Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 2990 39 пікір 5 Қаңтар, 2024 сағат 13:25

«Қаңтар оқиғасының» сабағы

Бүгін Тәуелсіз Қазақстан тарихында адам өлімі ең көп болған қаралы «Қаңтар оқиғасына» екі жыл толды. Қазақстанды айдай әлемге жария еткен бұл қасіретті трагедия – президенттің «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған жаңа жылдағы алғашқы сұқбатында да әңгіме арқауына айналды. Ол заңды да.

Тоқаев: «Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасіретті «Қаңтар оқиғасына» жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт.

Мен 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз саяси жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Түрлі диалог алаңдарында, соның ішінде, менің ұсынысыммен арнайы құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында көптеген бастама көтеріліп, жан-жақты пысықталды.

Ашығын айтсам, осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады.

Жоғары лауазымды тұлғалардан тұратын бұл топтың күштік құрылымдарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билікті күшпен басып алуға бел буды.

Қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жоспарын жүзеге асыру үшін экстремистер, қылмыстық топтар және әсіре діншілдер бірге қимылдады», - деді.

Ескі Қазақстан билігінің саяси қарсыластарын аямайтыны билік транзитінен көп жыл бұрын, нақты айтқанда 2005 жылғы президент сайлауы кезінде мәлім болған. Сайлаудың алды-артында диктаторлық жолға түскен Нұрсұлтан Назарбаевты, оның жүйесін қатаң сынаған Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбаев ажал құшқан еді.

Сол кездегі Ішкі істер министрі беті бүлк етпей: «Нұрқаділов өзін-өзі үш рет атып қайтыс болды», - десе, Алтынбек марқұмды ҰҚҚ қызметкерлері мен «Арыстан» жасағы барымталап өлтіргені мәлім болды. Қанішер Ибрагимов Алтынбек пен серіктерін атып өлтіргеннен кейін, той дастарқанына қайтып келіп, түк болмағандай «100 грамдатқанын» сотта өз аузымен айтқан еді.

Қаңтар оқиғасында Алматыда ойнақтаған «Жабайы Арман» да сол жолғы президент сайлауында Назарбаевқа басты қарсылас болған Жармақан Тұяқбаевтың Шымкенттегі үгіт жұмыстарына кедергі келтіргені елді шулатқаны белгілі.

Ескі Қазақстан өкілдерінің басқаша ойлайтын саяси көзқарастағыларға ғана емес, қоғамдық, әлеуметтің теңдікті талап еткен қараша халыққа да қырын қарағаны да дәлелсіз шындық. Асты-үсті қазынаға толы ұлан-байтақ отанында аядай баспанаға зар болған халыққа ауа райының қолайсыздығын, суықтығын сылтау етіп, «екі сиыр алып, баю керектігін» айтқан Назарбаевтың, Мемлекеттің басты байлығы саналатын халықты «масыл» санайтын Божко мен Бектаевтардың, көп балалы аналарға «мен саған бала ту» дегем жоқ дүрсе қоя берген Дариға Назарбаеваның қылығы әлі ел есінде.

«Қаңтар оқиғасынан» бері елімізде көптеген саяси реформалар қолға алынып, өзгерістер орын алғанымен, әлеуметтік-экономикалық мәселелер әлі де күрмеулі күйінде қалып отыр. Оның себебі шикізат сатуға арқа сүйеп, экономиканы әртараптандыруға мән бермеген отыз жылдық саяси жүйенің кесірі болса, сыртқы мың құбылған геосаяси жағдай, соның кесепатынан жаһандық экономикалық жүйенің жаңа сынаққа тап болуы, зат бағасының шарықтауы әсер етіп отыр. Десе де халқымыздың алдағы күннен күтетін үміті мол.

Талай патшалықтар мен хандықтардың көркеюі мен күйреуіне куә болған Қытай ойшылы Коңзыдан шәкірттері: «Бай, қуатты мемлекет болудың үш алғы шартын айтыңыз, Ұстаз», - дегенде, ойланып тұрып: «Бірінші қуатты әскері болуы керек. Екінші халқының тамағы тоқ, көйлегі көк болуы керек. Үшінші халықтың сеніміне ие билігі болу керек», - деген екен. Шәкірттері ары қарай қолқалап: «Үшеуінің ең маңыздысы қайсысы», - дегенде: «Халықтың сенімі», - депті.

«Қаралы қаңтар» оқиғасының сынағынан өткен Жаңа Қазақстан билігі халықтың сенімімен ойнамайды деп сенеміз.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

39 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371