Қызылордада 215 млрд теңгеге ЖЭО салынады
2025 жылы Қызылорда қаласында жаңа жылу электр орталығы қолданысқа беріледі. Бұл туралы өңір әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді.
«Мемлекет басшысының еліміздегі жылу-электр орталықтарының жұмысын жандандыру тапсырмасына сәйкес аймақта ірі жоба жүзеге асуда. Егемендік жылдарындағы инвесторлардың қаржысына салынатын ең ауқымды, теңдессіз жоба – жылу электр станциясының құрылысы біздің аймақта бой көтеруде. Құны 215 млрд теңге болатын жоба 2025 жылы іске қосылады», - деді Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Облыс басшысының айтуынша, бұл электр энергиясын сырттан сатып алудан арылып, өндірілген электр энергиясының бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сатуға мүмкіндік береді.
Жалпы облыста жылу беру маусымы тұрақты өтуде. Облыстағы 1067 әлеуметтік нысан мен 855 көпқабатты тұрғын үй толықтай жылу жүйесіне қосылған.
Бұған дейін Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының барлық қалалары мен аудан орталықтары газбен қамтылғанын айтқан еді.
фото: ашық дереккөзден
Abai.kz