Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3950 0 пікір 11 Қазан, 2013 сағат 07:19

Қасымхан Бегманов. Мұстафа Шоқайдың немере інісі дүниеден озды

Торғай датқаның жан-жаққа шашырап кеткен ұрпақтары туралы мағлұмат жинаған бірден-бір адам – Торғайдың екінші ұлы Қалымбеттің (Қалмұхамбеттің) Мырзекеден тарайтын шөбересі Болат ақсақал еді. Сексеннің үшеуіне шыққан Болат Қалымбетов бұл дүниеден бақилыққа аттанды (суретте).

Ол Мырзекенің екінші әйелінен 1930 жылдың 16 шілдесінде Шиелі ауданы (Қызылорда облысы), Бірінші Мамыр ауылында өмірге келген.

Мұстафа Шоқайдың туысы ретінде  «халық жауы» деп көп қудаланған отбасылардың бірі де осы –  Қалымбетовтер жанұясы.

Торғай датқаның жан-жаққа шашырап кеткен ұрпақтары туралы мағлұмат жинаған бірден-бір адам – Торғайдың екінші ұлы Қалымбеттің (Қалмұхамбеттің) Мырзекеден тарайтын шөбересі Болат ақсақал еді. Сексеннің үшеуіне шыққан Болат Қалымбетов бұл дүниеден бақилыққа аттанды (суретте).

Ол Мырзекенің екінші әйелінен 1930 жылдың 16 шілдесінде Шиелі ауданы (Қызылорда облысы), Бірінші Мамыр ауылында өмірге келген.

Мұстафа Шоқайдың туысы ретінде  «халық жауы» деп көп қудаланған отбасылардың бірі де осы –  Қалымбетовтер жанұясы.

Бұдан 3-4 жыл бұрын сәті түсіп Болат қариямен сұхбаттасқанымызда басынан өткен қиын жәйді айтып берген еді. «Бізді бастауыш сыныптарда Әнипа деген апай сырттай оқытты. Ол кезде бізді мектепке де қабылдамаған кезі. Соғыс кезінде әкемнің туған інісі аңшы болды. Ол әйеліне байқатпай қалтамызға қоян  етін салып жіберетін. Соны екі-үш күн талғажау етеміз. Орта мектеп бітірген соң Заң институтына түсуін түссем де, «халық жауының» ұрпағы деген түрткіге шыдамай, амалсыз оқудан шығып кеттім. Кейіннен физкультура институтын бітіріп алдым. Бірақ, бәрібір жұмысқа орналасу жағы өте қиын болды. Ол кезде компартия мүшесі болсаң ғана жұмысқа алады. Жоғары білімім бар. Партия қатарына өту үшін қаншама рет талпынғанмын да. Бірақ бірнеше пунктерден тұратын анкета толтыру барысында өтпей қала беретінмін... 

Бала кезімізде Мұстафа Шоқай жөнінде көп естідік. Біз  Шоқаймен туыс болғанымыз үшін «халық жауының ұрпағы» атанғанымызды  түсінетінбіз. Бірақ, еш уақытта атын атап, солай екен деп айтып көрген жоқпыз. Үйдегілер атын атамай «оқыған кісі», «оқымысты» деп отыратын. Атының аталғанын еш естіген емеспін. Мен ол кезде оң-солымды әлі жөнді тани қоймаған кезім. Болған оқиғалардың мән-мағынасын толық түсінбесем де бәрі көз алдымда тұр. Үйімізге түнделетіп келетін Сұлтанбек Қожановты білемін.

Содан әкеміз ұсталып кетті. 1956 жылы 30 желтоқсанда ақталды ғой. Сол жөніндегі бұйрықты алу үшін Шымкенттегі КГБ бастығына барғанмын, бірақ аты-жөні есімде жоқ. Ол мені екі бөлмелі үйге кіргізіп, он шақты томдық тергеу материалдарын алдыма әкеліп қойды да, «екі сағаттан соң келемін» деп, сыртымнан жауып кетті. Он томды  екі сағатта қалай қарап шығасың, үлгеру мүмкін емес. Оның үстіне, арыздар қолмен жазылған және әртүрлі қаріппен жазылған. Араб, төте жазу, латын, қазіргі кириллица, шағатай тілі  – бәрі бар. Бірақ сол кезде біреуді жау ету үшін Кеңес Одағының қолданған лас  әдістерін алғаш рет өз көзіммен көріп, біраз нәрсе түсінгендей болдым. Олар жауды даладан іздемей, ағайындыларды өзді-өзіне айдап салып, аңдытып қояды екен ғой. О, тоба, күнделікті ас-суымызды бірге ішіп жүрген ағайын-туыстарымыздың жазған арыздарын көрдім ғой. Менің әкем Мырзеке ұсталар күні оның қайда екенін, қай жерде жүргенін «қара құзғындарға» өзіміздің  жеңгеміз хабарлапты.

Шешем Қатира Рахыметқызы КГБ агенті болған абысынын үнемі қарғап отыратын. Шешем әкемді ұстап алып кеткенде,  екіқабат қалған екен. Көп ұзамай Алмас атты ұл туылады да, қызылша шығып ауырады, екі ұлы бір аптаның ішінде бірінен кейін бірі шетінеп кетеді. Екінші аптада менен кейінгі екі ұлы қайтыс болыпты. Сонда сол балаларды жерлеу үшін үйге  бір адам  бас сұқпапты. Ол кезде «халық жауының» үйіне ешкім бармайтын. Ой, оның несін айта берейін...» – деген еді ақсақал көз жасы сақалынан сорғалап отырып.

Алматыға 1962 жылы тұрақты мекені болған Бірінші Мамыр ауылынан көшіп келеді. Ол кезде қалада үй алу өте қиын. Сосын Ұзынағаш кентіне жұмысқа орналасады. 1957 жылдың бірінші желтоқсанында Зоя екеуі үйленеді. Зайыбы Зоя Бозайқызы 1936 жылы Шиеліде туылған. Руы – Тарақты, оның ішінде Жәші. Қайын атасы Байсақалов Бозай ақкөңіл, балажанды кісі екен. Өз кіндігінен ұл бала болмапты. Қыздарына:«Тектеріңді ауыстырмаңдар, атым жүрсін. Атым аталғанда бір аунап түсетін болармын» деп айтып отырады екен. Болат пен Зоя екінші перзенті Бағдатты Бозай ақсақалдың атына жазғызыпты.

Болат ақсақал тірнектеп жинағандарын, жазғандарын ертеректе «Жас Түркістан» журналына шығарыпты.

Бір жыл бойы Өскемендік "Flash" газетінің бас редакторы Денис Данилевскиймен, журналист Сергей Михеевтермен соттасып жүргенімізде Мұстафа Шоқайдың туысы ретінде сөз көмегін беріп, көмектескен еді. Болат ақсақал денсаулығына байланысты Өскеменде өтетін сотқа қатыса алмайтынын айтып, менің атыма сенімхат та берген болатын.

Осыдан жарты жыл бұрын тарихшы Мәмбет Қойгелді екеуміз Ұзынағаш ауданының басшысына арнайы барып Болат Қалымбеттің құлағалы тұрған үйін жөндеп берулерін   сұраған едік. Өкінішке орай бұл өтінішіміз орындалмады. Болат ақсақал сол құлағалы тұрған, ешқандай жағдайы жоқ  үйде дүниеден өтіп кетті. Енді тек көңіліме демеу – осы асыл ақсақалдың бейнесін жазып алғаным ғана.

Мұстафа Шоқайдың немере бауыры Мырзеке туыстығы үшін қуғын-сүргінге ұшырап, 1937 жылы қамауға алынып, сол жылы 3 қарашада атылған. Әкесі атылғанда артында қалған үш перзентінің бірі – Болат сегіз жаста екен. Торғай әулетінің басынан өткен оқиғалардың біразын тізбелеп жазған Болат ақсақал да, міне, дүниеден өтті.... Топырағы торқа, жаны жаннатта болсын!

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5391