады. Егіс алқаптарында қол еңбегінің де үлесі әзірге көп екені байқалады. Шөлді аймақтарда жер асты суларын бұрғылап шығарып, пайдалану жақсы жолға қойылған. Арықтар жүйесі тамаша күтімде, айналасы арамшөп, қоқыстан тап-таза! Негізгі тамақтары болған соң ба екен, әлде Үкімет көмек-қаржы көрсетеді ме, бидай-ұнды сырттан алып отырғанына қарамастан нан бағасы біздерден арзан, ал ет біраз қымбаттау.
...Туризмді дамытудағы тағы бір үлкен мәселе тамақтануды ұйымдастыру десек, бұнда ондай қиындықтар жоқтай! Тәшкендегі алып «Бесқазан» палау орталығында бір мезетте бес жүздей адам тамақ ішіп отыр дегенмен келушіні мүлде күттірмейді. Айналасы 15-20 минуттың ішінде тапсырысыңды тәмамдап береді. Бір қуантарлығы, елде «бешбармақ» идеясының алдыңғы орында екендігі болды, палауға қоса зыр жүгірген ұл-қыз даяшылар (олардың табыстары қалай екенін сұрай алмадым) «қазы салайық па, өте дәмді, жеңіздер...» деп қояды. Осы жерде ұмытпай тұрып айта кетейін, «бешбармақ» (атауына ет деп таласпай-ақ қоялық, былай да белгілі ғой) біздің елді жарнамалап жатса, соны дамыта түсуіміз керек-ау! Ең қызығы, өзімізде, әлдебір жерлерге кіре қалсаң, «мясо по-казахский» деп сорпаға ет пен қамыр салған көже-тағамды алып келеді емес пе?! Бұл мүмкін, «нарын» болар, бірақ ет емес қой! Сондықтан, ет дегенде кәдімгідей етті (бешбармақ десе дей берсін) айталық, көрсетелік. Біреуге жағар, біреуге жақпас (әсіресе шетелдіктерге), бас-ішек-қарын-қарта және жуа тұздығы, айран-қатық-құрт дегендерді бөлек қойған дұрыс. Кім қалағанынша қосып алсын.
«Бешқазандағы» қонақжай жандардың көрсетуімен, үлкен қазандарда палауды қалай дайындайтындарын да көрудің сәті түсті...
Осы жердегі сөзімізді қырғыз президентінің «...Біздер, өз-өзімізбен таласып жүргенде өзбектер ыдыс-аяқтан бастап авиация жасауды игеріпті...» деген сөзінің шындық екеніндігін айтумен аяқтасақ болады.
Туризм және архитектуралық мұралар
Бұқара мен Самарқандта көптеген (көзіме түсіп ажыратқандарым Германия, Канада, Жапония, Бельгия, Чехия әрине Ресей, Қытай...т.б.) елдердің туристерін көріп, кейбірімен тіл жеткенше сөйлесіп те көрдім. Олардың бәрін бұнда тартып тұрған адамзат тарихындағы қайталанбас жәдігер дүниелер. Орта ғасырдан жеткен Ислам архитектурасының сөз жетпес жаухарлары! Ол кереметтерді жаңғыртып-жаңартып, өз қалпына келтіріп ел игіліне жаратып отырған Өзбек билігіне бұл жөнінде қанша мақтау, рахмет айтсаң да артық болмайтындай! Бұл жерде жаңғырту-реставрациялардың сәтті шыққаны Гур Амир, Регистан, басқа да көптеген мешіт-медресе, құжыра-мұнара т.б. ғимараттардың алғашқы қалпы түсірілген фотосуреттердің сақталып және оны шебер қолданған жөндеушілердің (көбіне үш инженер-архитектор адамның аты аталады) ғажап еңбегі дер едік. Осы жәдігерлердің ішінде қазіргі уақытта түрлі сувенир т.б. заттар сататын дүңгіршектер ұйымдастырылған, бір жағынан қарасаң ерсілеу көрінгенмен, бір жағынан қарасаң келушілер мен сатушыларға тиімді де. Мысалы, өзім де Ақсақ Темір кесенесінен қолдан жасалған қанжар сатып алдым (әйтеуір, сырғыма-шабаданның түбінде еді, Тәшкен-Алматы поездымен қайтқанда кеденшілер байқамады).
Ақсақ Темір бұнда табыну-культке айналған тұлға ғой, ол туралы не айтады екен деп әдейілеп, орысша-өзбекше ағып тұрған гид-көрсетушіні жалдадым, оныма мүлде өкінбедім де, тарихты жап-жақсы айтып шықты! Біраз сұрақтар да қойдым, ал ең басты маңызын кейінірек айтамын.
Ташкенттегі Төле Би кешеніне барар алдында (интернет карталар сайрап тұр ғой, солай болғанмен) жергіліктілерден ол жер қайда десем, көбі білмеді, ал «Қардығаш Би-әулие» десең түгелдей дерлік біледі, пір тұтады. Кесененің күтімі жақсы, шырақшылар өзбекше-қазақша араластырып, түсінікті сөйлейді, келушілердің дені қазақтар. Зиярат қабыл болсын!
Осындай тамаша дүниелерді көре отырып, өзіміздің кей тірліктерімізге күйіндім де: 550 жылдықтың алдында көне Таразды арнайы барып көрген едім, аршылып жатқан ғажап дүниелерді шолып, «шіркін-ай, осынша қаражат шығарып жасалынып жатқанда бір кереметке айналса екен...» деген тілегім болып еді. Бұл жолы көріп, аралап шыққан соң, көптеген «әттеңдерді» де байқайсың. Жалпы алғанда алаң жақсы жасалған (елдің әр облысынан тарту ретінде салынған дүниелер де бар), көше жақты бойлай орналасқан қазіргі түрлі мекемелер бұрынғы шығыс өркениет-архитектурасына негізделіп, ескеріліп салынған ғимараттар айналаға сән беріп тұр, Көне Тараздың аршылған үстінен салынған көпірлер, жабылған шатырлар да аспан астындағы музей дерліктей жақсы әсер қалдырады, асықпай аралайсың (ескі қаланың сонша төмен түсіп кеткеніне таң қаласың! Бұқарада 10-15 метрге дейін тереңдегі қала орындары бар, ал мына Көне Таразды Совет дәуірінде қасақана көмген...). Сондай тамаша жердегі ортаға сағаттары бар мұнараның қанша қажеті барын түсінбедім. Осы батысқа еліктеудің қанша қажеті бар еді, әлде «Лондон надо увидеть...» деп лепірген әлдебір шенеуніктің идея-Биг-Бэні ме?! Шолу мұнарасының көтерілу-лифтісінің де құрылысқа қосарласа салынғаны және төбесіне қондырған «қытай пагодасынікі» сияқты «қалпағы» да түсініксіз. Мақұл делік, лифт керек екені анық, алайда, соны Ташкенттің телемұнарасындағыдай ішіне тығып, сыртын ежелгі дүниеге ұқсатып келтірсе қалай болар еді десеңші! Кейінгі кезде Түркістанға жөндеу-жаңғыртудан кейін бармаған едім, болған достар, кесене алдына су көше жасапты деседі. Ол неге керек болыпты, шөл далаға Венеция орнаттым деген мақтаныш-даңғаза үшін бе, ал сонда онысы сол арадағы топырақтың гидрогеологиялық жағдайына қалай әсер етіп тұр екен қазір? Кім зерттеп көріпті, топырақ мору, отыру-төмендеу басталса ше?..
Кейінгі кезде бір байқағаным, осы жаңғырту-құрылыс жұмыстарына басқа мамандықтағы басшылар көп араласып, «әп-әдемі ән еді, сақау келіп бүлдірдінің» керін келтіреді. Сондайларға атам қазақтың «шымшық сойса да қасапшы сойсын» дегенін алдыға тартқым келеді. Сонымен, «самолетте ұшып келе жатып, макетін салфеткаға сыза салғаннан» басталған бұл үрдіс, биліктегілердің өз атын-атағын шығару үшін қолданатын ең бір сұрқия дейтіндей тәсіліне айналып, көп жерде ондай «ғажайып өнер туындысы-шедеврлер» ел аузындағы күлкі-анекдоттарға айналуда. Нағыз ғылымға сүйенбеген соң, солай болады да (айтпақшы, қазіргі қаптаған «ғалымсымақтардың» бұнда қатысы болмауы тиіс).
Өзбек-қазақ әзілдері
Бұқарадан қайтарымда жекеменшік қонақүйдің иесі (бұндай қонақжайлар әжептеуір арзандау), бұрындары Алматыда оқыған, үлкен кісі, кешке дастарханға шақырды (тегін бе деп қалжыңдап қойдым, күлді...). Бірталай адамдар жиналып қалды, түннің бір уағына дейін көкшайды сораптай отырып, өмірдің сан-саласын қамтыған әңгіме соқтық (бір үлкен ақсақалдың «сендер бізді бауырымыз дегенмен, бізге жоғарыдан қарап, орысты жақсы көресіңдер, тым орысшылсыңдар» дегені жүрегімді удай ашытты, әйтеуір, міңгірлеп: «қазақ сіздерге қарағанда теперішті көп көрді ғой, ашаршылық, ату-асу соның әсері әлі арылмай келеді» деп ақталғандай болдым), біраз шаршай бастағанда бітпейтін өзбек-қазақ әзілдері басталды. Олар, «сендер Шыңғысханмен бірге Бұқарды жаулауға келгенсіңдер» десе, жеңілетін мен бе: «еее рахмет айтпайсыңдар ма, сендер сонда келгендердің ұрпақтарысыңдар ғой, тәжік пен сарттың емес» деп күлдірдім. Қарымта ретінде, ...қазақтың өзбек досына «жүзімді бір жегенде жүзін жейдісі», өзбектің баласына «қозоқ әкәңнің атын тіліме байла дегені», асханада тамаққа ақша сұраған өзбекке қазақтың «әй қайдан білейін, бізге келгенде жатасыңдар ғой үйімізде күнделетіп, соның бірі екен, ее танып шақырған ғой деп қалдым дегені» сияқтыларды жіберіп қойдым. Олар да қалыспайды! Біреуі «оның бәрі белгілі ғой, шындығында көрші Шым-Тараз-оңтүстікті қойшы араласпыз ғой, Сіздер сонау Алматыдан арысыңдар, сол кезде де байланыс болды ма екен ә» деп қалды.
Айттым: Орыс империясымен сауда қыза бастаған уақытта Омбы-Семей-Ыстықкөл керуен жолы біздің Талдықорған жерінен өткен. Өмірде өткен оқиғаларды естігілеріңіз келсе, аталарымыз көптеген керуен басылармен таныс-тамыр болған. Қазақтың осал жерін білетін қулар: «О бәленеке, өзіңізге арнайы бұрылдық» деп Бұқардың сол кездегі супермодадағы алашапанын жауып, ұл-қыздарға тәтті, айна-тарақ сияқты оны-пұныларын сыйлыққа ұсынса, риза болған аталарымыз бір ат мінгізіп жібереді екен.
Өз атамның атасы жас кезінде бір керуен басымен дос болып, Бұқарға талай барған, алғаш барғанында сауда жасамақ болып айдап барған жүз (енді қазекемнің асырып айтатыны да болады, мүмкін жүз болмағанмен 20-30 болып та қалар...) жылқыны бір таза араби айғырға айырбастап, сонша мал орнына сымпитып жалғыз арғымақты жетектеп келіпті. Әйткенмен сол айғырды жергілікті биелерге қосқаннан атақты бәйге бермес жүйріктер де туған (соның бірі «Қара айғыр» атты әңгімені жырға қосқаным да бар). Сол бабаларымыз бірде Бұқарда керуен басы әбден сыйлаған қонақтан «Керуенсарайға» қайтып келе жатып, жігіттеріне: «әй мына сарттардың көк шөбі мен күріш ботқасы әбден ішті кептіріп, қарынды ашырды-ау, сойыңдаршы ана байталды, бір адам сияқты тамақ ішейік» депті (тыңдаушыларым күлмей көрсін)...
...Атамның әкесінің інісінің 16-17-дегі кезі екен, бірде үлкендер сапарға шыққанда «қаланы көр» деп бірге ала кетіпті. Жетіп орналасқан соң балаға, «сен аттарды қарап осында отыр, бұнда ұрылар да көп болады, ешқайда шықпа адасып кетесің, кешке бар қызықты көрсетеміз...» деп, өздері шаруаларымен кетіпті. Баланың аты бала, зеріккен болар, әлдебір көріністі қызықтап жүріп, шынымен адасып кетсе керек. Ары жүріп, бері жүріп, сілесі қата бастағанда көшеде бір кісілер «келіңіз, тамақ ішіңіз» деп шақырыпты. Кірсе қаптап отырған кісілер, «еее бұлар ас беріп жатыр екен ғой» деп ойлаған қазекең жайғасып алып, әкелген тамақтарын соға берсе керек. Әбден тойған соң, рахмет айтып шыға берсе, біреуі «ақшасын төле» деп жібермейтін көрінеді. Ондайды ұқпайтын балаң жігіт жұлқыласып қалады, тағы бір-екеуі келіп салып-салып жібергенде, ондайға шыдамайтын қазақ «о әкеңнің» деп әлгілердің біреуін алып-ұрып, біреуін жақтан қонжитып, қойшы нағыз төбелесті бастапты. Келіп қалған сақшылар тұтқындап, зынданға апарып тығып қойыпты.
Кешке таман оралған ағайындар баланы таппай зыр жүгіреді, ертеңіне тағы жоқ, сөйтіп әбден сасқалақтап отырғанда келесі күні сақшылар алып келіп, бәрі жылап көрісіпті. Не болғанын сұраса бабамыз: «...қайдан білейін, екі күн зынданда отырдым. Қасымдағылардан ақырындап сұрасам, «қазы ертең сот құрады, сосын не боларыңды айтады» деді. Қару асынған сақшылар, дедектетіп алып барды, қазы ақсақал кісі екен, алдымен біреулерден сұрақ алды. Сөйтсем мен төбелескендер екен, айтып жатыр мені жамандап. Содан кейін мені сұрады, бар шынымды айттым, «...шақырды кірдім, берді жедім, боқтады мен де боқтадым, ұрды мен де ұрдым...». Оны естіген қазы ата әбден күлді де, аналардан қайта сұрады, «мына балаға асханаға кір дегендерің рас па, бірінші ұрғаның рас па...» деп, сосын түсін суытты да аналарға ұрысты: «Әй ақымақтар, бұл қыр қазағы ондай тамақ үшін ақша төлеу дегенді білмейді! Өздеріне де біреу барса ешқашан ақша сұрамайды да, барын беріп тегін күтеді. Білмей тұрып неге бірінші ұрасыңдар? Өздеріңді жауапқа тартам...» деп еді, әлгілер шырылдап бәрімізден кешірім сұрап, жалына кетті. Олар кеткен соң, қазы ата, қал-жағдайымды, көрген жерлерім туралы біраз сұрап, сақшыларына апарып салып, туыстарын тауып беріңдер...» деп тапсырды...
...Әлемге әйгілі Бұқара зынданы жақсы түрде, шұңқыр-бөлмелерге адам макеттері қойылып, қалпына келтірілген. Бұқар әмірі заманындағы әскери киім үлгілері, қару-жарақ түрлері түгелдей қойылған. Сол заман шеберлері құйған мыс зеңбірек, пілте мылтықтар, садақ-айбалта, қылыш-қанжар, найза-шоқпар т.б. бастап, 19 ғасырдың ортасындағы Ресей арқылы келген немістің штыкты штуцерлері, «қазір қолдансаң да болады» дейтіндей жағдайда көз тартады. Бұл кешенді асықпай аралап жүріп, бабамыздың жоғарыда бастан кешкен оқиғасы еске түсіп, еріксізден езу тарттым...
Ұлттық код
Біздің атам қазақтың «Өзбек өз ағам...» дейтінін осылар қаншалықты біледі екен деген де ойға қаласың. Шындығында келгенде «92 баулы өзбек» дегенімізбен, бізде де, оларда да кездесетін ру-тайпалардың қайсысына жататындықтарын ілуде-бірі болмаса, білмейді де. Соны қажетсінбей-ақ, түркі халықтарының ішінде барлық жағынан Түркиеден кейінгі, өзбек деген айтулы ұлтқа айналып отырғаны қазір анық дүние дер едім.
Алдыңғы басшының кезіндегі бар түркінің жетістігін өзіне иемденуден бұл күндері арыла бастағандықтарына қатты қуандым. Ақсақ Темір басындағы гидтің «...Темірлан бар түркінің мақтанышы, көптеген елдерді азат етуші...т.б.» деген тұрғыда сөйлегініне қуанып та қалдым. Ұлықбек овсерваториясында және басқа айтулы жерлерде осындай жағдай қалыптасып келе жатқан сияқты (Овсерваторияға қарап тұрып, еріксізден өзіңнің түркі екендігіңе мақтанасың!). Мұрағат-архивте де болып, өзімді қызықтыратын құжаттармен танысуды сұрағанымда, мені өздеріне белгілеп, «келсеңіз толық көмектесеміз» дегендерінен де жылулықты сезіндім. Бір тарихшы ғалыммен біраз сөйлескенімде қазақ-өзбек тарихының бөлінбестей ортақ екенін айтып жатты. Өзі Кенесарыұлы Сыздық сұлтан туралы бірталай деректермен де таныс екен, «керемет, бар түркінің бостандығы үшін қайтпай соғысқан ғажайып батыр...» дегеніне көп ризашылық білдірдім. Поездбен Зеравшан өзенінен өтіп бара жатып, сол кездегі басқыншылықпен келген отарлаушылармен болған шайқастарды еске ала отырып, осыншама жерді басып өткен орыс солдаттарының өлермен-жанкештілігіне таңқалатынымды да жеткіздім.
Қазіргі кейбір ғалымдар арасында елді «Өзбекстан» емес, «Түркістан» деп атасақ деген де ұсыныс-пікірлер бар екен (Жаңа идея емес қой, дегенмен, бар түркі бірлігіне орыс пен қытай жібере ме?!. Оның үстіне Өзбекстан Бұқара-Хиуа-Қоқандтың бірігуінен шыққанмен Түркістан аталуы үшін кем дегенде Қазақстан мен Қырғызстан қосылуы керек қой! Бар түркіге ортақ Түркістан бізде, олай болса, менің ойымша, ортақ астана да осы болуы керек! Ал ол өте қиын дүние, геосаясат болсын, ішкі билік болсын оған құлықсыз. Қарапайым халыққа келсек, әрине, атам қазақ айтпақшы «тең теңімен, тезек қабымен» дұрыс қой! Ресми емес орыстың көптеген шовинистік көзқарасын, қаншама «бауырмыз-доспыз» десек те, күнделікті көріп жүрміз...
Антропологиялық жағынан келсек түріне қарап бұндағы елдің парсы және түркілік екенін бірден ажыратасың, алайда, күнделікті тіршілікте ондай бөліну мүлде жоқ! Барлық елдің басын қосып отырған өзбек тілінде баршасы сөйлейді. Ресей пабликтерінде «Бұқара-Самарқандта тәжік пен өзбек тілі қатар жүреді» дегенін өз басым байқамадым. Рас, қазақ екеніңді біле қойып, орысша сөйлеп кететіндіктері де бар, бірақ олары біздегідей күнделікті «қажеттілік» емес, жай күнкөріске керек зат деңгейіндегідей қолданыста (оның үстіне ішкі түйсіктерінде ағайыным Ресейде жүр-ау дейтіндей ойлары бар сияқты). Жастардың ағылшынға шын құмар екендіктерін көп жерде байқадым.
Бұндағы татар, ұйғыр т.б. өздері айтпаса ажырата да алмайсың. Қазақ та соларға ұқсап кеткендей. Бірақ, қазақ қайда болсын қазақ қой, бір таксис көкеміз, «Тәшкендегі елдің 80% қазақ» деп салды. Елін сұрағанымда «Дулатпыз, ата-баба салт-дәстүрді қатты ұстайтындықтарын айтып, тіпті, Тәшкеннің сол қазақи ауданында, қаланың басқа да бірталай бөлігінде, сенбі күндері барлық кафе-ресторандар біздікі...» дегендей біраз әңгімесін шертті. Поезда сөйлескен бір әйелі қарақалпақ, мосқалдау қазақ жаңа жеке куәлігінде ұлт жазылмай, тек «Өзбекстандық» деген белгі бар екенін көрсетті. «Қарақалпақта әлі де болса жартысы қазақ қой, қазақ мектептері бар ма?..» деген сұрағыма күмілжіңкіреп, азайып қалғанын айтты.
Кез келген өзбекті алсаң әйтеуір, Қазақстанмен бір қатынас-байланысы бар болып шығады (кейінің туыстары бар, кейі жұмыс істеген, оқыған т.б.). Қазақстанға келіп жұмыс істедім дегенге келсек, біздегі кейбіреулердің ондайға мұрын шүйіре қарайтындықтарына, керісінше кез келген адамы көп мемлекет өзіне валюта қорын толықтыра түсетіндіктен артық жұмыс қолын сыртқа шығаруға мүдделі екенін түсіндіре кетуім дұрыс болар. Сөйлескендерімнің Қазақстан туралы жаман айтқандарын аса естімедім (мүмкін қонақжайлықтығы), керісінше, «өте бай, қатты дамып келе жатқан елсіңдер» дегендей тұрғыда мақтаңқырап сөйлейді...
Жалпы алғанда өзбек елі ұлт болып қалыптасқан, біртұтас ел деп толықтай айтқанымыз оңды, дұрыс. Жастары өте ізетті, қоғамдық орын, көлікке кіре қалсаң, бірнешеуі ұшып тұрып кім болғанына қарамастан үлкендерге орын береді. Қайтыс болған әкә мен қазіргінің саясаты болар, қауға сақалды, шолақ балақты, қараға оранғандар дегендерді көрмейсің, жастардың көбі әдемілеп «французша қырыну» тәрізді сақал қоюға әуес. Үлкендердің көбісі әдемілеп орташа сақал қояды, бір өкінішті жері бұрынғыдай шапан мен әдемі ұлттық киім киген әйелдерді көре алмайсың (әйтеуір, құдай оңдағанда ашық-шашық жүрген әйел затын көрмейсің, көбі ұлттық нақышқа жақындау, көйлек-дамбал киеді). Онысына, біз шапан-камзолға жете алмай жүрсек, олар бар дүниесін әдейі сақтамай, нағыз ұлттық нышан-колоритті жоғалтып алғанындай терістеу өкінішті-сыни көзбен қарадым...
Азкен Алтай
Жетісулық
Abai.kz