«Қазақмыс» кенішінде бір жұмысшы қаза тапты
"Қазақмыс" компаниясы 26 желтоқсанда Ұлытау облысындағы "Жыланды" кенішінде бір жұмысшының қаза болғанын хабарлады.
"Шығыс Сары-Оба" кеніші учаскелерінің бірінде жүргізуші жерастында өздігінен жүретін машинаны жұмыс орнына алып бара жатып, 1992 жылы туған жүргізушіні абайсызда қағып кеткен. Жұмысшы алған жарақаттан қайтыс болды" деп жазылған компания хабарламасында.
Ақпаратқа қарағанда, "арнайы комиссия оқиғаның жай-жапсары мен себептерін анықтап жатыр".
"Қазақмыс" кеніштерінде жұмысшылардың қаза болғаны жайлы жиі ақпарат шығады. Қараша айында "Қазақмыс" компаниясы Жамбыл облысындағы "Жайсан" кенішінде тау-кен жұмыстарын атқару кезінде болған "жазатайым оқиғадан" екі жұмысшы қаза болғанын хабарлаған.
"Қазақмыс" компаниясы табиғи ресурстарын қазу және қайта өндірумен айналысады. Компания құрамында геологиялық-барлау кешені, 13 кен, төрт кен байыту фабрикасы, екі мыс балқыту зауыты, екі көмір кені және бір отын-энергетика кешені кіреді. Компанияның негізгі өндірісі Ұлытау және Қарағанды облыстарында орналасқан. "Қазақмыс" корпорациясында жалпы 38 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Былтыр тамызда өндірісте жарақат алған және кәсіби дертке шалдыққан "Қазақмыс" корпорациясының 200-ге жуық жұмысшысы президентке үндеу жолдап, тау-кен металлургия компаниясын мемлекет меншігіне қайтаруды сұраған. Олар 1990-жылдары елде стратегиялық нысандарды жекешелендіру процесі "заңсыз" жүргенін айтып, ал бұрын ел экономикасына қызмет еткен мыс алыбы қазір "санаулы адамдарды ғана байытып отыр" деп мәлімдеген.
фото: ашық дереккөзден
Abai.kz