Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жыл қорытындысы 3072 15 пікір 27 Желтоқсан, 2023 сағат 14:24

Жыл қорытындысы: Отан отбасынан басталады

Немесе заңсыздықты заңдастырған жыл

Жыл сайын осы тақырыпқа ұзын-сонар мақалалар жазылады. Мен болсам осы жолы қысқа қайырайын. Бұл жылдың ауыз толтырып айтар өз «бәрекелділері» мен «әттеген-айлары» болды.

«Бәрекелдіге» жатқызарым мыналар:

Біріншісі. Ел аман, соғыс жоқ. Құдайға шүкір, Желтоқсан, Жаңаөзен, Қаңтар қайталанған жоқ. Ішкі және сыртқы қауіп-қатерлер бой көрсетсе де, олар еліміздің тұрақтылығына ықпал ете алмады: ел мемлекет тұтастығына кесірін тигізер дүрлігу мен дүрбелеңнен ада.

Екіншісі. Экономика мен әлеуметтік салада белгілі бір ілгерушіліктер бар. Ескі Қазақстан тұсында сыртқа ағылған заңсыз қаржының қайтарыла бастағынының өзі не тұрады. Экономикада нақты инвестициялық жобаларды қолға алу жүзеге бастады.

Үшіншісі. Саяси тұрғыдан алғанда, ескі Қазақстанның символына айналған елбасизм идеологиясы біртіндеп өз күшін жоя бастағандай. Экс-елбасы анда-санда эфирге шығып қойса да, жұрт бар сенімді Тоқаевқа артып, Назарбаевты ұмыта бастаған сықылды. Ауыл және аудан әкімдерін халық өзі тікелей сайлай бастады. Азаматтық қоғамның белсенділігі артты. Өзім де, қанша оппозиция болсам да, Мәжілістің Қоғамдық палатасының мүшесі болдым, әзірше аузымды ешкім жауып жатқан жоқ. Мәселен, өткен жиындарда Қаңтар туралы да, сөз бостандығы туралы да ашық айттым.

Төртіншісі. Жаңа Қазақстан тұсында халықаралық саясатқа соны сипат, жаңаша мән-мағына беріле бастаған сияқты. Президенттің өзі кәсіби дипломат болғаны ма, әлде геосаясат мәселелерінің өте-мөте өзекті бола бастағаны ма – ол жағын білмедім, әйтеуір, президенттің шет елдерге сапарлары мен халықаралық саммитерде Қазақстанның даусы ерекшелініп, қол қойылған келісім-шарттардың нақты сипаты арта түскендей.

«Әттеген-айларға» қосарым мынау:

Біріншісі. Ішкі және сыртқы қауіп-қатер әлі де сейіле қойған жоқ. Мемлекеттің Тәуелсіздігі - тұғырлы, жері - тұтас болуының бірден-бір кепілі сол – плюралистік қоғамның осы екі құндылықты қорғау жолындағы идеялық бірлігі. Яғни, қоғамда болып жатқан процестер мен оқиғаларға әркім әртүрлі көзқарас ұстануы мүмкін, алайда мемлекеттік, ұлттық мүддені қорғауда бірге болуы тиіс. Бұл шарт орындалмаса, елдің шырқы бұзылып, берекесі кетіп, қолда барымыздан айрылып қалуымыз әбден мүмкін. Келер жылда осы жағын бүкіл қоғам болып ескеруіміз қажет деп санаймын.

Екіншісі. Экономикада ескі Қазақстан тұсындағы мұнайға ғана тәуелділіктен әлі де құтыла алмай отырмыз. Экономиканы диверсификациялау деген айта-айта әбден жауыр болған ұран ұмытыла бастаған сыңайлы, ол жайында үкімет есеп бермеді. Биліктегі саясатқа тікелей араласқан ат төбеліндей олигархтардың аты өзгерсе де, заты мен дәті өзгермеген сияқты. Баға мен тарифтер шарықтап барады, үкімет инфляцияны ауыздықтап деп есеп беріп жатса да, базар мен дүкендерге барған жұрттың пікірі басқаша.

Үшіншісі. Қоғамдық-саяси өмірде белгілі бір ілгерілеушілік бар болса да, толыққанды әрі қоғамның барша, соның ішінде, билікке балама, сыни көзқарасы бар, сонымен бірге мемлекеттік, ұлттық мүдделерді қорғауда билікпен компромиске баруға ынталы күштер жаңару процесіне белсенді түрде қатыстырылып отырған жоқ. Батпандап кірген нәрсе мысқалдап шығады демекші, сын айтқан кез келген адамды мемлекеттің жауы көру үрдісі әлі де жойылмады.

Төртінші «әттеген-айдың» моральдық, керек десеңіз, адамгершілік астары бар.

Осы жылы отыз жыл бойына ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып, елді басыбайлы жекедара басқарған экс-елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың естелік кітабы жырық көрді. Мемуар деген субъективті жанр. Бұл жылы һәм бұл жылы автор бәршаға бесенден белгілі бір «құпияның» басын ашқандай болды. Яғни, ресми отбасынан басқа тоқалы әрі екі ұлы бар екенін жұртқа «жайып салды».

Өз басым мұны ескі Қазақстанда орын алған құбыжық һәм қатерлі бір дәстүрдің айқын көрінісі деп білемін: Ата Заңға сәйкес зайырлы қоғамның басты постулатының бірі – отбасы, ресми жұбайыңа деген құрмет секілді  қарапайым құндылықтардың құлдырауы ең жоғарғы деңгейде орын алды!

Ал бізде сынықтан басқаның бәрі жұғатыны тағы да белгілі: үлкен бастық солай еткеннен кейін билік һәм байлық басындағылар да тұрпайы «тоқализмге» салынды, екінші (байлығы асып-тасығандар – үшінші және төртінші) «қатын» алу өзін «элита» санайтын топта даңғаза дәстүрге айналды.

Меніңше,  бұл жайтты Назарбаев әдейі мойындады, өйткені ертеңгі күні отыз жыл бойына жиған-терген меншігіне ие болуға тиіс өз кіндігінен тараған ұрпағының заңдастырылуына жол ашқысы келіп отыр.

Бірақ осыншама жыл тек қана ресми жалақыға күн көруге тиіс президент өз активтерін қалайша заңдастырады екен?!

Оның жолын қуған басқа шенділер не істейді екен? Ағынан ақтарылып мемуар жаза ма екен?

Келе жатқан 2024 жыл құтты болсын!

Әміржан Қосан

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019