Мерзімі өткен кредиттері бар азаматтарға жаңа несие берілмейді
Парламент депутаттары несие берудегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқығын қорғау мәселелерін реттейтін заң жобасын әзірледі.
Мәжілістің қарауына «Кейбір заңнамалық актілерге кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы түсті.
Депутат, Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Татьяна Савельеваның айтуынша, заң жобасы Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген.
Заң жобасында мынадай нормалар көзделген:
- мерзімі өткен кредиттері бар азаматтарға жаңа тұтынушылық несие беруге тыйым салу;
- 90 күннен кешіктірілген барлық кредит бойынша сыйақы есептеуге тыйым салу;
- банктер мен микроқаржы ұйымдарының азаматтардың кредиттерін коллекторлық агенттіктерге сатуын шектеу;
- коллекторлық агенттіктердің сатып алынған берешекті реттеуді жүргізу міндетін енгізу;
- тұтынушылық банк қарызының мерзімі, сомасы және өзге де шарттары бойынша шектеулер белгілеу;
- кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылу беру маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салу;
- өндіріп алу нәтижесінде банктің меншігіне өткен тұрғын үйді бұрынғы иесіне (қарыз алушыға) жалға беруге мүмкіндік беру;
- төлем талабын қойған кезде банк шотында кемінде 2 күнкөріс минимумы мөлшерінде ақша қалдыру;
- кредит алудан ерікті түрде бас тартқан азаматтардың кредиттері бойынша борышын есептен шығару;
- әскери борышын өткеру кезеңінде сарбаздар үшін кредиттерді сыйақысыз кейінірек төлеу міндетін енгізу.
Бұдан басқа, заң жобасында Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске «жеке деректерді сатқаны, абоненттің нөмірін ауыстырғаны және абоненттік нөмірді басқа тұлғаларға заңсыз бергені үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті енгізу» туралы нормалар қарастырылған.
Савельева осы заң жобасы бойынша Үкімет биыл 12 қарашада қорытынды бергенін атап өтті. Үкімет депутаттардың біраз бастамасын қолдаған, бірақ кейбір нормалар жұмыс барысында әлі де пысықталып, талқыланбақ.
Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті заң жобасы бойынша қорытынды әзірлейді.
фото:ашық дереккөзден
Abai.kz