Сенбі, 23 Қараша 2024
Жыл қорытындысы 2666 6 пікір 23 Желтоқсан, 2023 сағат 14:56

Жылдың елеулі оқиғалары (екінші топтама)

Басы: Жылдың елеулі оқиғалары (бірінші топтама)

Жалғасы: Дидар-ғайып: 2023 жылы өмірден өткен тұлғалар

СЕМЕЙДЕГІ ОРМАН ӨРТІ

2023 жылдың аса қайғылы оқиғасы ретінде 8 маусым күні Семей орман резерватынан шыққан өртті атап өтеміз. Өрт аумағы 20 гектарды құрады. Жоғары температура мен қатты желдің салдарынан өрт екі сағаттың ішінде 200 гектар аумақты шарпыды. Орман өрті Успен, Поднебесное, Барышевка ауылдарына қауіп төндірді. Тұрғындар жедел эвакуацияланды. Барлығы 316 адам көшірілді.

Үкіметтің баспасөз қызметі Абай облысындағы орман өртін сөндірумен айналысып жатқан 14 маманмен 9 маусым күні байланыс үзіліп, оларды іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Санаулы сағаттан соң Семей орманындағы өртті сөндіруге жұмылдырылған 3 маман қаза тапқаны туралы суық хабар жетті. 10 маусым күні кешке қарай Төтенше жағдайлар министрлігі орман өртінен қайтыс болғандардың саны 14-ке жеткенін хабарлады. Абай облысындағы өрт сөндіру жедел штабының мәліметінше, іздеу жұмыстары барысында тағы 11 қаза тапқан адамның денесі табылған.

Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесіп, 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді. Апатпен алысып мерт болған ерлердің рухы көкте шалқысын! Қазақ «Оттан сақ бол, судан сақ бол!» деп бекер айтпаған ғой...

ҚАРАҒАНДЫ ШАХТАСЫНДАҒЫ АПАТ

2023 жылдың аса қайғылы оқиғасы ретінде Қарағанды қаласындағы Костенко атындағы шахтадағы болған жарылысты атап өту керек. Оның салдарынан 46 шахтер қаза тауып, осыған байланысты Қазақстан Республикасы президенті Қ.Тоқаевтың жарлығымен 29‑қазанды «жалпыұлттық аза тұту күні» жариялады. Бұл оқиғаны жыл соңында еске алып, атап өту – барлық қазақстандықтардың парызы деп санаймыз.

Оқиға еске салайық: 28‑қазан күні түнгі 2:33‑те Костенко шахтасында 700 метр тереңдікте лава  жана бастаған. Соңы алапат жарылысқа ұласты. Жарылыс толқыны екі шақырымға дейін білінді. Өкінішке орай, жер астында болған 252 адамның тек 208‑ін ғана  құтқару мүмкін болды... Қайғылы отбасыларға редакция атынан көңіл айтамыз.

ЗАҢСЫЗ ИЕМДЕЛГЕН АКТИВТЕРДІ МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРУ

12 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойды. Заң қалай жұмыс істейді? Кімдерге қолданылады? Мұны білу өте маңызды. Себебі, Қазақстан активтерінің көп бөлігі әділетсіз әрі күмәнді жолдармен жеке азаматтардың иелігіне өтіп кеткенін қоғам көріп отыр. Сондықтан осы мәселе бойынша әділеттілікті қалпына келтіру аса маңызды. Мұндағы «қайтару шаралары» сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билікпен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады. Сонымен бірге, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын (атқарған) субъектілер мен мемлекеттік заңды тұлғалар, квазимемлекеттік сектор субъектілері бұдан тысқары қала алмайды. Заң күшіне енгеннен бастап, ең алдымен шетелде иелігінде 100 млн доллар шамасында активі барлар тексеріле бастайды. Бұл заң қоғамның әлеуметтік және адамгершілік әділеттілікке қатысты туындаған жаппай сұрағына жауап беруімен маңызды. Мысалы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі еліміздегі 162 адамның ең бай адамдар санатында екенін, әрі Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің жартысынан астамын иеленетінін атап өткен еді. Мұны мемлекет тұрақтылығы тұрғысынан «қалыпты жағдай» деуге болмайды. Сол үшін де бұл заңның қабылдануын биылғы жылдың «ерекше оқиғасы» деуге болады деп ойлаймыз.

ҚАЙРАТ БОРАНБАЕВ ІСІ

2023 жылдың елеулі оқиғалары қатарында тұңғыш президент Н.Назарбаевтың отбасына қатысты мәселелер де қоғамда ерекше назарға ие болып тұр. Соның бірі – президенттің қызы Дариғаның құдасы Қайрат Боранбаев туралы айтылатын әңгімелер. Бұған таң қалуға болмас, себебі, елге танымал тұлғалардың өмірі қоғам тарапынан үнемі бақылауда болады. Сондықтан, биыл «Боранбаев ісі» қазақстандықтардың құлағын көп шулатты. Қ.Боранбаев кім еді? Ол туралы Азаттық радиосы 2016 жылы: «Нұрсұлтан Назарбаевқа туыстығы бар Қайрат Боранбаевтың бизнесі Қазақстанның жоғары элитасы үшін «қадірі кеткен» мұнайдан бастап фармацевтика, фитнес-клубтар мен фастфуд мейрамханаларына дейінгі қилы саланы қамтиды. 2013 жылдың ортасына дейін жұрт топ-бизнесмен Қайрат Боранбаевтың есімін көп естімейтін. Боранбаевтың аты қызы Әлима мен Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан үйленген соң ғана әйгілі бола бастады. Ықпалы артты. Мысалы, Алматыдағы тарихи ғимарат саналатын «Алатау» кинотеатрын бұзып, орнына сүреңсіз McDonald's мейрамханасын салу да екенің бірінің қолынан келе бермес еді» деп жазыпты...

Наурыз айында Боранбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Боранбаевтың сенімді өкілі Роман Наханов, сондай-ақ «QazaqGaz ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та  8 жылға сотталды. Бірақ, қазір жағдай басқа сипатқа ауысты. Астанада Қайрат Боранбаевтың апелляциясы бойынша сот процесі өтті. Тұңғыш президенттің бұрынғы құдасы, олигарх Боранбаев өз кінәсін мойындап, залалды өтеуге ниетті деген хабар шықты. Нәтижесінде Қайрат Боранбаев шамамен 1,5 млрд доллардың активтерін мемлекетке қайтаратын болыпты. Көп ұзамай, 6 қараша күні Боранбаевтың қамау мекемесінен шыққаны белгілі болды. Ол енді пробация бақылауында болады. Міне, бұл өзінің мазмұны жағынан әйгілі Аль Капонеге сай сюжет десе болатындай‑ақ оқиға емес пе? Сондықтан мұның да биылғы жылдың елеулі оқиғасы екеніне күмән жоқ. Әрине, жеке өз басым оның бостандыққа шығуына қарсы емеспін.  Бірақ Қайрат мырза студенттік жастық шағымыз өткен «Алатау» кинотеатрын қайтарып бере ала ма? Ол да бір Алматы «Нотр‑Дамы» еді ғой... Міне, мәселе қайда жатыр...

БОЛАТ НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАЗАСЫ

2023 ж. 13 қараша күні Н.Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев өмірден өтті. Өкінішке орай, қазақтың ежелден келе жатқан өлген адамның артынан сөз қаулатуды, ол туралы жаман сөз айтуды дұрыс санамайтын, дәстүріне қарамастан, Болат Әбішұлының қазасы қоғамда белсенді талқыланды. Қоғам оны «елеулі оқиға» ретінде қабылдады. Негізі, әйгілі адамдардың өліміне қатысты осындай жағдай орын алатыны анық. Мысалы, кезінде «ағылшын принцессасы Диананың өлімі» немесе «әйгілі футболист Марадонаның қайтыс болуы» сияқты «тақырыптар» бүкіл әлемге әңгіме болған жоқ па? Болат Назарбаевтың қазасы да сол жағдайға тап болды...  Мұның өзі бірнеше астарлы бағытта болды: Біреулер ол кісінің  шапағатын молынан көрді, мейіріміне бөленді... Соның арқасында біраз жетістіктерге жетті, қызметін өсірді, байлығын еселеді... Бірақ сол «біреулердің» көбі өздері көрген жақсылықтарын айтуға жарамады, өздерінің Болатпен қатынасын қоғамнан бүгіп қалуға тырысты...  Біраз уақыт өтсе де, ол «біреулер» әлі үнсіз жатыр... Ал, енді, оған қарама қарсы бағытта сөйлегендер Болаттың бар байлығын түгендеп, оның қанша қатын алғанын санап, қанша баласы қалғанын есептеп және т.т. «қылықтарын»  еске алып, сол арқылы өздерінің «әділетсіздікпен және қараулықпен жиылған байлыққа» деген, «қыз соңынан шам алып түсер зиналыққа» деген наразылықтарын білдіріп жатты... Содан‑ақ, қоғамның авторитарлық һәм әділетсіз жүйеден ‑  құй ол билікте болсын, құй ол байлықта болсын ‑  әбден шаршағаны көрініп қалды. Ал, өкінішке орай, Болат марқұм «ағасы бардың жағасы бар» дегендей, тынысын кеңінен алып, өзіне «тиесілі» Алматы мен Алматы облысында «өз империясын» құрғанда ‑ еш талғам таңдамап еді... Міне, сол талғамсыздық қазамен бірге алдыдан шықты... Осы тұрғыда Болат Назарбаевтың қазасы да қоғамға ой салған, «не жақсы, не жаман» деген сұрақ тудырған елеулі оқиға қатарына енді десек болады.

НАЗАРБАЕВТЫҢ СОҢҒЫ ШЫҚҚАН КІТАБЫ

Осы жылдың елеулі оқиғасы қатарына Н.Назарбаевтың соңғы шыққан кітабын жатқызар едім. Интернетті қарасақ, «Егемен Қазақстан» кітаптың атын «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» деп беріпті. Бірақ, дәл осы сөздерді қолданғанда, қазақ тілі емлесінің ережесіне сай кітап аты «Менің өмірім: бодандықтан ‑ бостандыққа» деп аталуы дұрыс болар ма еді деген ой туады... Әрине, бұл кітапты көп адамдар әлі оқыған жоқ болар. Бірақ қоғамдық пікірде қилы‑қилы ойлар айтылып жатыр: соның ішінде оқығандардың: «оқымай‑ақ қойсам болады екен», ал, оқымағандардың: «оқымай‑ақ білем» деген қызық ойлары кездесіп қалуда... Кітапты шетелдік сарапшылар да талқылаған екен. «Орда кз» «Кітаптың жазылу мақсаты не?» деген сұрақ қойыпты.  Сонда бір шетелдік «Кітаптың бір мақсаты Н.Назарбаев өзінің екінші әйелі бар екенін «ресми» мойындау арқылы, одан туған ұлдарын қоғамдық пікір талқысы аумағынан алып шығу және оларды өз мұрагері ретінде легитимділігін қамтамасыз ету болған» деген ой айтыпты. Иә, өте салиқалы пікір – кез келген әкенің балаға деген тән адами қасиет бұл.  Дегенмен, кітапта кей жерлер «бұрынғы әуен сол әуен» дегендей әсер туғызады...  Онда еліміздің орасан пайда көзі болып келген қазба кен орындары мен ірі өндіріс ошақтарының қалайша және не себептен арғы тегі күмәнді «инвесторларға» өтіп кеткені жөніндегі  шындық ашылмаған сыңайлы... Мәселен, соның бірі – бүгін мемлекет меншігіне қайта оралған Қармет комбинаты. Бұл комбинат та Л.Миттал деген үнділікке барып, отыз жылдай оған қызмет етіп, оны әбден байытып, «өз еліне» қайтып келді емес пе? Не дейміз бұған: «Қайтқан малда береке бар» дейміз де... Міне, осы сұрақтар және одан өзге сұрақтар біздің алдымыздан әлі де көптеп шығады. Ендеше, Н.Назарбаевтың «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» кітабы да көп уақыттар бойы «елеулі оқиға» қатарында қала берері анық...

...Міне, жылдың он екі айдан, мүшелдердің он екі жылдан құралатыны сияқты, біздің де «жылдың он екі елеулі оқиғасы» деп аталатын сараптамамыз осымен аяқталды. Әрине, қаншама аталмай қалған оқиғалар бар болар... Бірақ оны Abai.kz сайтының оқырмандары өздері сараптай жатар деген ойдамыз. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!

Оқиғалар тізбегін құрған Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371