Ләйлә Сұлтанқызы: «Біз – қазақ боламыз дейтін бүлдіршіндерге арналған арнамыз»
«Балапан» - бала тілінде сөйлейтін отандық жалғыз арна. Жаһандануға жалтақтап өсіп келе жатқан балаларды жалғыз арна ана тілінің уызына қандырып ұлттық болмыстың бесігінде тербете алады ма? «Бала тілі бал» дейтін бүлдіршіндеріміздің тілін «Балапанымыз» қалай сындырып келеді? Оны аталған арнаның директоры Ләйлә Сұлтанқызынан сұрап білген едік.
- Ләйлә ханым, өзіңіз басқарып отырған Астанадағы «Балапан» арнасына дейін шоу-бизнестің қайнаған ортасында қызмет еттіңіз. Осы қызметіңіз бен өзіңізді «Балапанға» баптаған Алматыны сағынбайсыз ба?
- Әрине сағынамын. Өйткені барлық ағайын-туысым, қайын жұртым бәрі дерлік Алматыда тұрады. Тіпті, қанша жыл жақын араласқан құрбыларым да сол жақта. Ал шоу-бизнесті сағынамын дей алмаймын. Себебі – ол ортада араласатын дос-жарандарым некен саяқ еді. Оның үстіне көк жәшікті бермейтін шоу-бизнестегілерді күнде көріп жүрміз ғой...
- Ал бұрынғы продюсерлік шаруаңыз жетімсіреп қалған жоқ па?
- Кімнің қалай ойлайтынын білмедім, бірақ дәл бүгінгі күні менсіз де продюсерлер жетерлік. Негізінде әр адамның өз мамандығы бойынша жұмыс жасағаны абзал. Шынымды айтсам, өз басым өзімді енді ғана тапқан сияқтымын...

- Сонда бала-шаға басып кеткен шоу-бизнесте адасып жүріппін дейсіз бе?
- Жоқ, шоу-бизнесте адастым дей алмаймын. Керісінше, көп дүниенің қыр-сырын меңгеріп, бүгінгі өнердің жай-күйін таныдым. Бәлкім, ол ортада шыңдалмасам, осы дәрежеге жетпес пе едім.
- Шоу-думанның қызған ортасынан табылатын Ләйлә Сұлтанқызы балалардың телеарнасы «Балапанға» қалай сыйып жүр?
- (Рахаттана күліп алды) Қиындық тудыратын ештеңесі жоқ, әйтеуір сыйып жүрмін. Өзімді еркін сезінемін. Отбасылы болғандықтан әріптестерім түсіністікпен қарап, әрдайым қиындық туғызбауға тырысады.
- Бүгінгі өзіңіз басқаратын осы «Балапан» бала тілін қаншалықты тауып жүр деп ойлайсыз?
- Біз – қазақ боламыз, отанымызды сүйеміз дейтін жанұялардың бүлдіршіндеріне арналған арнамыз. Сондықтан әр отбасы үшін біздің орнымыз ерекше болар. Технологияның дамып жатқан уақытында балалардың сұранысын орындай алмай жатқан жақтарымыз бар шығар. Бірақ қолдан келгенше аянбай еңбек ету үстіндеміз. Өзіміз жайында жаман сын ести бермейміз. Бұл өз алдына еңбегіміздің еш кетпей жатқанын аңғартса керек.
- Ауылдағы ата-аналар балаларын «Балапыны» бар үйден іздейтін екен деп естіп жатамыз. Бұлай дейтініміз, сіз басқаратын телеарна барлық өңірге бірдей тарамайтындықтан, ауыл баласы спутниктік желісі бар үйді сағалайтын көрінеді. Осы мәселенің шешімі табылар түрі бар ма?
- Әрине, ауылды жерлерде кабельді желіге қосылған үйдің балаларына ғана «Балапанды» тамашалауға мүмкіндік бар. Дәл осы мәселе менің де жаныма батады. Бірақ бұл менің құзырымдағы дүние емес. Болашақта сандық телеарналар жүйесіне көшеміз деп жатыр ғой. Сонда толықтай болмаса да, тоқсан пайыз ауыл-аймаққа тараламыз деген ойдамыз.
- Арнадағы қазақшалап ұсынылатын «диснейлік» туындылардың орнын отандық өнімдермен толық алмастырудың ауылы әлі алыс шығар?
- Бұл күрделі мәселе. Алайда осы бір арманға ерте ме, кеш пе жететініміз ақиқат. Сондықтан эфирді отандық өнімдермен толықтыру болашақтың еншісінде дегенім жөн сияқты. Негізі өз басым диснейлік өнімдерді эфирден алып тастауға түбегейлі қарсымын. Олардың арасында да балаларға қажетті дүниелер бар.
- Елде балалар түгілі, үлкендерге арналған әдебиеттің өзі жұтаң тартып тұрған шақта, шығармашылықты дамытудың қандай жолдары бар деп ойлайсыз?
- Бүгінгі күні балалар тақырыбына жазатын сценарийстер өте аз. Осыған орай қаламгерлер арасында арнайы анимациялы сценарийге байқау да өткіздік. Баланы оқып үйренуге ұйыту оңайға түспейді. Алайда бағдарламалар барысында әртүрлі тәсілдерді пайдалануға тырысамыз. Негізінде баланы үйренуге жетелейтін жауапкершілік алдымен ата-ананың міндеті. «Қазақ тәрбие тал бесіктен» деп содан айтса керек-ті. Одан кейінгі міндет- мектепегі ұстаздарына байланысты болса, соңғы жүк «Балапанға» артылады.
- Біздегі балалар тақырыбындағы туындылар Сұлтан Қожықовтармен бірге келмеске кеткендей. «Балапан» осы тұрғыда «жаңа қожықовтарды» іздестірудің әрекетін жасап жатқан жоқ па?
- Біз аракідік балалар арасында түрлі байқаулар өткізіп тұрамыз. Ал Қожықовтай бала тілін табатын режиссерлерді іздестіру – болашақ жоспарымыз.
- Бүгінгі балаларымызды батыстық «Tiji» мен «Nickelodeon» арналарынан арашалап алудың қандай жолдары бар?
- Айтып отырған телеарналарды балаларға мүлде көрсетпеу керек дегенге қарсымын. Мысалы, «Nickelodeon»-нің Диегосы бүлдіршіндер үшін қажет. Сол сияқты «Tiji» арнасындағы «супер Том және Грамотей» анимациялық туындысы сапасы жағынан болсын, қай жағынан алсақ та балаларды бірден елітіп әкетеді. Сондықтан ақпарат айдынын жайлап алған батыстық арналардан балаларымызды арашалаймыз десек отандық өнімдердің сапасын арттыру керек. Осы мақсатта жұмыс жасап жатқан жайымыз бар.
- Ұлттық телеөнімдердің дамуына тұсау салатын рейтинг деген пәлекет сіздің телеарнаңызға ауыз салған жоқ па?
- Біздің арна кабельді жолмен таралатын болғандықтан, сіз айтып отырған рейтинг деген «пәлекет» бізге құрық сала алмайды.
- Телеарналардағы ұлттың рухани дүниесін рейтингпен өлшейтін саясаттың астарында қандай қитұрқы пиғыл жатқанын біле алдыңыз ба?
- Рейтинг деген ол – жарнама. Ал жарнаманың ар жағында қаржының басы қылтиып тұрады. Әйтсе де рейтингтің бағдарламалардың өсуіне септігін тигізетінін мойындауымыз керек. Осы өлшемнің арқасында телеарнадан ұсынылатын талай дүниенің сапа жағынан жақсарғаны жасырын емес.
- Ләйләнің үйінде де екі бүлдіршін барын білуші едік...
- Біздің үйде - Сағдат пен Сардар есімді екі бүлдіршін бар. Үшіншісін сұрасаңыздар, оны болашақта көрерміз...
- Олар қай тілде сөйлеп, қайсы телеарнаны көріп жүр?
- Менің балаларым «Балапан» арнасын көреді. Ана тілінде сөйлейді. Орыс тіліне де жүйрік екендерін аңғардым. Үйде аракідік өзге тілде шүлдірлеп кетсе, соңынан қазақша аудармасын сұраймын. Сол себепті Ләйлә үнемі баламен жұмыс жасап жүреді.
- Онда сізге баланы үйретуден жалықпаңыз деп тілейік!
Әңгімелескен Динар КАМИЛОВА
Abai.kz