Министрлік «Ресейге армиясына көмектесті» деген отандық компания туралы түсінік берді
Қазақстан Ұлттық экономика министрлігі Ресей армиясына қажетті тауарларды тасымалдайды деген «Elem Group» компаниясына қатысты мәлімдеме жасады.
«7 желтоқсанда «Elem Group» ЖШС АҚШ сауда министрлігі Өнеркәсіп және қауіпсіздік бюросының (entity list) тізіміне енгізілді. Айта кету керек, 2023 жылдың мамыр айынан бастап «Elem group» ЖШС сыртқы сауда қызметін жүргізбейді. Бұдан былай АҚШ жеткізушілері осы тізімге енген компанияларға америкалық тауарларды арнайы лицензия алмай жібере алмайтындығын білдіреді», - деді ҰЭМ.
Ақпаратқа сәйкес, «АҚШ сауда министрлігінің шектеулеріне ұшыраған компаниялар америкалық контрагенттермен жұмыс істеуді қоспағанда, өз қызметін жалғастыра алады».
«Бұл тізімде Германия, Жапония, Бельгия, Ұлыбритания және басқа да дамыған елдердің кәсіпорындары бар. Бұл қайталама санкциялар емес, яғни АҚШ Қаржы министрлігінің (SDN list) шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC) бұғаттау тізіміне жатпайтынын ескеру маңызды», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 17 желтоқсанда қазақстандық «Elem Group» компаниясы Украинадағы Ресей армиясына қажетті тауарларды жеткізеді деген күдікке ілінген.
фото: ғаламтордан
Abai.kz