Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2764 0 пікір 10 Қыркүйек, 2009 сағат 03:52

Сапта Сәпиев пен Сываев қалды...

Қазір барша әлемнің назары Италияның Милан қаласына ауды. Әдеттегідей, тамаша футбол көрінісіне емес, боксшылар бәсекесіне куә болу үшін. Араға екі жыл салып жалауын көтерген бокстан әлем чемпионатына жер шарының 133 елінен 554 спортшы қатысуда. Чикагодағы біріншіліктен тек 3 боксшының кемдігімен  ерекшеленетін Милан төрінде  қазақ жігіттері жанкүйерлеріне жағымды жаңалық сыйлауға асығатын емес. 11 салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен қазақ боксшыларынан 1/8 финалға 5 спортшы  сүрінбей жетіп, оның екеуі біріншілікті осы арадан аяқтады. Ал Ресей құрамасының 2 боксшысы саптан шықса, көрші өзбек ағайынның 8 спортшысы үшінші айналымға аптықпай жетті. Бокста басқалардан қара үзіп кететін Кубаның жөні тіпті бөлек...

Қазір барша әлемнің назары Италияның Милан қаласына ауды. Әдеттегідей, тамаша футбол көрінісіне емес, боксшылар бәсекесіне куә болу үшін. Араға екі жыл салып жалауын көтерген бокстан әлем чемпионатына жер шарының 133 елінен 554 спортшы қатысуда. Чикагодағы біріншіліктен тек 3 боксшының кемдігімен  ерекшеленетін Милан төрінде  қазақ жігіттері жанкүйерлеріне жағымды жаңалық сыйлауға асығатын емес. 11 салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен қазақ боксшыларынан 1/8 финалға 5 спортшы  сүрінбей жетіп, оның екеуі біріншілікті осы арадан аяқтады. Ал Ресей құрамасының 2 боксшысы саптан шықса, көрші өзбек ағайынның 8 спортшысы үшінші айналымға аптықпай жетті. Бокста басқалардан қара үзіп кететін Кубаның жөні тіпті бөлек...

Қазақстан құрамасының бас бапкері Дамир Буданбеков Миланға аттанар алдында «әйтеуір алтын алсақ болды» деп сөзін қысқа қайырған. Бұған себеп те жоқ емес, ауыз толтырып айтайын десе, жастардан жасақталған құраманың қаншалықты алысқа шабатынына өзі де күмәнді. «Көнекөздерден» тек Қанат Әбутәліпов пен Серік Сәпиевті сапқа қосып, Азия алтынын олжалаған Василий Левитке арқа сүйеген бас бапкер басқа салмақтағы біраз тәжірибелі, ел танып қалған боксшыларға «қырғидай тиді». Әлем біріншілігінің қола жүлдегері, 48 келі салмақта сенімді ақтайды деген Біржан Жақыпов соңғы кездегі сәтсіздіктеріне орай Әділет Қапезовке орнын босатып берген. Алайда, рингте толығымен шыңдалып бітпеген Әділет алғашқы айналымда-ақ Тайландтық қарсыласына жеңіс сыйлады. 57 келідегі жаңа есім Ержан Мұсафиров бірінші белесін бағындырғанымен, келесі кездесуінде қарық қылмады. Кезінде Бекзат Саттарханов пен Галиб Жафаров атой салған бұл салмақтағы «сапарымызды» тым ерте аяқтауға мәжбүр еткен ресейлік Сергей Водопьянов еді. Осы жылдың жазында өткен құрлық біріншілігінде қола медальді жеңіп алған 51 келідегі Олжас Сәттібаев соңғы олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Обали Нординді бас көтертпей жеңгендегі, «алысқа барады-ау» деген ойымыз да теріс боп шықты. 60 келідегі Ғани Жайлауовтың жеңілісіне кикбокстан боксқа «қоныс аударған» 75 келі салмақтағы Азамат Белгібаевтың, Азия чемпионы деген дардай атағы бар Василий Левитттің сәтсіз қадамдарын қосыңыз. Көңілге медет түк те жоқ! Аса ауыр салмақтағы Иван Дычконың ширек финалға шығуына ресейлік қарсыласы Денис Сергеев мүмкіндік бермеді. 1/8 финалда венгер боксшысынан айласын асырған Қанат Әбутәліпов Бейжіңдегі ойында жолын байлаған кубалық  Аларконнан ақыры есесін ала алмай, әлем чемпионатын «мерзімінен бұрын» бітірді. Енді тек екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиев пен қызылордалық жас талант Рустам Сываевтың жолына үмітпен қарау қалды қазақ жанкүйеріне. Әлем біріншілігіндегі боксшыларымыздың бірыңғай жеңіліске ұшырауына басты себеп не сонда? Құрамадағы беткеұстар былғары қолғап шеберлері Бақтияр Артаев, Еркебұлан Шынәлиев, Бақыт Сәрсекбаевтардың бокстан уақытша қол үзгені ме?! Рас, біздің құрамада буын ауыстыру процесі жүріп жатыр, бірақ мұндай оқиға Кубалықтардың да басынан өтуде. Алайда,олардың бір-екі боксшысы ғана жарысты аяқтады,  қалғандары қатардан шығуға асығар емес. Ал бір кездері Марио Кинделанның өзін қаймықтырып, Бостандық аралы өкілдерімен терезесі тең өнер көрсеткен қазақ боксы үшін бұл үлкен трагедия. «Әлі жас қой, алар асуы алда» деп ақтап алғанмен, 20 жасында Олимп шыңын бағындырған Бекзат Саттархановтың ерлігін қайда қоясыз?! Мұндағы ең басты кінәрат - таланттардың дұрыс таңдалмауында. Тәжірибе жинақтаған дұрыс шығар, әйткенмен әлем чемпионатына жұрт медаль алып, ел мәртебесін көтеру үшін барады.  Кикбокс пен бокс қанша жерден ұқсас болғанымен, халықаралық сайыстарда бақ сынап көрмеген бұрынғы «кикбоксшы» Азамат Белгібаевты бірден әлем біріншілігінің «майданына» салып жіберу Буданбековтың басына қайдан келген ой екені белгісіз. Азияда абдырап қалғанмен, бұл салмақта Әділбек Ниязымбетовтың Миланға барғаны дұрыс шешім болар ма еді?! Ел біріншілігінде жарытып өнер көрсетпегенмен, Олимпиада ойындарында жинаған тәжірибесі Мерей Ақшаловтың алысқа шабуына септігін тигізуі мүмкін еді ғой?! Біржан Жақыпов көзі қарақты жанкүйер үшін бәрібір өз салмағында нөмірі бірінші! Миландағы бокс мерекесінің мәреге жетуге аз-ақ қалды. Алда ең ауыр айқастар мен шешуші кезеңдер. Боксты ұлттық ойынынан кем көрмейтін қазақ үшінші чемпиондығына қол созған Серік Сәпиев пен сыр елінің саңлағы Рустам Сываевқа үлкен сенім артуда. Ал әлем чемпионатын тәжірибе алаңына айналдырған бас бапкер Дамир Буданбеков «жауынгерлерінің» жеңілісін немен түсіндіреді екен?!

Фото: golpas.com, centrasia.ru, yvision.kz

Ақырыс Сейтқазы

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420