Ұлар
Ұлар тауықтектестер тобының қырғауылдар тұқымдасына жататын дене тұрқы біршама ірі құс. Оның бойының биіктігі 60 сантиметрдей, ал салмағы 2-3,6 келіні тартады. Ұлардың сыртқы түрі күркетауыққа ұқсас болғандықтан, кейде оны «тау күркетауығы» деп те атайды. Ол өте сақ құс. Ұлардың арқа тұсындағы қауырсындарында майда ұсақ шұбар дақтары бар, сұр-қоңырқай түсті болып келеді. Қауырсындарының түсі биік таулы алқаптардағы қорым тастарға ұқсас болғандықтан, жүрген жерінде көзге көп байқала бермейді.
Ұлар тауықтектестер тобының қырғауылдар тұқымдасына жататын дене тұрқы біршама ірі құс. Оның бойының биіктігі 60 сантиметрдей, ал салмағы 2-3,6 келіні тартады. Ұлардың сыртқы түрі күркетауыққа ұқсас болғандықтан, кейде оны «тау күркетауығы» деп те атайды. Ол өте сақ құс. Ұлардың арқа тұсындағы қауырсындарында майда ұсақ шұбар дақтары бар, сұр-қоңырқай түсті болып келеді. Қауырсындарының түсі биік таулы алқаптардағы қорым тастарға ұқсас болғандықтан, жүрген жерінде көзге көп байқала бермейді.
Ұлардың тұмсығы қысқа әрі доғал. Қанаттары да қысқа әрі жалпақ. Қанат қауырсындарының жиектері дөңгеленіп келген. Аяқтары да қысқа, біршама жуан әрі жақсы жетілген. Қораздары мекиендерінен ірілеу болады. Аяқтарындағы төрт саусақтарының ұштарындағы тырнақтары сәл төмен қарай иіліп, жұмсақ топырақты қопсытуға ыңғайлы болып келеді. Сонымен қатар қораздарының жіліншігінің артқы тұсында барлық тауықтектес құстардың қораздарында болатын тепкісі бар. Ұлар қораздары тепкісі арқылы басқа қораздардан қорғанады.
Ұлар биік таулардың биік шың-құздарында кездесетін жыл он екі ай қоныс аудармайтын отырықшы құс. «Басынан биік шыңның ұлар қудым», «Басында биік шыңның ұлары бар» деген қара өлеңдер ұлар құстың биік таулардың шың-құздарында кездесетінін аңғартады.
Дүниежүзінде ұлардың 5 түрі таралған. Олар өздері мекен ететін биік таулардың атауларымен аталады. Мысалы, кавказ, гималай, алтай, тибет, каспий ұлары деп аталады.
Қазақстан аумағында алтай және гималай ұлары деп аталатын 2 түрі кездеседі. Ұлар 10-15-тен кейде одан да көп шағын топ құрып тіршілік етеді. Олар көбейер кезде ғана жұп құрады. Ұлар ұясын жерден шағын ойыс жасап, соған жұмыртқалайды. Әр ұяда 7-16 (көбіне 6-9) жұмыртқадан болады. Ғылыми деректер бойынша, ұлардың ұясын осы күнге дейін ғалымдардың накты көргендігі туралы деректер жоқ. Жұмыртқаларын тек мекиендері 25-28 күндей басып, балапан өрбітеді. Балапандарына да қамқорлықты мекиендері жасайды. Қауіп төнгенде ысқырғандай үн шығарып «шулайды». Ұлар шулау арқылы бір-біріне қауіптің төнгендігін білдіреді. Сондықтан да қазақ халқында «ұларды шулатпа» деген тыйым сөз бар. Отбасы өзінің отағасынан немесе отанасынан айрылғанда артында қалған перзенттері «ұлардай шулап қалды» дейді.
Қазақ халқының ұғымында ұлар әрі қасиетті, әрі киелі құс деп саналады да, «оның киесі ұрады» деп айтуға, мазасын кетіріп шулатуға рұқсат етілмейді. Оның қауырсынын төрге немесе есіктің кіреберісі маңдайшасына керіп іліп қояды. Ол үйді жын-шайтаннан сақтайды деп есептейді. Кейде оның етін дертке шипа болады деп (әсіресе көкжөтелге қарсы) пайдаланады.
Ұлар ұшар кезде таудан төмен еңіске қарай қорым тастармен сырғанап, аспанға қалықтап көтеріледі. Ұлардың осылай ұшу әрекетін байқаған халқымыз «сырғанап ұшқан ұлардай» деген теңеу сөз ретінде қолданады. Ұлар тау бөктерлерімен қорегін іздеп жайылған кезде төменнен жоғары қарай жүреді, кейде өте жылдам жүгіреді. Олар көбіне өсімдіктердің тамырларымен, тамырсабақтарымен және пиязшықтарымен қоректенеді, кейде ұсақ жәндіктерді де қорегіне пайдаланады. Оның сүйіп қоректенетін өсімдіктерінің бірі – ұларпияз деп аталғандығын Е.Раушановтың ұлар туралы жазған кітабынан да кездестіруге болады.
Халқымызда ұлар құсқа байланысты аңыздар көп. Халқымыздың перзенттерін Ұларбек, Ұларгүл деп ат қоюы да ұлар құсқа деген сүйіспеншілігін білдіреді.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің өнерпаздарынан құралған 25 жылдан артық халқымыздың дәстүрлі өнерін паш етіп жүрген фольклорлық-этнографиялық ансамблінің «Ұлар» деп аталуының да ұлар құсына байланысты қойылғандығын байқауға болады.
Ел арасында кеңінен таралып, ауызекі тілімізде теңеу сөз ретінде жиі айтылатын «Ұлы тауға шықтың ба, ұлар етін жедің бе?» деген сөз тіркестерінің мәні халқымыздың төл тарихымен тамырласып жатқандығын дәйекті тарихи дәлелдеме деп толық сеніммен айтуға болады.
Ұлтымыздың тарихында халқымыздың татулығын паш ету дәстүрі көбіне Сарыарқа даласындағы Ұлытау өңірімен байланысты айтылатыны туралы тарихи әдебиеттерде де деректер кездеседі. Мысалы, 1710-1727 жылдар аралығындағы Жоңғар шапқыншылығы Ұлытау алқабында болғандығы туралы тарихи деректер бар.
Алтай ұларының құрсақ тұсының қауырсындары ақшыл түсті болады. Сондықтан алтай ұларын аққұрсақты ұлар деп те атайды. Ол Қазақстанның Оңтүстік Алтай тауында таралған, бірақ саны аз болғандықтан Қазақстанның Қызыл кітабына 2010 жылы тіркелген. Алтай ұлары қазіргі кезде Жетісу Алатауы, Сауыр, Тарбағатай және Оңтүстік Алтай таутізбектерінде кездеседі. Бірақ саны барлық жерде өте аз. Алтай ұларын жергілікті алтай қазақтары «көкұлар» деп атайтынын көрнекті жазушы Әлібек Асқаров «Алтай – алтын бесік, ата жұрт» (2009) деген құнды еңбегінде ерекше атап өткен.
Гималай ұларының арқа тұсындағы қауырсындары сұр-қоңырқай түсті болып, ондағы ұсақ теңбілді дақтары айқын байқалады. Оның құрсақ тұсындағы қауырсындарының түсі қоңырқай-сұр болғандықтан, оны кейде «қоңырқай құрсақты ұлар» деп те атайды. Оның жалпы сыртқы тұрпаты алтай ұларына ұқсас болып келеді.
Ұлар биік шың-құздардағы дәрілік өсімдіктердің тамырымен, тұқымымен, жемісімен қоректенеді. Сондықтан да оның етінің шипалық қасиеті мол. Ұлар көбіне тұзды жерлерде жайлайтынын білген бабаларымыз ұлар жүретін орындарға тұз шашып, тұзақ құрып аулаған. Бірақ ұларды бей-берекет атуға болмайтынын да ескерткен.
Қорыта айтқанда, халқымыздың киелі құстың бірі санайтын, шың-құздарды мекен ететін ұлар құсына деген аса зор сүйіспеншілігін оларға қатысты ұлттық дүниетанымдық ұғымдарынан, сөз тіркестерінен және теңеу сөздерінен айқын байқауға болады.
Рысбай СӘТІМБЕКОВ,
Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің профессоры
"Ана тілі" газеті