Біз осы кімбіз?
Көзі ашық, көкірегі ояу адам баласын әрқашанда ойландыратын үш сұрақ: Бұл жарық дүние қалай пайда болған және мен оған қайдан келдім? Қазір тірі жан иесі ретінде кіммін? Болашақ қалай болмақ, өлгенде қайда барамын? Осы үш сұраққа жауап іздеу барысында бастапқыда мифология, одан кейін дін мен философия туындады. Осынау тылсым сұрақтар ғасырлар бойына ғұламаларды ойландырып, толғандырумен келеді... Идеалистер мен материалистердің болмыс пен сананың арақатынасы туралы өте ежелден басталған пікірталастары әлі күнге дейін жалғасуда. Ғаламды жаратушы құдіретті күш (ол әр дінде әр түрлі аталады: Құдай, Тәңір, қасиеті рух, Алла және т.б.) бар деген діни түсіндірмеден бастап, А. Эйнштейннің салыстырмалы теориясы, А. Фридман негіздеген космостың кеңеюі туралы шешімі, Ф. Хойл айтқан «Үлкен жарылыс» теориясы сияқты түрлі түсіндірмелер туындады.
Көзі ашық, көкірегі ояу адам баласын әрқашанда ойландыратын үш сұрақ: Бұл жарық дүние қалай пайда болған және мен оған қайдан келдім? Қазір тірі жан иесі ретінде кіммін? Болашақ қалай болмақ, өлгенде қайда барамын? Осы үш сұраққа жауап іздеу барысында бастапқыда мифология, одан кейін дін мен философия туындады. Осынау тылсым сұрақтар ғасырлар бойына ғұламаларды ойландырып, толғандырумен келеді... Идеалистер мен материалистердің болмыс пен сананың арақатынасы туралы өте ежелден басталған пікірталастары әлі күнге дейін жалғасуда. Ғаламды жаратушы құдіретті күш (ол әр дінде әр түрлі аталады: Құдай, Тәңір, қасиеті рух, Алла және т.б.) бар деген діни түсіндірмеден бастап, А. Эйнштейннің салыстырмалы теориясы, А. Фридман негіздеген космостың кеңеюі туралы шешімі, Ф. Хойл айтқан «Үлкен жарылыс» теориясы сияқты түрлі түсіндірмелер туындады.
Ал, тірі тіршілік қайдан пайда болды дегенде оны табиғи сұрыпталу жолымен жүзеге асатын эволюциялық дамумен түсіндіретін дарвиндік ілім (тар мағынада – табиғаттың Ч. Дарвиннің табиғи сұрыпталу негізінде эволюциялық дамуы) ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қоғамдық ойда басымдыққа ие болып келеді. Бұл ілімді де сыңаржақ, адамдарды адастырушы бағыт деп сынаушылар дарвинизмнің туындауынан бастап әлі күнге дейін дүние жүзінде бір толастаған емес. Алысқа бармай-ақ, қазақ ғұламаларының ойларымен шектелсек, Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің «Үш анығындағы» философиялық ойларында дарвиндік ілімді дәйекті сынаған болатын. Осы жаңа ғасыр басында қазақстандық саясаткер Б. Тілеухан дарвинизм ілімін мектеп оқулықтарынан алып тастап, болмысты түсіндіруді ақиқат ілім - Құрандағы қағидалар негізінде жүзеге асыру қажет деп ұсынғаны есімізде.
Көріп отырғанымыздай, жоғарыда айтылған сұрақтардың біріншісі қызу пікірсайысқа арқау болып отырса, «Біз адам ретінде кімбіз?» деген сұрақ адамзатты ойға батырып, бір-бірімен айтыстырып-тартыстырып келеді. Осы сұрақ бастапқыда адамдарды ру-тайпа мен қауымдарға жіктесе, дами келе ұлттарға, таптарға, діни ағымдарға, әлеуметтік топтарға, мемлекеттер мен өркениеттерге жіктеуге арқау болды. Әрбір адам өзін осылардың біріне жатқызып, айналасындағы адамдарды «өзіміздікі» немесе «бөтендікі» деп танитын болды. Адамның бойындағы рулық қауымдастық сезімі, өзін белгілі бір қоғамдық ортаға жататынын сезінуі бір жағынан өте қарапайым көрінгенімен, мән-маңызы терең адами сезімдер болып табылады. Бұл ұлттық сана-сезімнің негізі. Ал, кең мағынадағы ұлттық сана-сезім ұлттық құндылықтар мен мүдделерді, ұлт тарихын, оның қазіргі хал ахуалы мен келешек дамуына қатысты мәселелерді, мемлекетішілік және ұлтаралық қатынастардағы ұлттың орны туралы көзқарастардың жиынтығын қамтиды.
Кез келген адамдар қауымы мен олардың арасындағы қарым-қатынас «біз» деген ұғымның құбылысы сақталған жағдайда нығайып, қалыпты қызмет етеді. Адамдарға өздерін белгілі бір ұлтқа, дінге, мемлекетке, кәсіп иесіне т.б. жатқызып, өзін сондай белгілермен айқындауы тән. Ал, «біз» деген ұғымның мәні мен мазмұнын түсіну үшін оған қарама-қарсы ұғым «олар» (өзге ұлттар, дін өкілдері, шетелдіктер т.с.с.) болуы шарт. «Біз» «оларға» қарай отырып, өзіміздің ерекшелігімізді түсінеміз, мықты болсақ мақтанып, кемшіліктеріміз болса түзеуге тырысамыз, «олардың» озық тәжірибесін меңгеріп, мінез-құлықтары жақсы болса «оларға» ұқсап, бейімделуге талпынамыз. Яғни, адам атаулыға өзін-өзі айқындау (идентификация), өзі тектестермен бәсекелесу және қарсыласу тән. Әлем тарихында мыңдап болған сан-алуан соғыстарды айтпағанда, орта ғасырлардан бері-ақ Ұлы Крест жорықтары, Шыңғыс хан шапқыншылығы, Араб шапқыншылығы және өзге де ірі соғыстар қауымдарға жіктелген адамдардың арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіріп, «біз» бен «олар» бір-бірімен үздіксіз теке-тіресуімен келеді. Иә, адамзат тарихы – соғыстар тарихы. Тіптен, осы «Біз адам ретінде кімбіз?» деген сұрақ ХХ ғасырда алапат Екінші дүниежүзілік соғыстың тұтануына ықпал еткен ұшқын болды. Гитлерлік Германия немістерді таза ариялық, асқақ ұлт деп жариялап, өзге ұлттарды құл ретінде санауының соңы әлемді қамтыған қанды қырғынға ұласты... Бірақ, адамзат тарихтың ащы сабақтарынан нәтиже шығарар емес. Баяғы сол, «біз» бен «олардың» арасындағы пендешілік пен күншілдік, бақталастық пен бәсеке, жанжалдасу мен қан төгілген қарулы қақтығыстар әлемнің әр түпкірінде әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Ал, бейбіт өмір жағдайында ұлттар мен мемлекеттер арасында бәсекелестік пен серіктестік, алыс-беріс пен қарым-қатынас өрбиді. Кешегі Лондонда өткен жазғы олимпиада мемлекеттер арасындағы спорттық бәсекелестіктің жарқын көрінісі, онда әрбір ұлт өзінің ептілігін, күштілігін, шапшаңдығын, батылдығын дәлелдеуге тырысты. Мұндай бәсеке өмірдің кез келген саласында сіз бен бізге білінбей, ешбір толастамай жүріп жатыр. Сондықтан да, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың бәсекеге қабілетті ел болуымыз қажет деп барша қазақстандықтардың алдына биік міндет қоюының сыры тереңде.
Бәсекеге қабілетті ұлт ретінде тайталасқа түспес бұрын, әрбір ұлт өзінің кім екенін, әлеуеті қандай екенін, өзгелерден қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар екенін бағамдайды. Ұлы Абай атамыз «Қара сөзінің» екінші сөзінде қазақ ұлтын көршілес ноғай, орыс, татар, сартпен салыстырып, өз ұлтының кем-кетігін көрсетуі тегін емес.
Ендігі мәселе - қазіргі әлемдегі мықты ұлттардың бізден нендей артықшылықтары бар? Әрине, адамды Алла тағала пенде етіп жаратқандықтан, ол кемшіліксіз емес, сол сияқты кез келген ұлттың да кемшілікті тұстары мен жағымсыз қасиеттері болуы һақ. Біз ондай көлеңкелі тұстарға назар аудармай, әр ұлттың үлгі тұтарлық сапаларына ғана тоқталғымыз келіп отыр. Ондағы ойымыз – өзге өркениеттен өнеге алу.
Мықты ұлт дегенде ақыл-айласы мол еврейлер көпшіліктің ойына бірден түсері сөзсіз. Әрине, әрбір ұлттың тарихы ерекше, бірақ еврейлердің тарихы мүлдем бөлек. Еврей ұлты түрлі қуғын-сүргін көріп, өзінің байырғы атамекенінен өте ұзақ уақыт жырақта өмір сүрсе де, өзінің ана тілін, ата бабаларының салт-дәстүрі мен діни ұстанымдарын ұмытпаған. Олардың өзге халықтардың арасында шашырап өмір сүруге әбден бейімделгені сонша, антисемиттер оларды тіптен «өзге ұлттың денесінде өмір сүргіштер» деп жазғырады. Қолынан келмегесін, көре алмағандығынан іші күйіп, тұз жалайдының кері бұл.
Еврейлердің бойындағы мақтануға тұрарлық ұлттық қасиетті еврей ойшылы Хаим Житловский: «Сен социалистсің бе, коммунистсің бе, анархистсің бе, кім болсаң ол бол, бірақ бірінші кезекте сен еврей бол, еврейлердің ішінде жұмыс істе, еврей интеллигенциясы еврей халқына тән болуы тиіс» деп тұжырымдайды. Бұл ұлтшылдық емес, ұлтжандылық.
Атақты американдық кәсіпкер Генри Форд 1920-1922 жылдары жазған «Халықаралық еврейлік» (ағылш. The International Jew) атты антисемиттік кітабын жазып, ол үлкен сұранысқа ие болуынан 16 тілге аударылады. Г.Форд осы еңбегінде еврей ұлтының ерекшеліктерін ашып зерттейді. Оның көрсетуінше «еврейлік» әлемді билеуге ұмтылушы еврейлердің құрған жүйесі. Еврейлер ғасырлар бойы сауда мен қаржы операцияларын жасауға әбден бейімделген, жаңаны білуге ынтық, олар алға қойған мақсаттарына жетпей тынбайды, бір-біріне әлемдік ауқымда жәрдемдеседі. Осының барлығы түптеп келгенде кез келген елдегі азғантай ғана еврейлердің мемлекеттік басқару тетіктерін, экономика, білім-ғылым және мәдениет салаларын мықтап қолдарына алуына ықпал етеді. Яғни, ол еврейлерді әлемді басқаратын аз санды, ақылды ұйымдасқан, жұмылған жұдырықтай күш деп көрсетеді.
Г. Фордың ойына дәлел ретінде Арон Черняктың "Нобелевские премии и еврейство" атты еңбегіндегі Нобель сыйлығы лауреаттарының статистикасы жөнінде берген мәліметтерін келтіре кетейік:
Ғылым саласы |
Жалпы саны |
Еврейлер саны |
Еврейлер үлесі |
Экономика |
32 |
11 |
34,38% |
Физиология мен медицина |
155 |
42 |
27,10% |
Физика |
140 |
35 |
25,00% |
Химия |
116 |
19 |
16,38% |
Көркем әдебиет |
89 |
11 |
12,36% |
Бейбітшік үшін |
75 |
6 |
8,00% |
Барлығы |
607 |
124 |
20,43% |
Мінеки, жоғарыдағы кесте еврейлердің бәсекеге қабілетті ұлт екендігінің тағы бір айқын дәлелі. Forbes журналының мәліметтеріне сүйенер болсақ, әлемдегі миллиардер алпауыттардың да басым бөлігі еврейлер.
Қазақтардың еврей ұлтынан үйренетін нәрселері көп-ақ. Ең алдымен ұлттың ішкі бірлігін нығайту, бір-біріне қамқор болып, қолдау көрсету, жеке мүддеден ұлттық мақсат-мұратты биік қоя білу сияқты қасиеттерді бойға сіңірер болса, қазақ халқы әлемді билеп-төстемесе де, өзгелермен бәсекеге төтеп беретін біртұтас һәм сапалы ұлтқа айналар еді.
Сонымен қатар, еврейлердің бойындағы ерекше атап өтетін асыл қасиет – олардың өз ана тілдері мен ұлттық құндылықтарын сақтап, одан әрі байытуға деген ұмтылысы. Он сегіз ғасыр бойы «тіл ретінде өліп қалған» деп саналып келген иврит тілі бүгінде Израильдің мемлекеттік тіліне айналып отыр. Бүгін иврит тілі - жаппай қолданыстағы нағыз мемлекеттік тіл. Олар көне иврит тілін тірілтіп қана қоймай, жаңа заманға сай бейімдеп, жаңғыртуға күш салуда. Ивритті дамыту сионизм идеологиясының ажырамас бөлігі. Израильдің бірінші президенті Хаим Вейцман «Біз Эрец-Исраэльге Варшаваның, Пинск мен Лондонның өмірін көшіріп алу үшін келген жоқпыз. Сионизмнің мәні – еврейлердің бөтен мәдениеттің қысымымен бойына сіңірген барлық бөгде құндылықтарды өзгерту» деп айтқан екен. Содан бері иврит тілін дамыту бес түрлі бағытта жүруде: 1) қолданылмайтын ежелгі сөздердің мәнін жаңашалап өзгерту; 2) иврит грамматикасының заңдары бойынша бір түбірді түрлендіру арқылы жаңа сөз жасау; 3) екі және одан да көп зат есімдерді қосып айту арқылы жаңа ұғым білдіретін қос сөздер жасау; 4) жаңа ұғым білдіретін күрделі қысқартылған сөздер жасау; 5) шетелдік сөздерді ивритке сіңіріп алу.
Шіркін-ай, еврейлер нешеме ғасыр бұрын өлген иврит тілін тірілтіп жатқанда, біздің қазақ өзінің көркем де бай ана тілі – тірі қазақ тілін жаппай меңгеріп, нағыз мемлекеттік тіл ретінде көркейтуге «шала қазақ» - «таза қазақ» болып жіктелмей, бір кісідей атсалысар күн қашан туар екен... Қазақтар аты-жөні мен бет-әлпеті бойынша ғана емес, ішкі жан-дүниесімен, ұлттық рухымен де нағыз қазақ болуы тиіс. Қаншама азап көрсе де ешбір мойымаған еврейлер бейне бір суарылған болаттай асыл сапаларға қол жеткізіп отыр.
Еврейлерден ұлттық сапасы бойынша асып түспесе, ешбір кем түспейтін келесі бір ұлт – жапондар. Жапондардың басты ұлттық ерекшеліктерінің бірі – дәстүршілдік пен еңбекқорлық. Олар жан-жақты жаңаруға қандай құштар болса, дәстүрді сақтауға да сондай адал, қоршаған дүниені қандай әсемдікпен сезінсе, еңбекке де сондай сүйіспеншілікпен берілген. Бұл олардың қанына сіңген әдет. Тіптен 140 миллион адам еркін сөйлеп, 128 миллион адам ана тілім деп есептейтін, 2136 иероглифтен тұратын (1006 кёику кандзи және 1130 кандзи иероглифтерінен жинақталған, негізі иероглифтері одан да көп, 2010 жылы Жапония Білім министрлігі алфавитті 2136 иеоглифпен шектеу туралы бәтуаға келген) ұлттық жазуларының өзі тұтас бір әлем.
Осы жерде С. Хантингтонның «Өркениеттер қақтығысы» атты еңбегіндегі мынадай ой-тұжырымға тоқтала кеткіміз келіп отыр: «Центральными элементами любой культуры или цивилизации являются язык и религия... В течение всей истории распределение языков в мире отражало распределение власти в мире. Наиболее широко употребляемые языки – английский, мандаринский, испанский, французский, арабский, русский – являются или были языками империалистических государств, которые активно поощряли использование своего языка другими народами. Сдвиги в распределении власти привели к сдвигам в распределении языков. ...Когда бывшие колонии шли к независимости и только добивались ее, поощрение развития и использования местных языков, как и борьба с языками империи, были одним из способов, при помощи которых национальные элиты отличали себя от западных колониалистов и определяли свою идентичность. После обретения независимости, однако, элитам этих обществ потребовалось отличаться от простого люда своих стран. Средство нашлось: свободное владение английским, французским и другими западными языками. В результате элитам не-западных обществ зачастую намного проще общаться с жителями Запада и друг с другом, чем с народом из своих обществ (подобная ситуация имела место на Западе в XVII–XVIIIвеках, когда аристократы из различных стран прекрасно общались друг с другом по-французски, но не умели говорить на национальных языках своих стран)».
Бірақ жапондық элита мұндай «тілдік ауруға» бой алдырмаған. Тілі мен жазуы қазақ тіліне қарағанда анағұрлым күрделі болса да, өз ана тілін – жапон тілін білмейтін жапондық жоқ. Оған қоса теңдесі жоқ классикалық театры, сан-алуан жекпе-жектері, бірегей шай жасау рәсімі, нәзіктік пен әсемдікке толы икебана жасау өнері т.б. жапондарға ғана тән салт-дәстүрлері сабырлық пен еңбекқорлықты қажетсінетін ұлттық өнерге айналған.
Жапондардың басқалардан ерекшелігі - олар түпкі нәтижеге жетудің мазмұнына қатты мән береді. Бір ғана мысал: кюдо аталатын жапондық садақ ату өнері үшін нысанаға дәл тигізуден бұрын, садақ тарту өнерінің қыр-сырын асқан шеберлікпен орындау маңыздырақ. Мұндай ыждағаттылық жағдайында өзін-өзі алдау мен немқұрайлыққа ешбір орын болмасы анық. Жапондар үшін дүниенің ең асылы - ар-намыс. Ар-намыс үшін харакири жасап, отан үшін камикадзе болып, өз еркімен жан қию да тарихтарында бар.
Басқасы басқа, дәстүршілдік жапондарда мықты сақталған. Осыған байланысты олардың ІІ-ші дүниежүзілік соғыстан кейін басшылыққа алған “Жапондық рух, еуропалық білім мен технология” ұстанымы елдің керемет жетістіктерге жетуіне, сонымен бірге отаншылдық сезімдерін дамытуларына үлкен серпін берді. Жапониядағы ұлттық идентификация процесінде «Шығыс-Батыс» қарым-қатынасының мәселелерін үйлесімді шешуге баса назар аударылады. Жапон елі үшін бұл қиын түйінді табысты шешу әлемдік тарихтағы, халықаралық қатынастар мен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтағы елдің өз орнын табуын білдіреді. Біз де осылайша, қазақы рухты сақтай отырып, жан-жақты жаңғыруымыз қажет.
Жоғарыда С. Хантингтон айтқандай, ағылшындар империалист отаршы ел ретінде де, бәсекеге қабілетті ұлағатты ұлт ретінде де әлемді мойындатқалы қашан. Ұлыбританиядағы халық саны 62,2 млн. адам болса да, ағылшын тілін ана тілім деушілер әлемде 410 млн., ал 1 млрд. астам адамзат оны ана тілімен қатар жүретін екінші тіл ретінде мойындайды, оған қоса ағылшын тілі БҰҰ таныған 6 ресми тілдің бірі (араб, испан, қытай, орыс, француз тілдерімен қатар). Әлемдегі ең көп қолданылатын тілге айналған ағылшын тілінің лексикасындағы сөздердің 70 % кірме сөздер болып табылады. Яғни, ағылшындарда тіл байыту процесі үздіксіз жүріп келеді, өзге тілдерден енген ұғымдар, жаңа терминдер, неологизмдер т.б. есебінен дамып кеткен. Бұл қазақ тілін дамытуда ескеретін өзекті мәселе. Қазіргі кезде біздің кейбір сөздік жасаушы мамандарымыз терминдерді қазақшаға аударуға құмар. Өкініштісі сол, бұл тілді байытпайды, керісінше, оны оқшаулайтын қадам. Кейде сондай «аудармашылардың» аударған терминдерін өзге ұлт емес, қазақтардың өзі түсінбей басын қатырып жатады... Халықаралық ауқымда қолданылатын, баршаға түсінікті терминдер кез келген тілді байытады емес пе, оларды қазақшаға аударып, арам тер болудың қаншалықты қажеті бар? Кірме сөздер тілімізді шұбарлайды деп оқшаулана бермеуіміз керек, біле білсек дәстүрлі қазақ тілінің өзінде өзге тілдерден енген кірме сөздер толып жүр. Кезінде араб, парсы тілдерінен енген қалам, білім, ғылым, кәмелет, тәрбие, мұғалім, кітап, дәптер, әдебиет, абырой, амал, адал, арам, әскер, әйел, дәулет, дәурен, зайып, зейін, күмән т.б., орыстан енген барқыт, бақалшік, бодан, болыс, зауыт, ояз, сияз, сот, старшын, самаурын, сома т.б. сөздер бүгінде қазақтың тума сөзіндей болып сіңіп кеткен.
Жалпы, ағылшындарды ерекшелейтін жақсы сапалар – пунктуалдылық, саяхат жасауға құмарлық, инабаттылық, салт-дәстүрді сақтау, ұлттық мақтанышпен астасып жатқан өркөкіректік, жомарттыққа ұласып жатқан пайдакүнемдік, салқынқандылық,еңбек ету мен демалысты ұштастыра білу тән. Қазақтардың жері қандай кең болса, көңілдеріне арқаны кеңге салып, жайбарақат жүру тән. Сондықтан болар, қазақтарға ағылшындар сияқты пунктуалды болудың қиын болуы. Бірақ біз пунктуалды болуға тиіспіз, уақыт талабы солай. Қарапайым тұрмыс-тіршілікті былай қойғанда, мемлекеттік маңызы бар істерді жүзеге асыруда да пунктуалдық аса қажет. Ал саяхат жасауға құмар жиһанкездігімен ағылшындар әлемнің жартысын отарлап алғанына тарих куә. «Болар елдің балалары бірін-бірі батыр дер» демекші, ер азаматтарына мистер, сэр деп, әйел затына мисс, миссис деп ізет-құрмет көрсететін инабаттылыққа толы джентельмендік қасиеттері өз алдына бір төбе. Олар жұмыс десе жанын салып, бос уақытта демалысты ұйымдастыра біледі. Бірді екі қылып, пайда табуға да шебер, сөйте тұра сараңдыққа бой алдырмаған. Капиталды сақтау мен көбейтудің небір амалдарын ойлап тапқан ағылшындар қазір өте ықпалды ел, ал астанасы - Лондон қаласы әлемдік ірі қаржы және іскерлік орталығы. Иә, көріп отырғанымыздай, біз үшін үйренер нәрсе көп-ақ.
Бар салада бағы жанып, аты озып тұрған өнегелі ұлттар туралы әңгіме қозғалса, кейбір қазекемдер: «қазір нарық заманы ғой, бәрін ақша билейді, ел мен жер қайда қашар дейсің, алдымен өз жағдайымды түзеп алайын» деуі мүмкін. Бұл ұлттың келешегін ойламайтын, бір күндік өмір сүрудің надан психологиясы. Ұлт пен мемлекеттің қарыштап дамуы үшін оның әрбір өкілі өзінің тағдырын ел-жұртының болашағымен тығыз байланыстыруы тиіс. Қазақстандық ғалым А. Айталы нарықтық қатынастар қалыптасып келе жатқан елдерде патриотизмнің іргетасын экономикалық көзқарастар құрайтынын атап көрсетеді. Осыған байланысты ол «Ұлттану» атты еңбегінде ІІ-ші дүниежүзілік соғыстан кейін күл-талқаны шыққан Германияның экономикасын қалпына келтіруге ықпал еткен неміс патриотизмінің он өсиетіне назар аударады:
1. Тіпті ұсақ-түйек шығын шығарғанда да, отанның және ел азаматтарының мүдделерімен есептес.
2. Шет елдің бір теңгеге тұратын тауарын сатып алғанда, өз еліңе бір теңге зиян келтіретініңді ұмытпа.
3. Сенің ақшаң тек неміс саудагерлері мен жұмысшыларына пайда әкелуі тиіс.
4. Шет елден келген машина мен құрал-саймандарды қолданып, неміс жерін, шаңырағын, неміс шеберханасын қорлама.
5. Дастарханыңа шет елдің етін, майын т.б. қойма, себебі ол неміс ет өндірісімен отандық мал шаруашылығына зиян келтіреді.
6. Әр уақытта неміс қағазына неміс сиясын малып неміс қаламымен жаз да, неміс сорғышымен сорғыз.
7. Неміс игілігіне тек немістің ұны, немістің жемісі, немістің еті жарайды.
8. Тек қана неміс матасынан тігілген сырт киім мен неміс қолынан шыққан бас киімдерді ки.
9. Егер сен неміс кофесін ішкің келмесе, Германияның одақтастарынан әкелінген кофені іш.
10. Еш уақытта шет елдің тауарына қызықпа және есіңде берік сақта: Германия азаматтарының керегін тек Германия ғана шығара алады.
Ал енді осы сарындағы ұстанымдар қазіргі Қазақстан жағдайында қандай күйде тұр? Әрине, өкінішке орай, мүлдем керісінше жағдайда: ішкі нарықты импорттық заттар басып тұрған, тұтынушылық психология адамдардың санасын жаулап алған қазіргі кезеңде мұндай ұранға азаматтарымыздың мән бермейтіні анық әрі бұл кекесін күлкі туындатары һақ. Қандай кезеңде өмір сүрсек те, ұлттық болмысымызды сақтай отырып Отанымызды көркейтуге күш салу - ата-бабаларымыздың аруағы алдындағы асыл борышымыз болып табылады.
Өз заманында Кемал Ататүрік: “Керемет тек шетелде ғана емес. Сырттағыға табынғанша, батыс жұмысшысы, инженері және банкирінен кем түспейтінімізді дәлелдейік” деген ұран көтерген. Халықты өз күшіне сендіру тәжірибесі, шын мәнінде, ғажапқа тең. Толассыз соғыстарда зиялы қауымының елеулі бөлігінен айырылса да түріктер жаңа құрал-сайманды тосырқамай, технология тілін тез меңгерді. Туған ұлтына Ататүрік қалай сенсе, халқы да оны медет тұтты. Осы ұлы сенім қыруар қиындықтарды жойды. 1933 жылы Түркия Республикасының 10 жылдығында Ататүрік халыққа арнаған лебізін “Түрікпін деген адам қандай бақытты!” деген сөзбен аяқтаған. Өзінің туған ұлтына деген мақтаныш пен сүйіспеншілік сезімін ол осы бес сөзге сыйғызған.
Міне, бәсекеге қабілетті ұлт болудың астарында қаншама тылсым сыр жатыр. Қай ұлттың өмір тәжірибесіне қарасаңыз да, олар ұлттық рухын, тілін, дінін, ділін, салт-дәстүрін, жалпы ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып жан-жақты дамуға қол жеткізген. Қазақ ұлты да осыны әрдайым есте сақтауы тиіс. Өркендеген Қазақ елінің ұлттық рухы әрдайым асқақ болсын!
Сейілбек Мұсатаев,
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ Саясаттану кафедрасының профессоры,
саяси ғылымдарының докторы
Abai.kz