Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3757 0 пікір 27 Қыркүйек, 2013 сағат 06:42

«Жас азамат» газетінің алтыншы саны

ЖАС АЗАМАТ

Шығарушы:

Қошмұхамет Кемеңгерұлы

 

Бастырушы:

Алаш серіктігі

 

6 - сан

1918 жылғы 4 октябрь

Петропавл қ.

ӨМІР ҮШІН КҮРЕСУ

 

Адам баласына жан-дүние қамы үшін алдымен тамақ, киім, үй керек. Әсіресе тамақсыз, киімсіз тұру мүмкін емес. Мал асырау, егін салу, сауда қылу, ұсталық құру, тіл, қолөнер, кәсіп қылу, жалға жүру, тілемшілік қылу, ұрлық қылу - бар жерде жан дүниенің қамы. Осындай жолдармен өмір үшін күрескендер көп. Бұлардың ішінен біреуінің тұрмысы жақсы, екіншісінің тұрмысы орташа, үшіншісі жаман.

ЖАС АЗАМАТ

Шығарушы:

Қошмұхамет Кемеңгерұлы

 

Бастырушы:

Алаш серіктігі

 

6 - сан

1918 жылғы 4 октябрь

Петропавл қ.

ӨМІР ҮШІН КҮРЕСУ

 

Адам баласына жан-дүние қамы үшін алдымен тамақ, киім, үй керек. Әсіресе тамақсыз, киімсіз тұру мүмкін емес. Мал асырау, егін салу, сауда қылу, ұсталық құру, тіл, қолөнер, кәсіп қылу, жалға жүру, тілемшілік қылу, ұрлық қылу - бар жерде жан дүниенің қамы. Осындай жолдармен өмір үшін күрескендер көп. Бұлардың ішінен біреуінің тұрмысы жақсы, екіншісінің тұрмысы орташа, үшіншісі жаман.

 Бұлай болудың себебі: күресушілердің әдіс-тәсіл жағынан айырма барлығынан. Не іске болса да әдіс керек. Және заман өткен сайын әдіс өзгеріп тұрмақшы. Мысалы: тұрмыс жөнінде ең әдісшіл Германиядағы немісті һәм әдіссіз біздің қазақты алайық. Екеуі де өмір үшін күреседі, бірақ неміс әдіспен күреседі һәм заманға қарай әдісін өзгертіп отырады. Сондықтан, екеуінің тұрмысында жер мен көктің арасындай айырма бар.

Ол мынау:

1) Неміс түрлі қымбат тастардан, ағаштан салынған үйлерде тұрғанда, қазақ шымнан салынған жер үйшікте жатады,

2) Неміс малын неше мыңға алатын жерде қазақ малын текке де алмайды,

3) Қазақ қара топырық жерде егінге жарымайды, неміс тастай жерде егінді мол алады,

4) Неміс фабрикадан шығатын кездемесін, заводтан шығатын дәрі-дәрімектер сияқты нәрселерін, өзінен асырып шет жұрттарға жеткізіп жатқанда,

5) Біздің қазақ сатып алуға таба алмай, өз денесін азер-мәзер жауып отыр,

 6) Фабрика-заводтар, темір жол, параход-аэропландар неміс жұртынан табылады.

Бізде мұның бірі де жоқ. Бұдан байқалды, өмірмен күресу үшін қилы жұрттардың қандай әдіс пен іс қылатындықтары. Һәм соның арқасында тамағы тоқ, көйлегі көк, еңсесі көтеріңкі, шаруасының жоғары екендігі. Шаруаны түзеуге әртүрлі әдістерді қолдану үшін саяси кеңдік болып, үкімет жағынан бір де қысымшылық болмасқа керек. Орыс халқының шаруасының артта қалуы, ескі үкіметтің шаруаға қысыңқы саяси тұмылдырық салғандықтан болатын.

Үлкен өзгерістен бері шаруаға саяси кеңдік туды. Бұрынғы уақыттарда біздің қазақтың оқыған азаматтары біріңғай саясат жолымен жүруші еді. Әлі де азаматтарымыз сол жолда. Бұлай жүрмеске осы күнгі заман ағымы қоятын емес.

 Сонда да шаруаны кейін қалдыруға болмайды. Сондықтан, саясат таразысында салмағы аз оқығандарымыз, ел шаруасына кірісулері лайық.                    20-сыншы ғасыр шаруаның қолы екенін ұмытпау керек. Елдің кірісі азайып, шығысы көбейіп барады. Бұл қалыппен жүре берсе, шаруаның жайы кетеді.

Бұдан былай біркелкі азаматтар шаруаның күйзелгенін қайта түзетіп, гүлденетін шаруаларын қарастырып, керекті істерді қолға алу керек. Шаруаның жолы тарам-тарам болғандықтан, оған істейтін шаралар да әр түрлі болмақшы.

Қазаққа киетін киімді, ішетін шайды, ұстайтын ыдыс-аяқтарды арзан алу үшін, ұйым дүкендерін ашу керек. Ақшасы жоқ кедейлерге астық, киім үшін, алым үшін тайынша-торпағын бергізбестей, ұсақ қарыз серіктіктерін ашу керек.

Қазақтың малының тұқымын асылдандыратын, егін шаруасын түзейтін ауыл шаруасы ұйымдарын ашу керек. Қазақтың тері-терсегін, жүн-жұрқасын, майын, малын еріксіз көндіріп шет жұртқа сатқызбастай, алыс-беріс ұйымдарын ашу керек.

Ұйымдар туралы бұл мақалада барлығын жазып болмайды. Сондықтан, келесі нөмірлерде әр ұйым туралы бір-бір мақала жазармын.

Смағұл Садуақасов.

 

***

 

ҚЫСҚА ХАБАРЛАР

Алаш Орда. Құрылтай ағзаларынын құралған Самара комитеті «Алаш Ордаға» қару-жарақ, киім-кешек бере бастаған. Шамасы Алаш милициясына жеткілікті.

 

Мемлекет кеңесі. 23-сентябрьде Уфадан хабар келді. Мемлекет кеңесінің жалпы жиылысы ризаластыратын комиссияның ұсынған жобаларын қабыл алып, уақытша жалпы Россия үіметін сайлады деген. Сайланғандар: Авксентьев, Остров, Волдиев, Вологодский, Чайковский. Бұлардың орынбасарлары: Аргонов, Виноградов, генерал Алексеев, Сапожников, Зинзинов.

Ризаластыратын комиссияға Башқұртстаннан: Ахмед Уалиди, Алаш Ордадан Әлихан Бөкейханов, Түркістаннан Мұстафа Шоқаев, ішкі Россия һәм Сібір мұсылмандарының мәдени мұхтариатынан Мамлеев кірген еді.

Жаңа сайланған үкіметтің келешекте орындауға міндетті жұмыстары мынау:

 1) Россия жерін большевиктерден тазарту,

 2) Россиядан бөлініп іргесін бөлек салған облыстарды қайыра федерация (әскер, почта, темір жол, сырт патшалармен қатынасу, орталық үкіметте болып қалған ішкі жұмыстарды әр өлкенің өз ықтиярына беру) негізімен біріктіру,

 3) Большевиктердің Брест қаласындағы жасаған бітім шартын бұзып, Германияға қарсы одақтас патшалықтар мен бірігіп соғыс ашу,

 4) мықты халық әскерін жасау,

 5) Федерациялы қара бұқара билейтін сайлама патшалық болып, Сібірді һәм сол сияқты автономияларды тану,

 6) тезінен Россия құрылтайын шақыру,

 7) жаңа сайлаулар мен земствоны сау қалыпқа түсіру,

 8) әлеумет тыныштығын, мемлекет тәртібін сақтау шараларына кірісу,

 9) ұлт саясаты әр жұрттардың мәдени һәм жерлі автономияларын тану негізінде құрылу,

 10) қымбатшылықпен күресу (завод-фабрикалардың ашылуына жәрдемдесу, сауда кәсіпті ретке салу, жұмыскер законын түзеу сияқтылар),

 11) жаңадан қағаз ақша шығармай, бұрынғы талондарды реттеп, төте айналымға енгізу һәм кіріс салықтарын күшейту,

 12) әр ауданның шаруа салтына қарай, жерді пайдаландыру, түпкі негіз жер еңбек қылғандікі болу.

Бұл кісілерден құралған үкімет 1919 жылдың 1 январына дейін атқарған істері туралы есеп береді. Сол 1 январьға үкімет Құрылтай ағзаларын шақырады. Бұлардың саны 250-ге жетпесе, кеңес ашылуы февральға қалдырылады. Соңғыда ағзалар саны 170-ке толса да, Құрылтай кеңес ашады, Құрылтай соңында үкімет толық есеп береді. Бұдан кейін Құрылтай жаңа сайлау турасында закон (ілесе жаңа үкімет сайлап, соған бар жаңашылдықты тапсырып) шығарады.

Жоғарыдағы жұмыстар түгелімен орындалғанша, талайға бақыт жолдары туып, талайдың бақыт жолдары батар, талайдың таңы жыртылып, шашы ағарар мұны келешек көрсетеді. Әзиз іске сәт дейміз!

 

Екі жылдық мұғалімдер курсы

Областное земское собраниенің қаулысы бойынша, Омбыда һәм Атбасар қаласында екі жылдық мұғалімдер курсы ашылады (әрқайсысы 60 кісілік). Курста «Бала оқытудың ең төте жолынан» басқа тағы көп мағұлмат беріледі. Программасы аз жылда семинарияға айналдыру ойда болғандықтан, орыстың семинариясының программасына жақын. Оқу таза ана тілде болады. Медреселер (оқытушылар) ысылған кісілерден болады. Оқытушыларды земство жар салып шақыртып алмақшы. Оқу бірінші сентябрьде басталып, апрель айында бітеді. Биыл 15 сентябрьде басталады(ескіше). Екі жыл оқып шыққан мұғалімдер орыс учителдерімен бірдей ақы һәм дәреже алады.

Тілек білдірген жастар ертерек областное земствоның қазақ бөлімшесіне оқығаны (білімі) туралы сыпатнамалар тапсыруы керек.

Оқушылардың тамақ пен кимінен басқа расходы земстводан.

Курске алынады:

Жасы 16-дан асқан һәм жұқпалы науқасы жоқ адамдар.

Білім жағынан: орысша екі класты школа бітіргендер.

 Частный (өз бетімен) оқып, жоғарғы көрсетілген ритімді білім алғандар.

 Бұрынғы ескі медреселерде жақсы оқып шығып, ел ішінде бала оқытып жүргендер арыз беріп хабарласушыларға әдіріс:

г. Омск, обл. Земская управа, инородческий отдел.

 

* * *

Көкшетау хабары

Бірінші, Көкшетаудың уездной земский управа члены Ерқосай Мұқышев Омбыдан келіп, өз жұмысына кірісті. Земство пайдасын түсінбей жүрген жұртқа түсіндіріп, түзу басшылық қылар деп үміт қыламыз.

 Екінші, Ақсары болысының мың жылқы, мың қойы бар Сәтбай Байғұсов деген байы большевик уақытында Ермұхамет Тоқбаевпен бірігіп, елді қан жылатып еді. Өзгеріс болған соң, аз күн болса да түрмеге отырып, жазасын өтеп шықты.

Үшінші, қыс бойы Омбыдағы «Үш Жүз» партиясының қосарында жүрген Әбілқайыр Досов деген шәкіртті, Көкшетаудың «Алаш Ордасы» қиыншылыққа алып еді. «Көн құрыса - қалпына тартады» дегендей, қалпына тартып, екі жүзділігі білінген соң, хатшылықтан қуылды. (Тоқбаев, Байғұсов, Досов керей-мойыннан бір болыстан, жақын ағайындар). Мұндай арамзаларды Алаштың Ақ-пәк ордаларының маңайынан жүргізбеу керек.

Тілші.

 

. * * *

Большевикке жаза

Бақытжан Қаратаев совет ашып, бүліншілік кіргізіп, большевик комиссары болғаны үшін тергеліп, алты жыл каторжный работаға үкім қылынып, абақтыға алынғандығы мәлім болды.

«Софысынған қожаның сәлдесі қалды, боқтықта» деген кепті Бақытжан, Көлбайлар киіп отыр. Күні кеше діншілдіктің, түрікшілдіктің көлеңкесінде жүрген мырзалар дінге, ұлтқа қас большевиктердің қосын тігісті. Олардың ел тарту мақсатымен «мұсылман», «түрік» деген сөздеріне алданып, иман келтіріп, тілек қосқан Көлбайға ұлтжаншылдар қазақтан да, татар бауырларымыздан да шығып еді.

 Бұдан былай кімнің болса да, қызыл баға бермей, ісінің түпкі жұмысына қарауға жақсы болды. Аузына Алланы алып, көңіліне шиқан ұялатып, атақ үшін желше құбылатындарды пір тұтпасқа жақсы болды.

 

***

Басқармадан: Баспаханадағы жұмыскерлер 30 августен (жаңаша) бастап забастовка (іс тоқтату) жасағандықтан, газеттің 6-ншы нөмері біраз кешігіп шықты. Забастовка әлі де тоқтаған жоқ. Баспахана иесі жаңа жұмыскерлер алып жатыр. Біз де жаңа әріп терушілер алдық.

«Кісінікінің кілті аспанда» деген осы: газетіміздің тағдыры бөтеннің қолында.

Әлі де сондай тоқталыстар мүмкін. Соның үшін оқушыларымыздан өтінеріміз: шетін болған себептермен газет аз уақыт тоқталып қалса, ықыластарын суытпауын, жас газетке мейірімділікпен қарауларын. «Қос жүре түзеледі».

Газеттің сандарын  баспаға дайындаған, түсініктерін жазған

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры

Зарқын Тайшыбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5315