Сейсенбі, 21 Мамыр 2024
Дидар-ғайып 2071 1 пікір 23 Желтоқсан, 2023 сағат 14:39

Дидар-ғайып: 2023 жылы өмірден өткен тұлғалар

Басы: Жылдың елеулі оқиғалары (бірінші топтама)

Өтіп бара жатқан 2023 жылы қазақ бірталай аймаңдай ұл-қыздарынан, бетке ұстар тұлғаларынан айырылып қалды. Олардың ішінде қоғам қайраткерлері, ақын, сазгер, әншілер бар. Олардың арасында қоғам қызу талқылаған кісілер де бар. Солардың бірсыпырасын оқырманның есіне және бір жолы салғанды жөн көрдік.

Бердібек Сапарбаев (1953-2023)

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев 71 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Ол 1953 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Талап ауылында дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген.

2014-2015 жылдары премьер-министрінің орынбасары болды. Әр жылдары Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының әкімі болды. 2019 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарды. 2019-2020 жылдары премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған. 2020 жылдың ақпанынан 2022 жылдың сәуіріне дейін Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі болды. Мемлекеттік қызметте 40 жылдан астам еңбек еткен.

Жасарал Қуанышәлин (1949-2023)

Қоғам қайраткері, оппозициялық саясаткер, диссидент Жасарал Қуанышәлин 18 мамырда ауруханада науқастан көз жұмды. Ол 1949 жылы Ақтөбе облысы, Қарабұтақ ауданында дүниеге келген.

Жасарал Қуанышәлин 1994-1995 жылдары Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болған. Кейін оппозицияға өтіп, түрлі ұйымның қатарында билік саясатын ашық сынап келді. 2022 жылғы сәуірде «Алға Қазақстан» партиясының негізін қалаған. Бірақ тіркете алмаған.

Несіпбек Айтұлы (1950-2023)

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Несіпбек Айтұлы 73 жасында бұл жалғанмен қош айтысты.

Несіпбек Айтұлы – 1950 жылы Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағында туған. Еңбек жолын Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде бастайды. 1974 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетін бітірген.

Несіпбек Айтұлы «Сардар», «Ту», «Наурызбай», «Жалаңтөс», «Шақантай», «Бердіқожа», «Төлегетай», «Ақмола шайқасы» атты поэмалардың, «Жер – жаннан қымбат» дастанының авторы.

Асқар Наймантаев (1965–2023)

Белгілі актер, режиссер, сатирик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаев та бұлл дүниеден озды.

Асқар Әбдіғалымұлы 1965 жылдың 17 маусымында Алматы облысы, Райымбек ауданында өмірге келген.  Ұзақ жыл «Терісқақпай» әзіл-сықақ театрының жетекшісі болды. Халық театрын жаңғыртып Алматы облысының Райымбек, Ұйғыр аудандарында «Хантәңірі», «Қарадала» театрларын ашып, төл мәдениетімізге орасан үлесін қосты.

Ақжол Мейірбеков (1950-2023)

«Дос-Мұқасан» ансамблінің әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ақжол Мейірбеков те дүние салды.

Ол 1978 жылы «Дос-Мұқасан» ансамбліне қабылданып, 1985-1994 жылдары Алматы облыстық филармониясының «Арқас», «Сазген», «Адырна» ансамбльдерінде қызмет еткен. Әнші 1994-1996 жылдары «Гүлдер» ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі директоры болып жұмыс істеді.

Александр Литвинов (1984-2023)

2023 жылы «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі Александр Литвинов 75 жасында дүниеден озды.

Болат Назарбаев (1953-2023)

13 қарашада бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев қайтыс болды.

Болат Назарбаев Шамалғандағы ауылшаруашылық техникумын механик мамандығы бойынша және Қарағандыдағы Заң институтында заңгер мамандығына оқыған.

«Шамалған» кеңшарында механизатор, директордың орынбасары қызметтерін атқарып, ұсақ мал терісін сату саласында кәсіпкерлік қызметті жүргізді, «Іңкәр Агро» ЖШС вице-президенті болды.

2016 жылы «Салиқалы ұрпақ» қайырымдылық ұйымын құрады. 2022 жылдың шілдесінде Болат Назарбаевқа пневмония, тромбоз және көмей обыры диагнозы қойылғаны белгілі болды.

Арман Дүйсенов (1974-2023)

2023 жылы белгілі сазгер сазгер, продюсер әрі тележүргізуші Арман Дүйсенов кенет жүрегі тоқтап қалуына байланысты өмірден озды. Арман Дүйсенов 1974 жылы 4 мамырда Орал қаласында дүниеге келген. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, продюсер, тележүргізуші, бірнеше әннің авторы.

Дархан Жүнісбеков (1990-2023)

Халық арасында «Darkhan Juzz» лақап атымен танымал Дархан Жүнісбеков 32 жасында Таиландтың Пхукет аралында жол апатынан көз жұмды. Darkhan Juzz 1991 жылы 9 тамызда Алматыда дүниеге келген. Ол рэп орындаушысы, ән авторы және дыбыстық продюсер. Дархан әндерінде классикалық трапты, акустикалық гитараны және сезімтал лириканы біріктіре білді.

Қойшығұл Жылқышиев (1948-2023)

Қазақстан жазушылар одағының Атырау облыстық филиалының директоры, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қойшығұл Жылқышиев 74 жасында дүниеден өтті. Ол 1948 жылы 24 қазанда Атырау облысы Индер ауданы Жарсуат ауылдық кеңесіне қарасты Жаманқұдық жайлауында дүниеге келген. «Тұңғыш», «Мұң-кітап», «Асаукер»  жыр жинақтарының авторы. 1996 жылы М.Өтемісұлы туралы публицистикалық мақалары үшін Қазақстан Журналистер одағының А.Байтұрсынов атындағы сыйлығын алды.

*Суреттер әлеуметтік желілерден алынды!

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2235
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2588
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2548
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1685