Талғат Ешенұлы. «Күнді көру үшін шам жағудың қажеті жоқ»
– Осы күні әдебиетші қауым арасында «қазақ әдебиетінің алтын дәуірі» туралы, Нобель сыйлығына лайық жазушы немесе шығарма туралы әңгіме көп айтылады. Біреулер ықылым замандағы түрік жазба ескерткіштерін, біреулер ілкідегі жыраулар мұрасын, біреулер 60-жылдардағы әдебиетті атаса, қайсыбіреулер қазақ әдебиетінің алтын дәуірі болашақта туарына сенімді. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Қазақ әдебиеті Нобель сыйлығынсыз да – естияр әдебиет. Өзіңіз ойлаңыз, аузымыздың суы құрып айтатын жапон жазба әдебиетінің тарихы мың жарым жылға барады. Арабтар жазба әдебиетін Құраннан бастайды, ал Еуропадағы антикалық әдебиеттің ғұмыры біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықта жатыр. Мұның бәрі сол өркениеттердің мұрағатында сақталған, қолмен ұстап, көзбен көруге болатын материалдық мол қазына. Тысталған, қатталған.
Біз мұның бәрінен айырылып қалдық. Ұлы түркі өркениетінің баға жетпес қазынасы орыс, қытай мен монғол жұртының меншігіне айналды. Қалғаны орта ғасырларда Кіші Азияға үдере көшкен селжұқтармен, османдармен, Еуропаға ығысқан бұлғарлармен, Иранға, Үндістанға ауған туысқан тайпалармен бірге ұзатылып кетті. Жұрнағы да қалмады.
– Осы күні әдебиетші қауым арасында «қазақ әдебиетінің алтын дәуірі» туралы, Нобель сыйлығына лайық жазушы немесе шығарма туралы әңгіме көп айтылады. Біреулер ықылым замандағы түрік жазба ескерткіштерін, біреулер ілкідегі жыраулар мұрасын, біреулер 60-жылдардағы әдебиетті атаса, қайсыбіреулер қазақ әдебиетінің алтын дәуірі болашақта туарына сенімді. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Қазақ әдебиеті Нобель сыйлығынсыз да – естияр әдебиет. Өзіңіз ойлаңыз, аузымыздың суы құрып айтатын жапон жазба әдебиетінің тарихы мың жарым жылға барады. Арабтар жазба әдебиетін Құраннан бастайды, ал Еуропадағы антикалық әдебиеттің ғұмыры біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықта жатыр. Мұның бәрі сол өркениеттердің мұрағатында сақталған, қолмен ұстап, көзбен көруге болатын материалдық мол қазына. Тысталған, қатталған.
Біз мұның бәрінен айырылып қалдық. Ұлы түркі өркениетінің баға жетпес қазынасы орыс, қытай мен монғол жұртының меншігіне айналды. Қалғаны орта ғасырларда Кіші Азияға үдере көшкен селжұқтармен, османдармен, Еуропаға ығысқан бұлғарлармен, Иранға, Үндістанға ауған туысқан тайпалармен бірге ұзатылып кетті. Жұрнағы да қалмады.
Сөйтіп отырып та, біз айналасы жүз жылдың ішінде қазақ жазба әдебиетін жасап шықтық қой. Өкініштісі, өстіп отырып та, «70 жылдық қазақ совет әдебиетін жылы жауып қояйық дейтін» пікірлерді естисіз. Біздің өткенді мансұқтаймыз деп далаға лақтыра беретін әдеби қорымыз көл-көсір емес. Ал оны уақыттың таразысына, қоғамның, оқырманның сынына салсаңыз, қатаң талқыдан, сүзгіден өткізсеңіз шөкімдейі ғана қалуы мүмкін. Сондықтан социалистік реализмді, интернационалдық идеяны аластау, отаршыл санадан арылу дегеніміз сол кезеңдегі әдебиеттен түпкілікті бас тарту дегенді білдірмесе керек.
Рас, санамыздан «совет уақытында зиялы қауым жаппай сатқын болды» деген бір примитивті түсінік кетпей қойды. Ақын-жазушы атаулы қызылға әуес, атаққа, үлде мен бүлдеге құмар бопты. Құдды Джордж Оруэльдің «Малқора» романындағы Молли байтал секілді дейді. Қамшыға жанын тоспапты, жонын тосыпты. Желмен бірге ығыпты. Енді заман өзгергесін нақ сол Молли құсап, көрші ферманың қорасында басқаша кісіней бастапты. Жаңылмасам, жалғыз Қалтай аға Мұхаметжанов қана, көзі тірісінде осы кептің, осы мінездің табиғатын ашып, ашық мойындап кетті ғой деймін. Бір сұхбатында «Жасыратын несі бар, ол кезде бәрімізде де к... болған жоқ» деді ол кісі. Бұдан артық не айтуға болады? Ал «тарих үшін», «ақиқат үшін» деп өткенімізді күн сайын әшкерелеп, табалап, шағыстырғанда не түсті? Өзіміз пір тұтқан ақын-жазушы атаулыдан идеал қалмады. Оны айтасыз, қырықпышақ болып, өзімізді-өзіміз жеккөрінішті қылып, әдебиеттен оқырманды, халықты алыстатып алдық. Бұлай әр қаламгердің өмірінен, азаматтық, адамгершілік болмысынан ілік іздеп, шаңын қаға берсек, сөремізде енді кітап та қалмайтын шығар.
Өткенді доп қылып ойнауға болмайды. Сіздің алтын дәуір туралы қойған сұрағыңызға орай, мен пікірімді былайша нықтай түсер ем. Жеке тұлғалар емес, жалпы әдебиет тұрғысынан алғанда, біздің тарихымызда кемелдігі, көркемдігі, тұтастығы, сан алуандығы мен сапасы жағынан 60-жылдарға жететін әдебиет жоқ. Сол кезеңде сел шақырған пассионарлық әдеби-рухани дүмпу 90-жылдарға дейін ұласты, жалғасты.
60-жылдардың феноменін немен түсіндіруге болады? Бұл, ең алдымен, сол дәуірдегі күллі әлемдік саяси, экономикалық, мәдени тектоникалық өзгерістерге тікелей байланысты. Соғыстан кейін күйреген жарты әлем, идеялық, нәсілдік, жікшілдік, жаңа мемлекеттер мен жаңа шекаралардың пайда болуы да әдебиетке зор әсерін тигізді. Ашыққан қарын тойынды, жыртылған көйлек бүтінделді. Жаңа өмірдің есігі ашылды, жаңа құндылықтардың тиегі ағытылды. Сөйтіп, мүлде жаңа әлемнің оянуы – Еуропадағы, Франциядағы жастар қозғалысының дүмпуі, АҚШ пен Африкадағы апартеидке қарсы күрес, Латын Америкасындағы диктаторлық режимдерге қарсылық, КСРО-дағы жеке басқа табынушылықты әшкерелеу «алпысыншы жылдар» әдебиетін өмірге әкелді.
Совет қоғамындағы мәдени сілкініс «самиздаттан» басталды десек те болады. Эрих Мария Ремарк туын көтерген «жоғалған ұрпақтың» маршы, Джон Стейнбек, Альбер Камю, Жан-Поль Сартрлардың прагматизмге, тоталитарлық санаға қарсы күресі, Латын Америкасы мен жапон әдебиетіндегі ата тарих пен ата дәстүрге оралу, тәу ету үрдісі қазақ әдебиетін де дүр сілкіндіргені анық. Сурет өнеріндегі сюрреализм, театрдағы Бертольд Брехтің теориясы, мода мен музыкадағы бұрын-соңды болып көрмеген революциялар ұлттық мәдениет пен өнердің, ұлттық музыканың қайнар бұлағының көзін ашып берді. Қоса кетейік, қанша мансұқтасақ та, сол кезеңдегі шығармашылық адамына деген оң көзқарас ақын-жазушылардың өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін алаңсыз, жемісті еңбек етуіне мүмкіндік берген.
Алпысыншы жылдардағы қазақ әдебиетін, жоғарыда айтқандай, өзінің әсіреқызыл, саяси, идеялық сипатына қарамай, ұлттың пайым-парасатының, көркемдік ойының, тілінің, рухының бар маржанын бойына жиған шағы деп нық сеніммен айтуға болады. Біздің әдебиетте енді мұндай кезең қайталанбайтын да шығар. Қайталанса да елдің тағдыр-талайы үшін, тарихы үшін дәл осыншалықты қымбат боларына, дәл осыншалықты шешуші роль атқаратынына күмәнім бар. Ендеше, Күнді көру үшін шам жағудың қажеті қанша?!
– Ақындардың жаратылысты тануы олардың шығармашылығына өз ықпалын жүргізеді. Біреулер реалист, бірі романтик, енді бірі абстракционистер. Адам қандай қиындық болса да жаратылысты тануға құштар. Оны адамдар ғылым, көркем өнер арқылы тани алады. Ғылым мен көркем өнердің сырын таныған сайын шығармашылық адамның қабілеті де жаңа деңгейге көтеріле беретіні даусыз. Өнердің музыка, сурет, ғылымның физика, психология, химия, философия сияқты түрлерінен бейхабарлық жайдақтыққа соқтыратындай.
– Мықты жазушы алдымен мықты оқырман болуы керек дегенді айтып отырсыз ғой. Мұқағали неге «шеңберден шығу керек» деді. Шеңберден шығу өз бостандығыңды өзіңнен, не өзгеден сұрап алу деген үйкүшік күй емес. Бұл жерде «Құдіретті комедияны» мөлдіретіп аударған ақын сол тектес ұлан-ғайыр шығармашылық кеңістікті, интеллектуалдық ауқымды меңзеп отыр. Тіпті, осы сөзді ақын «Құдіретті комедияның» бірінші бөлімін аударып болғасын айтыпты десе де сенер едім.
Олар – Мұқағалилар ғой. Бұл екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа. Келе қалғанның өзінде сіздің ақыл-ой жемісіңіз қалың оқырманның таңдайына қышқыл татуы да мүмкін.
Нақты әдебиетті мысалға алайықшы. Биік парасат, терең таным сатысының белгілі бір деңгейіне шыққан жазушы көкжиектің шексіздігіне көзі жетеді. Содан ары өрмелей береді, өрмелей береді. Бұл да ауру – аутизмнің бір түрі. Нағыз шығармашылық адамы сол үшін талай ұйқысыз түнін, күлкісіз күнін қияды, денсаулығын жоғалтады. Жылдап дайындалады, айлап жазады. Ақыры дегеніне жеткендей болады. Бірақ Т.Әсемқұлов жазғандай: «...Бұл екі ортада көңіл көтерудің индустриясы қарап тұрмайды. Халыққа «түсінікті» әдебиет пен кинематографты тудыра қояды. Өзінің үмбетінің лас мәдениетке жүгінгенін көрген эстет-жазушы өзінің кірпияз өнерінің тереңіне одан сайын терең шомады. Міне, осылайша оқырман мен жазушының арасында өткел бермес терең ор қазылады».
Асқар Сүлейменовті айтпай-ақ қоялық, осы Таласбек, Тыныштықбек ағаларым мен Әмірхан Балқыбектер қомақты лотерея ұтып ап, соны қайда жұмсарын білмей жүрген, өз білімінің тұтқынында қалған адамдар сияқты көрінетін маған. Олай емес екен. Мәселе асылды тастан айыра білмейтін санамыздың жабайы қалыбында, мешелдігінде жатыр екен.
Олар қайтеді? Пайымдаған «шығармашылық катарсистің» шырқау шегіне жеттім-ау деген уақытында әлгі жоғарыда айтылған, көңіл көтеріп жүргендердің арасында өзіне орын қалмағанын, жоқ екенін түйсінеді. Бітті, олардың ендігі жүйкесі, күш-жігері шығармашылығын одан әрі қырлауға шыңдауға емес, өздерін мойындатуға, түсіндіруге кетпек. Ал «түсінікті» әдебиеттің өкілдеріне рахат: мойнына шарф тағып, гламурно киініп, роман, повесті мақала жазғандай тасқындатып, «ыңқылдақ» әнге «сұңқылдақ» өлең құрап, жұрттың ортасында жайқалып жүргені. Сонда жаңағы «ұланғайыр шығармашылық кеңістік пен интеллектуалдық ауқым», философия, физика мен химия кімге керек, қайда қалды, айтыңызшы? Өкінішке қарай, бұл әлеуметтік-психологиялық қайшылық әдеби ортаны қазір тіпті меңдеп алды. Емі жоқ.
– Сонда сіздіңше, шығармашылық адамы үшін аста-төк білімнің қажеті шамалы ма?
– Біреулер әдемі жазады, бірақ әдемі сөйлей алмайды. Біреулер әдемі сөйлейді, бірақ әдемі жаза алмайды. Әдемі жаза алатындардан неге әдемі сөйлей алмайтыны туралы сұрасаңыз – ойға қаласыз. Әдемі сөйлей алатындардан неге әдемі жаза алмайтыны туралы сұрасаңыз – ренішке қаласыз. Талантсызға ғылым да, философия да, тіпті музыка да ешқашан көмектесе алмайды. Талантсыз бәрібір бір төбенің етегінде қалады.
Әрине, шығармашылық адамының жан-жақты болғаны абзал. Алайда, білімді де әдемі жарата білу керек қой. Америкада «пайдалы ілімнің культі» деген ұғым бар. Яғни қусаңыз өзіңізге пайдасы тиетін ілімді ғана қуыңыз. Сіздің кітапханаңызда сан тақырыптағы миллион том кітап болса да, оның пайдасын көрмесеңіз – макулатура. Өзіңізге де, кітапқа да обал.
Бірде марқұм Қадыр Мырза-Әлі ағамыздың үйіне жолымыз түсті. Әдеттегі көзіңді ашып, көңіліңді тербейтін әңгіме үстінде Қадыр аға: «Менің кітапханамды бай дейді. Шынында менің үйімнің әр қабырғасы – кітап көрмесі. Бірақ осы кітаптардың 60 пайызын ғана оқыған шығармын» деді. Таңырқадық, күлдік. Ал Умберто Эко бір сұхбатында: «Кітапханамда 30 мың кітап бар. Енді соның оқылмай қалған жартысын өртетіп жатырмын» депті. Міне. Мораль – тек өзіңе пайдалы дүниені оқы, тыңда, таны, жина. Менде қазір ары кетсе, екі жүздей кітап бар, қалғаны қала, қызмет ауыстырып, ары-бері көшіп жүргенде қоқыста қалды.
– Кезінде Мұқағали, Күләш Ахметова туралы Әбділда Тәжібаев, Жұмекен туралы Әбу Сәрсенбаев, Тыныштықбек туралы Әбіш Кекілбаев, «Алтын көпірліктер» туралы Темірхан Медетбек сияқты ағаларымыз жылы пікірлерін айтып, сол ақындарымыздың жолын ашты десек болады. Ал қазір тек сұхбаттарында жастардың атын атағаны болмаса, ағаларымыздың нақты жазған мақалаларын кезіктіре қойған жоқпыз. Бірақ қазақ поэзиясы дамып кетті деген пікір көп айтылады. Маяковский «әр түрлі ақындардың көп болғаны жақсы» деуші ме еді?! Мысалы, аға буын дәстүрлі поэзияны жақтайды, жастар жағы экспериментті жоғары қояды. Сіз не дейсіз, жалпы Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет туралы пікіріңіз қандай?
– Әр жерде түрлі ащы-тұщы пікірлер айтамыз. Бірақ осы Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет тарихын зерттеген фундаменталдық еңбектер бар ма? Мен кездестірмедім, оқымасам кешірім сұраймын. Мұндай пікір екеуміздің аузымызбен айтылмай, кәсіби әдебиеттанушылардың, сыншылардың қаламынан шықса өтімдірек болар еді, шіркін.
«Бүгінгі қазақ поэзиясы дамып кетті, проза кенжелеп қалды» деген айтыс қажетсіз, жалған айтыс деп санаймын. Меніңше, қазақ прозасы мен поэзиясын жарыстыру – қос рельсті жарыстырғанмен бірдей.
Ал жалпы әдебиеттің соңғы жиырма жылдағы тіршілік-тынысын тағы да қоғамдық, әлеуметтік факторлармен, өзгерістермен байланыстыруға тура келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында қазақ қаламгерлері тайм-аут алды десе де болады. Шығармашылық жұмыстан гөрі қоғамдық жұмыстың бәсі басым болды. Олар да мемлекеттік құрылыста діңкелеп жүрді. Оның үстіне тарих доңғалағының күрт бұрылысы жаңа тақырыптарды, идеяларды, кейіпкерлерді қажет ететін.
Осы тұстағы бір шетін құбылысты тағы айналып өтуге болмайды. Үлкен өзгерістер үлкен құрбандықтарды талап етеді екен. Алағай да бұлағай кезең мемлекеттің әлеуметтік қолдауынан айырылған қаламгер қауымға ауыр соқты. Өзім білетін жәйтті айтайын.
Мысалы, тағдырдың тәлкегі 90-жылдардың орта тұсында көктемгі жаңбырдан кейінгі жауқазындай дүркірей көтерілген біздің тұрғыластарды да естен тандырып кетті. Дидар Амантай, Маралтай Райымбекұлы, Рахат Қосбармақов, Сәндібек Жұбаниязов, Амангелді Кеңшілік, Нұржан Қуантайұлы, Бауыржан Бабажанұлы, Жарас Сәрсек, Қазыбек Құттымұратұлы, Әмірхан Балқыбек, Батырболат Айтболатұлы бастаған жұлдызды шоғыр әдебиетке аяғын апыл-тапыл басып, именіп немесе тасырлатып, есігін теуіп кірген жоқ еді. Олар үлкен дайындықпен, естияр зердемен келген. Бірақ олардың нағыз жалынды шағында өндіртіп жазуына өлара қолбайлау болды. Өкініштісі, сол жылдары жойдасыз сілкінген әлеуметтік өмірдің әткеншегі күні бүгінге дейін шайқатылып тұр.
Дәстүрлі поэзия мен эксперимент жайына келсек, өз басым, түк те көріп отырған жоқпын. Бұл неге байланысты келіспеушілік? Тілге ме, түр мен мазмұнға ма?
Хорхе Луис Борхестің «Тілдің өзі – әдеби дәстүр» дейтіні бар ғой. Бұл әдеби ереже, аксиома қазақ әдебиетінің жүз жылдық тарихында тіпті де өзгерген жоқ. Жүз жылда сол баяғы дәстүрлі тіл, дәстүрлі тіл мәйегі, дәстүрлі тіл қолданысы.
Кейінгі кездері жастар мұндай сынға жиі ұшырайтын болды. Аға буынның, ұстаздардың ескертпесіне, сынына құрметпен қарауға тиіспіз. Бірақ бұл ұстаным «жастар мүлде дәстүрден жаңылды, тілді бүлдірді, ұлттық бояуды құртты» дегенге саймаса керек.
Әңгіме түр мен мазмұнда ма? Түр мен мазмұнды біз заттың, шығарманың тұтастығы мен байланысының кепілі дейміз ғой. Сондай-ақ, заттағы, шығармадағы үйлесім тапқанша көп өзгеріске ұшырайтыны, экспериментке түсетіні де – түр мен мазмұн. Тіпті, жазу үстінде түр мен мазмұнның керегі де шамалы ғой. Біз оны қолайымызға жаққанда, ыңғайлы болғасын ғана қолданамыз. Ендеше, дәл осы жерде бір-бірімізді көкпарға шақырып, қойтақымға басудың жөні бар ма? Оның үстіне әлемде әдебиетке деген қоғамдық сұраныс пен тұтыну формасы баяғыда өзгергенін жадымыздан шығармайық. Жазу процесін, көркемдік, тілдік талапты да қазіргі заманда қорғасын қалыпқа салып, қатырып қоя алмайсыз. Шығармашылыққа шексіз, шетсіз еркіндік берілгенде ғана тыныққан, шыныққан сананың жемісін көре бастайсыз.
– Бүгінгі қазақ әдебиетіндегі қандай құбылысты бөле-жара атар едіңіз?
– Менің таңқалатыным, әлі күнге дейін қазақ әдебиеті урбанизацияға қарсы әдебиет боп келеді. Кейінгі кезде «Қазақ әдебиеті» осы тақырыпты індетіп, қаузап жүр ғой. Өзгеше, тың ой-пікірлерді де оқып жатырмыз. Толықтай қолдаймын.
Қараңыз, қазақ баласының жаппай қалаға орныға бастағанына жарты ғасырдан асты. Біздің өзіміз әулеттің қалаға ауған екінші буынымыз. Қазір үшінші, тіпті, төртінші буын өсіп келеді. Ал қала прозасы, қала поэзиясы атымен жоқ десе де болады.
Әрине, әке-шешесі, аға-әпкесі жарты ғұмырын «Жетім бұрыш» жағалап жүріп өткізген қаракөздер үшін, бала-шағасымен пәтерден-пәтерге көшіп, жалақыға қарап, өлместің күнін көріп отырған буын үшін қаланың кейде сүйкімсіз, жат көрінетіні заңдылық. Бірақ бұл бәрінің басынан өткен кеп қой. Бұл қала кімді құшағын ашып қарсы алып еді?! Габриель Гарсиа Маркес қаладағы баспаға «Жүз жылдық жалғыздығын» әкелгенде қалтасында 85 песосы ғана болған екен. Велимир Хлебников, ақшасы жоқтықтан өзі жақсы көрген кітапты қонаққа барған жерінде, тиіп-қашып оқыпты. Умберто Эко әкесінен көргенін істеп, дүңгіршектерді жағалап білім қуған. Тіпті, өзіміздің Кеңшіліктің алғашқы жыр жинағы 32-ақ бет екен.
Борхес бір естелігінде былай деп ағынан жарылады: «Мен қалада ұзақ жылдар бойы елеусіз жазушы болдым. «Мәңгілік тарихы» атты кітабымды шығарған соң, бір жылдан кейін, 47 данасы сатылғанын естігенде қуанғанымды көрсеңіз! Кітабымды сатып алған әр адамды іздеп тауып, құшып, сүйіп, кітапта кеткен қателіктер болса, бәрінен кешірім сұрағым келді».
Осылардың ешбірі мойнына бұршақ салып, түзге қашып кеткен жоқ. Біздің де осы қаладан ешқайда көшкіміз келмейді, көшпейміз де. Себебі, өмірдің үлкен сәтсіздіктері мен кішкентай жеңістері, қуанышымыз бен өкінішіміз, махаббатымыз бен мехнатымыз, бәрі-бәрі осы қаламен байланысты. Бұл – біздің таңдауымыз, тағдырымыз.
Бір ақиқат бар: индустрия, инновация мен жаңа технологиялар заманында қаланы алмай, дала ұшпаққа шықпайды. Сіздің ауылға деген шексіз адалдығыңыз, жеке басыңыздың сентиментализмі ертең әдебиетке көмектесе алмай қалуы кәдік. Осы бастан қамданбасақ, мұның рухани салдарлары алапат болуы ғажап емес, оқырманды жоғалтып аламыз. Ендігі жерде нағыз белсенді, көкірек көзі ашық, кітапқа, оқуға адал оқырман қалада қалыптасады. Солар үшін күресіп, соларға ие болуымыз керек.
– Сіздің ойыңызша бүгінгі қазақ поэзиясы қандай болуы керек. Жастар бүгінде поэзияда қалыптасқан екі мектеп бар деп есептейді. Бірі – Тыныштықбек Әбдікәкімұлының, екіншісі – Есенғали Раушановтың мектебі. Шығыста Азамат Тасқара, Алматыда Қайсар Қауымбек, Жақсылық Қажымұратұлы, Астанада Олжас Қасым дейтін жас жігіттер шығып келе жатыр. Мен Ерлан Жүніс, Тоқтарәлі Таңжарықтардың қатарын әдейі айтпай отырмын. Өйткені, олар отызға келді. Жиырмадан асып, алқынып отырған ақындар бар. Енді солар туралы айтылу керек сияқты. Қазіргі жастар поэзиясы, интернет кеңістігіндегі әдеби ахуал туралы не айтар едіңіз?
– «Қазақ әдебиетіне» өлеңі шыққанның немесе Абай ескерткішінің алдында өлең оқығанның бәрі ақын емес. Өлеңді сен зорлықпен меңгермеуің керек, өлең сені меңгеруі керек. Өлеңнің малайы болуға тиіссің. Сонда сен нағыз ақынсың – Ұлықбек, Есенғали, Ертай ағаларымыз тәрізді.
Кітапқа, оқуға, өлеңге адалдық тұрғысынан алғанда жастар поэзиясына көзқарасым өте жақсы. Көп оқиды, ізденеді, амбициялары ұнайды. Комплекс жоқ, жаңа заманның талабын, құндылықтарын ашық, ауырсынбай қабылдауға бейіл.
Ал олардың шығармашылығына келсек, өз басым, алғаш қолыма түскен автордың бір-екі өлеңін ғана бастап оқимын. Ұнаса жастықтың астында жатады, сөреде тұрады, ұнамаса... түсінікті. Сағынып, ынтығып шығар алыстарға сапарың жол үстінде емес, аялдамада, вокзалда, аэропортта басталады ғой. Өлеңде де сол секілді. Автордың екі шумағын не бір өлеңін құлай ұнатсаң, оның да, сенің де одан кейінгі ұзақ сонар сапарың қызықты әрі сәтті болмақ.
Жастардың арасында Азамат Тасқараны ерекше бөліп атар едім. Тек Алматыдағы, Астанадағы үлкенді-кішілі ақын-жазушыдан, біздің бойымыздан байқалып қалатын «снобизмнен» аман, ада болса екен деймін. Ерлан Жүніс қазір өзіне ғана жарасатын, тұнық, мөлдір күйді тауып алды. Ақбереннің табиғатындағы, өлеңіндегі мазасыздық – жоғары танымға ұмтылыстың, ізденімпаздықтың белгісі. Мен өзім білетін, оқыған жігіттерді ғана айтып отырмын. Жалпы, осылардың қатарындағы тұтас бір буын қазақ поэзиясының болашағы боларына сенемін.
Екінші, талантты бауыр-қарындастарымды интернетті жаттығу алаңына айналдырып алудан сақтандырғым келеді. Асылында, жаныңның алаңы –жаттығу алаңы. Өлеңнің ұясы – жалғызілікті қалпың.
Қазіргі интернеттегі поэзия – анархиялық поэзия. Әлеуметтік желідегі танымалдыққа малдануға да, алдануға да болмайды. Оның тұтқынына түссең сенің жаныңды жай таптырмайтын атаққұмарлығың, тоғышарлығың кешікпей шығармаларыңа да көшеді. Сарқылып, тартылып, ақырында тролль лақтырып, лайк басып қана отыратын лузерге айналуың да мүмкін. Ал сен сол көптің бірі болғың келе ме?!
Біреудің көз-көңіл терезесінен, өмір терезесінен қараған, компьютердің терезесіне телмірген қызық, әрине. Бірақ ең қызығы, ең пайдалысы – өзіңнің жаныңның терезесіне көбірек үңілу ғой.
Кім біліпті, өмірдің өзінің аузынан түсіп қалғандай өлеңдер туатын шығар әлі де!
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ
"Қазақ әдебиеті" газеті